Еліне қорған болған Бәйімбет батыр

Елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Бәйімбет батыр – Қазақ хандығының көрнекті қаһарманы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Бәйімбет батыр (1708-1790) – Қазақ хандығының көрнекті батырларының бірі, оның ұрпақтары қазір Ресей Федерациясының Омбы, Түмен облыс-тары мен Қазақстан Республикасының Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында тұрады. Ол елін жоңғарлар шапқыншылығынан қорғауға зор үлес қосқан батыр. Қаза тапқан соң дала бектерінің шешімімен қасиетті Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жерленген.
 Ресей мұрағаттарында оның өмірі мен қызметі, әсіресе, Ресей империясының астанасында Қазақ хандығының дипломатиялық қарым-қатынасымен  болғаны туралы құжаттар сақталған. Теке көлінің жағасында және Абылай ханның атақты батыры ретінде жоңғар территориясында болған шайқастарға қатысқан.  
Ғылыми форумды тарихшылардың ұлттық конгресі, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ және «Бәйімбет батыр» қоғамдық қоры ұйымдастырды.
Қазақстан мен Ресейдің жетекші сарапшы мамандарының қатысуымен конференцияда қызғылықты баяндамалар оқылды, кітап көрмесі ұйымдастырылып, тарихшылардың Ұлттық конгресі  шығарған «Мәңгілік ел» халықаралық ғылыми-танымдық тарихи журналдың жаңа санының таныстырылымы өтті.
«Бәйімбет батыр» қоғамдық қоры жоғарыда аталған университеттің
4 курс студенті Асқар Құбаевқа стипендия тағайындады.  «Археология және этнология» мамандығы бойынша білім алатын жас қазақтардың әскери дәстүрлерінің қалыптасуы саласындағы зерттеулермен айналысады. Оған жылдық стипендия ретінде 200 мың теңгенің ақшалай сертификаты берілді.
Конференция жұмысына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Ж.Мәлібеков, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің проректоры Д.Қамзабекұлы, тарихшылардың ұлттық конгресінің ғылыми хатшысы, тарих ғылымдарының докторы,  профессор З.Кабулдинов,  Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің қазақ филологиясының профессоры С.Негимов, тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Алпысбес, қорғаныс университетінің оқытушылары, студенттер, «Жас Ұлан» кадет корпусының оқушылары қатысты.
 Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтудің маңыздылығы ескеріле отырып,  конференцияда Қорғаныс министрлігіне қазақ-жоңғар соғысы кезінде қанды шайқастар өткен тарихи жерлерге экспедициялар ұйымдастыру, ал, Білім және ғылым министрлігіне Бәйімбет Төбетұлы, тағы басқа қазақ батырларының өмірі мен ерлік істерін насихаттау мақсатында оқу құралдарын құрастырып шығару жөнінде ұсыныстар білдірілді.  
Республикалық ономастикалық комиссиясына Бәйімбет батырды мәңгі есте қалдыру мақсатында Астана, Көкшетау, Петропавл қалалары көшелерінің біріне батырдың есімін беру туралы ұсыныс та конференцияларға қатысушылардың ойынан шықты.
Бүгінгі таңда ұрпақтары солтүстік аймақтағы қалалардың бірінде батырдың ескерткішін тұрғызуды ойластыруда. Осы және басқа да ойлар ортаға салынып, құнды ұсыныстар білдірілген конференция жұмысынан кейін Бәйімбет батыр аруағына арналып  ас берілді.

Қайрат АУҒАЛИЕВ,
Бәйімбет батырдың
тікелей сегізінші  ұрпағы.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар