Ереймен жеріндегі көңіл қуанышы

Өткен жылы Ерейментау ауданының құрылғанына 90 жыл толып, кең көлемде аталып өтті. Аудан 1928 жылы орнапты. Ол кезде аудан орталығы Блогадат («Қазақстан» совхозы), қазіргі Олжабай батыр ауылында болыпты. 1928 жылы қазіргі орнына орналасыпты. Сол жақ жағалауы ойлы, қыратты, жазық егінді алқап болса, оң жақ жағалауы таулы болып, биік таулармен қоршалған. Менің Монғолиядан ата жұртқа қоныс аударғалы білетінім, жыл сайын қыркүйек айының екінші жартысында сенбі, жексенбі күндері «сабантой» деп тойлайтын. Соңғы жылдары «Аудан күні» деп тойлайтын болды.

Өткен жылы аудан күні 14-15 қыркүйекке сәйкес келіп, жақсы атап өтілді. Спорттық көптеген бәсекелер ұйымдастырылды. Концерт өз алдына, балуандар күресіп, әртүрлі жастағы жүйрік аттар бәйгесі болды. Бұл нағыз адам делебесін қоздыратын сайыс. Тігілген бәйге де қомақты болды. Ауданда 32 мыңнан астам халық тұрады. Аудан мал шаруашылығымен, егіншілікпен айналысады. Көп ауылда клуб, бала бақша, орта мектеп, дәрігерлік орындары бар. Табиғи байлығы аса мол, өзен-су, көлдер көп. Тарихи ескерткіштер де жетерлік. Әсіресе, әулие, батыр адамдардың зираттары көп және әрқайсысы жақсы қоршалған. Шырақшылары бар.
Кеңестік дәуірдегі ортақ ұжымдар тарап, жеке кәсіпкерлер көбейген. Тойдың шығынын сол кәсіпкерлер көтерді. Осы 90 жылдың ішінде ауданды немесе ауданның мекеме-кәсіпорындарын басқарған адамдар көп болғаны түсінікті. 90 жылдық мерекеге орай, біраз адамға мерекелік медаль табыс етілді. Берілген медаль саны көп емес. Осы күнде жұмыс істеп жүрген, сол жұмыстан зейнет демалысына шыққан адам қаншама. Екі мыңнан астам тұрғыны бар біздің ауылда бес адамға мерекелік медаль келіпті. Онымен марапатталғандар ауыл әкімі Григорий Самойленко, өмір бойы ауыл шаруашылық саласында еңбек еткен зейнеткер Қадиша Бахаева, ұзақ жыл жас буынды тәрбиелеу ісімен айналысқан көп балалы ана Қызкен Биекенова, бар саналы өмірінде ұдайы ұстаз болып еңбек еткен, ауылдағы ардагерлер ұйымының төрайымы Лидия Овчеренко, бесіншісі мен екенмін. Мені ауылдың тілшісі деп таныстырды. Мұны былай деп түйіндеуге болатын сияқты.

Тұратын екі мыңнан астам халық,
Келгені бес медальдың болды анық.
Төртеуінің сүбелі үлесі бар,
Бесінші мен екенмін, таңқаларлық.

Бергенде сол медальды мақтады кеп,
Ортада жүріп жатқан тілшіміз деп.
Спорттық ойындарда үлесі бар,
Қамқоршы, арқа сүйер кісіміз деп.

Аңсаған ата жұртқа көші жеткен,
Жолбасшы мектебіне басшылық еткен.
Ауыл мен аудан жайлы сұрастырып,
Ел-жұртқа өткен істің сырын шерткен.

Білеміз ізденістің күші басым,
Жаза бер, қаламыңыз мұқалмасын.
Еңбегі үлгі болар ақсақал деп,
Басшымыз аяқтады ықыласын.

Сөйледім алғыс айтар ниетім боп,
Қолдадың медаль бердің, ауылдас топ.
Өсер ел адамдарын батыр дескен,
Жүрейін ортаңызда батырың боп.

Қырандайын еркін қаққан қанатын,
Алға ұмтыл, тұлпарын мін талаптың.
Тамшы терін Ерейменге арнаған,
Мен боламын бір баласы қазақтың.

Еңбегім бар, молдау емес, шамалы,
Сол еңбектің еседі кеп самалы.
Алға жүру, топтан қалмау, ұмтылу,
Замананың бізге қойған талабы.

Жеткен табыс – жаңғырудың жолынан,
Медаль алдым басшылардың қолынан.
Мені демеп, сыйлық берген көпшілік,
Баршаңызға алғыс айтам молынан!
Әдебиет БАЙДОЛДАҰЛЫ.

Новомарковка ауылы,
Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар