Бірі әлемді құлдықтан құтқарса, бірі атом апатын ауыздықтаған

 

Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық кітапханада өткен салтанатты шарада майдангерлерге Чернобыль ардагерлері тарапынан лайықты сый-құрмет көрсетілді.

 

Облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Ақмола облыстық Чернобыль ардагерлерінің одағы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған бұл кездесу Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналды. Алдымен қатысушылар назарына бейбіт өмірдің арқасында еліміздің жеткен жетістіктері, алға қойған мақсаттары жайлы бейнебаян ұсынылғаннан кейін, аталған басқарма басшысы Гүлжанар Шөкеева, «Ақмола облыстық Чернобыль ардагерлерінің одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Жетеров сөз алып, елін жаудан қорғап қалған қазыналы қарттарды мерекелерімен құттықтады. Сондай-ақ, бұл күні  ардагерлерге гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Жиында айтылғандай, қазіргі таңда облысымызда мерекелік датаға орай бірқатар шаралар қолға алынып жатыр. Жеңіс қорына да түрлі мекемелерден қолдау ретінде 47 миллион теңгеден астам қаржы түскен.
Осы орайда, майдангерлерді құрметтей білген чернобыльдық ардагерлердің ізгі ниетіне тек қана қуану керек. Осы бір екі ұрпақ өкілдерінің арасында Отанға деген сүйіспеншілік, ержүректілік, ел үшін қандай қатерге болсын, бірден бас тігу сияқты асыл қасиеттер берік үндестік тауып жатқандығы да ақиқат.
Аға ұрпақ ел шетіне жау кіргенде қаймықпай қолға қару алып, жер бетін фашизмнің тіміскі әрекетінен құтқарса, кейінгі буын сол кездегі ел басшылығының шақыруымен Чернобыль атом станциясындағы жойқын апатты ауыздықтауға асықты. Бұл да ерлік пен батылдықтың нағыз өнегесі. Тек бір әттеген-айы, осындай мерекелік шараларда басшы болсын, қосшы болсын, жұмыстың көптігінің өзінде, жастары келген ардагерлерімізді құр текке сарылтып, тостырып қоймасақ екен.
Айта кететін тағы бір мәселе, залды толтыру үшін оқу орындарынан студент жастарды жинап алғаннан ештеңе де ұтпаймыз. Бұлай дейтін себебіміз, ардагерлермен кездесуге әлгі жастардың еріксіз келгендері сырт көзге анық байқалып тұрды. Жиналыс басталғаннан бастап, аяқталғанға дейін ұялы телефонға телмірген жастар бұл шарадан патриоттық тәрбие алады дегенге күмәнмен қараудан басқа амалымыз жоқ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар