«Мәңгілік ел» – ұлт болмысы мен ұлы даланың жасампаздығы

Тарихқа жүгінсек, адамзат баласының ежелден келе жатқан ортақ мүддесінің бірі – ұрпақты отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеу, оған патриоттық тәрбие беру екені белгілі. Осы мақсатта әрбір халықтың сан алуан ой-пікірлері мен іс-тәжірибелері сан ғасырлар бойы сақталған. Адамзат баласына ортақ рухани қазынаның құрамдас бөлігі болып саналатын бұл жетістіктер халықтың тәлімгерлік тәжірибесінің арқасында келгендігіне дәлел жетерлік.

Еліміздің егемендікке қол жеткізуі рухани жаңғыруға әкеліп, халқымыздың мәдени-әдеби, кәсіптік және ғылыми ізденісінің жаңаша рең алып, өркендеуіне сеп болуда. Осы тұрғыдағы ұлттық-патриоттық тәрбие, тұлға қалыптастырудағы оқу-тәрбие жұмыстары жаңа ұлттық мазмұнға ие бола түссе, нұр үстіне нұр.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XX сессиясында сөйлеген сөзінде: «Қазақстандықтардың тарихи сана-сезімі топтасуға, өзінің өткеніне, қазіргісіне және болашағына патриоттық қарым-қатынас қалыптастыруға жұмыс істеуі тиіс. Біздің тарихты тануымыз тұтас, оң
сипатта болуға, қоғамды бөлініске салмай, біріктіруге тиіс. Ұлттық рухты қажетті биіктікке көтеру үшін біздің шынайы тарихымыздың, мәдениетіміздің, дініміздің қандай екенін айқын сезінуіміз қажет», – деп атап өткен еді. Әрине, бұл өскелең ұрпақтың бойына жаңа құндылықтарды жалпыадамзаттық және ұлттық негізде қалыптастырудың қазіргі таңда көкейкесті мәселе екендігін байқатады.
Елбасымыз биылғы жылы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Кеңістік – барлық нәрсенің, ал, уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады. Бұл – жай ғана әдемі афоризм емес», – деп тарих тағылымына мол мән берген болатын.
«Ұлы даланың ұлы есімдері» атты бөлімінде «көпшіліктің санасында тарихи үдерістер, негізінен, тұлғаландыру
сипатына ие болатыны белгілі. Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады. Мысалы, өткен дәуірлердегі Тутанхамон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин және Джордж Вашингтон сияқты дүние жүзіне белгілі тұлғалар бүгінде «өз мемлекеттерінің» баға жетпес символдық капиталы саналады әрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр. Ұлы дала Әл-Фараби мен Яссауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді. Сондықтан, біз біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашумыз керек.
Екіншіден, мақсатты мемлекеттік тапсырыс ұйымдастыру арқылы қазір әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды қолға алу қажет», – деп ұлы даланың тұлғаларын «Мәңгілік ел» идеясымен астастыра түсті.
Тарихымызды түптеп таратсақ, «Мәңгілік ел» нысанасы көшпелі елдің рухани кеңістігінің болмысы. Ата-бабаларымыздың рухани аңсары. Тарихта Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөк те айтар өсиеттерін мәңгі тасқа басты.
Эпосы жоқ ұлт – өткенін ұмытқан, мәңгілік аңсары жоқ, шын тәуелсіздікке ұмтылмаған рухани тәуелді ұлт. Ондай халықтың болашағы да күмәнді. «Мәңгілік ел» нысанасы есте жоқ ескі заманнан бастап қазіргі күнге дейінгі түркі руханиятының алтын діңгегіне айналып отыр. Біздің дәуірімізге дейінгі тарихи оқиғаларды жырлаған «Алып Ер тоңа», «Көкбөрі», «Ергенеқон», «Шу батыр», алғашқы мыңжылдықтағы тұлғаларды әфсаналаған «Оғыз қаған», «Еділ», «Қорқыт ата», «Жеті қаған» дастандарындағы негізгі желі де «Мәңгілік ел» нысанасына арналған. Бұл қасиетті тақырып жыраулардың жырымен «Ел айрылған», «Ақтабан шұбырынды Алқакөл сұлама», «Елім-ай» арқылы «зар заманға» жалғасып, Абай Құнанбаевтың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» мен Міржақып Дулатұлының «Оян, қазағына!» ұласып, Алаштың ортақ ұранына айналды. Дәуір мен дәуір, заман мен заман алмасқан сайын көшпелі түркі жұртының санасындағы «Мәңгілік ел» нысанасы тарихи шындыққа суарылып, нақты өріс алып, «ел» деген ұлттық ұғымға ие болды.
Ғалым-жазушы Т.Жұртбай атап айтқандай, «Мәңгілік ел – түркі тегінің тұтастығы мен тәуелсіздігінің кепілдігін қамтамасыз етуге арналған тазалық пен еркіндік идеологиясы. Ал, ұлттық тәуелсіздік исі түркі әлемінің рухани еркіндік нысанасы» болып қашанда бір-бірімен астасып жататыны белгілі.

Айғаным МҰҚАЖАНОВА,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті жанындағы көпсалалы колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар