Өлшем бірлігін білу – өмір қажеттілігі

Метрология – талап етілген дәлдікке жету тәсілдері мен олардың бірлігін қамтамасыз ету құралдары мен әдістемелері және өлшемдер туралы ғылым.

Бұл сала әртүрлі физикалық шамадағы өлшем бірліктерін орнатумен және олардың эталонын қалыптастырумен, физикалық шамалардың өлшем әдістерін әзірлеумен, сондай-ақ, өлшем дәлдігін талдаумен, өлшемдегі дәлсіздікті туғызатын себептерді зерттеп, оларды жоюмен айналысады. Адам күнделікті өмірде өлшеммен тығыз қатынаста болады.
Ұзындық, көлем, салмақ, уақыт және тағы сол сияқты шамалармен әр қадам сайын кезігеді. Демек, бізге өмірде барлығын өлшеуге тура келеді. Тіпті, өз өлшеміңді білмесең жейде немесе аяқ киім де сатып ала алмайсың. Ал, ғылым мен техникада миллиондаған өлшемдер жасауға тура келеді. Кез келген өлшем – ол салыстырма, ал, өлшем бірлігінің дәлдігі – ол дәлсіздігін нөлге жақын көрсететін сипаттама.
Ондаған сантиметрлік дәлдік біреу үшін жеткілікті екені түсінікті. Егер сіз көлік бөлшектерін алсаңыз, онда ол жерде миллиметрлік дәлдіктің өзі тым өрескел болуы мүмкін. Егер екі саңылаудың өзі бір-бірінен миллиметрге өзгеше болса, саңылауға болттың өзін бұрай алмайсыз. Сол сияқты уақыт өлшемі. Бір жағдайда оны минут дәлдігіне дейін білу қажет (мысалы: егер сіз бәліш пісірсеңіз), ал, қысқа қашықтыққа жүгіру үшін секундтың жүздік бөлшектері бар секундомер қажет.
Денсаулық сақтауды алсақ, науқастың диагнозын анықтау үшін өз өлшем дәлдігі бар медициналық жабдыққа бірнеше зерттеулер (өлшеулер) жүргізу қажет. Метрология стандарттаудың ажырамас бір бөлігі, стандарттау өндірістегі метрологиялық қамтамасыз етуді ұйымдастырудың тиімді де ең қажетті құралы болып табылады. Барлық дамыған елдерде стандарттау мен метрологияны елдің ілгерлеуі мен күш қуатын арттыруға қолданады. Олардың көмегімен өндіріс тиімділігін жоғарылату мәселелерін шешіп, өндіріс сапасын арттырады. Метрологиядағы дұрыс қойылған стандарттау мен метрологиялық қызмет кәсіпорынның барлық бағытта дамуына жағдай жасайды.
Қазақстан Республикасында «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» Заң қабылданған және ол бүгінгі күні қолданыста. Заңда метрологиялық талаптарды сақтау міндетті болып табылатын қызмет салалары анықталған және кейбіреуіне мемлекеттік метрологиялық бақылау қарастырылған. Өлшем бірлігін қамтамасыз етуге мемлекеттік метрологиялық бақылауды, құқықтары мен міндеттерді Заңмен орнатылған мемлекеттік инспекторлар жүргізеді. Мемлекеттiк метрологиялық бақылау:
– өлшем құралдарының шығарылуын, пайдалануға берілуін, жай-күйiн және қолданылуын, өлшемдердi орындау әдiстемелерiнiң қолданылуын, шама бiрлiктерiнiң эталондарын, метрологиялық қағидалар мен нормалардың сақталуын бақылауды;
– сауда операцияларын жасау кезiнде иелiктен шығарылатын тауарлардың санын бақылауды;
– өлшеп орау, сату және импорттау кезіндегі кез келген орам түріндегі өлшеп оралған тауарлардың санын бақылауды қамтиды. Өлшем бірлігін қамтамасыз ету заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» Заңмен белгіленген. Қазақстанда өлшем бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесі нормативтік базасы құрылған, ол өзіне мемлекеттік стандарттар мен республиканың барлық аумақтарында бірлік шамасының көлемін беру тәртібін және сынақ жүргізу, салыс-
тырып тексеру мен өлшем бірлігін калибрлеу тәртібін анықтайтын нормативтік құжаттар жиынтығынан құралған.
Өлшем бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесінің негізі болып Қазақстан Республикасының мемлекеттік эталонды базасы саналады.
Жоғарыдағы Қазақстан Республикасы Заңымен толық танысқысы келетіндерге Техникалық реттеу және метрология комитетіне немесе Техникалық реттеу және метрология комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментіне хабарласуға кеңес береміз. Біздің мекен-жайымыз: Көкшетау қаласы, Абай көшесі, 107 үй, байланыс телефонымыз: 25-57-89, Email: akmola_uktrm@mail.ru.

Әйгерім ЖАНДИНОВА,
облыстық техникалық реттеу және метрология департаментінің мемлекеттік бақылау жөніндегі мемлекеттік инспекторы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар