Естайдың Қорланы

 Алматыдан Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры гастрольдік сапармен Көкшетауға келіп, ақын-драматург Иран-Ғайыптың «Естайдың Қорла-ны» махаббат-намасын көрермен назарына ұсынды. Қоюшы режиссері Мұрат Ахманов.

  Сахна. Күмбірлеп күй өріліп тұр. Өлі тыныштықта күмбірлеген домбыраның үні неткен қуатты еді. Ғажап әуен! Құлақтан кіріп, бойды алды.  Көңілге де түрлі ой салды. Қазақ халқының барша тыныс-тіршілігі, өткені мен бүгіні қос шекті аспаптың тілінде сөйлеп тұрғандай. Ал, махаббат қылын шерткен әсем әуенді айтсаңызшы. Опасыз тағдыр, адамдардың күйініші мен сүйініші қос шектен мұң болып төгілуде.
Ғұмыр бойы таза, адал да пәк ғашықтық сезімдерін аялай білген қос мұңлық – Естай мен Қорлан жайындағы қойылым-дастанның алғашқы көрінісі арада қырық жыл өткен соң ғашығын іздеп келген Естайды суреттеуден бас-тау алады. Жүдеп жадаған, өмірден қағажу көрген ер азаматтың жұтаң кейпі Қорланның жүрегіне қанжар болып қадалғандай. Ғашығының осынау кейпін көремін деп Қорлан ойлап па еді. Жоқ. Алты Алаштың арысы, қазақтың маңдайына біткен ардағы, Қорланның Естайы осындай күйге түседі деп кім ойлаған. Ендігі жерде жарынан, жалғызынан айырылған ер азаматтың тағдыр тауқыметі қандай болмақ дейсің…
«Сен біреудің етегінен ұстадың,
Мен біреуге етегімді ұстаттым.
Сен біреудің құшағында жыладың
Мен біреуді құшағымда жылаттым… Қырық жыл бойы бір түнді ойлап қана өмір сүрдім. Өмір сүрдім-ау деймін, өмір мені сүрді» деген Естайдың ащы мұңы 40 жылды айна-қатесіз суреттеп отыр. Өмірден түңілтіп, тағдырына лағнет айтқызды. Сүйгенінің қара уайымға берілгенін көрген Қорлан Естайға басу айтты. Ғашығын қыран бүркітке теңеген Қорлан Естайдың өнері тұмшаланбауы керек екенін түсінді, оған да түсіндірді.  Естайдың бойындағы өшкен өнерді тірілтті. Өзгенің етегінен ұстаса да, Қорланның жүрегінде Естайға деген таза, адал, пәк сезім бар. Ал, Естай келді дегенді естіген жұрт шуласып, серінің өнерін тамашалауға асықты. Таным дүниесін барлауға, талғам дүниесін шарлауға, сезім асылын қармауға асыққан ағайын Естайдың қолына домбыра ұстатты. Ал, Қорланның жеңгесі өз міндетін абыроймен атқарды. Қожақтың (Қорланның күйеуі) пікіріне құлақ түріп, оның айтар ойын санамен салмақтап, сараптай білді. Өз кезегінде Қожақ Естайдың жүрек сырын ұғынып, сүйгенін қайтаруға шешім қабылдады. Біреуден жасқанып, қорыққандықтан емес, адамгершілік тұрғысынан осылай істеуге мәжбүр болды. Өмірдің жазы өтіп, күзі жетіп, қысы таяу қалған шақта қос ғашықтың арманы орындалсын деген ақ ниетпен Естайдың қолына Қорланын ұстатты.  Қойылым сүйіспеншілік пен махаббат, мейірім, адамгершілік пен адалдыққа негізделген.
Көрермен жүрегінен жол тапқан қойылымда Естай мен Қорланның образдарын сомдаған Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Сағат Жылгелдиев пен Жібек Лебаева, жеңгенің рөлінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шолпан Сіргебаева тамаша өнер көрсетті. Сондай-ақ, Руслан Ахметов, Еділ Рамазановтың есімін ерекше айтып өтуге болады. Осындай көңіл көкжиегін кеңейтіп, жан-дүниені сергітер қойылымдар көп болса екен. Ал, үш күндік гастрольдік сапармен келген өнер ұжымына көпшілік қауым жоғары баға берді. Көкшелік көрерменнің ақ алғысына бөленген актерлерге қошамет-құрмет көрсетілді. Өз кезегінде Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры Сұлтан Сраилов пен театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләлов сахна құдіретін түсініп, өнерді бағалаған көкшеліктерге ризашылықтарын білдірді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар