Қазақ батырлары мінген арғымақтар

Нарқызыл

Абылай туралы тарихи жырларда 15 жасар Абылайға Бөгенбайдың бата беріп, астындағы Нарқызыл атын сыйлайтыны айтылады.

Сондағы Бөгенбайдың айтқан сөзі:
«Жылқының тұлпары еді Нарқызылым»,
Шырағым, ырым қылып сен мін деді.
Қарағым, уытты-отты бала екенсің,
Мінез-құлқың тұп-тура дана екенсің,
Жазғытұрым үш жүз боп жиналамыз,
Сол жиынға керекті жан екенсің.
Шырағым, таза сақта Нарқызылды,
Есіңе ал, кек алатын келер жылды.
Жоңғарға қарсы үш жүздің бірігіп Қарақұмда құрылтай (съезд) өткізіп біріккен әскер жасақтауын 1723 жыл десек, бұл оқиға бір жыл бұрын 1722 жылы өткенге ұқсайды. Бөгенбайдың Нарқызылды көзіңнің қарашығындай сақта және екі рет тұлпар деуіне қарағанда Нарқызыл шынында да тұлпар болса керек. Нарқызылды астына мініп, өзінің бұрынғы өткен бабасы Абылайдың атын атап аруақ шақыруы жырда былайша суреттеледі:
Сабалақ атақ алып «Абылайлап»,
Барша қол «Абылайлап» айғай салды.
Көк те «Абылай», жер де «Абылай» –
Бәрі «Абылай»,
«Абылайлап» айғай салды бір жан қалмай,
Нарқызылмен жөнелді қарсы алдына,
Ақ туды желбіретіп салып айғай.
Абылайлап ұран салған үш жүздің әскері жауды жеңіп, Абылайдың қолбасшы атағы бүкіл қазаққа мәлім болады.

 

Алшаңбоз бен Құлаша ат

Тағы бір тарихи әңгімелерде әскердің алдына салтанатты түрде шыққанда Абылайдың Алшаңбозы және ұрысқа мінетін Құлаша аты туралы сөз болады. Демек, ханның бірнеше аты болғанға ұқсайды. Халық алдында сөз сөйлегенде, әскер алдына шыққанда, Алшаңбозды мінген.

 

Қубас ат

Қабанбайдың Қубас аты шынында да «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» – дегендей нағыз қасиетті тұлпар ат болғанға ұқсайды, себебі, бірде-бір батырдың, тарихи қайраткердің атының есіміне Қазақ жерінде мұншама жер аты қойылмаған.

Шығыс Қазақстан облысы, Ақсуат селосына бара жатқан жолдағы қалың бүргеннің астынан шығып жатқан қайнарды – «Қубастың тұмасы», одан әрірек үлкен қара жолды – «Қубастың жолы», Қызылкесік селосына жақындағандағы жалпақ жазықты «Қубастың жазығы» деп атайды. Жолаушы кетіп бара жатқан ел қасиетті батырдың киелі тұлпарын еске алып, тұмадан сусындап, басына ақ байлайды.
Семей өңірінің Мақаншы ауданындағы Барлық тауының басында Қабанбайдың Қубас тұлпарының басы бар деседі. Қубас ат өзінен үш жыл бұрын өлгенде батыр атының басын киізге орап тігіп, таудың басындағы биік шыңға қойған. Атының Қубас аталуы-
на қарағанда басы етсіз қу жақ арғымақ тұқымынан болғанға ұқсайды, ол жаратып – тәрбиелеуіне қарағанда тұлпарға келеді.

Құлынында еміп, тайда еміп,
Құнанында арда еміп.
Құмай торы болып ең.
Дөненіңде тағы емдің,
Қауызсыз жарма дән жедің.
Дөңбектей торы болып ең.
Бестіңде сені үйреттім,
Қырық кез арқан сүйреттің,
Шаба алмай қалсаң Қубасым,
Күнімді менің түн еттің…
Құлынында, құнанында емгенді қазақ «тел құлын» деп атайды. Арпа, сұлыны түйіп, қауызынан арылтып жармалап, кейде суға бөктіріп беру жылқының асқазанына жеңіл, тез қорытылады. Бестісінде үйретіп, 6 жасында ақтатады. Әскери аттарды әр жасына сай осылай үйретіп – тәрбиелеу Қобыланды батыр жырында Тайбурылды, Ер Тарғынды Тарланды үйретуді еске түсіреді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар