Кербез Көкшені сүйген ақын

Бұны бас редактор, дарынды жазушы Сарбас Ақтаев маңызды іс ретінде қарап, ерекше мән берді. Тікелей өзі бас болып, ұжыммен ақылдасып, түрлі ұсыныстарды жинастырып, аталған жұмысқа осы лайық деген журналистерді шекесінен шертіп жүріп таңдап алды. Бұл талай журналистердің республика көлеміне шығып, есімдерінің қалың жұртшылыққа танылуына, сөйтіп, бақтарының ашылуына септігін тигізді. Солардың қатарында біз сөз еткелі отырған Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің түлегі Есенгелді Сүйінов те бар еді. Бұған дейін Қазақ радиосының Қостанай облысындағы меншікті тілшісі боп жұмыс істеген Есенгелді үшін «Халық кеңесі» газетінің аталған облыстағы меншікті тілшісі қызметіне ауысуы оң өзгеріс болды деп ойлаймын.
Қазақ радиосы да Есенгелді үшін ыстық ұя. Алғашында Қазақ радиосының бас директоры, кейін Қазақ КСР Телевизия және радиохабарларын тарату жөніндегі Мемлекеттік Комитеті Төрағасының орынбасары болған, есімі елге танымал қаламгер Мадрид Рысбековтың көмегімен Көкшетау облысының Зеренді аудандық «Коммунизм таңы» газетінің редакциясынан Мемлекеттік Телерадио Комитетіне жұмысқа алынды. Сол кезеңде бұл небары 25 жастағы өрен үшін биік белеске шығумен тең еді. Шынында да, Қазақ радиосында Есенгелді Сүйінов асқақ армандарға ұмтылды, шынықты, журналист ретінде ысылып, тәжірибе жинақтады.
«Халық кеңесі» газеті басқалар секілді Есенгелдінің есімін республика көлемінде танымал етті, оның бағын ашты. Тасқа таңба салғандай, қағазға басылған сөз ешқашан өшірілмейді, архивте болсын, жеке отбасында болсын мәңгілік сақталады. Ол меншікті тілші ретінде Қостанай облысындағы жылт еткен жақсы жаңалықтарды қалт жібермей, үнемі жолдап отырды. Жергілікті, аудандық, облыстық Кеңестердің, атқарушы органдардың жұмысы жайлы, өндіріс, мәдениет, білім салалары хақында сұхбаттар, репортаждар, хабарлар жазды. Наурызым қорығын көздің қарашығындай қорғау, байырғы жер, су атауларын қалпына келтіру, ана тіліміздегі мектептерді ашу, Моңғолиядан келген қандастарымыздың жай-күйін жақсарту төңірегінде көтерген проблемалық материалдары оқырмандар тарапынан қолдау тауып, күрмеулі мәселелердің шешілуіне септігін тигізген.
Мен сол жылдары газеттің экономика бөлімінің меңгерушісі едім. Жыл сайын облыстардағы меншікті тілшілер бас қосып, жиналыс өткізіп, бәрінің жұмысына баға беріліп, тілектер айтылатын. Меншікті тілшілердің барлығы да қолынан жазу келетін, қаламы жүйрік, сайдың тасындай іріктеліп алынған таңдаулы жігіттер еді. Баршамыз жиналып, әңгіме-дүкен құрып, арқа-жарқа әзілдесіп, мәз-мейрам болып қалатынбыз. Бұрын Есенгелдімен жұмысқа алынғанда танысып, одан анда-санда телефон арқылы сөйлесетінбіз. Осындай жиналыстарда онымен жақынырақ танысып, етене араласа бастадық. Алғашында ұяң, биязы көрінетін жас жігіт жұмыс бабында төселіп, ел аралап, жер көріп түрлі жайларға қанығып, сабақ алды. Жазу үстінде сөздік қоры байып, тіл шеберлігі жетіле түсті. Бұған бір жағынан оның мектеп қабырғасынан өлең, мақала жазуы игі әсер еткендей.
«Халық кеңесі» газетінде Есенгелді Сүйінов үлкен өмір мектебінен өтті, қаламгерлік қолтаңбасы қалыптасып, нығайды. Баспасөздің қыры мен сырына қанығып, жазу мәнері әдеміленіп, ой-өрісі одан әрі кеңейді. Осылай болуға жоғарыда айтылғандай, газетіміздің бас редакторы, шетел жазушыларының атышулы романдарын, шығармаларын майын тамыза қазақшаға тәржімалаған көрнекті жазушы, аудармашы Сарбас Ақтаев, соңынан асыл ағаның орнын басқан ұлттық журналистикамыздың бетке ұстары Жұмабек Кенжалин үйретті, тәрбиеледі.
…Түрлі себептерге, қаржылық қиындықтарға байланысты «Халық кеңесі» газеті жабылып қалды. Сүттей ұйып отырған ұжым жан-жаққа тарап кетті. Есенгелді «Жас Алаш» газетінің Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы өз тілшісі қызметіне кірісті. Дәл осы уақытта газетке Нұртөре Жүсіп бас редактор болып келді. Ол өзін білікті басшы, дарынды қаламгер ретінде көрсете білді. Тұралап қалған «Жас Алаш» газетін көтеріп, республикамыздағы белді, беделді басылымға айналдырды.
Есенгелді Сүйінов «Жас Алаш» газетінде де жұмысын абыроймен атқарды. Өскелең ұрпаққа тәрбиесі, қазақ тілін дамытып, оның қолдану аясын кеңейту, табиғатты қорғау, т.б. тақырыпта өзекті мәселелер көтерді. Жалпы «Жас Алаш» газеті ұлттық журналистиканың талай бесаспап мамандарын тәрбиелеген ұстаханасы, қазақ баспасөзінің алғашқы киелі мекені. Соның әсері шығар, ол содан биікке қанат самғады, облыстық «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы қызметіне тағайындалды.
Қазақтың тұңғыш кәсіби журналисі Мұхамеджан Сералин негізін қалаған, Бейімбет Майлин, Ғаббас Жұмабаев, Сырбай Мәуленов секілді үлкен тұлғалар еңбек еткен «Қостанай таңы» газетінің жағдайын жақсартуға Есенгелді жігерлене кірісті. Жер-жерлерде «Қостанай таңы» газетінің күндері өтіп, газет таралымы анағұрлым өсті. Бұрынғы мәшіңкенің орнына редакцияда компьютер орталығы ашылды, журналистер дербес компьютермен қамтамасыз етілді. Редакцияның іші-сырты, шатыры жөнделіп, бөлмелерге жаңа жиһаздар қойылды. «Қостанай таңы» газеті «Сорос-Қазақстан» қоры жариялаған конкурста екі дүркін, «Жүректен-жүрекке» атты республикалық конкурста жеңімпаз атанды. Мұхамеджан Сералиннің Қарабалық ауданының ескі «Өрнек» ауылындағы бейіті қалпына келтірілді, оның мерейтойы құрметіне ас берілді. Қостанайда Сералин көшесіндегі жолға қиыршық тас төселіп, сол көшедегі ескерткіш тақта жаңартылды. Редакцияның ғимараты қабырғасына Мұхамеджан Сералинге ескерткіш тақта орнатылды. Газеттің алғашқы редакторын еске алу мақсатында жыл сайын облыстық желаяқтар жарысы ұйымдастырылды.
Одан соң Есенгелді Сүйінов «Дала мен қала» газетінде, «Жаңа Сарыарқа» журналында еңбек етті. Қазір «Есіл» республикалық газетін шығарып, соның бас редакторы болып отыр. Ол қай жерде жұмыс істесе де өзінің ізденгіштігімен еңбексүйгіштігімен, іскерлігімен көзге түсіп жүр.
Біз екеуміз алғашқы танысқан уақыттан бастап тонның ішкі бауындай араласып, сыйласып тұрамыз. Осы жылдарда Есенгелдінің бойынан бауырмалдылық, елгезектік, кішіпейілділік секілді асыл қасиеттерді байқадым. Ағайынға, туыстарына жаны ашып, бәріне көмектеседі. Досқа құшағы ашық, адал. Барлығына жақсылық тілеп тұрады. Қазақтың байтақ даласындай кең пейілін, ақжарқын мінезін көріп, өзім оған риза боламын. Бір-бірімізбен аға-іні болып, жылы жүзбен амандасып, қауышып жатамыз. Бұл да Алланың берген сыйы шығар.
Есенгелді Сүйінов қаламы жүйрік журналист қана емес, сонымен бірге танымал ақын, жазушы. Оның «Күңгіртау құпиясы», «Менің елім, менің жерім», «Мақпалды күндер», «Арайлы таң» кітаптары шықты. Өткен жылы «Жазушы» баспасынан «Тербеген теңіз әлдиі» кітабы мемлекеттік тапсырыс бойынша жарық көрді. Енді жаңа өлеңдер жинағын шығаруға дайындауда. Ол өзінің сүйікті Отанын, туған елі, өскен өңірі – Көкшетауды сүйеді. Қазақстанда болып жатқан оң өзгерістерге сүйсініп, саяси, мәдени өмірінде болып жатқан оқиғаларға қызу үн қосып, белсене араласып, қайраткерлік қырынан көрініп келеді. Таяуда ғана Астана төрінде өткен ақынның «Қазақстан – бақытымның бастауы» атты шығармашылық кеші соған куә. Бұл жазушының көп жылғы еңбегінің жемісін көпшілікке көрсетіп, жасаған салтанаты, оқырмандар алдындағы берген есебі.
Әдебиет әлемінде Есенгелдінің бір ерекшелігі бар. Оның
зайыбы Марфуға Бектемірова да Көкшетау өңірінде туған, қазақтың талантты ақыны. Щучинск қаласындағы №9 қазақ орта мектебін бітірген, атақты «Аққуым менің қайдасың?» әнінің сөзін небары 14 жасында жазған. 10-нан астам кітаптың авторы, орыстың әйгілі ақыны Анна Ахматованың өлеңдерін аударған, Мәскеуде «Единная Россия» партиясы мен Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының қолдауымен «Белый парус мечты» кітабы 10 мың дана таралыммен жарық көрген. Бәріміз аялап, ардақтайтын Марфуға қарындасымыз өкінішке орай өмірден ерте кетті.
Марфуға өлеңдері тұнып тұрған мөлдір сезім, ыстық сағыныш, терең философия. Мына бір өлең шумағы соның жарқын айғағы.

Сол кезде…дүние қайтадан жаңарар,
Ұйқыдан аққулар оянар.
Қыран да құздарға қона алар,
Сапарға кеткендер оралар.
Сол кезде…сені іздеп келемін бұл маңға,
Бір ақын ғайып боп, бір ақын туғанда,
Ай көзі мөлдіреп…тамшыға тұнғанда.

Орта жастан асқанда әйеліңнен айырылу оңай емес. Марфуға жай ғана әйел емес, сонымен қатар талантты ақын, жазушы, қаламы жүйрік журналист, композитор еді. Домбырада, мандолинада, баянда ойнап, тамаша ән шырқайтын. Ініміздің қуанышында да, қиындығында да бірге болған, сүйеу болған адал, сұлу сүйген жары, үш баланың ардақты анасы, қазақтың аяулы, қайраткер қызы еді. Есенгелді басына түскен ауыр қайғыны қара нардай көтеріп, төзімділік танытты. Артында қалған балаларына бас-көз болып, Марфуғаның өлеңдерін мерзімдік басылымдарға жариялады, «Нұрлы дүние» кітабын шығарды, Ұлттық Академиялық кітапханада еске алу кешін өткізді. Мен екеуінің мөлдір махаббатын, бір-біріне деген шынайы сүйіспеншілігін адамдарға, әсіресе, жастарға үлгі етіп айтқым келеді.
Мектеп қабырғасынан өлең шығарып, мақала жазып, болашағынан үміт күттірген Есенгелді жайлы мен әрқашан жақсы сөздер айтамын. Оның өлеңдерінде сезім бар, ой бар. Қиыннан қиыстырып, ұйқасын келтіріп, ырғақтарын сақтап өлең жазу кез келген кісінің қолынан келе бермейді. Ақын осы талаптардың бәрін сақтап, әсем теңеулерді орынды қолданып, шабытына шабыт қосып, елінің тәуелсіздігін, туған жерінің ғажайып көріністерін, мөлдір махаббатты, іңкәрлік пен достықты еркін жырлап келеді.

Қазақ елі, асқақ болсын тұғырың,
Сеніменен еңселімін, ұғындым.
Абыройың арта берсін әлемде,
Мәңгі жаса, мәңгі болсын ғұмырың!

Есенгелді ақын Қазақ елін осылайша өз жырына арқау етеді, туған елінің абыройының асқақ болуына тілектестігін білдіреді.
Өзіміз «Есентай, Есенжан, Есаға» деп еркелетіп атайтын ақын, жазушы Есенгелді Сүйінов 60 жасқа толды. Ол осы жасқа алқынбай, шаршамай жетті. «Алпыс-талтүс» дегендей, Есенгелді нағыз кемел шағында, әлі де уатты, қайратты. Өзі айтқандай, жазғанынан жазары, елге бергенінен берері көп. Жаны – жаз, көңілі – көктем, мейірбанды, парасатты, үлкен жүректі Есенгелді бауырыма «Енді барлық өмірің қуанышпен өтсін, бала-шағаңның, немерелеріңнің қызығын көріп, ортамызда шапқылап жүре бер, оқырмандарыңа татымды да тартымды туындылар сыйлап, халқыңа қалтқысыз қызмет етіп, ұзақ ғұмыр сүргейсің», – деп шын жүрегімнен ақ тілегімді білдіремін.
Бақытжан Тобаяқов,
Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі, профессор, ақын.
Астана.

Бұған дейін бірнеше кітаптарын шығарған Есенгелді Сүйіновтың «Арайлы таң» кітабын оқып шықтым. «Өмір осы» деген беташар өлеңіндегі «Ақындығым, өлеңдерім-ырысым, Өмір сүрем мәпелеген жыр үшін» деген жолдары автордың бар болмысын, азаматтық келбетін көрсетіп тұрғандай. Ана тілімізді көздің қарашығындай қорғау, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікті қастерлеу, сүйікті Отанымыздың игілігі жолында аянбай еңбек ету төңірегінде өлеңдерін оқи отырып, Есенгелдінің өз елін жанындай жақсы көріп, жырға қосқанын, өзгелерді де соған еліктіріп әкететінін байқадық. Есенгелді Сүйінов өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан, үнемі ізденіс үстінде жүретін ақын. Ол өз шығармашылығы арқылы адамдарды жақсы қасиеттерге баулиды, олардың жан сарайын сергітіп, көңілін көтереді. Ақын інімізге «Қанатыңды бұдан да қатайтып, поэзия көгіне самғай бер» деген игі тілек айтқымыз келеді.
Қойшығара Салғараұлы,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы.

Есенгелдінің өлеңдеріне көз жүгіртіп, көңіл сарабынан өткізсек, оның сан алуан тақырыптарға қалам тартып, ақындық қарымын байқатқан тұстары аз емес. Тіпті Тәуелсіздік тақырыбына арналған өлеңдерінің өзі – бір төбе. Ол арқандаулы ат секілді өзінің сүйікті тақырыбы – Көкше жеріне қайта-қайта орала береді. Осы орайда, Есенгелді ақынның Көкшетау туралы толғанысын тілге тиек еткенді жөн көрдім. Міне, осы Көкше туралы өлеңімен-ақ ақын өзінің бүкіл болмысын, ғашық жүрегін, ашық тілегін жайып салып отыр. Соның бәрі туған жерге деген сағыныш. Бәлкім ол осы даладан онша ұзамай, үнемі табан тіреп жүрсе дәл мұндай сағыныш жыры тумас па еді, кім білсін. Сондықтан, өзінің бала жүрегімен бұлқына бір соққан мәңгілік ғашық тақырыбы Көкшеге келгенде ақын қаламы жүйткіп, көсіліп қоя береді. Тіпті өзінің Мағжан ағасына ұқсап «биік тауларға сәлде кигізіп, ақ қайыңдарға мұздан шолпы тақтырады». Бұл әрине, өлеңмен салған сурет.
Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ақын.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар