Жүректен саған деген төгіл, жырым!

САЛ-СЕРІЛЕР МЕКЕНІ
Көкшенің жері көкмайса, шалғын, ерекше,
Құлпырған әйбат, түрленген кілем емес пе?
Төсінде ойнап, жалаңаяқ желіп жүгірдім,
Балалық шағым, бал дәурен күндер, бәрі есте.

Қиялмен кезіп қызғалдақ толы қырларын,
Жазылды алғаш балауса, балғын жырларым.
Көкшенің жері-жұмақтың жері ғажайып,
Білемін әлі ашылмай жатқан сыр барын.

Топырағы ырыс құнарлы, нәрлі, шұрайлы,
Көлдері сексен айнадай таза, шырайлы.
Ауасын жұтсаң дертіңе дауа, күш берер,
Меймандос халқы, пейілімен ашық ұнайды.

Шертіліп домбыра, тартылып жатыр сазсырнай,
Қонақ боп келген бауырым, тыңда қомсынбай.
Көкшенің жері ән салып тұрған секілді,
Сал-серілер мекені-туған елім менің осындай.
* * *
Туған жер, сені есіме қалай алмаймын,
Әнімді әсем, жырымды кәусар арнаймын.
Балапан болып дүниеге келдім талпынып,
Қыраны болып көгіңде биік самғаймын.
Өзіңде өстім, таныдым оң мен солымды,
Бастадым байқап ақындық даңғыл жолымды.
Ағалар бар ғой бәйтерек сынды пана боп,
Жақсылық жасап, ақылын айтқан қонымды.

Туған жер десем сағынам босап, толғанам,
Шалғайға кетсем, басқа ел сендей болмаған.
Таулардан асып, аспанда ұшсам қалықтап,
Өзіңсің мені рухыңмен күшті қолдаған.

КЕЛ, КӨКШЕМЕ
Кел, Көкшеме жаны жайсаң ағайын,
Сары масақтан алқа саған тағайын.
Саф ауасын Бурабайдың жұтсаңшы,
Жігер отын өн бойыңда жағайын.
Кел, Көкшеме жүзі жарқын адамдар,
Сұлулыққа таңдай қағып, қараңдар.
Жұмақ жерге келдік біздер, ғажайып,
Деп таң қалып, «керемет» деп санаңдар.

Кел, Көкшеме әже, ақсақал, келіңдер,
Қарсы алады үлкен, кіші, келіндер.
Қабақ шытпай, ықыласын көрсетіп,
Құшақ жайып, қуантады, сеніңдер.
Кел, Көкшеме аңқылдаған достарым,
Сендерсіңдер елең қағып, тосқаным.
Айнакөлде суда жүзіп, шомылып,
Әнге салшы орманымда, қостармын.
Кел, Көкшеме шетте жүрген бауырлар,
Ұмтылсыншы өткен кезең, дауылдар.
Қарсы алатын өздеріңді иіліп,
Кең пейілді халқымыз бар, ауыл бар.

БУРАБАЙ
Тағы да келіп қалдым Бурабайға,
Қалайша жүрек шіркін туламайды, ә?
Қараймын қос аққуға суда жүзген,
Қараймын жәудірген құралайға.

Төңірек жасыл әлем, тылсым қандай,
Күш тасып, жігер ойнап, құлшынғандай.
Елітіп Бурабайдың жұпар иісі,
Мас қылып ебіл-себіл тыншымды алды-ай.

Еңсеріп құшағына қарағайлар,
Келмеп ем жұмақ жерге талай айлар.
Тынығып жатыр екен жампоз, жайсаң,
Осында замандастар, нар ағайлар.

Мекені жақсылардың қосқан басын,
Шеруі меймандардың тоқтамасын.
Бурабай, дертке шипа таза ауаң,
Қол бұлғап шақырады Жұмбақтасың.

Бурабай-жасыл аймақ, көгілдірім,
Саяңда тыныстаймын, көңілдімін.
Атағың Оқжетпеспен асқақтаған,
Жүректен саған деген төгіл жырым!

Жүрші жаным, Бурабайға барайық,
Бөлектаудан айналаға қарайық.
Қос дауыспен шалқытып ән салайық,
Өткен күнді аңсап еске алайық.
Үнімізбен кетсін таулар жаңғырып,
Қол ұстасып өтейікші мәңгілік.
Міне, Оқжетпес ұзақ ғасыр сақталған,
Жұмбақтастың сырын қалай ақтарам?

Айнакөлдің суы қандай тұп-тұнық,
Толқын жатыр жағалауға ұмтылып.
Қарағайлар көкке қарай өрлеген,
Биші қайың! Мұндай ғажап көрмеп ем.

Жасыл орман, төңірегі көкпеңбек,
Жер-дүние құлпырды ғой көктем кеп.
Бұл Бурабай-сұлулықтың аралы,
Ғашық қылып, қызықтырып барады.

АБЫЛАЙХАН АЛАҢЫ
Сілкінтіп, аунатып санамды,
Түсіріп есіме анамды,
Әкемді, атамды, бабамды,
Бурабай жерінде, жазықта,
Жатыр ғой Абылайхан алаңы.

Дегендей «Ұрпағым келдің бе,
Қарсы алды өзіңді ел, міне.
Игейсің басыңды жеріңе,
Жатырқап, жат болып кетпеші,
Осында соғуға ерінбе».

Сыр ұғам туған жер төсінен,
Көкпеңбек көкорай көсілген,
Сен мені адам ғып өсірген
Абылайхан алаңы-парасат бастауы,
Бейнеңді көңілден өшірмен.

Киелі топырақ тылсымын ашпайды,
Мекені бөтенді жасқайды,
Көңілді көтеріп тастайды.
Абылайхан алаңы мәңгілік сақталар,
Елімді ерлікке бастайды.
ЖҰМБАҚТАС
Табиғаттың өзі салған бұрыннан,
Таныс мүсін көрінеді қырынан.
Бір қарасам сұлу қыз боп елестер,
Маған қарай тұлғасымен бұрылған.

Көрікті әйел көрінеді қарасам,
Бір қырынан… сол бейнені таба алсам.
Енді бірде әже болып шықты әне,
Жұмбақтасты енді неге баласам?

Үш бейне жүр бәрімізден тығылып,
Жалт-жұлт етіп жүз бояумен құбылып.
Айнакөлдің айдынында күн кешкен,
Жұмбақтастан қалғым келді сыр ұғып.

ЖЕКЕ БАТЫР
Көкшетауда басқалардан дарасың,
Өн бойыңда тапқан келбет жарасым.
Бурабайға қорғаныш боп келесің,
Жалғастырып ғасырлардың арасын.

Туған елді күзетіп сен жатырсың,
Құдіретті, күшті Жеке батырсың.
Сауыт киіп, жасыл желек жамылып,
Бір сәт мызғып, дамыл тапқан асылсың.

Бастан кештің аптап ыстық, сан ызғар,
Жұрт аузында өзің жайлы аңыз бар.
Ел басына қауіп төнсе кім білер,
Бәлкім сені оятып тез алғызар.

Халқымызға түспесінші қайғы-мұң,
Шыға берсін ашық болып ай-күнім.
Мүлгісең де көз қиығын салғайсың,
Отанымның даласына, айбыным!

АЙНАКӨЛ
Айнадай болып Айнакөл ғажап жалтырар,
Сәулесі күннің төсіне түсіп, жарқырар.
Бетінде судың қос аққу сыңсып, таранып,
Көгінде шағала қанаты талмай шарқ ұрар.

Өтті ғой жылдар, өтті ғой талай ғасырлар,
Ертеден қалған жағасында балбал тасы бар.
Қоштасқан қимай жігітін сүйген аймалап,
Сұлудың бәлкім төгілген көлде жасы бар.

Тұп-тұнық көлге кім келіп, кімдер жүзбеді,
Елестеп кетті адамдар… жарқын жүздері.
Суретші болсам Айнакөлдің суретін салар ем,
Жарқырап жатқан ғажайып көрінісін күздегі.
***
Ұмытайын өткен заман мұң-зарын,
Алда өмір, әсем әуен тыңдармын.
Жарық дүние сәулесін шаша берсін,
Зымырасын арғымақтай жылдарым.

Жарқырасын, ашық болсын маңдайым,
Арман асқақ, жарқын жолды таңдаймын.
Аспанымда қара бұлттар ыдырап,
Күн күлімдеп, артта қалсын бар қайғым.

Тегіс емес, өмір жолы бұралаң,
Өту керек, сыбағамнан құр қалам.
Қалайыншы найзағайдай жарқылдап,
Ақынмын мен кестелеп жыр құраған.

Есенгелді СҮЙІНОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар