Жолдаудың терең мәні – ел әлеуетін еселей түсетіндігінде

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған өткен жылғы Жолдауы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттерін қамтиды. Жолдауды әрбір қазақстандыққа жеткізуде және іске асыруда баршамызды үлкен жұмыс күтіп тұр.

Бір жыл аяқталып, келесі жыл басталарда Президенттің халқымызға Жолдауын тағатсыздана күту тәуелсіздік алған кезеңнен бері дәстүрге айналды десек, артық айтқандық емес. Өйткені, бұл қарыштап дамыған мемлекетіміздің өткен белесіне терең талдау жасап, алдағы уақытта жүрер жолымыздың бағыт-бағдарын айқындап беретін маңызды құжат. Экономикасы қарқынды дамып келе жатқан заманауи прогрессивті мемлекет құрып, бейбітшілік пен қоғамдық келісімді қамтамасыз еттік. Елбасының Жолдауындағы міндеттер көңілге қуаныш дарытып, нық сезім орнықтырды. Бұдан кейін Президент сол қарқынды дамудың қадау-қадау белестерін атап өтіп, қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі басты басымдыққа айналуы тиіс екендігіне ерекше тоқталды. Бұған дейінгі Жолдауларда да осы мәселе басты назарда тұратын, бірақ осы жолы Елбасының сөзін тыңдағанда оған айрықша сипат берілгендігінің куәсі болдық.
Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақының 1,5 есе, ал, бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы орта есеппен 35 пайызға өскендігі өте үлкен іс. Өйткені, өзіміз өмір бойы осы салада жұмыс істегеннен кейін жақсы білеміз – мұндағы адамдардың жалғыз жалақысынан басқа отбасына келер түсімі жоқ қой. Ендеше бұл мемлекет көмегінің жаңа сапалы сатыға көтерілгендігінің бір айғағы болса керек. Бюджеттік сала дегенде ең алғаш ауызға түсетіні, әрине, білім және денсаулық сақтау бағыттары. Ұстаздар мен дәрігерлердің өркениетті елдердегідей жалпы қоғамдағы салмағын арттыру, бірінші ретте олардың беделін, еңбекақысын көтеру қажеттігі жөнінде аз айтылмаушы еді. Жолдауда бұл туралы өте ауқымды шаралар белгіленді. Алдымен биыл «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданатыны ұстаздар қауымы үшін тіпті тарихи оқиға болары хақ десек, асыра айтқандық болмас. Себебі, ол заңда жаңағы айтылып жүрген әңгімелеріміздің барлығы оң шешімін табады деп үміттенеміз.
Ал енді, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға өсіру – бұл да осы сала жұмыскерлерін ерекше ынталандыру болмақ. Ынталы еңбек бар жерде сапалы нәтиже болатындығын ескерсек, аталмыш шара көп сынға ұшырап жүрген денсаулық сақтау жүйесін жоғары сатыға көтеретін бір шынайы тетікке айналар еді деп сенеміз.
Жолдауда экономиканы жетілдіру, өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру, азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат, тиімді сыртқы саясат, әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістер үдерістеріне атсалысуы сияқты басқа да мәселелерге қатысты терең, халық көңілінен шыққан келелі ойлар айтылған. Бұлар – алдағы атқарылар ұлан-ғайыр шаруалардың нақты бағдарлары. Ал, алдағы уақыт, болашақ дегенде санамызда бірінші ретте жастар тұрары, жаңағы ересен жұмыстарды жүзеге асыратын елеулі күштердің бірі солар екендігі анық. Сондықтан, Елбасы жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы тиіс деп орынды айтты. Келесі жылды Жастар жылы деп жариялау – барша замандастарымыздың ойынан шыққан тұжырым болды.
Ендігі кезеңде әрине, осынау маңызды құжаттың терең мәні бүге-шігесіне дейін әр замандасымыздың ойына жеткізілуі керек, бұл тұрғыда үлкен идеологиялық жұмыс күтіп тұр. Өйткені, қандай да болмасын идея адамдардың санасына сіңірілгенде ғана жасампаз күш-қуатқа айналатыны белгілі. Ал, күні кеше жарияланған Жолдау рухани жаңғыру үстіндегі қоғамымыздың әлеуетін еселей түсетін құжат екені күмәнсіз.

Ғосман ТӨЛЕҒҰЛ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар