Жұмысты жаңаша жүргізудің жемісі

«Родина» агрофирмасы» серіктестігі – көп салалы дамыған ауыл шаруашылығы құрылымы. Шаруашылықта Елбасы Жолдауында атап

көрсетілген іргелі міндеттер іскерлікпен жүзеге асырылып келеді. Қазіргі заманғы технологияға арқа сүйеген ғылым мен тәжірибе өзінің игі нәтижесін беріп, толымды табыстарға бастауда.

Серіктестік астананың азық-түлік белдеуін құруға және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі тұжырымдамасын жүзеге асыруға өзінің сүбелі үлесін қосуда. Шаруашылық астық және элиталық тұқым, сүт, ет, көкөніс тәрізді жоғары сапалы өнім өндірумен, өңдеумен және сатумен айналысады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы қызметін көрсетеді, құрылыс материалдарын жасап шығарып сатады. Ұжымда 520 адам еңбек етеді. Бір еңбеккердің еңбек өнімділігі 11 миллион теңгеден астам. Жылына 6 миллиард теңгенің өнімі шығарылады. Оның ішінде мал шаруашылығы өнімінің үлесі 50 пайыз.
«Родина» агрофирмасы мал шаруашылығын дамытуда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Жаңа технология бойынша 2300 сиырға арналған қазіргі заманғы сиыр сауатын «Глобал-90» және «Елочка» қондырғыларымен жабдықталған екі тауарлы сүт кешені салынды. Өнімділігі жоғары мал сатып алу және қазіргі заманғы сүт кешендерін салу үлкен шикізат базасын құруға мүмкіндік берді. Құрама жем зауыты салынды. Мұнда әр түрлі жастағы малдар үшін құрама жем дайындайтын неміс қондырғылары орнатылды.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында шаруашылық жоғары технологиялық қондырғылармен жабдықталған қазіргі заманғы сүт өңдейтін зауыт салды. Кәсіпорын шикізатты өңдеуде алдыңғы қатарлы еуропалық технологияны пайдаланып, тәулігіне 50 тонна сүт өңдей алады. Зауыт 15 аталымнан астам сапалы сүт өнімін шығарады. Сүтті 120 сағат, сүт өнімдерін 7 тәулікке дейін сақтауға болады. Оны кәсіпорынға берілген азық-түлік тағамдарының қауіпсіздігі жөніндегі менеджмент жүйесінің сертификаттары айғақтай түседі. «Родина» агрофирмасын өзге сүт өңдеушілермен салыстырғанда өте қолайлы ұстанымда тұр. Өйткені, олар жаңа сауылған сүтті бірден өңдейді.
Шаруашылық Астана қаласын азық-түлік тағамдарымен қамтамасыз ету бағдарламасына белсенді қатысады. Күн сайын астанаға орташа есеппен 40-45 тонна сүт және сүт өнімдері тасымалданады. Астана қаласы рыногының тұтынуын қанағаттандыру үшін агрофирма өз шикізат базасын ұлғайтуда. Серіктестік тек табиғи шикізатты пайдалану, технологиялық режимдерді сақтауға қатаң бақылау, өндірістің жоғары мәдениеті, өнімді қолжетімді бағамен сату тәрізді қағидаттарын ұстанады. Осының арқасында өнім сатып алушылардың үлкен сұранысына ие болып, тұтынушылардың ортасында танымалдылыққа қол жеткізді. «Родина» агрофирмасы» серіктестігі өнімінің сапасы 2006 және 2010 жылдары жоғары бағасымен атап өтілді. Агрофирма «Алтын сапа» республикалық конкурсының жеңімпазы атанып, Индустрия және сауда министрлігінің Алғыс хатымен, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің алтын медалімен және алтын кубогымен марапатталды. «Қараөткел 2010» және «Қараөткел 2012» атты Қазақстан агроөнеркәсіп кешені жетістігінің жәрмеңкесінде екі «Алтын белгі» алтын медаліне және асыл тұқымды ірі қара өсіру саласында дипломға ие болды. 2015 жылы «Халық маркасы» жалпы ұлттық конкурсында «Сүт өнімдері» аталымының және «Қазақстанның үздік тауары» облыстық конкурсының жеңімпазы атанды.

Андрей ВЕРЕВКИН,
«Родина» агрофирмасы» серіктестігі директорының орынбасары.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар