Ұлттық құндылықтармен ұштастырамыз

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласының ғибраты мен тағылымы мол.

Мақаланың қазақ халқының ғана емес, Ұлы даланың мұрагерлері – тамырлас түркі халықтарының барлығына игілігі ортақ. Туған жердің әрбір тауы мен тасы тұнып тұрған шежіре, тұнып тұрған тарих. Кең байтақ сахарамыздың тарихы мен мәдениетін танытуды өскелең ұрпаққа бала кезден бастау қажет.
Осыған орай, «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының 2019 жылға арналған ауысымдардың тақырыптары мақала бөлімдерімен ұштастырыла жоспарланған. 10 қаңтар күні «Жаңа жыл – жаңа бастамалар» атты ауысымға республикамыздың түкпір-түкпірінен балалар үйлерінің, күн көрісі және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларының балалары жиналып, жоба аясындағы патриоттық тәрбие шараларының алғашқы қатысушылары болмақ.
Ақпан айында жас қазақстандық-патриоттар Академиясының мүшелеріне «Ұлы даланың Ұлы тұлғалары» акциясы, «Мәдени мұра – ел дәулеті», «Біз – ұлы даланың мұрагеріміз» танымдық шараларын өткізу жоспарланған. «Бабалар мұрасы» атты этнографиялық кездесу» тақырыбымен 20 наурызда басталатын ауысымға этнографиялық үйірмелердің, студиялардың, клубтардың қатысушылары, халық аспаптарының шығармашылық ұжымдары мен жас домбырашылар, Абай және Махамбет оқуларының жеңімпаздары жиналғалы отыр.
Ауысым барысында ұлы даланың ұлы есімдері, тарихтың ақтандақ беттеріне айналған оқиғаларға ерекше мән берілмек. Жаз маусымына жоспарланған «Туған жер – алтын бесік» Халықаралық балалар құрылтайына жақын және алыс шет елдердегі қазақ диаспорасының, ұлттық мәдени орталықтарының өкілдері келіп, «Туған жер» және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» бағдарламалары аясында ұйымдастырылатын шаралардың куәгерлері атанады. «Аталар сөзі – ақылдың көзі» атты қыркүйек айында болатын республикалық кездесуге жас тарихшылар мен географтар келіп, «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасының заңды жалғасы – «Ұлы даланың жеті қыры» тағылымдық бағдарламасы аясында қызықты да, тартысты сайыстарға қатысады.
Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ұсынылған жобалар арқылы жастардың тарихты тануы – олардың бойында Отансүйгіштік қасиеттерінің артуына әкелері сөзсіз. Ата-бабамыздың тектілігіне көз жеткізу арқылы жас ұрпақ ұлттық құндылықтарды біліп, дәріптейді, жетістіктерін мақтан етеді, әлемде қайталанбас мәдениеттің өкілі екенін ұғынады.

Құралай Оразова,
«Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының баспасөз хатшысы.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар