Неміс жеріндегі кітап көрмесі

Таяуда Германияның Майндағы Франкфурт қаласында 66-ыншы Халықаралық кітап көрмесі-жәрмеңкесі болып өтті. Бұл шараның жер бетіндегі рухани өмір үшін маңызы өте зор екендігін айту артық болмас. Франкфурт кітап көрмесінің (Frankfurter Buchmesse) тарихы 500 жылды қамтиды, ал, оның негізінің қалануы көршілес Майнц қаласында өмір сүрген алғашқы кітап басушы Иоганн Гутенбергтің есімімен байланысты. И.Гутенберг (1399-1468) – кітап басуды ойлап табушы. XV ғасырдың ортасында ол Майнцта өзі жасаған станокта 42 жолдық деп аталатын Інжілді басып шығарды, бұл Еуропадағы толық көлемді, баспа ісінің ерте кезіндегі үздік туындысы деп танылған тұңғыш басылым еді.

Гутенбергтің көзі тірісінде-ақ кітап сатушылар мұнда әлемдегі алғашқы  басылған кітаптар туралы кітап көрмесін ұйымдастырған-ды. Ал, көрменің осы заманғы жаңа тарихы 1949 жылдан басталды да, ол дүние жүзінің ең ірі кітап форумына айналып, жыл сайын Германияның кіндігінде өтіп келеді. Биылғы көрмеге барлық құрлықтардың 105 елінен 7000-нан астам баспалар қатысты. Бес күннің ішінде мұнда үш жүз мыңдай адам келді. Frankfurter Buchmesse қаланың үлкен бір орамын алып жатыр, ондағы бірнеше қабаттан тұратын он павильонның жалпы аумағы 170 мың шаршы метрден асып жығылады. Көрме өзінің ішінара көлік қатынасы, адамға қызмет көрсетудің сан қилы түрі, ақпараттық-жарнамалық істің тұтас бір «империясы» бар, бейнелеп айтсақ, қала ішіндегі қала іспеттес. Әрі мұның бәрі аса зор талғампаздықпен, атақты неміс тыңғылықтығымен һәм сұңғылалығымен жүзеге асырылған.
Әлемдегі аса ірі кітап көрмесі қай уақытта да өте беделді, мәнді және қызғылықты оқиға болып отырған, бола береді де. Мұнда көркем және техникалық әдебиеттердің елеулі тұсаукесерлері өткізіледі, баспагерлер арасында маңызды келісімдер жасалады, автограф-сессиялар мен ең жаңа кітап өнімдерін таныстыру, сондай-ақ, оларды сату ұйымдастырылады. Мұнда оқырмандар өздері үшін Еуропа мен Азияның, Латын Америкасы мен АҚШ-тың, Африка мен Австралияның жаңа талантты жазушыларының есімдерін ашады. Тақырыптық бөлімдердің ішінде ғылыми, балалар әдебиеттері көптеп кездеседі. Электрондық кітаптар, ақпарат сақтайтын платформалар сияқты осы заманғы технологияларға да тиісті орын берілген. Басқаша айтқанда, Франкфурт кітап көрмесі-жәрмеңкесі – бұл адамзаттың өзінің өткен жылдағы рухани даму деңгейі жөнінде өз-өзіне беретін есебі іспеттес.
Мен үшін қазақстандық делегация құрамында осынау маңызды өркениет форумына қатысудың, кітап мұхитына «шомылудың» сәті екінші рет түсті. Біздің елден осы жолы көрмеге негізінен, «Фолиант», «Мектеп», «Қазақстан», «Алматыкітап» сияқты баспалар қатысты. 9 қазан күні «Халықаралық баспа бағдарламасының» бастамашылығымен басылып шыққан кітаптардың тұсаукесері өткізілді. Соңғы жылдары аталмыш бағдарлама аясында көрнекті қазақ әдебиетшілерінің шығармалары басқа тілдерге аударылып, жарық көруде, сондай-ақ, дүниежүзілік бестселлерлер өзінің қазақ оқырмандарын табуда.
Тұсаукесерге Ресейдің, Беларусьтің, Әзірбайжанның, Өзбекстанның, Түркияның, бірқатар араб елдерінің шығармашылық қауым өкілдері қатысты. Олар қазақ жазушысы, филолог ғалым, аудармашы, түркітанушы, Күлтегін және Франц Кафка атындағы Халықаралық сыйлықтардың иегері Немат Келімбетовтың беларусь, өзбек және әзірбайжан тілдеріне жуырда ғана аударылған «Үміт үзгім келмейді», «Ұлыма хат» сияқты шығармаларымен танысты. Беларусь тіліне тамаша тәржіма жасаған («Не хачу губляць надзею») прозаик А.Бадак және «Звязда» газетінің бас редакторы, Беларусь Республикасы Президенті сыйлығының иегері Алесь Карлюкевич. Жалпы, Алесь Николаевичтің Қазақстан-Беларусь әдеби байланыстарын нығайтуға қосқан жеке үлесінің өте қомақты екендігін баса айтқан ләзім.
Белгілі жазушы, саясаттанушы Фархад Хамраевтың арқасында ендігі арада өзбек оқырмандары да аталмыш хикаятты өз тілінде оқуға мүмкіндік алды («Умид узгим келмайди»).
Немат Келімбетовке аса беделді әдеби сыйлық нақ осы шығармасы үшін берілген болатын. Еуропалық Франц Кафка қоғамының президенті Мирослав Кливердің былай дегені бар: «Үміт үзгім келмейді» кітабы Еуропа мәдениетіне қосылған өте үлкен үлес. Ғаріп адам көрсеткен теңдессіз ерлік – бүкіл адамзат үшін үлгі…».
Әзірбайжан әдебиеті де Н.Келімбетовтың «Ұлыма хат» деп аталатын эссесімен толықты («Oğluma mәktublar»). Оны аударған жазушы Техран Валиев және ақын, аудармашы, Әзірбайжан Мәдениет және туризм министрлігінің баспа секторының меңгерушісі Шыңғыс Әлиоғлы.
Бұлардан басқа, Немат ағамыздың түрік әлеміне танымал «Түркі халықтарының ежелгі әдеби жәдігерліктері» зерттеуінің орыс және түрік тілдеріндегі аудармалары, сонымен бірге, оның 7 томдық шығармалар жинағы таныстырылды.
Ендігі бір елеулі оқиға – жаһандық энергетика, халықаралық саясат және экономика саласының атақты сарапшысы Дэниел Ергиннің «Қазына: мұнай, ақша және билік үшін күрестің бүкіләлемдік тарихы» («The Prize: The Epic Quest for Oil, Money and Power, 1991») атты еңбегінің қазақша аудармасын көпшілік назарына ұсыну болды. Бұдан бұрын он жеті тілге аударылған, дүниежүзілік бестселлер саналатын бұл кітап мұнай өндірудің, онымен қатар жүретін байлық пен билік үшін күрестің, жекелеген адамдардың ғана емес, тұтас халықтар мен мемлекеттердің тағдырына ықпал ететін құбылыстың 150 жылдық тарихын өте-мөте қызғылықты баяндайды.
Көрмеге келушілер, сондай-ақ, «Художественная литература» (Мәскеу) баспасынан таяуда ғана шыққан бүгінгі тәуелсіз Қазақстан әдебиеті антологиясының «Путь долог, но уверен шаг…» деп аталатын жаңа төртінші томымен танысуға мүмкіндік алды. Маңызы зор антологияның құрастырушылары – аталмыш баспаның директоры, Ресей әдеби шығармашылық академиясының академигі Георгий Пряхин мен қазақстандық жазушы, ғалым, баспагер Райхан Мәженқызы.
Антологияның келесі томдары алдағы уақытта жарық көреді деп күтілуде. Бұған дейінгі томдарында да қазақстандық авторлардың үздік шығармалары топтастырылған. Антологияны шығаруға бірден-бір мұрындық болып отырған Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төрағасы Қайрат Келімбетовтың айтуынша, «бұл біздің бүгінгі әдебиетіміздің ахуалын, оның көпғасырлық әдеби дәстүрлермен байланысын, әр автордың болмысына және оның шығармаларына мыңдаған талшық болып өрілген замандарды көрсетеді. Бұл – қазақ мәдениетімен тереңірек таныстыруға апаратын өзіндік көпір болмақ…». Осы тектес ойларды тұсаукесерде сөйлегендер: Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі С.Қасқабасов, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Ә.Асқаров, профессор Ш.Құрманбайұлы, «Простор» журналы бас редакторының орынбасары Қ.Бақбергенов, Ш.Әлиоғлы, Р.Мәженқызы, Түркияның Мимар Синан университетінің профессоры Ә.Қара және осы жолдардың авторы да айтты.
Дәл сол күні түстен кейін келесі бір алаңда қазақ фольклорының «Бабалар сөзі» деп аталатын 100 томдық жинағының тұсаукесері өтті. Мұны «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырған – республикадағы ірі баспалардың бірі «Фолиант». Шын мәнінде де, бұл теңдесі жоқ, бұрын-соңды еш елде болмаған басылым, сондықтан көрмеге келушілер оған ерекше қызығушылық танытты, зор зейін білдірді.
Қазақ халқында ауыз әдебиеті ХХ ғасырдың ортасына дейін аса кең тараған құбылыс болғаны белгілі. Фольклор өзінің байлығымен, сюжеттері мен жанрларының әралуандығымен, көркемдік қуатымен кәсіби әдебиеттен еш кем түспейді, сондықтан болар, сол кәсіби әдебиетіміздің өзі күні бүгінге дейін ауыз әдебиетінің үлгілерін аз малданып жүрген жоқ.  Демек, фольклор тек мәдени мұра ғана емес, ол осы заманғы әдебиет пен өнердің қайнар көзі әрі ажырамас бөлігі болып табылады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін кезінде кеңес идеологиясы тыйым салған ұлан-ғайыр дүниелерді зерттеуге, басып шығаруға қажеттілік те, мүмкіндік те ашылды, сонымен қатар, кеңес заманында ара-тұра жарық көріп қалатын мәтіндердегі «түзетулерді» қалпына келтірудің орайы келді. Осы мақсатқа аталмыш басылымда толығымен қол жетті деуге болады.
Бұл жерде көп жылдар бойы жинақталған мәтіндердің басым бөлігі ескі және жаңа араб, сондай-ақ, латын әріптерімен жазылғандығын айту керек.  Көне қолжазбалардың қағазының әбден тозығы жеткендіктен, кейде әріптерді оқудың өзі қиынға соқты, кейде оларды уақыт мүлде өшірген болып шықты. Бірақ, мамандар осынау қиындықтардың бәрін еңсерді. Барлық мәтіндерге мәтіндік сараптама жасалды.
«Бабалар сөзінің» әр томы академиялық стильде құрастырылған, ғылыми түсініктер, сондай-ақ, орыс және ағылшын тілдерінде түйіндемесі бар қосымша берілген. Мұнда көлемі жағынан өте ірі де, мүлде шағын да шығармалар кездеседі. Ірі дүниелерге мыналар жатады: батырлық және романтикалық эпостар (20 том), тарихи эпостар (13 том), діни сипаттағы дастандар (7 том), новеллалық дастандар (13 том), махаббат дастандары (8 том), жануарлар туралы, қиял-ғажайып, батырлық, новеллалық және сатиралық ертегілер (5 том), шежірелік, тарихи, музыкалық, топонимикалық сипаттағы хикаялар мен аңыздар (10 том). Шағын жанрлар (мақал-мәтелдер,  жұмбақтар, көне аңыздар мен әфсаналар, діни аңыздар, халық нанымдары мен тыйымдары, түстер және олардың жорылуы, түрлі тақырыпқа арналған тұрмыстық ауызша әңгімелер және т.с.с.) бір немесе екі томға топтастырылған.
Осынау ұлан-ғайыр жұмысты жүзеге асырған – «Фолиант» баспасы мен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты. Дәлірек айтсақ, институттың ғалымдары, мамандары таяу және алыс шетелдерден жиналған, институттың өз қорында жинақталған аса көп қолжазбаларды жүйелеп, баспаға ұсынған. Ал, «Фолиант» осынау адам таңқаларлық еңбектің нәтижесін жоғары кәсіби шеберлікпен, кітап басу ісінің қазіргі талаптарына сәйкес жарыққа шығарған. Содан болар, тұсаукесерде сөйлеген неміс ғалымы Томас Вырволл осынау құндылықтардың жинағын ғаламат рухани жетістік деп бағалады.
Әділі керек, Қазақстанымыздың әлемде тек саяси һәм экономикалық тұрғыдан ғана емес, интеллектуалдық тұрғыдан да мойындалуына куә болу бізді шын мәнінде марқайтты. Біз елімізге көне де жас ұлы Отанымыз үшін мақтаныш сезіммен оралдық.

Ғосман ТӨЛЕҒҰЛ,
жазушы-аудармашы.

Суреттерде: «Халықаралық баспа бағдарламасы» бойынша шығарылған кітаптардың тұсаукесерінде. Солдан оңға қарай Қ.Бақбергенов, Ә.Асқаров, Г.Пряхин, Р.Мәженқызы, С.Қасқабасов, Ш.Әлиоғлы, А.Карлюкевич, Ш.Құрманбайұлы, Ә.Қара және Ғ.Төлеғұл; халықаралық кітап көрмесі кезінде. Солдан оңға қарай Ғосман Төлеғұл,  Әзірбайжан Мәдениет және туризм министрлігінің жауапты қызметкері, ақын Шыңғыс  Әлиоғлы және «Художественная литература»  (Мәскеу) баспасының директоры, Ресей әдеби шығармашылық академиясының академигі Георгий Пряхин.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар