«Сыбаға» бағдарламасының шарттары өзгертілді

«Сыбаға» бағдарламасы бойынша несиелік қаржыға сатып алынатын мал мен жабдықтар кепілзат ретінде қабылданады. Енді несиелеудің шарттары жеңілдеп, шаруалар асыл тұқымды ірі қара малды ғана емес, сондай-ақ, тауарлық, яғни, асыл тұқымға жатпайтын малды да кепілдік ретінде қоя алады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген мал шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламасы отандық мал басын көбейту, малдың сапалық сипаттамаларын жақсартуды және қазақстандық ет экспортын арттыруды қарастырады. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы бұл бағдарлама аясында «Сыбаға» арқылы шаруашылықтарды несиелендіреді. Несиелер импортталған ірі қараның аналық мал басын сатып алуға, ұсақ мал мен негізгі құралдарды сатып алуға беріледі.
–«Сыбаға» бағдарламасы бойынша қаржы алған шаруашылықтар мал, техника және жабдық тәрізді сатып алынған активтерді кепілдік ретінде қоя алады. Бұрын тек асыл тұқымды мал қабылданған болса, бүгінгі күні несиелеу ережелеріне өзгерістер енгізілді. Кепілдіктің 50 пайызына дейін тауарлы ірі қара мал алынады. Бұл өзгеріс қарыз алушылардың кепілдік жүктемесін төмендету үшін жасалынған,–дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының» басқарма төрағасының орынбасары Думан Оспанов.
Биылғы жылы жеңілдетілген несиелеудің артықшылықтарын алғашқылардың бірі болып Бұланды ауданындағы «Ел-Хан» серіктестігі пайдаланды. Олар ірі мал бордақылау алаңы болып табылатын «Терра» серіктестігінен 100 бас Ангус тұқымдас ірі қара мал сатып әкелді. Оның ішіндегі 60 бас ірі қара, сондай-ақ, «Беларус» тракторы мен өзге де техника қордың көмегімен алынды. Серіктестік 40 бас сиырды өз қаржысына сатып алды. «Терра» серіктестігі «Аграрлық несие корпорациясының» қолдауымен америкалық Ангустарды бұдан екі жыл бұрын АҚШ-тан алып келген. Қазір асыл тұқымды ірі қарадан алынған төл жергілікті мал фермаларына сатылады.
Шетелден малдар сатып алған шаруашылық әрбір мал басы үшін 225 мың теңге субсидия алады. Мемлекет тарапынан қолдаудың тағы бір тетігі – бұқаларды бордақылау алаңдарына жеткізуге төленетін субсидия. Ол малдың тірі салмақтағы бір килограмына 200 теңгеден төленеді. Бүгінгі күні «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 14,4 миллиард теңгенің 643 өтінімін қаржыландырды. Осы жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде елімізге 22,2 мың бас асыл тұқымды ірі қара мал және 72,5 мың ұсақ мал сатып алынады. 2018 жылдың аяғына дейін республика аумағына 10 мың бастан астам ірі қара мал жеткізілді.
Әлия ЕҢСЕБАЕВА,
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар