Дәрінің бағасы реттеледі

2018 жылғы 28 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Дәрілік заттардың бағасын реттеу рәсімі ресми жарияланған күнінен бастап 3 айдан кейін күшіне енеді.

Дәрі-дәрмектердің бағасын оларды көтерме және бөлшектеп сату кезінде реттеуге мүмкіндік беретін механизмдердің қалай енгізілетіні туралы ОКҚ-ғы брифинг барысында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова, ҚР ДСМ Формация комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков және «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасының міндетін атқарушы Берік Шәріп әңгімелеп берді.
Өз сөзінде Людмила Бюрабекова заңнама қабылданған түзетулер дәрілердің халықтың барлық топтары үшін экономикалық қолжетімдігін арттыру және дәрілік қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік алымдарды төмендету мақсатында әзірленгенін атап өтті. «Дәрі-дәрмектердің бағасын оларды көтерме және бөлшектеп сату кезінде реттеуге мүмкіндік беретін механизмдер енгізілетін болады. Дәрілік заттардың бағаларын қалыптастырудағы жоспарланып отырған өзгерістер бағаларды реттеудің 4 деңгейін көздейді – өндірушінің, көтерме сауданың, бөлшектеп сату, сондай-ақ, ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде сатып алу деңгейінде», – деп атап өтті Фармация комитетінің төрағасы.
Сондай-ақ, оның айтуынша барлық мүдделі тұлғалар үшін бағалар туралы ақпараттың қолжетімдігін қамтамасыз ету үшін дәрілік заттардың тіркелген және шекті бағаларының тіркелімі құрылатын болады. Қазіргі кезде Денсаулық сақтау министрлігі тиісті қағидалар әзірлеуде, ал бағаларды тіркеуге арналған өтінімдерді берудің барлық процесі Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығының сайтында электрондық форматта жүргізілетін болады, онда қазіргі кезде ақпараттық жүйе әзірленді және тесттік режимде іске қосылды.
Осы механизмдерді әзірлеу кезінде ЭЫДҰ мен ЕАЭО елдеріндегі дәрілердің бағаларын реттеу бойынша реттеудегі халықаралық тәжірибесі ескерілді. Бағаны реттеу механизмдері енгізілгеннен кейін шекті көтерме және бөлшек баға туралы ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында және тіркелген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың мемлекеттік тіркелімінде табуға болады, ал халықтың бағалардың өскені туралы фактілерімен кері байланысын енгізу арнайы әзірленетін азаматтарға арналған мобильді қосымша арқылы енгізу жоспарлануда.
Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін заңда өндірушілер мен дистрибьюторлар үшін 2021 жылғы қаңтардан бастап, ал бөлшек желі үшін 2023 жылғы қаңтардан бастап тиісті фармацевтикалық практикалардың халықаралық стандарттарын енгізу көзделген. Бұдан басқа, сапалы, қауіпсіз және тиімді дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды оңтайлы пайдалануды қамтамасыз ету үшін, фармацевтикалық компаниялардың мүдделерін көздеуді болдырмау және дәрілік заттар туралы шынайы ақпаратты ұсыну мақсатында заң шеңберінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды оңтайлы пайдалану және этикалық ілгерілету бойынша нормалар әзірленді. Дәрілерді сатып алу процесінің ашықтығын қамтамасыз ету, сатып алу рәсімдерін жеңілдету және әкімшілік кедергілерді төмендету, әлеуетті өнім берушілермен жеке байланысты болдырмау үшін ҚР Қаржы министрлігінің сатып алу порталын пайдалана отырып, дәрілерді электрондық сатып алуға көшу көзделген.
«СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасының міндетін атқарушы Берік Шәріп өз сөзінде тегін дәрімен қамтамасыз ету үшін медициналық ұйымдарға дәрілік заттарды жеткізуді бастауға дайын екендігі туралы баяндады.
«Қазіргі кезде бірыңғай дистрибьютор 2019 жылға арналған дәрілік қамтамасыз етуді қаржыландырудың жалпы сомасының 90 пайызын сатып алды. Сатып алынған препараттарды бірыңғай дистрибьютордың қоймаларына жеткізу желтоқсан айынан бастап жүргізілуде, қазір дәрі-дәрмектің басым бөлігі бүкіл Қазақстан бойынша транзиттік қоймаларға тасылды. Заң бойынша медициналық ұйымдардан түбегейлі өтінімдерді жинауға 10 жұмыс күні кетеді. Алайда, біз түбегейлі өтінімдерді жинауды бүгіннің өзінде аяқтаудамыз және келесі аптадан бастап препараттар емханаларға түсе бастайды», – деп мәлімдеді Берік Шәріп. Бұдан басқа, «СК-Фармация» ЖШС басшысының айтуы бойынша қазір дәрілік заттардың ауыспалы төмендемейтін қорынан 13 миллиард теңге сомасындағы препараттар медициналық және дәріханалық ұйымдарға қолжетімді. 2019 жылға арналған тегін дәрілік қамтамасыз ету үшін сатып алынған дәрі-дәрмектердің тізімі 1144 позицияны қамтиды. Барлығы медициналық ұйымдар 203,5 миллиард теңге сомасында алдын ала өтінім берді. Дәрі-дәрмектердің 421 атауы 45 ауру бойынша диспансерлік есепте тұрған пациенттерді амбулаториялық емдеу үшін анықталды. Олар үшін 105,1 миллиард теңге сомасында, ал 953 атауы 98,4 миллиард теңге сомасында дәрі-дәрмектер стационарлық көмек көрсету үшін сатып алынуда.
Сондай-ақ, Берік Шәріп тегін дәрілер алатын пациенттер үшін жүзеге асырылып жатқан кері байланыс құралы туралы еске салып өтті. Компанияда халықты тегін дәрілермен қамтамасыз ету мәселелері бойынша 1439 байланыс орталығы, диспансерлік пациенттер үшін тегін берілетін дәрі-дәрмектерді жеткізу мерзімі, көлемі және жоспарланған күні туралы ақпаратты ұсынатын операторлар жұмыс істейді. Бұдан басқа, дәрілердің нақты босатылуына мониторинг жүргізу үшін «Дәрілік қамтамасыз ету» ақпараттық жүйесіне (ДҚАЖ) сәйкес тегін препараттар алған пациенттерге SMS-хабарламалар тарату жалғасуда.
Орталық коммуникациялар қызметінің ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар