114 жастағы қария дауыс беруге өзі келді

 

КӨКШЕТАУ. Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы күні елімізде болып жатқан  саяси маңызы зор оқиғаға алдымен облыс орталығындағы сайлаушылар зор ынта танытып, сайлау учаскелеріне лек-легімен ағылумен болды.

 

Көкшетаудың іргесіндегі Краснояр кентінің 114 жастағы тұрғыны Қазина Исмайлова өзі тіркелген №4 сайлау учаскесіне ешкімнің көмегінсіз барып, өз таңдауын жасады. Бір ғасырды артқа тастаған көнекөз қарияның осынау саяси науқанда жастарға үлгі боларлықтай белсенділік танытуы елінің тағдырына бейжай қарамайтындығын  аңғартып тұр емес пе? 1901 жылы дүниеге келген әжей әлі де тың көрінеді. Сайлау басталысымен таңертең ерте әжей осындағы №2 Краснояр орта мектебінде орналасқан №4 сайлау учаскесіне барып, қалаған кандидатына дауысын берді. Аталған сайлау учаскесінде 1537 сайлаушы тіркелген. Түске дейін сайлаушылардың тең жартысынан астамы дауыс беріп үлгерген.
Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Владимир Боргульдің сөзіне қарағанда, Қазақстан Республикасы Президенті сайлауының жоғары деңгейде өтуі еліміздің әлемдік аренадағы беделін арттырып қана қоймай, ішкі саяси тұрақтылықты нығайтуға және экономикамыздың одан әрі қарыштап дамуына жол ашпақ.

 

 

№18 орта мектепте орналасқан №34 сайлау учаскесіне таңғы сағат 7.00-ден бастап адамдар жинала бастады.

 

Сайлау комиссиясының төрайымы Манар Рыспаеваның айтуынша, мұнда барлығы 2946 сайлаушы тіркелген. – Сағат он екіге дейін сайлаушылардың 50 пайызы дауыс беріп үлгерді.  Ел өмірінде үлкен саяси маңызы бар сайлау ойдағыдай өтіп жатыр. Елбасын таңдауға келген барлық адамдардың көңіл-күйлері көтеріңкі. Он бес жасөспірім бірінші рет өздерінің конституциялық құқын пайдаланып, сайлауға қатысып отыр. Оларға және бірінші болып дауыс берген сайлаушыларға естелік сый-сияпат табыс етілді, – деді өз сөзінде сайлау комиссиясының төрайымы, №18 орта мектептің директоры Манар Қажыбайқызы.
Президент сайлауын бақылауға келген «Нұр Отан» партиясының мүшелері Александр Аздравин мен Дана Әлкеевалар сайлауда ешқандай құқық бұзушылықтар болмағанын, маңызды шара жоғары деңгейде өтіп жатқанын ортаға салды.
– Біз еліміздің тыныштығы үшін, жарқын болашағы үшін  дауыс беруге келдік. Тәуелсіздігіміздің баянды болғанын қалаймыз, – деді алғашқылардың бірі болып дауыс беруге сегіз жасар ұлы Олжас-пен келген Ж.Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжінің кітапханашысы Қуаныш Халикова.
Сайлауда жастардың белсенділік танытқанын айта кеткен жөн. Мерекедегідей киініп жұп-жұбымен кетіп бара жатқан орта және аға буынның қарасы басым. Саяси тұрақтылық пен еліміздегі бірлікті нығайта түсу үшін ешбір азамат бұл науқаннан қалыс қалмау керек.

 

 

Қазақстан Республикасының Президенті сайлауына облыстық ауруханада емделіп жатқан науқастар да қатысып, өз дауыстарын берді.

 

Облыстық аурухананың кіре берісінде орналасқан № 47 сайлау учаскесінде 274 адам тіркелген екен. Науқастар таң атысымен  дауыс беру жәшігіне асықты. Аталған учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерінің сөзіне қарағанда дауыс беру басталған алғашқы бірер сағаттың ішінде емделушілердің тең жартысынан астамы өз таңдауларын жасап үлгерген.
– Мұндағы сайлаушылардың дені осында емделіп жатқандар. Олардың барлығы дауыс беруде белсенділік танытты. Жүріп-тұруы қиын науқастар үшін аталған учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері палаталарға барып, дауыстарын алды. Бұл күні науқастардың барлығына бір адамдай өз дауыстарын беру үшін барлық жағдай қарастырылды.
Дауыс беру үдерісі Конституция заңдарына сай әділ әрі таза өтті,–деді №47 сайлау учаскесіндегі сайлау комиссиясының төрайымы Бибігүл Омарова.

 

 

Біз сайлау күні редакцияның арнайы тапсырмасымен Краснояр кентіне шыға берістегі №10 орта мектепте орналасқан сайлау учаскесінде болған едік.

 

Мұнда дауыс беріп жатқан сайлаушылардың көптігінен  бірнеше кезек ұйымдастырылған. Яғни, адамдардың белсенділігі өте жоғары деген сөз.
– Өз таңдауларын жасап жатқан адамдардың   сайлауға деген құлшынысы жоғары екені байқалады, – дейді №5  учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Нәжмиден Нұралин.  – Түске дейін сайлау-шылар тізіміндегі 2717 адамның  943-ы дауыс берді. Бұдан басқа, біздің учаскеден анықтама алып, басқа жерде дауыс беретіндер саны да  жиырмадан асты. Демек, адамдар өз болашақтарына немқұрайлы қарамайтындығын аңғартады. Әркім өз елінің өркендеп, халықтың да әл-ауқатының жақсарғанын тілейді.
Комиссия төрағасы бірінші  дауыс беріп,  сайлауға тұңғыш рет қатысқандарға арнайы сыйлықтар тапсырылғанын атап көрсетті. Біз жас сайлаушы Ұлпан Сәбитованы сөзге тартқанымызда, ол өзінің жоғары оқу орнын бітіріп, мамандығы бойынша мемлекеттік органдарда қызмет етіп жатқанын айтты. Ол өз дауысын елдің болашағы – жастарға үлкен сенім артып отырған Елбасыға бергенін де жасырмады.  Ал, Көкшетау қаласының тұрғыны Манат Исмағұлов немересін жетектеп, дауыс беретін бөлмеге енді.  Көтеріңкі көңіл-күйде дауыс беріп, шығып келе жатқанда оған өз сауалымызды жолдаған едік. Сонда ол:
– Бұл жолғы таңдауды немерем жасады. Болашақ та осылардың қолында ғой. Кімді таңдаймыз деп едім: «Елбасы менің таңдауым!» дейді немерем. Біз осылай екеуміз бір таңдауымызды жасадық…

 

 

«Көкшетау» мәдениет сарайында орналасқан №21 сайлау учаскесіне келіп, дауыс берген халықтың қатары көп болды.

 

Аталған комиссияның төрайымы Гүлжан Ержанованың ай-туынша, бұл мекен-жай бойынша 1050 сайлаушы тіркелген. Сағат 14.00-ге дейін соның 70 пайызы өз таңдауларын жасапты.  Он бес тұрғын үйлерінде дауыс берген.  Мұнда әсіресе, таңғы уақытта белсенділік жоғары болған көрінеді. Өз азаматтық ұстанымын көрсетуге  Селхан Жәкеев отбасымен келіпті. «Жұбайым, балаларым, немерелерімнің бәрі еліміздегі тыныштық, тұрақтылық үшін дауыс бердік», – дейді ол.

 

 

«Истоки» мәдениет үйінде орналасқан №16 сайлау учаскесіне таңертең халық көп келді.

 

Сайлау комиссиясының  төрағасы Төлеш Түлкібаевтың
айтуынша, мұнда барлығы 1740 сайлаушы тіркелген.  Ол сағат онға қарай 300-ге тарта сайлаушы дауыс беріп үлгергенін мәлімдеді. Сайлауда бірінші болып 94 жастағы зейнеткер Людмила Устинова  өз таңдауын жасады. Қария сайлауда ел мүддесі үшін Елбасын таңдауға өз үлесін қоса алатынына қуанышты екенін жеткізді. Оған қоса, саяси тұрақтылық пен еліміздегі бірлікті нығайта түсу үшін ешбір азамат бұл науқаннан қалыс қалмау қажеттігіне тоқталды. Осы орайда, қарт сайлаушыға естелік сый-сияпат табыс етілді.

 

 

№19 сайлау учаскесінің есігі уақытында ашылды. Саяси маңызы зор шара  Қазақстан Республикасының Әнұранымен басталып, сайлау аяқталғанша ән-күйден шашу шашылып, дауыс берушілерді көңілді әуенмен баурап тұрды.

 

Учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Балжан Төлемісованы әңгімеге тартқанымызда:
– Президент сайлауы өткізіледі дегеннен бері біздің №16 орта мектеп ұжымы жан-жақты дайындалды. Әрбір үйге барып, сайлауға бір кісідей қатысуына ықпал еттік. Сайлауға барлығы 2242 сайлаушы қатысады деп күтілуде. Бұл біздің еліміздің, ұрпағымыздың болашағы үшін жасалып отырған ізгілікті шара екенін шынайы сезінеміз. Бәрі ойдағыдай өтеді деген үміттемін, – деді.
  Учаскелік сайлау комиссиясының хатшысы Раиса Лисоковскаяның нақты шығарылған дерегі бойынша, сағат 10.30-да 366 адам, 11.10-да 700 адам, 16.10-да 1599 адам лек-легімен келіп дауыс беріп үлгерді.
Сайлауға бірнеше бақылаушы қатысып, сайлау аяқталып қорытынды шығарылғанша өз орындарынан табылды. Ешқандай заң бұзушылық орын алған жоқ.

 

 

№29 сайлау учаскесінде  дауыс берушілер ел болашағы үшін маңызды қадам жасады.

 

Көкшетау қаласындағы №29  учаскелік сайлау комиссиясына таңғы 7-ден бастап сайлаушылар лек-легімен  ағылды. Тіркелген орны бо-йынша дауыс берушілер ел болашағы үшін аса маңызды жауапты іске бір адамдай атсалысты. Бұл өз кезегінде ұзын-сонар кезекте тұрған халықтың сайлауға деген белсенділігін байқатты. Олардың осындай аса маңызды жауапты іске белсенділік танытуы қуанарлық жәйт.
Учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Светлана Скрыпина сайлау учаскесінде 2805 сайлаушы тіркелгенін айтып, алғашқы үш сағатта 445-і дауыс беріп үлгергенін  жеткізді. Ақмола облысы бойынша Қазақстан Республикасы Президенттігіне кезектен тыс сайлауды бақылау жөніндегі республикалық  қоғамдық комиссиясының бақылаушысы Татьяна Терентьева мен «Нұр Отан» партиясының  өкілі Айсұлу Ақышева сайлаудың әділ әрі жоғары деңгейде өткенін баяндады. Бақылаушылардың пікірінше сайлауда ешқандай заң бұзушылықтар орын алмаған.

 

 

Сайлау күні облысымызда Шаңқай ынтымақтастық, ұйымы (ШОС) Миссиясынан келген бақылаушылар Медер Асеинов және Абдулло  Холиков та дауыс беру барысын қадағалады.

 

Олар алдымен «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Нұрсұлтан Назарбаевтың облыстық қоғамдық сайлауалды штабының  жетекшісі Ғалым Бекмағамбетовпен және облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әділхан Шаяхметовпен кездесіп, әңгімелесті.
Халықаралық бақылаушылар өздері болған сайлау учаскелерінде әсіресе, дауыс берудің жоғары белсенділікпен өтіп жатқанына көз жеткізіп, Қазақстан Республикасының Президенті сайлауының әділ, жоғары деңгейде ұйым-дастырылғанын атап өтті.

 

 

Бурабай. Аудандық мәдениет үйінде  орналасқан №746 учаскелік сайлау комиссиясында да дауыс берушілер таңсәріден жиналды. Әсіресе, жастардың белсенділігі анық байқалды.

 

Щучинскілік Әділет Білімжановтың бұл сайлау науқанына алғаш рет қатысуы екен. Еліміздің болашағы үшін Президент сайлауында өз таңдауын жасаған Әділетке комиссия мүшелері сыйлық табыс етсе, алғашқылардың бірі болып дауыс берген қарт ана Қазима Пішенбаеваға да осындай сый-құрмет көрсетілді. Мемлекетіміздің тағдыры шешілетін осынау сын сағатта тыл еңбеккері Рамазан Әбділдинов те үйде қол қусырып қарап отырмай, учаскелік сайлау комиссиясына отбасымен бірге келіп, маңызды шараға қатысты.
Осы ауданға қарасты Кенесары
ауылында да маңызды науқан жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ауыл тұрғындары бір кісідей өз таңдауларын жасады. Мұндағы №773 сайлау учаскесі бойынша сайлаушылар тізімінде 1020 адам тіркелсе, соның отызы алғаш рет дауыс берушілер. Сайлауды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның Ақмола облысы бойынша бақылаушысы Тоты Ермағанбетованың айтуынша, бюллетеньдерді ашуда, дауыс беру процесінде ешқандай заң бұзушылық орын алмаған. Халықаралық ұйымдардан келген бақылаушылар Ева Магдалена Колозей мен Атте Джуана Лауерма да учаскенің жұмысына жоғары баға берді.
, Бұланды. Макинск қаласындағы №309 сайлау учаскесінде сайлау  басталғаннан бергі алғашқы екі сағатта тізімде тіркелген 577 адамның 360-сы дауыс беріп үлгерді.

 25 адамға комиссия мүшелері жылжымалы жәшіктермен үйлеріне барды. Балуан Шолақ атындағы мектеп-лицейінің көркемөнерпаздары сайлаушыларға әсем әндерімен көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, саяси шараның шырайын келтіре түсті. Шаңырақ көтергендеріне бес жыл толған Төлеген Байдалинов пен Жанар Қабыкенова бүгінде екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр. – Әрбір ата-ана баласының бақытты әрі молшылықта өмір сүргенін қалайды. Ол үшін тұрып жатқан елде бейбітшілік пен тұрақтылық болуы керек. Сондықтан, біз ұл-қыздарымыздың болашағы үшін өз таңдауымызды жасадық, – дейді бұландылық жас отбасы. Сайлау учаскесінің төрағасы Дәуренбек Кенжебаев өткен сайлауларға қарағанда биылғы Елбасы сайлауына тұрғындардың аса зор белсенділікпен қатысып жатқанын ерекше атап өтті.
Аудандағы №263 сайлау учаскесінде сайлаушылардың жартысынан астамының түске дейін дауыс беріп үлгергенінен-ақ бұл жердегі науқанның да ойдағыдай өткенін байқауға болады. Біраз азаматтардың да-уыстарын қабылдағаннан кейін  комиссия мүшелері  жылжымалы жәшікті алып, ауыл ішін аралады. Сәуле Айкенбаеваның үйінде болды. Өз кезегінде қамкөңіл жан өтінішін жерге тастамай, дауысын алуға келген учаске өкілдеріне шексіз алғысын жеткізіп, аталған шара мемлекетімізге оң серпіліс беретініне тілектестігін жеткізді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар