Көкшенің өнерлі перзенті

Жаңа ғасырды қарсы алған екі мыңыншы жылдардың басы. «Арқа ажары» газетінде жұмыс істеймін. Редакция Астанада. Біз Көкшетаудағы тілшілер қосынындамыз. Кешкі мезгіл. Бір шұғыл тапсырма болды да, әлі үйге кетпей, кабинетімде отырғанмын. Қолында сөмкесі бар әдеміше мұртты кісі кіріп келді. Өңі аққұба, толықтау. Жасы шамамен алпыстың маңайында. Бұрын көрмеген адамым. Мені дәлізде «біреу бар ма, жоқ па?» деп бөлмелерді қарап жүріп тауып алса керек. Сәлем беріп, «жоғары шығыңыз» деген соң, жақын тұрған орындыққа жайғасып, жөнін айта бастады.

–Мен Алматыдан Мүбәрак Салықов деген композитор ағаң боламын. Осы Көкшетаудың Еңбекшілдер ауданынанмын. Елде жақын туысым қайтыс болып, содан келе жатқан бетім. Пойызға дейін әлі бірер сағат уақытым бар, сосын көптен ойымда жүрген бір шаруамды бітіре кетейін деп осы редакцияны тауып алдым,–дегенде барып, өзі де бүгінгі Біржан сал ауданында туып, көп жыл «Кеңащы», «Донской» кеңшарларында бас бухгалтер болып қызмет атқарған марқұм жездем Сағындық Ахметовтың ара-тұра осы кісі туралы «бізге нағашы болады» деп айтып отыратыны есіме түсе кетті.
–Алматыда білгенімен, Көкшетауда бізді ешкім білмейді. «Әу, осылар бізден шыққан өнер иелері ғой» деп іздеп жатқан тірі пенде жоқ. Әйтпесе, Қазақ радиосының алтын қорында талай әнім сақталған. Осы уақытқа дейін туған жерімде бірде-бір кешім өтпепті. Кейінгі кезде көзім де көрмеуге айналды. Тым болмаса, бұдан былай бір кездесу ұйымдастыра ма деп, облыс басшыларының біреуіне кіріп шығайын деп едім. Әлі жұмыс аяғы басылған жоқ қой, орындарында шығар. Солай қарай алып барсаң қалай болар еді?–деп келесі бір сөз тиегін ағытқанда, «е, біздің жақта осы ғой» деймін іштей.
Содан далаға шықтық. Облыстық әкімдікке келіп едік, облыс әкімінің орынбасары Светлана Жалмағамбетова расында өзінде екен. Хатшы қызға жөнімізді айтып, біраздан соң ол кісі ішке кіріп кетті. Мен тосып отырмын. Әлден уақытта шықты.
–Кештің реті келмейтін болды. Анасы-мынасы көп екен ғой. Облыс әкімінің келісімі керек дейді. Бірақ, телевидениенің бастығына хабарласып, тапсырды. Қазір жазып алуы тиіс,–деген соң облыстық телерадиокомпанияға қарай аяңдадық.
Сол жолы ойлағаны бола қоймай, теледидардағы шағын бір сұхбатымен ғана аттанған Мүбәрак аға кетерінде «өзің Алматыда болып тұрасың ба?» деп сұраған еді.
– Анда-санда болып қаламын.
– Онда мынау менің телефоным. Үйім ІІ Алматы вокзалынан алыс емес, көк базардың жанында. Келсең, хабарлас, сонда әңгімелесерміз.
Содан көп ұзамай, Жаңа жыл мерекесінен кейін сәтін салып, бір аптаға төтенше жағдайлар жөніндегі республикалық курсқа оқуға барған бойы кетер күнгі жоспарымды алдын ала құрып қойдым. Вокзалға пойыздан екі-үш сағат ертерек барамын да, Мүбәрак ағамен кездесемін. Өткенде асығыс болды, осы жолы туған жері біле қоймайтын композитор туралы бір кеңірек сұхбат бұйырса, қалтамда. Ол кезде телефон жоқ. Сол оймен вокзалдың басындағы телефон-автоматтан хабарласып едім, тұтқаны ұлы Санат алды. Қап, әттеген-ай, Мүбәрак аға бір шаруамен Семейге жол жүріп кетіпті.
Қапелімде бұлай болады деген түк ой жоқ, манағы аптығым басылып қалды. Енді не істеймін? Сол маңда пойызға дейін жүре тұрып, вагоныма міндім. Көкейімде жерлес композиторды көріп, әңгімелесе алмаған сол өкініш.
Кейін елге келген соң Мүбәрак ағаның сазгерлік қырын өзімше зерттеп, бірнеше әндері жарық көрген «Жастық шақ әуендері» кітабын қарап отырсам, сөзін ақын Аманжол Шәмкенов жазған «Сырлы Семей» атты әні бар екен. Демек, ұлылар мекені – Семей өңірімен бұрыннан бір байланысы болған ғой.
Жалпы, содан бері екінші қайтара көре алмасам да, осы жылдар ішінде ойымнан шықпай, үнемі бір бүйірімде жүрген Мүбәрак аға туралы қолымда бар деректерден оқырмандарымызға аз-мұз сырттай сыр шертсем, еш айыбы жоқ шығар. Жақсыны халыққа білгізгеннен артық не бар?!
Елді жалмаған ашаршылық жылы дүниеге келген болашақ сазгердің балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келеді. Әкесі Аманбай үш інісімен бірге майданға аттанғанда, буыны қатпай тылдағы жұмысқа жегілген бала Мүбәрак көзі жаутаңдап қала берген. Төртінші атасы Дос керемет домбырашы болыпты. Сол тегіне тартса керек, жасынан өнерге ғашықтығымен аты шығып, дала қосында, егін мен шабындық басында Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырайдың әндерін шырқаудан бір талмайды екен. Ал, Мұқан Төлебаевтың «Кестелі орамалын» айтқанда, майдандағы әкесі есіне түсіп, жылап жіберген сәттері де аз болмаған.
Алғашқы әнін соғыстан кейін қайтадан мектеп партасына оралғанда шығарып, көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшелері ауыл сахнасында орындап жүріпті.
–Байқаймын, өнер жолына түскендеймін. Ата-бабам өз алдына, әкем Аманбай мен анам Шәрия екеуі де бірдей ауыл-үй арасында әнші болған. Әкем әрі күйші. Сәкен Сейфуллиннің өзі «Көкшетау» поэмасын жазғанда Бурабайға келіп жүріп, әкеммен кездесіп, оған күй тартқызған. Сонда өнеріне риза болып, Алматыға шақырған көрінеді. Бұл менің бала кезімде әкемнің өз аузынан естіген имандай шыным. Расында, Бурабай мен біз тұрған Степняктың арасы таяқ тастам жер ғой. Солай болған, Сәкен әкеммен кездескен деп білемін. Әттең, «жомарттың қолын жоқшылық байлайды» демей ме, әкем Алматыға бара алмаған. Мүмкін барса, сүйегі қан майданда қалмас па еді деп ойлап қоямын кейде,–деген екен кейін бір сөзінде сазгердің өзі.
Содан Мүбәрак аға да талаптың тұлпарын мініп ер жетеді. Мектептен соң білім қуып, әкесі көре алмай кеткен Алматыға келеді. Бірақ, консерваторияға жолы болмай, екі қолға жай жұмыспен шектеледі. Әйтсе де, әнді өзінше жаза берген, жаза берген. Сөйтіп жүріп Алматыда әдейі Латиф Хамидиге барып жолығады. Әндерін тыңдап көрген атақты сазгер:
– Ойнақы, әуезді, жақсы екен. Бірақ, әлі де болса, Көкшедегі ұлы композитор аталарыңның әндерінен үйрене түс,–деп ақыл-кеңесін береді.
Әбілахат Еспаевпен ойламаған жерден сыраханада танысып қалып, ән жазатынын, бірақ, армандап келген музыкалық оқуға түсе алмағанын айтқан ғой. Сонда мұның әндерінде елден ескен бір ақ самалдай жайлылық барын аңғарған сазгер:
– Ән ауылдан шығады, ауылдан қанаттанып, аспандайды ғой, шіркін, –деп тебіренсе керек.
Кейін жерлесіміз Күмісбек Кенжебеков те Мүбәрак ағаның әндерін тыңдай келіп, жылы қабақ танытқан көрінеді.
Мұның бәрі Мүбәрак Салықовтың кейін өзі аңсағандай, белгілі бір деңгейде композитор болып қалыптасуына тек қана оң әсерін тигізумен болған. Осылайша табиғи дарыны ұшталып, С.Сейітов, М.Әлімбаев, К.Салықов, Ғ.Қайырбеков, Т.Молдағалиев, С.Жиенбаев, А.Шәмкенов, А.Бақтыгереева, Б.Ысқақов сияқты ұзын-саны отызға жуық ақынмен шығармашылық байланыста болып, Қазақ телевидениесі мен радиосының алтын қорына алпыстан аса әні қабылданған сазгер шын мәнісінде туған жері, өскен ортасы үшін елеп-ескеруге тұрарлық тұлға дер едік. Біздің жақтан қазіргі заманда республика деңгейінде мұншама әнімен көрінген талант иесі жоқтың-қасы екені бәрімізге белгілі ғой. Дегенмен, өз өмірінде көпті көрген Мүбәрак аға оған да масаттанбайды. Алайда, көңілдегі кірбің сезілмей тұра алған ба?!
– Соңғы уақытта қос шырағым сөнуге айналып, елге баруды да сиреттім. Мендей өнер иелері Ә.Телғозиев, Ж.Назаров, Е.Әбділдаевтың жерлестері сонау Атырау, Шымкенттен арнайы келіп, авторлық кештерін өткізді. Өздерінде де өткізіп жатқан облыстар бар. Ал, өзіме келсем, туған Көкшемде сахнадан атым бір аталып көрмепті. Ана жылы бір барғанмын, шет жағасын өтінгенмін. Демеуші тап дейді. Зейнеткер адам оны қайдан табады?! Бар қолымнан келгені, отыз минуттарын қиып, теледидарға шығарғаны,–дегені де бар тағы бірде.
Бұған «Қазақстан-Заман» газетінде журналист Шәймерден Төлегенұлы: «Елінің есті азаматтары, тізгін ұстаған басшылары Мүбәрактай сазгерін қалайша ұмыта қойды екен? Мүмкін емес…» деп таңданысын жасырмайды.
Сазгер әндерінің тақырыбы, мазмұны мен бағыты сан алуан. Алдымен, аңсары ауып тұратын туған жер, жастық шақ, қасиеті бірінен-бірі асқан қазақтың кең-байтақ даласы, жаңа заман келбеті… Тақырыбы өзі-ақ бәрін айтып тұр. «Сарыарқа», «Көкшенің көркі керемет», «Алатау айдынында», «Махаббат қаласы», «Ұлытау», «Жаңа астана – Ақмола», «Мөлдір», «Іздеп келем», «Жидебай», «Оңтүстік әні», «Торғай толғауы», «Оралым»…
Ал, енді осы әндерді кімдер шырқайды, кімдердің дауысымен алтын қорға жазылып алынған дейсіз ғой. Олардың бәрі тыңдарманына Қазақстанның халық әртістері Т.Қойшыбаева, Е.Хасанғалиев, Р.Мұсабаев, Қ.Байбосынов, еңбек сіңірген әртістер Л.Қармысова, Е.Әбділдаев, Қ.Бақтаев, Қ.Байқуатов, тағы басқа белгілі әншілер арқылы жетіп жүр. Жергілікті жерлерде де сазгер әндерін орындаушылар қатары аз емес. Осылайша Мүбәрак аға туындылары эфирден, киелі сахнадан болсын, елімен бірге жасап, бірге тыныстап келеді. Кезінде бірнеше әндері Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің көркемдік кеңесінде қабылданып, «Қазақконцерт» әншілерінің репертуарына енген. Сөйтіп, ол кезде гастрольдік сапарларға жиі шыққан әртістермен қалада да, далада да шырқалған. Әр жылдары «Сенің үнің» әнін Зейнеп Қойшыбаеваның, ал, «Аққан жұлдызды» Қайрат Байбосыновтың дауыстарына лайықтап жазған екен. Екеуі де нағыз орындаушысын тауып, бағы жанған әндер болып шықты. Қазақтың көрнекті ақыны Мұзафар Әлімбаевпен бірлесіп өмірге әкелген «Азия аруы» әнін Алматыда өткен осы аттас байқауға арнап жазып, танымал әншілер Р.Мұсабаев, Қ.Байқуатовпен өзі де сахнада бірге орындаған болатын. Өйткені, бойында домбыраны серік еткен әншілік өнері де бары сонау жас кезінен мәлім-ді.
Осы арада тағы бір айтпай кетпеуге болмайтын жәйт, бастапқы кездерде Қазақ радиосына әндерін өткізу қиын соғып жүргенінде өзіне Ілия Жақановтың да көмектесіп, қол ұшын бергені. Осының бәрін тәптіштеп жазуын жазып жатырмыз-ау. Тек ендігі сөз, Көкшенің өнерлі перзенті Мүбәрак Салықовтың қазіргі тағдырының дәл өзіме белгісіз екені. Бір республика, осы заманғы ұшқыр байланыс, мына тұрған Алматы. Осы мақаланы жазу үшін бір хабарын білу ниетімен Алматыдағы пәтерінің телефонын сұрастырып, анықтама бюросына қанша қоңырау соқтым. Өзі де, балалары да қалааралық АТС-те тіркелмеген. Ұялы телефон бел алғалы солай болып жатыр ғой. Бір білсе, Композиторлар одағы біледі деп оған да хабарласайын.
–Бізде одаққа мүшелерінің ғана телефоны бар,–дейді әр жақтағы дауыс.
Иә, Мүбәрак аға да консерваторияға түсе алмаған, демек, одақтың мүшесі емес қой. Кезінде ол кісіні былай қойып, атағы жер жарған Шәмші Қалдаяқовпен де солай болмап па еді. Мүмкін өзі туған ауданда жөнін айтар бір туыстары бар шығар деп барлық Салықовтардың телефонын алып көрдім. Бес-алты үй екен. Бірақ, біздің жақындығымыз жоқ дегенді айтады.
Не керек, осыдан кейін іздеуімді әзірше тәмамдап, бір кезде ойда-жоқта жүздесіп қалған соң мойнымдағы бір парыз сияқты көрінген осы мақалаға отырдым. Арада қанша уақыт өтті, жасы келді. Әртүрлі жағдай да болуы мүмкін. Бірақ, бір нәрсе ақиқат. Туған ел-жұрты Мүбәрактай сазгер жерлестерін білуі керек. «Ештен кеш жақсы, дегендей, әншілеріміз әндерін өз репертуарларына қосса, әрі-берімізді түгендеген «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында сондағы бұйырмаған кеші өтсе, тіпті жақсы. Бұл жағынан өнерді бағалайтын ұлтжанды жаңа әкімі бар туған ауданы да бәлкім, ойланар. Біздің өткен бір оқиғаны тірілткендегі айтпағымыз да осы еді.

Қайырбай Төреғожа.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар