Белгілі тарихшы ғалым, ұстаз қадыржан әбуев – 80 жаста

Қадыржан Қабиденұлы Әбуев 1938 жылы 26 желтоқсанда бұрынғы Көкшетау облысы, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының Қызыләскер ауылында туған. 1962 жылы Петропавл педагогикалық институтының тарих-филология факультетін бітірген. Солтүстік Қазақстан облысы Булаев ауданы және Көкшетау облысы Володар ауданында орта мектептердің директоры болып қызмет атқарған. Кейін Көкшетау облыстық партия комитетінде нұсқаушы болған.
1972 жылдан Көкшетау мемлекеттік университетінде аға оқытушы, декан, ал, 1976 жылдан бері кафедра меңгерушісі болып қызмет атқарып келеді. Тарих ғылымдарының докторы, профессор, тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі, Қазақ КСР-і Халық ағарту ісінің үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы. Сондай-ақ, «Қазақстан ғылымының дамуына сіңірген еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының құрметті білім қызметкері», «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» төсбелгілерінің иегері. Ғылыми және қоғамдық еңбегі үшін Елбасының Алғыс хатымен марапатталған. 8 монография мен 120-дан астам ғылыми еңбектің, ондаған кітаптың авторы. Қадыржан Әбуевтің жетекшілігімен 4 ғылым кандидаты және 18 ғылым магистрі даярланған.

Белгілі тарихшы ғалым Қадыржан Әбуевтің 80 жылдық мерейтойына арналған «Отан тарихының деректануы мен тарихнамасының өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция 2019 жылдың 18 қаңтарында сағат 10.00-де Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрында басталады.
(Ғалым мерейтойы туралы материалдарды газетіміздің 4-5 беттерінен оқи аласыздар).

 

Тарих ғылымының майталманы

Қазақстан тарихы ғылымының даму сатысы аса күрделі, әрі аса қиын, жауапкершілігі мол кезеңдерді бастан кешті. Оның себеп-салдары түсінікті, кеңестік идеология қазақ елінің тарихын қайта жабулы қазан күйінде ұстауға тырысты. Өйткені, Қазақстан тарихының қыр-сырының тереңдей зерттеліп ашылуы кеңес дәуіріндегі талай ақтаңдақтардың ақиқатына жол салатын еді. Бірақ, осындай күрделі кезеңде де қол қусырып қарап отырмай, еліміздің тарихына тыңнан түрен салып, қиянатшыл идеологиямен күресе отырып, бұл салада жемісті еңбек еткен тарихшыларымыз аз болған жоқ. Солардың бірі – өңіріміздегі танымал тарихшы, тарих ғылымының докторы, профессор Қадыржан Қабиденұлы Әбуев.

Қазақстанның көрнекті ғалымы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қоғамдық және тарихи ғылымдар академиясының академигі, Көкшетау қаласының құрметті азаматы, екі мәрте «Жоғары мектептің үздік оқытушысы», «Жыл маманы» ұлттық сертификатының иегері, Топ – 50 үздік ғалымдар тізіміне кірген өкіл, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қадыржан Қабиденұлы Әбуев, 1938 жылы 26 желтоқсанда кезіндегі Солтүстік Қазақстан облысы Көкшетау ауданының Талап ауылында дүниеге келген. Атасы Байсары Қарауыл-Шұңғырша елінің беделді биі болса, оның бір баласы Сарт болыс, ал, екінші баласы атақты Шөбек болыс Орта жүз делегациясының құрамында Ресей империясының патшасы Александр ІІ-нің таққа отыру рәсіміне қатысқан заманындағы ірі тұлғалардың бірі болса керек. Ал, әкесі Қабиден кезінде белгілі саятшы, ән құмар, көп жылдар бірнеше колхоздың басқармасы болып, алдыңғы қатарға шығарып отырған білікті басшы, маман ретінде танымал еді. 1945 жылы Әбуевтер отбасы Қызыл әскер ауылына көшеді. Атақты Шоқан Уәлихановтың елі Сырымбеттен 30 шақырым жерге қоныс аударуы, кейін Қадекеңнің Абылай, Шоқан сияқты тарихи біртуарлардың өмірбаяны мен өмір жолына бет бұруына тікелей әсер етсе керек. Мектепті үздік бітірген ағамыз 1957 жылы Ушинский атындағы Петропавл педагогикалық институтының тарих-филология факультетіне оқуға түседі. Институт қабырғасында комсомол ұйымының хатшысы, шахматтан, күрестен І разряд нормасын орындап, алдыңғы қатарлы студенттердің қатарынан көріне білді. Тарихшы мамандығын алған соң мұғалім, мектеп директоры, партия жұмысының сан алуан қыр-сырын меңгереді. Ал, 1969 жылы сол кездегі Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтына оқытушылық қызметке келген соң, Қадыржан Қабиденұлының өмірінде жаңа, тың ғылыми-педагогикалық қызметі басталады. Осы жылдар ішінде ғалым ағамыз Алматы шет тілдер педагогикалық институты жанындағы аспирантураны, ал, 2002 жылы Омбы мемлекеттік педагогикалық университетінде докторлық диссертациясын сәтті қорғайды.
Ғылым жолының ұзақ та даңғыл сүрлеуінде елімізге танымал көрнекті тарихшылар Әлкей Марғұлан, Манаш Қазыбаев, Рамазан Сүлейменов, Кеңес Нүрпейісов, Оразақ Смағұлов, Мәлік-Хайдар Асылбеков, ресейлік Томилов, Толочко, Сорокин және т.б. тарих ғылымының майталмандарымен қызметтес бола жүріп, солардың да ғылыми-өмір мектебінен тәлім алды.
ХХІ ғасырдың қоғамдық-гуманитарлық ғылымдарға деген сұраныстың күрт артуы, әсіресе, отандық тарих ғылымының ұлттық сана, қоғамдық және мемлекеттік өмірдегі рөлінің артуы, олардың евроцентристік қағидалардан оқшау, идеологиялық тәуелсіз, кеңестік жүйе кезіндегі таптық және партиялық көзқарастарға негізделген тарихи зерттеулер методологиясын түбегейлі өзгеріске ұшырату оңай емес еді. Сондықтан, ғалымның соңғы жылдардағы жазылған еңбектері мемлекет тұтастығы, тарихи идея, ұлт бірлігі, тұлғаның орны сияқты бұлжымас қағидаға арналып, өмірлік ұстанымы болды.
Сонау 1991 жылы Абылай ханның 280 жылдығын Көкше өңірінде өткізуге, ал, бүгінгі күні бүкіл еуразиялық кеңестікке белгілі «Шоқан тағылымы» халықаралық конференциясын өткізуге мұрындық болуы – ол сол кездегі республика көлеміндегі аса ірі қоғамдық-саяси маңызы бар оқиға еді. Кейін бұл үрдіс 2013 жылы Абылай бабамыздың 300 жылдығын атап өту науқанында да жалғасын тауып, «Абылай және оның дәуірі» атты қомақты еңбектен жалғасын тауып жатты.
Кезінде Шоқан Абылай туралы былай деген екен: «Қазақтар Абылайды тәңірдің өзі жіберген құтқарушы рухы ретінде қабылдайды». Қадекең Абылай рухын, Абылай болмысын, Абылай тағылымын өзіне өшпес ғылыми шырақ етіп, тылсым дүниеден жарық-саңылау іздеуге тұмар ретінде мәңгілік жадына ұстап бабамыздың мұрасын, дәуірін зерттеуге бар күш-қуатын сала білді.
Ғалымның сан-салалы еңбегіне әр қырынан келуге болады, солардың ішінде айрықша атап өтетініміз – Қадыржан Қабиденұлының аса ауқымды қоғамдық қызметі. Бұл күндері еліміздегі беделі зор оқу орындарының бірі – Ш.Уәлиханов атындағы оқу ордасы болса, оның ішіндегі тарих факультетінің өзіндік орнын ешкім жоққа шығара алмайды, ал, оның іргетасының қаланып, қалыптасу кезеңдерінің басында Қ.Қ.Әбуевтың тұрғандығын біз үлкен құрметпен атап айтқымыз келеді. Осы қара шаңырақта қызмет істегеніне де жарты ғасырдан аса уақыт өтіпті.
Ол 1993 жылы осы оқу ордасында тарих факультетінің ашылуына белсене еңбек етті. Ең әуелі сырттай бөлімі ашылып, сәл кейінірек күндізгі бөлімі ашылып, жұмыс істей бастағанда оның басы-қасында жүріп, жаңашырлық танытқан, әрі оқытушылық қызметін қоса атқарған еді. Міне, содан бері де 25 жыл уақыт өтіп, тарих факультеті өзіндік дәстүрін қалыптастырған, ғылыми-ізденіс ауқымы кеңейген іргелі ұжымға айналса, оған ағамыздың қосқан үлесі орасан зор. Осы жылдардың ішінде тарих факультетінің толайым табыстарын тізе берсек өте көп, әсіресе, мұнда магис-
транттар, докторанттар дайындалып шығарылатын бөлімдердің ашылуы үлкен жетістік екендігі сөзсіз. Содан бері 50-ден астам магистрант дайындалып шықса, солардың бәрі өз түлектеріміз болуы да зор мақтаныш сезіміне бөлейді. Оның кафедра меңгерушілігін атқарған жылдарының ішінде 14 кандидаттық диссертация қорғалса, оның төртеуі өзінің жетекшілігімен қорғалған. Қазіргі кезде 70 магистрант, 4PhD жұмыстарына жетекші ретінде ғана емес, нағыз тарихшы ғалым, ел тарихының жанашыры ретінде таныта білді. Ал, профессор Қ.Қ.Әбуевтың жетекшілігімен «Ақмола облысы», «Ш.Уәлиханов», «Абылай хан» сияқты үш энциклопедиялық жинақ және «Ш.Уәлиханов және оның замандастары» монографиясының жарық көруі – ғалымның ғылым саласындағы зор табысы болып саналады. Осы жылдар ішінде ағамыздың қаламынан 285 ғылыми еңбек, 14 монография, 2 сөздік, 3 энциклопедия жарық көрді.
Қоғамдық формациялар тұсында Қазақстан тарихы мен Ресей тарихының жиі жолдары қиылысып, өзара тығыз байланысты болып келгендігі сөзсіз. Осы орайда, профессор Қ.Қ.Әбуевтың ғылыми ізденіске толы маңызды еңбектері Ресей тарихи ортасында да зор беделге ие. Ғалымның ұзақ жылғы еңбектерінің сан алуандығы, түрлі тақырыптық ізденістері сүйсіндіреді.
Біз жоғарыда атап өткеніміздей, оның қоғамдық, әлеуметтік зор ауқымды істері облыс, қала деңгейінде танылып жатқанына жұртшылық куә. Ол – бірқатар диссертациялық кеңестердің мүшесі, облыстық халық ассамблеясының, Ақмола облысы ономастикалық комиссиясының құрамында да ауқымды істер тындырды, алаштың ардақты азаматтары есімдерін Көкшетау қаласының көрнекті көшелеріне берілуіне септігін тигізді. Қ.Қ.Әбуевтың белсене атсалысуымен қала көшелерінде Наурызбай батыр, М.Сағадиев, Б.Әшімов, Е.Әуелбеков, Ж.Ташеновтердің аттары пайда болды. Сондай-ақ, біраз елді мекендерге лайықты атаулар қойылуына еңбегін сіңірді. Атап айтсақ, бұрынғы Щучинск ауданы өзгертіліп, Бурабай ауданы етіп өзгертілуінің негізін Қадекең алғашқылардың бірі болып көтерген еді. Ол орыстың атақты тарихшылары Радлов, Левшин еңбектерін қарастыра отырып, «Абылай ханның қара жолын» Бурабайдағы «Ханның қызыл ағашы» туралы деректерді тірілтті. Ғалымның сұлтан Ораз Мұхамед, Абылай хан, Уәли, Ғұбайдолла, Кенесары, Наурызбай сияқты тарихи тұлғалар туралы тың зерттеулері, Сібір хандығы жөніндегі жаңа көзқарастар тарих іліміне жаңа бір серпін, тұжырым әкелгендей болды.
Қ.Әбуев өлкеміздің біртуар тарихи тұлғалары Ақан сері, Мәмбетәлі Сердалин, Науан Хазреттерді көзімен көрген адамдармен жүздесіп, көп мағлұматтар жинастырды, солардың нәтижесінде құнды деректермен толықтырылған ғылыми-зерттеу мақалаларын жариялады. Қадыржан аға – өз туған топырағына адал, елі мен жерін айрықша қастерлейтін патриот ретінде өзін танытып жүрген азамат. Осы тұрғыдан келгенде, кейде қалың көпшілікке ертеден мағлұм болған кейбір танымдық деректер үшін күресіп, түзетулер еңгізіп жүргендігімен де жақсы танымал. Мысалы, ол Ш.Уәлихановтың бұрын Қостанай облысы жеріндегі Құсмұрын қонысында емес, Сырымбет топырағында туғандығын дәлелдеді, сондай-ақ, Шоқанның бұрын беймәлім болып келген сапары жайлы ашып, оның Парижде болғандығын дәлелдеп жазды. Сондай-ақ, оның үлкен еңбегі ретінде атап өтетініміз – Науан хазіретті, Мәмбетәлі Сердалиндерді көрген адамдардың сипаттауы арқылы белгілі суретші Д.Т.Сүгірәлиевке суретін салдырып, әйгілі тұлғалардың бейнелерін тірілтіп, халқымен қауыштырды.
Сонау өткен ғасырдың II-жартысынан басталған «Қайта құру» кезеңінде Қадекең Отандық тарих ғылымында алғашқылардың бірі болып, тың игеру тақырыбына байланысты жаңа сарқынды түйдек-түйдек мақалалар жазып, сол кездегі одақтық, республикалық басылымдарға жариялаған болатын. Осынау науқанның жалпыға мәлім тұжырымдарынан басқа бұған дейін жарық көрмеген немесе тыйым салған деректерді пайдалана отырып, аталмыш мәселенің күйгейі мен көлеңкелі тұстарын батыл түрде ғылыми ортаға салды. Кейін бұл еңбектер белгілі «Көкшетау. Исторические очерки» монографиясына кірді.
Қадыржан Қабиденұлының әйгілі «Чокан Валиханов и его современники» атты танымал кітабы өткен жылы Мәскеу, Майндағы Франкфурт, Барселона қалаларындағы ірі халықаралық кітап көрмелерінде лайықты орын алып ғалым ағамызды еуропалық тарих сүйер қауымға таныстырды. Бүкіл әлемдік Шыңғыс хан қорының «Чингиз хаанык залгам жлагч хунайши» медалін беруі, Ресейдің Жаратылыстану академиясының Қадыржан ағамызды академик атағына ұсынуы, ал, халықаралық ғалымдар қауымдастығының «Трудом и Знанием» орденін беруі – шетелдік ғылыми қауымдастықтың да ғалым ағамыздың еңбегін бағалауы және мойындауы деп түсінуіміз керек. Ал, облыс, республика көлемінде алған марапаттары, атақ-дәрежелерінің өзі біршама, оны көпшілік қауым жақсы біледі.
Сексен жастың сеңгіріне көтеріліп отырған Қадыржан Қабиденұлы әлі де тұғырынан түспей, өзі тәрбиелеп өсірген, ғылымға қанат қақтырған жастармен бірге қалыспай тізе қосып, қатарласа еңбек етуде.
Тәуелсіздік таңымен бірге атып, халқымен қайта қауышып жатқан көптеген тарихи құндылықтарымыздың, алаштың айтулы тұлғаларының тарихи ақиқатымен танылуына зор еңбек сіңірген, әлі де осы игілікті істерге мұрындық болып келе жатқан профессор Қ.Қ.Әбуев, міне, ел Президентінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сергек үн қатып, осы бастаманың алға басуына зор үлесін қосып келеді, сондай-ақ, осы бағдарламаның заңды жалғасы – «Ұлы даланың жеті қыры» бағыты бойынша өз зерттеулерімен үлесін қосып, сонымен бірге, осы тұрғыда еңбектеніп жүрген жастарға ақыл-кеңестерін үйретіп, зор тағылымдық қызметтер атқарып келеді.
Облыс әкімі Мәлік Кеңесбайұлы Мырзалиннің қолдауымен жарық көрген «Ақмола облысының тарих және мәдениет қайраткерлері» атты тың еңбегі Ұлы дала тарихын екшелеп зерттеу-
ге, оның ішінде Көкше – Нұра – Есіл өңірінің танымал тұлғаларын тануға қосқан зор үлес деп айтар едік.
Біз жаны да, тәні де сергек ғалымды таң атпай тұрып, спорттық жаттығулар алаңынан да кездестіреміз, сондай-ақ, ол қала, облыс деңгейінде өтіп жататын тарихи танымдық бағыттағы іс-шараларға, түрлі қоғамдық мәселелер көтерілген семинар-конференцияларға қоғам қайраткерлерімен белсене атсалысып, әртүрлі ауқымды, маңызды мәселелер көтеруге ұйытқы болуда.
Гректің ойшылы Демокриттің: «Әрбір адам – өзінше құбылыс. Еш уақытта толық зерттеліп бітпейтін тақырып» деуі өмір заңдылығы. Шынында профессор Әбуевтың өнегелі тағылымын, еңбек жолын, тарихи зерттеулерін бір мақала аясына сыйдыру мүмкін емес.
Башқортстан Республикасы, Уфа заң институтының профессоры Роза Гафуровна Буканованың мынадай сөзі бар: «Не только казахстанских, но и нас башкирских историков удивляет широта научного кругозора Кадыржана Кабиденулы, его умение одинаково успешно сочетать учебно-методическую, научно-исследовательскую и общественную деятельность.
Не все представляют себе, какой колоссальный труд надо вложить в создание энциклопедий… Абуев, как историк, видит свою задачу в том, чтобы возродить забытые имена, восстановить
объективную картину прошлого. И это ему удается».
Біз оның осы бір сергек те сезімтал, қажырлы да қайратты тұлғасына ризашылықпен сүйсіне көз салып, әрқашан осы тұғырынан түспеуін, аға буынның ақылшы өкілі ретінде тек алдыңғы сапта көріне беруін тілейміз.

Мініпсіз тарихтың сіз, тұлпарына,
Өтіпсіз нақ ғылымның сұңқарына.
Айылын тартып мініп, үзеңгімен,
Айналып тар жол, тайғақ тарланына.

Келесіз ұран салып Абылайлап,
Өткеннің майын шағып, жылдап-айлап.
Күнгейлі, көлеңкелі көшті көріп,
Есіл – Көкше – Нұраның жайын ойлап!

Аман бол абыз аға, ғалым аға,
Найзасын ақиқаттың сұққан аға.
Тура ой, жүрек жұтқан, мінез қыңыр
Сексенде, жастық таңы, атқан – аға!

Тұғырына шығып жатқан сексеннің,
Ағамыздың баулуымен өскенмін.
Мақтан тұтып айтатыным онымен,
Тарих жолын бірге талай кешкенмін.

Сексенінде жүйрік аттай жараған,
Қиындыққа биіктерден қараған.
Талай жасқа үлгі сіздің асулар,
Жасампаздық жолындағы жан ағам!

Аманай Сейітқасымов,
тарихшы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау
мемлекеттік университетінің проректоры.

 

Ұлағатты ұстаз, танымал ғалым

Мәңгілік Ел болуға бет алған ұлтымыздың болашақтағы беріктігі мен қуаттылығы қазіргі және келер ұрпақтың бойына отансүйгіштік рухын сіңіруге байланысты екендігі белгілі. Осы бағыттағы Қазақстан тарихы ғылымының атқарар орнының ерендігі әркімге анық. Сондықтан да, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы «… Төл тарихын білетін, бағалайтын жəне мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу жəне болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы», – деген сөздері Қазақстан тарихшы ғылымдарының алдына үлкен міндеттер қоятындығы айғақ.

Бүгінгі күні 80 жасқа толып отырған тарих ғылымдарының докторы, профессор Қадыржан Қабиденұлы Әбуев еліміздегі осындай жоғары талаптың биігінен орын алып отырған тарихшы-ғалымдардың бел алдында. Қазіргі мерзімде Қадыржан Қабиденұлы кеңес заманында әдейі кенжеленіп келген Қазақстан тарихын тәуелсіз мемлекеттің сұранысына сай зерделеу ісінің нақты бастаушысы болып келеді.
Қадыржан Қабиденұлының өткен өмір жолын талдаудан өткізетін болсақ, ғалым ғылыми-шығармашылық және оқытушылық өмірін түгелге жуық Қазақстан тарихының бұрын толығымен ашылмаған кезеңдері және ұлтымыздың жеткілікті тұрғыда насихатталған ұлы тұлғаларының халқының болашағы жолындағы атқарған қызметтерін, солармен қатар туған өлкесі Көкшетау өңірінің бірнеше ғасырлық тарихын зерттеуге арнады. Ғалым бүгінгі күнге дейін алыс, жақын шетелдерде, республикамыздың ғылыми басылымдарында 280-нен астам ғылыми мақалалардың авторы. Ғалым осы ғылыми туындыларының дереккөздерінің молдығы мен олардың жаңалығына, мазмұнының тереңдігі мен тақырыптарының келелігіне әрдайым баса назар аударады. Сондықтан да, зерттеушінің осындай талап тұрғысында дайындалған кез-келген шығармасы еліміздің оқырман қауымы арасында Қазақстан тарихының бағыттары мен кезеңдерін жариялаудағы құнды еңбектер ретінде бағаланып отыр.
Қадыржан Қабиденұлы осылардың қатарында 8 монография дайындап, жария-
лады. Атап айтқанда ғалым ұзақ жылғы зерттеулерінің негізінде халқымыздың ұлы тұлғасы Абылай ханға арналған бұрын байланысқа енбеген тың шетелдік және отандық мұрағат және құнды жазба деректеріне негізделген бірнеше кітап шығарды. Отандық ғалымдар мен зерттеушілер автордың бұл ғылыми туындыларын Абылайдың өмірі мен қызметін зерттеудегі құнды шығарма деп бағалауда. Ғалым мұнымен бірге Кенесары Қасымұлы, Шыңғыс Уәлиханұлы, Науан хазірет және Шоқан Уәлихановтың өмірлері мен атқарған істерін терең мазмұнда жариялаған кітаптардың да иесі.
Былтырғы жылы Қадыржан Әбуев Қазақстан тарихындағы белгілі оқиға –
Сібір хандығының тарихын, осы мемлекетті негіздеген Көшім ханның қызметін баяндайтын «Сібір хандығы орыс-қазақ қатынастарының контексінде» атты ғылыми монографияны жарыққа шығарды. Кітап өзінің бұрын байланыс-
та болмаған бағалы деректері, ғылыми талдаулары және тақырыптың мазмұнын ашудағы жаңалықтарымен ерекшеленеді. Онда Сібір хандығының билеушісі Көшім ханның қазақ халқының тарихындағы алатын лайықты орны көрсетілген.
Ғалымның есімі Қазақстаннан асып, әлемнің көптеген елдері ғылыми орталарына да белгілі. Ол ТМД аймағы, алыс шетелдердегі халықаралық ғылыми конференцияларға үнемі белсене қатысып, Қазақстан тарихы мәселелеріне арналған баяндамалар жасап келеді. Дүнижүзінің бірнеше мемлекеттері ғылыми орталықтарының жоғары марапаттауларының иегері.
Қадыржан Әбуев осындай мақсатты да жоспарлы түрдегі ғылыми шығармашылығымен қатар Қазақстан жоғары білім беру саласына белгілі тұлға. Оның жоғары оқу орындарындағы Қазақстан тарихын оқыту мәселесіне арналған 49 оқу құралы республикамыздың барлық университеттері мен институттарында қолданысқа ие. Ғалым елімізде алғаш рет тарихи атаулар мен ұғымдардың мазмұндарын саралаған бірнеше сөздігін дайындап, баспадан шығарды.
Қадыржан Қабиденұлы 1991 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіндегі Қазақстан тарихы кафедрасының ашылуының тікелей басында болып, 30 жылдан астам уақыт осы кафедраның меңгерушісі қызметін атқарды. 1998 жылы кафедрада еліміздегі алғашқылардың қатарында тарих мамандығы бойынша магистратура, соңғы кезде докторантура ашылып, бұл күндері талапқа сай жұмыс істеп келеді. Ол кафедрада Қазақстанның және жақын шетелдік ғалым-тарихшыларының Қазақстан тарихына байланысты арнайы дәрістер оқуына жүйелі түрде назар аударады. Кафедра өзі қызмет істей бастаған уақыттан бүгінгі күнге дейін мыңдаған маман тарихшыларды дайындап, түлектердің басым бөлігі қазіргі уақытта Қазақстанның барлық аймақтарындағы орта, жоғары білім беру, мемлекеттік қызмет салаларында нәтижелі жұмыстар атқаруда.
Қадыржан Әбуев университеттің профессоры ретінде өзі оқитын дәрістер мен тәжірибе сабақтарының мазмұнды да жаңашылдықпен өтуін басты назарда ұстайды. Міне сондықтан да, оның әрбір сабағы Қазақстан тарихының белгілі оқиғаларының барынша ашылуын қамтамасыз етуде.
Оның осындай жемісті еңбегінің куәсі – екі рет Қазақстанның үздік оқытушысы атағын алуы болып табылады.
Қадыржан Қабиденұлы өлке тарихын зерттеумен де белсене айналысады. Атап айтқанда, оның ұзақ жылғы ғылыми-зерттеулерінің үлкен бөлігі өзі туып-өскен Көкшетау өңірінің көне заманнан бастап қазіргі күнгі тарихын зерттеуге арналған. Олардың қатарында өлкенің жалпы тарихымен бірге осы аймақтан шыққан тұлғалардың қызметтеріне де талдау жасалынып, ғылыми баға берілген. Атап айтқанда, 1997 жылы «Көкшетау» атты тарихи очерктері жарияланды. 2018 жылы ғалымның «Ақмола облысының тарих және мәдениет қайраткерлері» атты кітабының тұсаукесері өткізіліп, оқырман қауымға таратылды.
Қадыржан Қабиденұлы Ақмола облысындағы қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысады. Қазіргі күні ол Ақмола облыстық және Көкшетау қалалық ономастикалық комиссиясының мүшесі. Тәуелсіздік жылдарындағы өлке тарихындағы алатын орны зор тұлғалардың есімдері жаңғырып, тарихи жер-су атауларының қайтадан оралуына оның қосып келе жатқан үлесі зор. Облыстық және қалалық ақсақалдар кеңестерінің мүшесі. Анығын айтқанда өзінің туған өлкесіндегі кез келген келелі тарихи мәселелерді шешу ісінің басында Қадыржан Қабиденұлын көруге болады.
Қадыржан Әбуев ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының өткізіп келе жатқан әрбір халықаралық және республикалық деңгейлердегі шараларының барлығына қатысып, пікірін білдіріп, ұсыныстарын айтып отырады. Ол Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде Мемлекет тарихы институтының орталығының ашылуын қамтамасыз етті. Осындай шығармашылық және өнегелі істері арқылы еліміздің тарихшы ғалымдарының, оны білетін барша жұртшылықтың арасында зор беделге ие.
Бұл күндері Қадыржан Әбуев Қазақстан Республикасының Президенті
Н.Ә. Назарбаевтың 2018 жылдың қараша айында жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын насихаттап, оның талаптарын жүзеге асыруға белсенді түрде атсалысып келеді.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Қадыржан Қабиденұлы Әбуевті 80 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, Қазақстан тарихын әлемдік тарихтың құрамдас бөлігі ету жолындағы қызметіне ұрпағы мақтаныш етер іргелі шығармашылық табыстар тілейміз.

Ғани Қарасаев,
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Мемлекет тарихы институтының бөлім басшысы,
бас ғылыми қызметкер, тарих ғылымдарының докторы, профессор.

 

Әр ұлттың тарихы өз тілінде жазылуы керек

Теріскейдегі тылсым тарихты індетіп жүрген тұлғаның бірі – Көкшетау қаласының құрметті азаматы, Ресей мен Еуропаның, АҚШ пен Моңғолияның ғылыми ортасына аты кеңінен мәлім тарих ғылымдарының докторы, профессор Қадыржан Әбуев әр төбесі мен әр белесіне санқилы сырды жасырған Айыртау ауданының тумасы.

Туған ауылының дәл іргесінде қазақ ән өнеріне өшпес олжа салған Үкілі Ыбырайдың ата қонысы. Өзі сан жылдар бойы түбегейлі зерттеген Шоқан Уәлихановтың ата жұрты отыз-ақ шақырым жерде. Сырлы Сырымбеттің етегінде, жақсылар ұшқан Жасылтаудың баурайында кейінгі ұрпаққа өміршең өнеге болатын талай тарих бар. Оң жақ қанатында орта жүздің ішінде алдына ақын салмаған Орынбай жайлаған жер. Иек астында Орынбай көлі толықси толқып, майда толқындары сыбдырлап сыр шертіп, көне дәуірдің күмбірін ұға алар кісіге айтып жатқан тәрізді. Ал, оң қанатта үзіліп түскен моншақтай күміс көл – Қоскөл жатыр жалтырап. Қолдың саласындай ақ қайыңдар көмкерген Қоскөлдің арғы беті Алашқа аты шыққан Ақан серінің жұрты. Құлагердің су ішкен құдығы да осында.
Тарихқа ғашық болу, өткен өмірдің өңін тануға деген ынтызарлық бала кезінен бастау алған шығар. Ол кезде кеудесіне көп сырды тоқыған ел ақсақалдары көп еді. Кішкентайынан жұрттың басы қосылған жиындарда ақсақалдар айтқан алуан тақырыптағы аңызға бергісіз тарихты жадына тоқып өсті. Кейін көкірегіне құйылған осы бір дән жүрек қуатымен көктеп шықты. Ұзақ жылғы талуды білмес тегеруінді еңбегінің арқасында 140-тан астам ғылыми еңбектің, оның ішінде толымды 8 монографияның авторы атанды. Шығармашылығына арқау болған тұлғалар тегіс ел тарихында өзіндік орны бар Абылай хан, Кенесары, Шоқан Уәлиханов, Науан хазірет, Айдархан Тұрлыбаев тәрізді ұлтына ұлан-ғайыр еңбегі сіңген тұлғалар.
Ғалым тарих қойнауын түбегейлі екшеп, зейінмен зерделеуді тек өзінің жеке басының қызығушылығын өтеу деп қабылдамайды. Бұл ең алдымен ұлт алдындағы азаматтық парызы санатында. Сол еңбегі бағаланбай да қалған жоқ. Әр жылдары «Жоғары мектептің үздік оқытушысы», «Жыл маманы» ұлттық сертификаттарының иегері атанды. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері деген құрметке де ие болды. Ресей жаратылыстану ғылым академиясының ұсынысымен еуропалық ғылыми-өнеркәсіптік консорциумы тағайындаған «Еңбек және білім» орденімен марапатталып, Германиядағы Франкфурт қаласында өткен әлемдік кітап көрмесінде Абылай хан, Науан хазірет тәрізді тұлғалардың болмыс-бітімін сомдаған «Көкшетау» тарихи очерктер еңбектері көрме каталогына енгізілді. Бұл еңбектері Ресей халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде алтын медальға ие болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы дем беріп, «Шоқан және оның замандастары» атты монография-
сын жариялады. Бұл тақырып Қадыржан Қабиденұлының ынтызары ауып тұратын әлем болатын. Сондықтан да, бүгінгі таңда Шоқантану іліміне еңбегі әбден сіңгендігін ғылыми орта мойындап отыр.
Өткеннің елесін тірілтіп, бүгінгі елдің кәдесіне жаратуға әбден септігі тиген жоғарыда аталған бағдарламаның жоспарына сәйкес ғалым «Ақмола облысының тарих және мәдениет қайраткерлері» атты очерктер жинағын жариялады. Аталмыш очерктер жинағында Қазақстан тарихында ерекше орын алатын Ақмола облысы топырағында шығармашылық, жасампаздық, қайтпас қайсар күрескерлік, ерлікке толы қайраткерлігімен ел есінде қалған тұлғалар туралы түбегейлі зерттегенімен, өзіндік ой-толғаныстары енген болатын. Са-
йып келгенде бұл отыз жылдық ғылыми шығармашылық ізденістің нәтижесі деуге де болар.
Қадыржан Қабиденұлы халқымыздың тарихи танымына селкеу түскен сексенінші жылдардың басында жалпы тарих ғылымына айрықша зор үлес қосқан адам. Ал, тәуелсіздігіміздің таңы атып, сайын даланың төсінде өткен талай ұлы оқиғалар ұмыт бола жаздаған шақта төл тарихымызды ұлттық тарихи таным тұрғысынан қарастыруға білек сыбана кіріскен адам. Ел тарихының тамыршысындай болып өңір тарихында ел бірлігін көксеумен өткен қайраткерлер жайында аса мазмұнды ғылыми ізденістер жасады. Бұл ретте ғалымның жолы болғандығын да айта кетуге тиістіміз. Қазақстан мен Ресей тарихындағы аты шыққан қайраткерлердің тарихи тағдырын зерттеуден бастаған ғалымның ең алдымен өзгені былай қойып, Алаштың бағына біткен Абылай хан тақырыбына баруы аса ірі табысы болды. Бұл монографияда қазақ хандық мемлекетінің тыныс-тіршілігі өте терең қамтылады. 2013 жылы Абылай ханның туғанына 300 жыл толуын атап өту қарсаңында осы энциклопедиялық басылым жарыққа шықты. Міне, осы кезден бастап Алаштың айтулы тұлғаларының өмір тарихын, елге сіңірген еңбегін, қажырлы қайраткерлігін зерттеу мектебінің негізін қалады. Оның қаламынан «Абылай хан және оның замандастары мен ұрпақтары», «Шоқан және оның замандастары мен ұрпақтары» атты толымды тарихи еңбектер туды.
Тәуелсіздік кезеңінде қазақ тарихнамасына өзінің іргелі зерттеулері арқасында зор үлес қосып келе жатқан ғалым елдік рух пен патриотизм елге қызмет ету принциптерін қалыптастыруға, әсіресе, жас ұрпаққа үлгі боларлық тарихи тұлғалардың өмірін зерттеу бағытында талмай еңбектенуде. Осы еңбекқорлық қасиетінің арқасында қазақ руханиятына, қазақ мемлекетіне орасан зор еңбек сіңіріп, қайраткерлердің тұтас бір галереясын жасап шықты. Қазақ хандық дәуірінің жарқын бейнелері әз-Жәнібек ханнан бастап, Көшім хан, Ораз-Мұхамед, Бөгенбай батыр, Қарауыл қанай би, Атығай Аңдықожа және Жәпек батыр тәрізді ардақтыларды халқымен қайта табыстырды.
Тегінде тарих аса жігерлі адамдарға ғана құпиясының қақпасын ашпақ. Бұл ретте, Қадыржан Қабиденұлы бақытты ғалым. Өйткені, ойына алған тақырыптарының жеріне жеткізілмей қалғаны жоқ.
–Кейінгі желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақ ел тарихын жете білуі керек,–дейді ғалымның өзі,–әрі олар өз тарихын өз тілінде оқығандары жөн. Сонда ғана сүйектеріне сіңеді.
Көшелі ғалымның аталы сөзіне біздің де қосып аларымыз жоқ.
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.

Суретте: «Қазақстан теміржолы» ҰҚ» акционерлік қоғамының вице-президенті Фарит Галимовтың мерейтойында.

 

Рухани жаңғыруға өз үлесін қоса білген ғалым

Елімізде соңғы жылдары қазақ халқының тарихи-мәдени құндылықтарына мемлекет тарапынан зор көңіл бөлінуде. Оның айғағы Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың 2016 жылғы сәуір айында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және осы 2018 жылдың қарашасында жария етілген «Ұлы даланың жеті қыры» сияқты концептуалды мақалалары болып табылады.

Осы мақалаларда айтылған мәселелердің лайықты шешімін табуы, орындалуы халқымыздың рухани игілігіне айналуы, жер-жерлердегі ұлтымыздың рухани-мәдени көшбасшысы болып жүрген айтулы тұлғаларымыздың қызметіне байланысты екендігі мәлім.
Ақмола-Көкшетау жалпы біздің теріскейдің жұрты үшін сондай тұлғаның бірі де бірегейі – Көкшетау қаласының құрметті азаматы, Ресей мен Еуропаның, АҚШ пен Моңғолияның ғылыми-шығармашылық ортасына аты мәлім, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбуев Қадыржан Қабиденұлы. Ол тәуелсіздікке ие болған халқымыздың жас ұрпағының рухани жаңғыруына зор үлес қосып келе жатқан елімізге әйгілі ғалым, ұстаз. Бүгінде ол кісінің тәуелсіздік жылдарындағы қазақ халқының тарихи санасының жаңғыруына қосқан үлесі турасында айтқан уақытта ең алдымен, оның тарих ғылымындағы бүгінгі күнге дейін жүріп өткен жолына жалпы шолу жасауға тура келер еді.
Қадыржан Қабиденұлы бар саналы ғұмыры мен шығармашылық ерік-жігерін өлкеміздегі тарихи білім мен ғылымның өркендеп дамуына жұмсап келе жатқан қаламы қарымды қайраткер. Ол 140-тан астам ғылыми еңбектің, соның ішінде сегіз іргелі монографияның авторы, оның ғылыми шығармашылығына арқау болған тұлғалардың барлығы еліміздің тарихында терең із-рухани мұра қалдырған Абылай хан, Кенесары хан, Шоқан Уәлиханов, Науан хазірет, Айдархан Тұрлыбаев сияқты алаш жұрты үшін аянбай ерлік қылған, халқына ұшан-теңіз қызмет істеген – ұлы тұлғалар. Тарих пен әдебиет сынды ғылым-білім салалары тек аса жігерлі, тумысынан пассионарлық рух – энергетикаға ие адамдарға ғана бағынады. Қадыржан Қабиденұлы сөзсіз сондай тұлғалар санатына жатады. Ғалым тарих қойнауын зерделеуді тек өзінің жеке бас зияткерлік қызығушылықтарын өтеу деп қабылдамайды, ол тарихпен ең алдымен, ұлт, қоғам алдындағы азаматтық парызы ретінде саналы түрде айналысады.
Қадірлі ұстаз ағамызға білім беру ісіне сіңірген еңбектері дер кезінде бағаланып, ол өзінің ғылым мен білім саласындағы табыстары арқасында екі мәрте «Жоғары мектептің үздік оқытушысы», «Жыл маманы» ұлттық сертификатының иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері деген марапаттар мен құрметті атақтарға ие болған.
Алдыңғы жылы Ресей жаратылыстану ғылым академиясының ұсынысымен әлемге танымал еуропалық ғылыми-өнеркәсіптік консорциумы тағайындаған «Еңбекпен және Біліммен» орденімен марапатталып, Германиядағы Франкфурт қаласында өткен әлемдік кітап көрмесінде ғалымның Абылай хан, Науан хазірет, «Көкшетау. Тарихи очерк-
тер» еңбектері көрме каталогына енгізілді. Осы аталған еңбектер Ресей ХШЖК-де де алтын медальға ие болды.
Жас ұрпақ тәрбиесінде ұлттың ұлық тұлғаларының орны ерекше, сол себепті, Қадыржан Қабиденұлы елімізде тарихшылар мен мәдениеттанушыларға, әдебиеттанушыларға жалпы шығармашыл қауымға үлкен дем берген Президентіміздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарық көрген 2016 жылы «Шоқан және оның замандастары атты монография-
сын» жариялады. Қадыржан Қабиденұлы шығыстанудың жарық жұлдызы деп танылған Шоқан дүниеге келген Сырымбеттен небары 30 шақырым жердегі ауылда туып-өсіп үлкен білім мен ғылым әлеміне сәтті сапар шеккен үлкен ғалым, ұстазға айналған тұлға.
Шоқан ғалымның өзі айтқандай оның шығармашылық ізденісінің әрдайым басты тақырыбының бірі, бағыт ұстар жұлдызы болып қала береді. Бүгінде, Қадыржан Қабиденұлының шоқантануға сіңірген айрықша еңбегін Қазақстан мен Ресей ғалымдары мойындап отыр. Қазіргі күнде тарих білімі мен ғылымы саласында талмай еңбектеніп келе жатқан барша елімізге әйгілі тарихшы, қадірлі ағамыз, ғылым мен білім жолындағы көптеген тарихшыларға ұстаз. Өзі негізі қалаған тарих мамандығы бойынша ашылған магистратура мен доктарантурада дәріс беріп, диссертациялық еңбектерге жетекшілік жасап келеді. Қадыржан Қабиденұлы өңірлік ақпарат құралдарына жиі шығып, ел, өлке тарихының, рухани жаңғырудың өзекті мәселелеріне байланысты өзінің ой-пікірлерімен жұртшылық қауыммен бөлісуден жалыққан емес.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының жос-
парына сай Әбуев Қадыржан Қабиденұлы «Ақмола облысының тарих және мәдениет қайраткерлері» атты оның авторлығымен әрі редакторлығымен «Әрекет» баспасынан биографиялық очерктер жинағын шығарып отыр. Аталмыш кітаптың Ақмола жұртшылығына тұсау кесер таныстырылымы Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық кітапханада өтіп, осы салтанатты рәсімге облыс пен одан тыс жерлерден келген шығармашылық интеллегенция мен облыс басшылығынан өкілдер қатысты. Жиынға Қостанай қаласынан Қадыржан Қабиденұлының еңбегін аса жоғары бағалап сөз сөйлеген тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Күзембайұлы болды.
Аталмыш очерктер жинағына Қазақстан тарихында ерекше рөл атқарған Ақмола облысы жерінде жасаған Қазақстанның арғы және бергі тарихында өздерінің шығармашылық, жасампаздық, күрескерлік ерлікке толы қайраткерлігімен ел көзіне түсіп, жалпы алаш жұртына қала берді алыс-жақын шетелдерге танылған тұлғалар туралы зерттеулері мен ой-толғаныстары енген еді. Осы таныстырылым салтанатында оның толғамды очерктер жинағы жұртшылық тарапынан соңғы 30 жылдан астам уақыт ішіндегі ғылыми-шығармашылық ізденістерінің тағы бір нәтижесі деген бағалауға ие болды. Халқымыздың тарихи танымы мен білігі құлдырап тұрған өткен ғасырдың 80-ші жылдардың соңы мен басындағы ғалымның өлкетануға, жалпы тарих ғылымына қосқан үлесі ерекше. Осы ретте тәуелсіздігіміздің таңы жаңа атып «Ұлы дала» тарихының көптеген беті көмескі тартып тұрған шақта, бұрынғы үйреншікті патшалық дәуірдің, кеңестік кезеңнің тарихи дискурстарын сырып қойып, төл тарихымызды Ұлттық тарихи таным тұрғысынан қарастыруға кіріскен қазақ тарихшыларының сол кездегі Манаш Қозыбаев бастаған үлкен шоғырының маңдай алдында өлке тарихының, ел тарихының тамыршысындай болып, осы өңір тарихында қилы рөл атқарған қайраткерлер мен заман турасында терең зерттеулер мен ғылыми ізденістер жасаған Қадыржан Қабиденұлы тұрды. Қазақстанның тәуелсіздігін жариялауы, егеменді ел болуға бет бұруы көптеген жазушылар мен тарихшыларды шығармашылық пен тарихи ізденістердің тың жолына түсуіне дем берді.
Бұл ретте Қадыржан Қабиденұлының жолы болған, заманы туған бақытты зерттеуші ғалым. Себебі, Қазақстан мен Ресей тарихындағы нысаналы қайраткерлердің тарихи тағдырын зерттеуден бастаған Қадыржан Қабиденұлының ең алдымен Абылай хан тақырыбына баруы, ең алғаш тәуелсіздігіміздің шаңырағы жаңа көтерілген кезде Абылай ханның 280 жылдығы Көкшетау баурайында өтуіне мұрындық болуы сол кездегі ел өміріндегі аса ірі мәдени-саяси оқиға еді. Қадыржан Қабиденұлы шындығына келгенде рухани жаңғыру үдерісін сонау 90-шы жылдардың өзінде бастап кеткен болатын. Осы бастаманың нәтижесінде «Абылай және оның дәуірі» атты айтулы монографиясы дүниеге келді. Аталмыш монография қазақ хандық мемлекетінің шаңырағы шайқалып, елдігі кетіп бара жатқан заманда Алаштың тағдырын өз қолына алып, шаңырағын қайта тіктеген қайраткердің қазақ тарихындағы орны мен рөлін кең көлемді архивтік, тарихи-фольклорлық материалдарды жаңа тарихи парадигма тұрғысынан қарастырып зерттеуі абылайтану тарихнамасындағы ірі жаңалық, әрі қазақ мемлекетшілдігі саяси-мәдени дәстүрін қайта сабақтап жаңғыртып жалғастыру қызметін атқарды.
Қадыржан Қабиденұлының осы іргелі еңбегі 2013 жылы Абылай ханның 300 жылдығын атап өту қарсаңында Абылай хан энциклопедиялық басылымды шығаруына негіз қалады. Қадыржан Қабиденұлы сол кезден бастап айтулы тұлғалардың өмір тарихын, қайраткерлігін зерттеу мектебінің осы өңірдегі негізін қалаушы болып табылады. Бүгінде оның қаламынан туған «Абылай хан және оның замандастары мен ұрпақтары», «Шоқан және оның замандас-
тары мен ұрпақтары» сияқты іргелі тарихи еңбектері өз оқырмандарын тауып отыр. Оның осындай Қазақ елі тарихында өшпес жарқын із қалдырған тұлғалардың өмірі мен қызметін зерттеп бірнеше монографияны жариялауы қазіргі заманғы Отандық тарих ғылымындағы тұлғатануға, халқымыздың рухани жаңғыруына қосқан зор үлесі деп білеміз.
Сәуле ӘБДІРАХМАНОВА,
Күлша ЖАПАРОВА,
Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің аға оқытушылары.

 

Туған өлкенің болмысы бөлек зерттеушісі

Көгілдір Көкше елінің тумасы, ежелден білім мен руханиятқа ден қойған, арғы бабалалары Ақан сері Науан хазірет сынды алаштың ірі тұлғаларымен тығыз қарым-қатынаста болған текті әулеттен өсіп-өнген бүгінде ел-жұртына, ғылым мен білім ортасында өзінің сан қырлы сипаттағы ғылыми-зерттеу еңбектерімен алыс-жақын шет елдерге кеңінен танылған ғалым. Ғылыми-зерттеу еңбектері Еуропаның кітап көрмелерінде көрнекті орынға ие болып, кейбір зерттеу еңбектері АҚШ-тың ірі ғылыми басылымдарында жарық көрген.
Ұлы дала өзінің төрт мыңжылдық өркениеттік тарихында талай небір қилы заманды басынан кешірді. Осы Ұлы далада бұрынғы өткен бабаларымыздың сүрген дәурені, қылған тіршілігі туралы сан қатпарлы тарих әлі де болса толық ашылмай тұнып жатыр десеңізші? Ұлы даламыз әлі күнге дейін астарлы тарихын бауырына алып құпиямды кімдер ашады деп жатқан сыңайлы. Ұлы дала өркениетінің бір бастауы болған Сарыарқа төріндегі Көкшетау өңірінде замананың тағы бір ағысы бел алып кеңес билігі әбден орныққан 1938 жылдың желтоқсанында дүниеге келген Қадыржан Қабиденұлы барлық замандастары сықылды кеңес мемлекетінің тәрбие білім өнегесін алды. Кеңестік идеология мен оның өмірлік практикасы қанша күшті болса да, Ұлы даланың қайнарынан қайнап шыққан тұлғаның тектік қасиетін өзгерте алмады, керісінше кеңестік жүйе берген білім мен өнеге жас өркеннің ел-жұрты мен тұлғалар өміртарихына деген құштарлығын ерте оятты. Қазақ ауылында басқарма төрағасы болған әкесіне жан-жақтан үзбей келіп жататын елдің «сөз» білетін кісілері арқылы ескінің «кәрия сөзін» көп естіп, жадына түйіп ер жетті.
Өзі ұзақ жылдар өткен соң, өзі еске алғанындай оның шығармашылық-зерттеушілік тағдырына зор әсер еткен оқиға ол қазақтың әйгілі ғалымы Әлкей Марғұланмен Алматыдағы кездесуі болатын. Сол уақыттан бастап Шоқан, төрелер әулетінің тарихы оның ойына алған, көкейіне мәңгілікке қонған ғылыми-шығармашылық тақырыбына айналды. Бұрынғылар айтқандай: «Дүние – үлкен көл болса, Замана соққан жел болса, сол замана желіне шыдас беріп, Шоқан сынды тұлғаны өзінің білім-ғылым дариясындағы темірқазық бағытына айналдырды».
Қадыржан Қабиденұлының зерттеушілік шығармашылығының бір арқауы ол Қазақ елінің «Ұлы дала» өркениеті туындатқан елдік-мемлекеттік, мемлекетшілдік саяси дәстүрлердің генезисі болды. Ол Шоқан сынды тарихи бірегей тұлғаны кейбір ресми-биографиялық стереотиптерден арылтатын жаңалықтарымен қатар, Шоқанды зерттеушілердің маңдай алдында оның тарихи тұлғасын бүкіл Орталық Азиялық геосаяси тарихи контексте қарастырып, оның Орталық Азия мен Ресей империясы мүддесінің ықпалындағы халықтар мен ұлттардың тарихындағы рөлін жаңа тарихи таным қырларынан көрсете білген зерттеуші.
Кезінде, сол төрелер әулетінің ХХ ғ. ең бір саяси кемелді тұлғасы, Әлихан Бөкейхан: «Тірі болсақ – алдымызда үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар!» деп қазақтың саяси болашығынан зор үміт күтті. Осы тұрғыдан қарастырғанда Шоқанның да осы «Ұлы дала» перзенті ретінде осы бір саяси асқақ арманды өз бойында, көкей түпкірінде сақтаған тұлға екендігін аша түскен де Қадыржан Қабиденұлы болатын. Ш.Уәлихановтың бар саналы ғұмырындағы атқарған қызметі, ғылыми-танымдық сапарлары, Ресей империясының бұрынғы Шығыс Түркістан мен Жоңғариядағы әскери-саяси акцияларына тікелей қатынасуы, Батыс Қытай – «Шынзаң» деп аталған өлкедегі Ресей сыртқы саясатының тіпті КСРО-ның ХХ ғ. 40-шы жж. соңына дейінгі саясатының басты желісін анықтап бергендігін көрсете білген ғалым. Шоқанның басты ойы Шығыс Түркістанда Ресей бұдан да батыл әрекеттерге барып, осы өлкені өзінің біржола ықпалындағы буферлік территорияға айналуы керек деген саяси позицияны негіздеуге тырысты. Өз бабасы Абылай сияқты болашақта бітімі бөлек, ішіне кіргенді енді қайтып сыртқа шығармайтын жебір өркениетті елден бөліп, қорғап тұратын буферлік-қалқан территорияның болғанын қалады.
Сол себепті де, ол Қытайға жаңадан қосылған осы өлкенің, яғни, Шығыс Түркістанның Ресей ықпалындағы Батыс Түркістан халықтарымен тарихи, этникалық, мәдени-саяси байланыстарының жан-жақты сипатын ашып, осы өлке халқының біржақты мәнжүр-қытай ықпалында қала бермегені дұрыс деген бағытты ұстанды. Осы тұрғыдан алғанда Шоқан Уәлиханов Ресей империясының Азия департаментінде қызмет ете жүре бабасы Абылайдың осы геостратегиялық бағыттағы саяси бағытын жалғастырып қорғаушының бірі еді. Осы өңірде ХХ ғғ. 40-шы жж. кейінгі және 90-шы жж. орын алған оқиғалар Шоқанның осы бағыттағы Ресей, оның орнына келген КСРО саяси миссиясының қандай болуы керектігі жөніндегі позициясының бірден-бір дұрыс болғандығын айқындап отыр. Өкінішке орай, коммунистік идеологиямен уланған КСРО осынау стратегиялық бағыттағы сыртқы саяси бағыттың негізін осыдан 150 жыл бұрын қалап кеткен Шоқан миссияның жобасында толық ұстай алмады. Осының салдарынан Қазақстанда тура 100 жылдан соң 1969 ж. Жалаңашкөл әскери-шекаралық қақтығысы орын алса, Ресей Федерациясының Қиыр Шығысында «әйгілі Даман» оқиғасы орын алды. КСРО ыдыраған соң жағдай бұрынғы Ресей империясының «мұрагер» халықтары үшін тіпті де ыңғайсыз форматта қалыптаса бастады. Бұрындары Ресей және КСРО Қытаймен қарым-қатынаста бастамшыл саясат жүргізіп, халықаралық қатынастың белсенді субъектісі болып келген болса, ендігі жерде Ресей мен Қазақстан, Орта Азия елдерін қоса алғанда ҚХР-ның белсенді сыртқы саясатының объектісіне айналып кетті. Шоқан сол уақытта-ақ Шығыс Түркістандағы түркі-мұсылман басқадай көшпенді жұрттардың болашақ тағдыры үшін алаңдады, олардың өздерінің болашағын мәнжүр-қытай империясымен емес, еуропалық өркениеттік бағытта дамып бара жатқан Ресей империясы құрамындағы өз тектестерімен байланыстырғанын қалады. Осыдан Шоқандай ұлы тұлғаның қазақ халқының ғана емес, түбі бір түркі жұртының жоқшысы болғанын байқаймыз. Орталық Қытай үкіметінің қазақ, ұйғыр, қырғыз, татар т.б. ұлттық азшылықтарға байланысты қазіргі саясаты Шоқандай кемеңгердің Асан қайғыдай ел болашығына көрегендік дана көзқараспен қарағандығының дәлелі демеске лажымыз жоқ.
Бүгінде саяси тәуелсіздікке қол жеткізіп отырған қазақ елі – ХХI ғ. ұлттық бірегейлігі берік ұлттардың біріне айналу мақсаты тұр. Осы стратегиялық ұлттық даму мақсатын жүзеге асыруда сырттағы қазақтардың оның ішінде бейресми деректерге сүйенсек 3 миллион болып отырған қытай қазақтарының орны ерекше. Ол турасында үлкен мінберден 2017 жылдың 23 маусымында Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Германиядан келген қазақ диаспорасының өкілі Өмірхан Алтын мәлімдеген болатын. Онан бері бүгінде Шыңжандағы ұлттық азшылықтар мәселесі Еуропарламент пен БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі ұйымдарына дейін жетті. Еуропарламент депутаттары өз сөздерінде қытайлардың бұл жолғы қазақтардың құқығын таптаған жәйттерді бұрын-соңды еш жерде қолданбаған, ерекше сорақылықпен, адам сенгісіз жауыздықты іске асырып келе жатқандықтарын айтады.
Ал, Қытайда билеуші династиялар тіпті қандай да бір саяси режимдер ауысса да ауыспайтын, айнымайтын саяси сабақтастық дәстүрін табандылықпен жүргізетін дүние тарихындағы ең көне имперлік «кіндік орталық мемлекет» саясатын өз еңбектерінде көрсете білген тарихшының бірі Қадыржан Қабиденұлы. Оны біз «Абылай және дәуірі» атты монографиялық еңбегінен де айқын көреміз.
Қадыржан Қабиденұлы еліміз тәуелсіздікке бет бұрғанда небір тарихи даулы кезеңдер мен тұлғаларға байланысты тақырыптарға ғылыми орта мен Орталық басылымдарда араласып іргелі принципті мақалалардың авторы ретінде Қазақстан жұртшылығына кеңінен танылды. Олардың қатарында: Ермактың Сібірді бағындыруы, тың көтеру науқаны т.б. десе де, Қадыржан Қабиденұлының ғылымдағы шыққан ең бір қауіп-қатерлі «Хан тәңірісіндей» биік шыңы алаш жұртының соңғы құдіретті билеушісі – Абылай туралы жазылған монографиясы. Ол Шоқанның: «Қазақтар Абылайды тәңірдің өзі жіберген құтқарушы рухы» ретінде қабылдады деген пікірін ту етіп, Абылай тұлғасын, оның бүкіл Орталық Азиядағы көшпелі жұрттар мен түркі-мұсылман халықтары тарихындағы, қазақ-орыс қатынастарындағы орны мен рөлін мейлінше кең көлемді деректемелік құжаттарды тарихи сын тұрғысынан елеп-екшей отыра Абылайдай ұлы тұлғаның шынайы тарихи портретін жасап шықты. Осы монография дүниеге келіп, хан ордасы Көкшеде мерейлі оқиға арнайы аталып өтілген кезде осы жолдардың авторы бұрынғы өткен жыраулардың дәстүрімен келесі жыр парасын толғаған болатын:
Әзіреті Әлі Түркістан
Куәсі болған сол тұстан,
Әңгімені жалғасам,
Ертегіге кетпеспін,
Он сегіз мың ғаламның,
Он сегізінші ғасырын
Дүбірлеткен, дулатқан.
Дүйім қазақ баласын,
Бір аузына қаратқан.
Алты алаштың аңызы,
Бұрынғы өткен хандардың
Ішіндегі абызы,
Хан Абылай бабамыз.
Қабиденұлы Қадыржан
Көкшемнің ұлы – көк бөрі
«Шаңды жорық» іздерін
Іздеймін деп талай жыл,
Мұрағатта өткерді.
Абылайдай ханының
Даналығын дөп көрді.
Батырлығын, белдігін
Қазағымның елдігін,
Хан Абылай дәуірін,
Ортамызға ап келді.
Қайырлы құтты болсын деп,
Ініңіз бүгін жырлайды.
Ақтамберді, Бұқардай,
Сөз мәйегін ағытып,
Тереңнен тартып толғайды.
Замандар болған бас қайғы.
Болжауы туып әз-қайғы,
Назалы еді халқымыз,
Жазалы болып мәртіміз,
Орысқа сіңіп жартымыз,
Шүршітте ауып халқымыз.
Келмеген еді шартымыз.
Бүгінде туды таңымыз,
Алысқа кетіп даңқымыз,
Жаңғырып елдік салтымыз.
Орнына келіп тарихат,
Салтанат құрды ақиқат.
Сүйегі асыл сіздердей,
Азаматтар арқасы,
Тұрғаным айтып насихат.
Қадыржан Қабиденұлының ғылыми-шығармашылығын шағын мақалада жан-жақты шолып шығу әсте мүмкін емес, біз мұнда қазіргі қазақ тарихи ғалымның абызына айналған ғалымның ең бір шешуші деген тақырыптағы еңбектерінің маңызына тоқталдық. Шындығында да тарих ол өткен уақыттың белгісі ғана емес, ол бүгінге жеткен өткен ұрпақтардың баға жетпес тәжірибесі, даналық ақыл-ойының, ерлік, елдік мінезінің жиынтық аманаты. Осындай аманаттың тарихи астары мен сырларын тереңнен саралап зерттеп жүрген Қадыржан Қабиденұлы болмысы бөлек зерттеуші екендігі ақиқат.

Ғалымтай Төлепбергенов,
Ш. Уәлиханова атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, тарих магистрі.

Суретте: «Уәлиханов оқулары» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда.

Құрметті Қадыржан Қабиденұлы!
Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің ұжымы да осы айқарма бетте өзіңіз туралы айтылған жылы лебіздерге қосыла отырып, еліміздің тарих ғылымына қосып келе жатқан үлесіңізді жоғары бағалайды және 80 жастың сеңгіріне шығып отырған Сізге алдағы уақытта да зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, жаңа шығармашылық табыстар тілейді!

 

 

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар