Алға басқандық байқалады

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылдың 5 қазанындағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын іске асыру аясында Ақмола облысы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында аудандардың және Көкшетау, Степногорск қалалары әкімдерінің брифингтері бастау алды. Сейсенбі күні алғашқы болып бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен Есіл ауданының әкімі Талғат Ерсейітов жүздесіп, өңірде өткен жылы атқарылған және биыл қолға алынатын жұмыстар ауқымы туралы айтып берді.

Брифингте Талғат Ерсейітов алдымен Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында алға қойылған міндеттері жайлы айта келе, ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы жағдайына тоқталды.
– Ауданда ауыл шаруашылығы, индустрияландыру, шағын және орта бизнес салаларында өндірілген өнім көлемі бойынша жақсы өсім бар. Мәселен, жыл қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 5813,9 миллион теңгені құраса, өнеркәсіп саласында 3748,2 миллион, ауыл шаруашылығы саласында 23425,7 миллион теңгенің өнімі өндірілген, – дейді аудан әкімі.
Бұдан бөлек, ауданда етті мал шаруашылығын дамыту аясында қолға алынған мемлекеттік бағдарламаларды орындау бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Осы мақсатта ауданда «Сыбаға» бағдарламасы асыл тұқымды ірі қара сатып алу үшін 31 миллион теңге несие бөлінген. «Джанинвест» жеке кәсіпкерлігі 54 басқа арналған сүт-тауарлы фермасын құру жобасын жүзеге асыруда.
Сонымен қатар, аудан «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму», «Бизнестің жол картасы-2020» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» тәрізді мемлекеттік бағдарламаларға да белсенді қатысуда. Брифингте атап өтілгендей, бүгінде ауданда 561,1 мың гектар ауыл шаруашылығы алқабы цифрландырылған.
– Өткен жылы 561,1 мың гектар егістік алқап цифрландырылды. Сонымен қатар, 92 мың гектар жайылымдық, 1,9 мың гектар шабындық жəне 45,7 гектар көпжылдық егістік жерлерді цифрландыру жүргізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар биылғы жылы одан әрі жалғасатын болады, – дейді Талғат Ерсейітов.
Брифингте аудан әкімі әлеуеті төмен елді мекендер қатарындағы Калачи және Красногорск тұрғындарының əлеуметтік мәселесін де естен шығарған жоқ. Əкімнің айтуынша, 5 жыл бойы «ұйқы сырқаты» меңдеген бұл ауылдар тұрғындарының тұрмыстық жағдайы мен денсаулығы дəрігерлердің тұрақты бақылауында ұсталған.
– Калачи ауылында негізгі мектеп жұмыс істеп тұр. Онда ауылдық дәрігерлік амбулатория, округ әкімдігі және өзге әлеуметтік-мәдени мекемелердің барлығы осы мектеп қабырғасына жайғастырылған. Калачи және Красногорск ауылдарын бөліп жарып айтуға болмайды. Екеуі бір-біріне жақын орналасқан. Ал, осыдан бірер жыл бұрын бүтін елді дүрліктірген «ұйқы аурына» келетін болсақ, бүгінгі күні тұрғындар арасында бұл аурудың белгілері байқалмайды. Жылына екі рет Көкшетаудағы Ақмола облыстық аурханасының дәрігер мамандары келіп, тұрғындарды тексеріп тұрады. Әкімдік қызметкерлері де ай сайын аталмыш ауылдарда болып, тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін назарға алып отырады. Қазіргі кезде, Калачи ауылында шамамен 360 адам тұрады. Өткен жылы облыс әкімінің тапсырмасымен құрылысы тұралап қалған екі пәтерлі 4 тұрғын үйді шаруашылық субъектілері жөндеді, онда ауыл тұрғындары қоныстанды, – деп түйіндеді сөзін Талғат Ерсейітов.
Сонымен қатар, өңірде Елбасы Жолдауында айтылған әлеуметтік саланың дамуына да жете көңіл бөлінеді. Әсіресе, денсаулық сақтау, білім, мәдениет және жұмыспен қамту бағытында біраз іс тындырылған.
Брифинг барысында журналистер аудан әкіміне өңірдің басқа да әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарына қатысты сауалдарын қойып, жауаптар алды.

Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар