Біржан еліндегі шығармашылық кеш

Біржан сал атындағы аудандық мәдениет үйінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру шеңберінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, драматург, жазушы, ақын импровизатор, манасшы, режиссер, сценарист және киноактері Баянғали Тоқанұлы Әлімжановтың «Сыр-сұхбат» атты шығармашылық кеші өтті.

Іс-шараға ақынның әріптестері, сондай-ақ, оның шығармашылығын сүйіп тыңдайтын оқырмандар қатысты.
Баянғали Әлімжанов – 20-дан астам прозалық, драмалық және әдеби-танымдық кітаптардың авторы. Ол қазақ жазушысы Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» атты өлең қойылымын сахналады. Автордың пьесалары – «Құдалық» (1997), «Қайран, кемпір-шалдар-ай!» (2000), «Ойран», «Қаптан шыққан қара қыз», «Біржан салдың шідері», «Жалмауызды жеңген бала» драмалары мен комедиялары және басқа да пьесалары қазақ театрларының репертуарына, оның ішінде Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, сондай-ақ, облыстық драмалық театрлар репертуарына енгізілген.
Жуырда біздің жерлесіміз Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Берлин Ұлттық кітапханасында Қазақстан мәдениеті мен әдебиеті орталығының ашылуына қатысып келді. Кездесу барысында Баянғали Әлімжанов өзінің жаңа туындыларын неміс оқырмандарына төрт тілде – қазақ, орыс, ағылшын және неміс тілдерінде жарық көрген «Сказ столетнего Степняка» романын, сондай-ақ, «Доброжелательный Аскар» ертегісін, «Әлем әуендері» өлеңдер жинағын ұсынды. Жалпы, Берлин ұлттық кітапханасының қоры біздің талантты жерлесіміздің 10 кітабымен толықтырылды.
Кештің барысында жерлесіміздің «Сказ столетнего Степняка» атты кітабының тұсаукесері өткізілді. Бұл кітап былтыр мен биыл екі рет баспа жүзін көрді. Алғашқыда орыс тілінде жазылған роман жеке кітап болып Елордадағы баспадан шықса, екінші рет осы жуырда ғана орыстың үлкен жазушысы, академик, Ресей сөзтану Академиясының вице-президенті, Ресей Жазушылар одағының хатшысы Георгий Пряхинның алғысөзімен Мәскеудің «Художественная литература» баспасында басылып шықты. Бұл қалың кітапқа жазушының жоғарыдағы романымен бірге, орыс тілінде жазған басқа да туындылары, атап айтқанда, «Разрешите жить!» повесі, «Абылай хан и его батыры» хикаят-аңызы, балаларға арнап жазған «Доброжелательный Аскар» ертегілер топтамасы кірді. Бұл – әрине, үлкен жетістік.
Кеш барысында Баянғали Әлімжанов шараны ұйымдастырған аудан басшылығына, қалың жұртшылыққа алғысын білдірді. Біржан сал ауданының Құрметті азаматы өзінің өмірі мен шығармашылық жолы туралы әңгімеледі, әртүрлі жағдайларда оған көмектескен адамдарды еске түсірді, фильмдерден үзінділер көрсетті және өлеңдерін оқыды.
Шығармашылық кештің аясында аудандағы бірқатар мектептердің оқушылары ақынның өлеңдерін оқыды, аудандық кітапхана қызметкерлері біздің жерлесіміздің шығармашылығына арналған кітап көрмесін ұйымдастырды. Б.Әлімжанов өзінің кітаптарын аудандық кітапханаға және аудандағы барлық мектептерге сыйға тартты. Аудан әкімі Ермек Нұғыманов шығармашылық кеш иесіне жаңа табыстар тілеп, алғысын білдірді.
«Аржа ажарының» өз ақпараты.

Суреттерде: аудан әкімі Ермек Нұғымановтың жерлес қаламгерді марапаттау сәті; Баянғали Әлімжановтың Мәскеуден орыс тілінде шыққан кітабының мұқабасы.
Біржан сал ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар