Әділ, ашық сайлаудың жемісті нәтижесі

Үстіміздегі жылдың ақпан айының 14-і күні Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобына, саяси партияларға, үкіметтік емес ұйымдарға және бүкіл Қазақстан халқына Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын мерзімінен бұрын өткізуге бастама көтеру туралы Үндеу жолдады.

Үндеуде былай делінген: «Біз, Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесі мүшелері болашаққа деген жауапкершілігімізді сезіне отырып, Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жақтастары әрі Отанымыздың патриоттары ретінде халыққа Үндеу жолдаймыз. Қазақстан халқы Ассамблеясына Қазақстан Респуб-
ликасы Президентінің мерзімінен бұрын сайлауын өткізу туралы бастама көтеріп, еліміздің барлық өңірлерінен көптеген азаматтар хабарласуда.
Қазақстан халқы Ассамблеясы осы маңызды мәселе бойынша ұстанымын білдіруді өзінің азаматтық борышы деп санайды. Одан әрі үндеуде әлемдік экономикалық дағдарыс пен күрделі халықаралық жағдай орын алып отырған тұста сайлау өткізу туралы жалпыхалықтық бастаманың көтерілуі уақыт талабы болып табылады делінеді. Үндеу аясында әлемде тұрақсыздық орын алған жаңа әрі күрделі кезең туралы Елбасына сенім мандатын білдіру арқылы әлемдік дамудың жаңа кезеңінде халқымызды біріктіріп, мемлекетті дамытудағы маңызды мәселелерге ден қою мүмкіндігі сөз болады.
«Қазақстан-2050» Демократиялық күштері жалпыұлттық коалициясы да ақпан айының 17-і күні үндеу жариялады. Еліміздегі беделді де өкілетті диалогтық алаң ретінде «Қазақстан-2050» Демократиялық күштерінің жалпыұлттық коалициясы түрлі көзқарас пен ұстанымдағы жетекші қоғамдық-саяси күштердің ашық әрі салиқалы пікірталасы арқылы барлық әлеуметтік топтардың мүддесін қамтамасыз етеді. Дәл сол күні коалиция талқылау нәтижесінде 2015 жылы президенттік сайлау өткізу жөніндегі бастаманы бірауыздан қолдады. Өз үндеулерінде осы бір кезеңді «бұл – еліміз үшін тарихи сәт» деп атады. Үндеуде одан әрі күрделі халықаралық жағдай, әлемдік экономикалық ахуал айтылады. Егер сайлауды 2015 жылы өткізсек, тұрақтылық пен тыныштыққа әсер етеді деп есептейді.
Тәуелсіздігіміздің ең қиын жылдарында сайлау қоғамды топтастырудың құралы, азаматтарды бірлікке, келісімге бастаудың, саяси тұрақтылық пен қалыпты дамуға жұмылдырудың механизмі болғандығы айтылады. Коалиция Үндеуінің соңында ел тағдырына бейжай қарамайтын барша қазақстандықтарды Қазақстан Республикасы Президенті сайлауын 2015 жылы өткізу бастамасын қолдауға шақырған. Бұл Үндеуге «Нұр Отан» партиясы, Қазақстанның Коммунистік халық партиясы, «Бірлік» партиясы, Қазақстанның Патриоттар партиясы, «Ақжол» демократиялық партиясы, Қазақстанның «Ауыл» әлеуметтік-демократиялық партиясы, кәсіпкерлердің «Атамекен» Ұлттық палатасы және басқа да көптеген қоғамдық бірлестіктер мен ассоциациялар және қозғалыстар қол қойған.
Іле ақпан айының 21-і күнгі өткізілген Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы ұсынысын қарап, Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Үндеу жолдады. Онда былай делінген: «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты 2015 жылғы 14 ақпанда Қазақстан халқы Ассам-
блеясы кеңесі ұсынған Президент сайлауын өткізу туралы бастаманы толығымен қолдайды.
Сіздің дана әрі мықты көшбасшылығыңыздың арқасында Қазақстан халқы еліміздің қалыптасуы мен дамуындағы барлық қиындықтарды абыроймен еңсере білді. Сіз тәуелсіздік жылдарында дамыған нарық экономикасы, халықаралық қауымдастықтағы беделді ұстанымдары бар табыс-ты мемлекет құра білдіңіз. Мұнан әрі Парламент Сенаты Мемлекет басшысынан кезектен тыс сайлау өткізу елімізде бейбітшілікті, бірлік пен келісімді нығайтуға ықпал етеді дейді. Үндеу «Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сізден Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің бастамасын қолдап, Президенттің кезектен тыс сайлауын белгілеу туралы мәселені қарастыруыңызды сұраймыз» деп түйінделген.
Бұл ұсыныстарды ақмолалық ассамблея да қызу қолдады. Олардың ой-пікірлері жергілікті басылымдарда жариялана бастады. Көкшетаудағы «Енки» кірпіш зауытының еңбек ұжымы бірауыздан Президент сайлауы елдің одан әрі жедел дамуына жол ашатындығын мәлімдеді. Облысымыздағы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері де биылғы жылы президент сай-
лауын өткізіп алуды дұрыс шешім деп бағалады. Көкшетау қалалық ауруханасындағы сайлау жөніндегі басқосуда мемлекетіміздің дамып, өркендеуінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі өте-мөте зор екендігі айтылды.
Елбасы Жарлығымен Орталық сайлау комиссиясының төрағасы қайта тағайындалды. Қуандық Тұрғанқұлов Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы төрағасы қызметіне қайта тағайындалды. Сөз арасында айта кетуіміз керек, Елбасының 2010 жылғы 9 сәуірдегі Жарлығымен Қуандық Тұрғанқұлов осы лауазымға бес жыл мерзімге тағайындалған еді.
Ақпанның 25-і күні Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Үндеуі жарияланды. Онда былай делінеді: «Құрметті қазақстандықтар! Ел ішінде биыл кезектен тыс президент сайлауын өткізу мәселесі қызу талқылануда. Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңесі көтерген бастамаға қоғам өкілдері жан-жақты пікір білдіруде. Парламент депутаттары, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, еңбек ұжымдары өз пікірлерін айтты. Маған күн сайын еліміздің түкпір-түкпірінен жүздеген хаттар келуде. Барша жұрт кезектен тыс президент сайлауын өткізу бастамасына қызу қолдау білдіруде. Кезектен тыс Президент сайлауын өткізуге демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық коалициясы бірауыздан қолдау білдірді. Ол алты саяси партияның, 18 республикалық қоғамдық бірлестіктің, 500 өңірлік үкіметтік емес ұйымдардың басын біріктіреді. Аталған мәселе бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңесі бастамашылық жасады. Мұнан әрі Үндеуде адамдардың тұрақтылық пен қоғамымыздың бірлігін нығайту мәселесіне үлкен мән беріп қарайтындығы айтылады. Әлемдік экономикалық дағдарыс белең алған кезде халыққа ертеңгі күніне деген сенімділік керек дей келе, ең алдымен жұмыс орындарымен қамтамасыз ету, дағдарыстан шығу жөніндегі бағдарламаларды орындау үшін күш біріктіру керектігі айтылады. Үндеу «құзырлы органдар Қазақстан халқы Ассамблеясының бас-тамасы еліміздің Конституциясына және Сайлау туралы заңға сай деген қорытынды жасады. Мен сайлауға қатысты «иә» мен «жоқты» мұқият ой таразысына салдым. Сөйтіп, «кезектен тыс президент сайлауын өткізген жөн» деген пайымға келдім. Сайлау елімізді ұлы істерге ұйыстырып, баянды болашақ жолында біріктіре түсеріне сенемін. Қазақстандықтарды ел тағдырындағы тағы бір тағдырлы оқиғаға жауапкершілікпен қарап, белсене қатысуға шақырамын делінген.   
2015 жылғы 25 ақпан күні №1018 «Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сай-лауын тағайындау туралы» Жарлығы қабылданды. Онда былай делінген:
«Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабының 3-1-тармағына сәйкес қаулы етемін:
1. Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы 2015 жылдың 26 сәуіріне тағайындалсын.
2. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз етсін.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету жөніндегі қажетті шараларды қабылдасын.
4. Облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдері сайлау құқығы бар азаматтардың тізімін дер кезінде жасауды және дұрыстығын қамтамасыз етсін, Орталық, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларына кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастыру мен өткізу мәселелерін шешуде жан-жақты көмек көрсетсін.
5. Осы Жарлық алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі».
Елордада наурыз айының 11-і күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясының ХVІ съезі өтті. Съезд барысында Мемлекет басшысы бірнеше күннің ішінде ел азаматтарынан, еңбек ұжымдарынан, білім мекемелерінен, қоғамдық бірлестіктерден кезектен тыс президент сайлауына қолдау білдірген және одан өзінің кандидатурасының ұсынылуын өтінген көптеген хаттар мен хабарламалар алғанын айтты.
–Қазақстанның және қазақстандықтардың игілігі жолындағы менің еңбегіме берілген жоғары баға үшін барлығыңа көп рахмет айтамын. Өз халқыңның мұндай сеніміне ие болудан артық марапат жоқ. Бүгін съезд мінберінен менің атыма жылы лебіздер айтқан баршаға шын жүрегімнен ризамын. Мен алдағы сайлауға «Нұр Отан» партиясынан президенттікке кандидат ретінде түсуге келісімімді беретіндігімді мәлімдеймін. Мен сіздерді, серіктестерімді – нұротандықтарды, барша қазақстандықтарды тағы да жұмылып, жеңіске жетуге шақырамын. Біздің ортақ рухани күш-қуатымыз бен биік мұратымыз – Мәңгілік ел. Ол біздің ХХІ ғасырдағы дамуымызға прогресс қуатын дарытатын болады,–деген Қазақстан Республикасының Президенті.
Съезде сөйлеушілер Қазақстанның тәуелсіздік алуындағы, қалыптасуындағы және нығаюындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлін атап өтті. Олар сондай-ақ, еліміздің басты құндылықтарын – егемендікті, тұрақтылықты, бақ-берекені, дамуды және болашаққа ұмтылуды да Мемлекет басшысымен байланыстырды.  
Наурыздың 16-сы күні Қазақстан Республикасының Президенті жұмыс сапарымен Ақмола облысында болып, Көкшетау қаласындағы бірқатар өндіріс ошақтарын аралап, ондағы ел игілігі үшін атқарылып жатқан игі істермен танысты. «Бурабай» спорт сарайында Қазақстан халқы Ассамблея-сы жылына арналған «Елімнің тағдыры – менің тағдырым» республикалық форумына қатысып, сөз сөйледі.
–Шынымды айтсам, мен үшін Президенттікке сайлауға түсу таңдауы оңай болмады. Көп ойландым. Сіздер мені жақсы білесіздер. Халық жаппай қолдағанда, бас тарту мүмкін емес. Адамдардың тілегі мен үшін әрдайым қасиетті, өзгеше саналады. Сондықтан да, өз келісімімді бердім. Бәріміз жұмылып қажырлы еңбек етсек, ортақ Отанымызды одан сайын нығайтып, әлемдегі беделді мемлекеттердің біріне айналдыра аламыз. Бұған негізгі астықты аймақтардың бірінен саналатын Ақмола облысы да өзінің лайықты үлесін қосатыны сөзсіз. Облыста өткен жылдары жалпы өнім көлемі екі есе өскен. Тек былтыр ғана 10 жаңа кәсіпорын іске қосылды. Биыл жаңадан 2 мың жұмыс орны ашылмақшы. Орта және шағын бизнес саласында 53 мыңнан астам кәсіпкер белсенді жұмыс істейді. Сіздердің де арқаларыңызда негізгі ауыл шаруашылығы өнімі – астығымыз көптеген мемлекеттерге экспортқа шығарылатын Қазақстан брендіне айналып отыр. Дегенмен, ет және сүт өнімдерінің бағасын әлі де көтере түсуіміз керек. Бұл үшін оларды өңдеумен белсене айналысқанымыз жөн,–деді Нұрсұлтан Назарбаев.
2015 жылдың 26 сәуірге тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың Күнтізбелік жоспарына сәйкес, 25 наурызда Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттарды тіркеу аяқталды. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңның 59-бабы 7-тармағының 3-тармақшасына сәйкес, тіркеу үшін барлық құжаттарды табыс етпеуіне байланысты Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Лимана Қойшиеваны, Қанат Сбашұлы Турагелдиевті, Жарылқап Сейдләұлы Қалыбай мен Хасен Кәрімжанұлы Қожа-Ахметті Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат ретінде тіркеуде тас тарту туралы қаулылар қабылдады.
Осылайша, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат ретінде:
1.Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты
2.Тұрғын Ысқақұлы Сыздықовты
3.Әбілғазы Қалиақпарұлы Құсайыновты тіркеді.
26 наурыздан бастап барлық тіркелген кандидаттар сайлау алдындағы үгітке кірісуге құқылы болатын. Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттардың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстарының мөлшерлерін белгілеу туралы қаулы қабылдады.
Тәуелсіз қазақ мемлекетінің тарихында 2015 жылғы 26 сәуір  тағы бір айшықты белес болып қалды. Бұл күні барша қазақстандықтар өз таңдауларын жасады. Сайлау жоғары деңгейде өткізілді. Халықаралық бақылаушылар сайлауға жоғары баға берді. Олардың пікірінше сайлау транспарентті, ашық және әділ сайлаулардың үлгісі болып табылады.
Орталық сайлау комиссиясы 2015 жылғы 26 сәуірде өткізілген Қазақстан Республикасы Президенті сайлауының қорытындыларын 28 сәуір күні жариялады. Сайлаушылардың келуі 95,22 пайызды құрады. Сайлаушылардың дауы-сы жалпы республика бойынша төмендегідей бөлінді:
Әбілғазы Қалиақпарұлы Құсайыновқа сайлаушылардың 57718 дауысы берілді, бұл 0,64 пайызды құрады.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа сайлаушылардың 8833250 дауысы берілді, бұл 97,75 пайызды құрады.
Тұрғын Ысқақұлы Сыздықовқа сайлаушылардың 145756 дауысы берілді, бұл 1,61 пайызды құрады.
Ақмола облысы бойынша:
Әбілғазы Қалиақпарұлы Құсайыновқа сайлаушылардың 449 дауысы берілді, бұл 0,10 пайызды құрады.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа сайлаушылардың 438917 дауысы берілді, бұл 98,42 пайызды құрады.
Тұрғын Ысқақұлы Сыздықовқа сайлаушылардың 6600 дауысы берілді, бұл 1,48 пайызды құрады.
Сайлау туралы заңға сәйкес және Орталық, сондай-ақ, облыстық, Астана және Алматы қалалық аумақтық сайлау комиссияларының Қазақстан Республикасының Президентін сайлау нәтижелері туралы хаттамаларының негізінде Орталық сайлау комиссиясы сайланған Қазақстан Республикасының Президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев саналсын деп қаулы етті.  Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы 2015 жылғы 26 сәуірде кезектен тыс сайлау-да сайланған Қазақстан Республикасының Президентін тіркеу туралы қаулы қабылдады. Сондай-ақ, 2015 жылғы 29 сәуірді Қазақстан Республикасы Президентінің ант беру күні деп белгіледі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *