Халықтың әл-ауқатын арттыру – басты мұрат

Елбасының биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауы көкшетаулық ардагерлер тарапынан да кең қолдау тауып, жаңа асуларға жігерлендіруде. Президентіміз тәуелсіздік алған жылдар ішінде халыққа 21 Жолдау жасаған екен. Маңызды бұл құжаттарда елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, ішкі және сыртқы саясаттағы ұстанымдарына ерекше мән берілген. Ал, биылғы Жолдаудың басты ерекшелігі – халқымыздың алаңсыз өмір сүруі үшін қолайлы алғы-шарттарды қалыптастыру.
Мемлекет басшысының салиқалы саясатының арқасында Қазақстанның әлемдік аренада беделі өсіп, еліміздің экономикалық қуатының жақсаруы біздерді де мақтаныш сезіміне бөлейді. Мықты, дамыған елде тұрып, шынайы қамқорлыққа бөленудің нәтижесінде ардагерлер де алаңсыз ғұмыр кешуде. Бұл жалғыз менің ғана емес, облыс орталығы – Көкшетау қаласында тұратын 26 мың зейнеткердің де пікірі.
Жылдан-жылға жасарып, жаңарып келе жатқан ару шаһарымызда 160 мың адам тұрса, оның әрбір алтыншысы аға ұрпақ өкілдері. Олар 22 Ұлы Отан соғысына қатысушының, екі мыңдай соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлерінің, 13 кәмелетке толмаған фашизм тұтқындарының, 2 Ленинград блокадасы тұрғынының, 2 Социалистік Еңбек Ерінің, 37 Көкшетау қаласының құрметті азаматының, 192 соғысқа қатысушымен теңестірілген жауынгер-интернационалистің, 663 саяси қуғын-сүргін құрбандарының, 110 чернобыльдіктердің, мыңнан астам «Алтын алқа», «Күміс алқа» медалімен марапатталған көпбалалы аналардың басын біріктіріп отыр.
Аға ұрпақты толғандыратын өзекті мәселелердің ішінде алдымен олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды бірінші кезекке қояр едім. Атқарушы және өкілетті органдармен ынтымақтасып жұмыс істеудің нәтижесінде біз толайым табыстарға қол жеткізудеміз. Алдымен айтарымыз: қалалық ардагерлер кеңесінің тиімді жұмыс істеуі үшін барлық қолайлы жағдай жасалған. Қаланың дәл ортасында сәнді ғимараттан бес бөлме бөлінді. Мұнда қалалық кеңестің аппараты, қоғамдық клубтар орналасқан. Интернет жүйесіне қосылдық. Электрондық поштамыз да бар. Жыл басында жаңа жиһаз алдық. Ардагерлер қозғалысының 30 жылдығына орай былтыр қала әкімі Ермек Мыржықпаевтың қолдауымен жеке автокөлікке қол жеткіздік. Облыс және қала басшыларының ұйғарымымен қарияларымыз Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесін тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Ал, 30 маусымда өткен Қала күні шарасы кезінде бір топ ардагер бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ардагерлердің күнделікті өміріне қатысты мәселелер мемлекеттік органдармен тығыз ынтымақтастық жағдайда шешім табуда. Зейнеткерлердің жекелеген өтініш-тілектерінің тезірек шешілуі үшін мекемелер мен ұйымдар басшыларының қалалық ардагерлер кеңесіне келіп, кездесу ұйымдастыруды жөн деп таптық. Біздің бұл ұсынысымыз қала әкімі тарапынан қызу қолдау тапты. Алдын ала бекітілген кесте бойынша мемлекеттік органдар басшылары былтырдан бері әр айдың сәрсенбісінде азаматтарды қабылдайды. Өзара түсіністік жағдайында өткен бұл кездесулер барысында зейнеткерлер автобуста тегін жүру, санаторийлерге жолдама алу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, құқық қорғау органдарының қызметіне қатысты сауалдарды көп қойды.Тіпті, коммуналдық қызмет берешектерін уақытылы төлемейтіндері де сын садағына алынды. Застанционный поселкесінің тұрғындары көшені жарықтандыру, жылумен, сумен жабдықтау мәселесін қозғады. Пікір алмасу кезінде көтерілген бұл мәселелер бойынша біз басшылар жазбаша түсініктеме бердік.
Ізгі нәтиже беріп отырған шарадан депутаттар корпусы да қалыс қалмай әр айдың екінші сәрсенбісінде зейнеткерлерді қабылдау ұйымдастыруда. Қарияларымыз халық қалаулыларының назарына балалар үшін спорт кешенін салу, «Көкше» мәдениет үйін жөндеу, Застанционный поселкесінде пошта қызметін жақсарту, үй маңында автокөліктерді қоятын орынның аздығы, т.б. өзекті мәселелерді алға тартты. Қалалық мәслихат хатшысы Еркін Исімбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша өңірде атқарылып жатқан істерге тоқталса, депутат Сергей Зиборов денсаулық сақтау реформасы жөнінде өз ойын ортаға салды. Сондай-ақ, біздің өтінішіміз бойынша заң компаниясы әр айдың төртінші сәрсенбісінде азаматтарды тегін қабылдайтын болды.
Ардагерлер кеңесінің бастамасымен жүзеге асырылған іс-шаралардың ішінде Көкшетау өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері Бәйкен Әшімов пен Мақтай Сағдиевке көше атауларының берілуін, соғыс жылдары жаралы жауынгерлерді құтқарғаны үшін «Ноттингем» медалімен марапатталған Смирнова-Кухарскаяға мемориалдық тақта орнатылуын мақтанышпен айтқым келеді.
Көкшетау қалалық мәслихатының 2017 жылғы 6 сәуірдегі шешімімен «Алмаз» санаторийінде дем алу үшін жергілікті бюджеттен 37 миллион теңге қаржы бөлінсе, 2018 жылы 658 майдангер мен тыл еңбеккері «Зеленый бор» санаторийінде емделді. Бұл мақсат үшін 41,5 миллион теңге жұмсалды. Жылдағы дәстүр бойынша Жеңіс күніне орай Ұлы Отан соғысына қатысушылар 250 мың теңгеден материалдық көмек алды. Фашистік концлагерь тұтқындары мен Ленинград блокадасының тұрғындары, соғыста қаза тапқандардың жесірлері, тыл ардагерлері үшін 30 миллион теңге бөлінді. Сонымен бірге, азаматтардың 13 санаты қоғамдық автокөлікте тегін жүреді. Жеңіс күнін жыл сайын кең көлемде салтанатпен атап өту бізде дәстүрге айналған. Мерекелік іс-шаралар 3 мамырда студенттер мен мектеп оқушыларының сапта жүріп ән айтуымен басталып, «Көкшетау» және «Степной маяк» газеттерінің жүлдесі үшін жеңілатлетикалық эстафетамен, «Мы помним» флешмобпен, автошерумен жалғасады. Соғыс ардагерлері тұратын үйдің маңында үрлемелі оркестр ойнап, әскери тақырыптағы әндер шырқалады.
Соғыс жаңғырығы басылғанына 73 жыл өтсе де, майдангерлердің бүгінгі ұрпақтары майданда шәйіт болған әкелерінің, аталарының мүрдесін тауып, туған топыраққа әкеліп жерлеуде. Осылайша аға ұрпақ рухына тағзым етуде. Көкшетау облысы, Чистополь ауданындағы Гаршин селосының тұрғыны Әбдіқасым Әубәкірұлы Жамантаев 1942 жылғы шайқаста хабарсыз кеткен-ді. Іздестіру тобының көмегімен оның мүрдесі Ленинград қаласының маңынан табылды. Ұрпақтары арнайы барып жауынгердің денесін Көкшетауға әкеліп, қара жердің қойнауына тапсырды.
Қалалық кеңес күнбе-күнгі жұмыс барысында тұрақты комиссияға көбірек арқа сүйейді. Біздегі алты комиссия негізінен қарттардың материалдық және тұрмыс жағдайын жақсартуға, медициналық қызмет көрсетуге бағытталған. Қоғамдық бірлестіктермен, партиялармен, ұлттық мәдени орталықтармен тығыз байланыс жасай отырып, жастар тәрбиесіне жете көңіл бөлеміз. Күн тәртібінде тұрған мәселенің көкейтестілігіне орай тұрақты комиссиялар алқа мәжілісінде есеп беріп отырады. Ардагерлер өз қалаулары бойынша қоғамдық клубтардың да жұмысына қатыса алады. Бізде олардың саны – 15. Бұл орайда «Ақбұлақ-Родник» клубының қызметіне ерекше тоқталғым келеді. Құрылғанына 18 жыл толған бұл өнер ұжымынсыз қаламызда бірде-бір мәдени шара өткен емес. Қалалық кеңес төрағасының орынбасары Валентина Соломинаның жетекшілігімен клуб мүшелері «Ақмола жұлдыздары» байқауына қатысып, сан мәрте жеңімпаз атанды. Қарттармен белсенді жұмыс істеудегі «Ғалиябану» татар орталығының, «Мұсылман әйелдер» лигасының, «Русская песня» халықтық ансамблінің жақсы тәжірибесін сүйіспеншілікпен айтқым келеді. Осынау игілікті іске «Көкшетау», «Дос-тар» мәдениет сарайларының, «Көкше» және «Истоки» мәдениет үйлерінің ұжымдары белсене үлес қосуда. Шахмат-дойбы клубының жұмыс істегеніне де биыл 14 жыл болды. Спорттың осы түріне әуес қарияларымыз күн сайын клубқа келіп, шаршы тақта басында күш сынасады. Екі жылдан бері біздің зейнеткерлеріміз бильярдтан облыстық сайысқа қатысып жүр. Социалистік Еңбек Ері, қоғам және мемлекет қайраткері, жерлесіміз Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің құрметіне грек-рим күресінен өткізілетін республикалық турнир жылдан-жылға кең сипат алуда. Қала әкімдігінің қолдауымен аға ұрпақ өкілдері арасында асық ойнау жарыстары көпшіліктің шынайы ықыласына бөленуде. Көкшетаулықтар гир спортынан әлем чемпионы Борке Қабенұлы Нұғымановты мақтан етеді. Зейнеткер спортшы, сондай-ақ, Қазақстан мен Европаның да чемпионы. «Алтын жас – Золотой возраст» денсаулық клубы төрт жылдың ішінде адамдарды жүйке және басқа науақстардан сақтандыруға елеулі үлес қосуда. Клуб мүшелері емдеу-дене шынықтыру залында жаттығу жасап, бассейінде суда шомылады.
Елбасының Жолдауында айтылған міндеттерді жүзеге асыру үшін біз алдағы уақытта үкіметтік емес ұйымдармен, «Нұр Отан» партиясымен, Қазақстан халқы Ассамблеясымен, іскер әйелдер ассоциациясымен, «Қазақ тілі мен мәдениеті», «Ел бірлігі», «Лад» қоғамдық бірлестіктермен байланысты үзбейміз. Науан хазірет атындағы Көкшетау орталық мешітімен бірлесіп жаназа етін де турап беру, мәйітті қоршауды бір ізге келтіруде ортақ мәмілеге қол жеткізудеміз. Атқарушы және өкілетті органдардың қолдауымен біз жинақталған тәжірибемізді одан әрі баянды ете отырып, Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыруға лайықты үлесімізді қосатын боламыз.

Шияп Әлиев,
Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар