«Қаһармандар» қоры – елдік пен ерлік жаршысы

Достық үйінде республикалық «Қаһармандар» қоғамдық қорының президенті Сабыр Қасымовтың қатысуымен Елбасының

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында осы қордың Ақмола облыстық филиалы құрылды.

Елімізде өткен жылы Қазақстанның бостандығы мен тәуелсiздiгi үшiн күресте зардап шеккен тұлғаларды ақтауға үлес қосу мен олардың есiмдерiн мәңгi есте сақтау мақсатын көздейтiн «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қоры құрылған болатын. Бұл қоғамдық қорға Қазақстан Рес-
публикасы Парламентi Сенатының бұрынғы депутаты, белгiлi заңгер, қоғам қайраткерi Сабыр Қасымов басшылық етеді. Ал, оның мүшелерi қатарында елiмiздiң белгiлi тұлғалары, мемлекет және қоғам қайраткерлерi, тарихшы ғалымдар бар.
Бүгiнгі таңда осы қордың өңiрлерде жергiлiктi филиалдары ашылып жатыр. Осыған орай, республикалық «Қаһармандар» қоғамдық қорының президенті Сабыр Қасымов біздің облысымызда да болып, аймақ басшысы Мәлік Мырзалинмен кездесті. Құрылтай жиналыста республикалық қордың бүгінге дейінгі атқарған жұмыстарына тоқталған Сабыр Ахметжанұлы:
– Мен бұл мәселемен отыз бес жылдан берi айналысып жүрмiн, осы кезеңде бiраз тәжiрибе жинақтадым. Парламентте депутаттық комиссияны басқардым, – дей келе, бұл қоғамдық құрылымның дүниеге келуiне себеп болған бiрнеше факторды атап өтті.
Арнайы мемлекеттiк акт қабылданбағандықтан, жергiлiктi билiк органдары атаусыз қалып жатқан батырлар мен ерлердiң есiмiн жаңғыртуға сирек келiсiм бередi немесе одан, тiптi, бас тартады. Ал, есiмдерi ақталмай, халыққа танылмай жатқан ерлер аз емес. Бұл – өте үлкен проблема. «Қаһармандар» қорының мiндетi – солардың еңбектерiн таныту, есiмдерiн халыққа жеткiзу және қолданыстағы заңнамаларға олардың жарқын есiмдерi мен iстерiн жаңғырту туралы толықтырулар мен өзгерiстер енгiзуге бастамашы болу.
Айтулы шарада облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы Ақбота Бексейітова, қоғам қайраткері Мұрат қажы Ыдырысұлы, Зеренді ауданы С.Сейфуллин ауылының тұрғыны Марат Оспанов, тарихшы Әлия Ахетова, облыстық соттың ардагерлер кеңесінің төрағасы Мейрам Ғибадилов, «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Смағұл тәуелсіздік жолында жазым болған батырлардың есімдерін мәңгілік етуді көздейтін мәселеге қатысты өз ойларын ортаға салып, қалың көпшiлiк бiле бермейтiн кейбiр деректердi алға тартты.
Осылайша, біздің өңірімізде де қордың филиалын басқаруға ақын Құдайберлі Мырзабек ұсынылса, оның мүшелігіне сол күнгі шараға қатысқан зиялы қауым өкілдеріне қоса, ауған соғысы ардагерлері және желтоқсаншыларды енгізуге ұсыныстар жасалып, бірауыздан мақұлданды.
Жергілікті зиялы қауым өкілдері мен ғалым-тарихшы және БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен шараны қорытындылаған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Болатқызы елiмiздiң жарқын болашағы үшiн күрескен, сол жолда қуғын-сүргiнге ұшыраған, тiптi, өмiрiн сарп еткен халқымыздың сан мыңдаған аяу-
лы азаматтарының жарқын есiмдерiн тарихтың қалың қойнауынан ақтап алу жолында атқарылар жұмыстар мен ұлттық сананың, патриоттық сезімнің жасампаз үлгісінің өрістеуіне кең жол ашатын маңызды міндетке қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Асылай Қадырқызы.

Суреттерді түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар