Жаңа туындының тұсауы кесілді

Жуырда Зеренді аудандық кітапханасында есімі Көкше өңіріне белгілі ақын, әнші-сазгер, ұзақ жылдар бойы ауданның мәдениет

саласында қызмет атқарып, осы іске айтуға тұрарлық үлесін қосқан, бүгінгі күні зейнеткер болса да қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып жүрген Күләш Рақымжанованың «Қиянат» кітабының тұсаукесер рәсімі болып өтті.

Аудандық атқарушы органдардың басшылары, Ақмола облыстық және жергілікті қоғамдық ұйымдардың өкілдері, өнердегі әріптестері мен Зеренді селосының тұрғындары қатысқан мәдени шара Күләш Рақымжанованың «Тәуелсіз Қазақстан» әнімен ашылды. Мәдени шарада аудан әкімі М.Мұстафин құттықтау сөз сөйлеп, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында аталған басты мәселелердің бірі – ұлттық код, ұлттық ерекшелік, ұлттық құндылықтар жөнінде айта келе, жерлес өнер иесіне жаңа шығармашылық табыс тіледі.
Қазақтың қара өлеңін кие тұтқан, сонау 1967 жылдардан бастап Көкшенің ақын қызы атанған Күләш апамыз әлі де қаламын қолынан түсірген жоқ. Халқының, ел жастарының мұң-мұқтажын, отбасындағы бала тәрбиесіне қатысты келелі мәселелер туралы газет беттерінде мақалалар жариялауымен қатар, тек соңғы бірнеше жылдардың ішінде үш-төрт кітабын жарыққа шығарып үлгерді. Бояуы әлі кеппеген «Қиянат» кітабын да осы шығармашылық серпіннің қатарына жатқызуға болады. Күләш Рақымжанова өз сөзінде кітап қандай мақсатта жазылғанын атап өтті.
–Бұл еңбегімді өңірдің айтулы жетістіктерінің нақты куәсі ретінде жаздым. Бұл бағытта елдің тыныс-тіршілігімен жақын танысуға тура келді. Еліміз егемендік алған жылдардан бастап ел жылнамасын тереңінен зерделедім. Қайғылы оқиғалар орын алған «АЛЖИР» атауымен белгілі «халық жауларының» жұбайлары жазықсыз ұсталған лагерьде саяхатта болғанымда терең ой түйдім,–деген Күләш Сәбікенқызы «Зобалаң», «Дана бабаларым», «Еңбек жолында», «Жүрек толғауы» бөлімдерінен тұратын «Қиянат» кітабына қысқаша шолу жасады.
Кітап авторын Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, белгілі өлкетанушы ғалым, профессор Жеңіс Темірхан, жақын ағасы Тілекен Аманбаев және өзге де қатысушылар құттықтап, сый-сияпаттарын жасады, алдағы шығармашылық еңбегіне табыс тіледі. Сәкен Сейфуллин атындағы ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Оспанов өз құттықтауын төмендегі бір шумақ өлең жолымен жеткізді.
Асылдардан өткен ақын,
Абыройға жеткен ақын.
Күндей күліп жүре берші,
Зерендіде Күләш ақын!
Құттықтаулар мен игі тілектердің ара-арасында №1 Зеренді орта мектебінің оқушылары мен өңірімізге танымал өнерпаздар Қайыргелді Құрманғожин, Ильфат Насибуллин ақынның «Мен жастарға сенемін» поэмасынан үзінді оқып, «Зеренді» тәрізді өзге де әндерін шырқап, қатысушылардың қошеметіне ие болды.
Қайрат ЕСЕНТЕМІРҰЛЫ,
жергілікті тілші.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар