Қазақ батырлары мінген арғымақтар

Әбілхайырдың (1697-1748) бас қолбасшылығымен қазақ әскері 1726 жылы Қалмақ қырылған (Бұланты), 1729 жылы Аңырақай (Балқаш, Ит ішпес, Алакөл) шайқастарында жоңғарларды ойсырата жеңеді.

Тарихи әңгімелерде әйгілі хан тұқымынан шыққан Әбілхайырдың жігіттік құрып, үйленер кезде қалыңмалға зәру болып қиналғаны сөз болады. Бұл шындыққа саяды, себебі хан тұқымынан шыққан толып жатқан әйелдерінен туған ханзадалар көшпенділер жұрт алдында батырлығымен, еңбегімен көрінуі керек. Хан қанша бай болса да барлық ханзадаларға қалыңмал тауып бере алмаған. Мыңдаған жылқысы бар Бопайдың әкесі Әбілхайырдың «90 алаяқ торы құр ат, 60 қараяқ көк ат» әкелсең қызымды беремін дейді. Қазақ салтында құдалықта жылқының түсіне ерекше мән берілген. Әбілхайыр бір ай мұрсат сұрап елін, хан тұқымдарын, сұлтандарды аралап, салы суға кетіп ескі досы Жәнібекке бұйымтайын айта барады. Табын-табын жылқы айдаған Жәнібек сөзге келместен 150 атты бөліп береді де, артынан Бопайдың ауылына өзі де барады.
Құдалыққа Жәнібек батырдың өзі келген соң ақсақал Бопайды Әбілхайырға қосады. Тойдың басқа да шығындарын Жәнібек өз мойнына алады.
Әбілхайыр ханның жорық жолдарына қарасаңыз шығыста Аягөз, батыста Қазанға, оңтүстікте Хиуа, Бұқараға дейін ат үстінде айлап өткізген жортуылдарын көреміз. Ауызекі әңгімелерде 1718 жылы Аягөз шайқасында ұрыстың нағыз қызған шағында Әбілхайырдың Ақбоз атына оқ тиіп, атын ауыстырғаны баяндалады. Ханның астында әрине, мықты жүрдек жорық аттары болды, бірақ олардың есімдері тарихта қалмаған.
Орынбор генерал-губернаторы Әбілхайырдың ұшқыр жорықтарына таң қалып «ол ерекше шабандоз», (знатный назедник) «Ресей шекарасынан өтіп, Черемшанкаға (Қазан қаласының маңы) дейін жетті», – деп жазады. 1736 жылы ханда қонақта болған ағылшын саяхатшысы Джон Кэстл Әбілхайыр сәйгүлігінің сағатына 50 шақырым алатынын, оның жүйріктігін тек тау ешкісімен ғана салыстыруға болады деп жазды. Ағылшын саяхатшысының өзіне адалдығын сезіп, үлкен өнерлі елдің өкілі деп бағалап бір сәйгүлікті Кэстлге сыйлайды. Кэстлдің олжасына башқұрт батырларының қызыққаны сонша сәйгүлікті үш рет ұрлайды. Үшеуінде де Жайықтың ар жағында линейлік қамалдан қашып шығып хан ордасына оралып отырған. Демек, Әбілхайырдың бұл аты иесіне барынша адал, жорыққа үйретілген «ханның қанатты пырағы» десе де болғандай.

Көкойнақ

Райымбек Хангелдіұлы – қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы соғысының қолбасшыларының бірі, аты аңызға айналған, елге ұран болған хас батыр.

Райымбектің әйгілі Көкойнақ атын қалай таңдағаны жөнінде ел аузындағы аңызда жетіге толған жас бала атақты Қаракерей Қабанбай батырдың еліне, нағашыларына барады. Бірнеше ай нағашылап жүрген Райымбек нағашысының бес мың жылқысынан бір арық көк құлынды таңдапты. Сонда нағашы жұрты: «Апыр-ай, бес мың жылқының ішінен таңдағаның осы ма? Бірнеше жүз жылқы алып кетсең болмай ма, мына көкторының несіне қызықтың, — дейді. Сонда Райымбек: «Көкқұлын жатқан енесінің үстінен ерсілі-қарсылы қарғып жүрді, желіде тұрғанда қандай шіліңгір ыстықта басқа құлындардай жерде иленіп жатқан жоқ, үнемі тікесінен тік тұрады, үйірде жүргенде бір жерде тұрмайды, ойынпаз екен, атын Көкойнақ десе де болғандай» – дейді. Баланың зеректігіне разы болған нағашысы көңілі тасып батасын беріпті.
Райымбектің Көкойнақпен өткізген даңқты жорықтарының мән-жайы әрине, бізге жеткен жоқ. Дегенмен 16 жасар Райымбектің ең алғаш жауға аттанғаны тарихи жырларда кездеседі:
Астындағы Көкойнақ,
Бауырынан жарады.
Белес жерге шыққанда,
Тұра қалып қарады.
Жүрген сайын батырдың
Жүрегі оттай жанады.
Жүрген жолы алыс-ты,
Көкойнағы шығарды,
Неше түрлі шабысты.
Тарта-тарта тізгінін
Екі қолы қарысты.
Еті қызып алған соң,
Ұшқан құспен жарысты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар