Бірлігіміз бен белсенділігімізге сүйсініп кетті

Қазақстанда өтетін кезектен тыс Президент сайлауы барысын бақылайтын ұзақ мерзімді халықаралық бақылау миссиясының өкілдері Ақмола облысына сәуір айының басында келе бастады.

Облыс әкімдігінде өңір басшысы Сергей Кулагинмен өткен кездесуде Линда Бикмен (АҚШ) және Тимо Бакмен (Финляндия) алдағы болатын сайлауға дайындық мәселелерін сұрастырып білді. Оларға дайындықтың Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» Заңына және Орталық сайлау комиссиясы бекіткен күнтізбелік шаралар жоспарына сәйкес жүргізіліп жатқандығы атап көрсетілді. Халықаралық бақылаушылар облыс бойынша құрылған 808 сайлау учаскесінде жұмыстың талапқа сай атқарылуына назар аударып, осы орайдағы өзекті мәселелерді пысықтады.
Ал, 26 сәуір – Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы күні  облысымызға келген халықаралық бақылаушылар тобы тікелей сайлау учаскелерінде болып, сайлаушылардың дауыс берулерін, сайлауға саяси партиялардың өкілдері мен қоғамдық бақылаушылардың қатысуларын, сайлау барысында заң талаптарының бұзылмауын жіті қадағалай түсті. Атап айтқанда, бұл күні халықаралық ұйымдардан келген бақылаушылар Ева Магдалена Колозей мен Атте Джуана Лауерма облыс орталығы мен аудандарда  бірнеше сайлау учаскелерін аралап көрді. Олар шет елден келгендіктен, сайлаудың әділ, ешбір тәртіп бұзылусыз ашық өтуіне үлкен мүдделілік танытқанымен, ондай олқылықтарды көре алмады. Мұны БАҚ өкілдерімен, қоғамдық ұйымдардың мүшелерімен пікір алмасу барысында өздері де мойындап, Қазақстанда, соның ішінде Ақмола облысында өтіп жатқан сайлау барысына жоғары бағаларын берді.
Бұл күні облыс аумағындағы сайлау учаскелерінде Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан (ЕҚЫҰ) да бақылаушылар болды. Облысымызға осы миссиямен келген халықаралық бақылаушылар – Германия Федеративтік Республикасының Бундестаг депутаты Карин Штренц пен дипломат Бертольд Ханс-Фридрих фон Плец қазақ еліндегі бұл Президент сайлауының сайлаушылардың өте зор белсенділігімен жоғары  деңгейде өтіп жатқандығын мәлімдемей тұра алмады. Олар мұны облыс әкімі Сергей Кулагинмен кездесуде де ауызға алып, өз Көшбасшысын таңдауға  ерекше ынта танытқан қазақстандықтарға осы жолда табыс пен жақсылық тіледі.
Бұл күні халықаралық бақылаушыларды әрі таңдандырған, әрі сүйсінткен басты мәселе –  сайлау учаскелеріндегі дауыс беруге келген халықтың көптігі еді. Көптеген учаскелерде осыған байланысты кәдімгідей кезекке тұруға тура келді. Бұған  ешкім қабақ шытқан жоқ, қайта әрбір сайлаушының көңілінде осы бір жайға үлкен түсіністік, тіпті, ел ертеңіне деген зор сенім атойлап тұрды десек артық емес.  
Шаңқай ынтымақтастық ұйымы (ШОС)
 Ақмола облысына өз тарапынан Медер Асеинов пен Абдулло Холиковты халықаралық бақылаушылар ретінде жіберіп, Қазақстандағы Президент  сайлауына өз мүдделілігін танытты. Оннан астам сайлау учаскесінде болған бұл бақылаушылар да еліміздегі Президент сайлауының демократиялық жолмен, ешбір бұрмалаусыз әділ өтіп жатқандығына көздері жетіп, оны бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында да айналып өтпеді.  Осылайша сайлау күні оған қатысқандардың барлығы дерлік Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс беріп, халықтың бұл ерік-жігері халықаралық бақылаушыларды да тәнті етіп, мерейіміз одан сайын үстем бола түсті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар