Жасампаздық жалғасы

Дүрілдеген 2015 жылғы президенттік сайлау да өтіп, тарих төріне шығып, орналасты. Оның қорытындылары мен сабақтары әлі ұзақ мерзім бойына сарапталып, бүгінгі тіршілігімізбен қатар жүрері де хақ.

Сайлау нәтижесі әуелден белгілі болғанын осы науқанда халық айтты. Сайлаушылар Нұрсұлтан Әбішұлының Қазақстан дамуының стратегиялық бағдар-ламаларын бірауыздан қолдайтындарын айтып жүрді де, сайлауда өз ұстанымдарын дауыс беру арқылы жария етті. Бұл – осы сайлаудың ең үлкен, ең басты мазмұндық саяси ерекшелігі деуге болар еді.
Солай бола тұрса да, сайлау нәтижелерінің ең алғашқы әсерлері мен ерекшеліктерін айшықтаудың да маңызы қажет-ақ.
 Біріншіден, сайлау тіпті балама үміткерлер болғанына қарамастан, біртұтас Қазақстан халқының айрықша ынтымақ, бірлігін айғақтады. Бұл сайлау әртүрлі көзқарастағы адамдардың бір ортақ Тұлғаның төңірегіне топтасып, ортақ мүддеге жұмылуы мемлекет үшін де, қоғам үшін де, ертеңгі болашақ жетістіктеріміз үшін де оң ықпал етері анық. Екіншіден, Қазақстан азаматтарының қоғамдық, мемлекеттік белсенділігінің бұрын-соңды болмаған биікке көтерілуі – біздің еліміздегі құқықтық кеңістіктің толығып, тұрақтануының, оның жай сөз емес, шынайы өмір тынысымен астасып, тіршілігімізге қалыптасуының көрінісі. Қазақстан азаматтары өз тағдырларына, өз мемлекетіне, оның мемлекеттік басқару институттарына бейжай қарай алмайтындығын көрсетті.
Осындай сапалы көрсеткіштердің нәтижесінде Қазақстанда тіркелген 9 миллионнан астам сайлаушының 95 пайызының сайлауға келіп, өз дауыстарын беруі – мемлекетіміздің, біздің азаматтық қоғамның жаңа сапаға көтерілуінің куәсі. Сөз жоқ, бұл – өркениет жолындағы өте сапалы жетістік.
Сайлаушылардың белсенділігі жалпы, елімізде сайлаулар тарихында болмаған деңгейге көтерілгенін айтуымыз орынды. Елдің ерекше көңіл-күйі, ықыласы, сайлауға мүдделілігі қоғамның ауанына жаңа сипат, жаңа сезім берді. Бұл – ел сапасының өскендігі.
Үшіншіден, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары өте жоғары ұйымшылдықпен, ешқандай ойдан шығарылатындай саяси қайшылықсыз, айқай-шусыз, қақтығыссыз, дау-дамайсыз, көбіне салиқалы, ортақ мүдделілік тұрғысында өтті. Бұл – бір жағынан халықтың өз таңдауларына сенімділігін білдірсе, екінші жағынан біздің қоғамның саяси мәдениетінің, тағы да құқықтық, жалпы қоғамдық мәдениетінің өскендігін, жоғары дәрежесін көрсетеді. Барлық шаралар заң аясында жүргізілді. Заңнан ауытқушылыққа орын берілмеді. Сондықтан да сайлау елімізде заңдық, құқықтық кеңістіктің тұрақталуына оң ықпалын тигізгені де қуанарлық жағдай.
Төртіншіден, айрықша екпін беріп айтылуға тиісті көрініс – сайлауға, әсіресе, жастардың қызығушылығы, құлшынысы. Бұл – жастар бұрын селқос еді дегендіктен емес. Жас буын әруақытта да өзінің белсенділігімен, өмірге деген жарқын ықыласымен ерекшеленетіні белгілі. Осы сайлауға біздің мемлекеттік тәуелсіздігіміздің құрдастары – жас буын үлкен саяси күш болып келгенін де айтқанымыз жөн. Олардың көпшілігі сайлау құқықтарын өмірінде бірінші рет жүзеге асырды. Және сол құқықтарын біліп, саналы түрде зор жауапкершілікпен атқарғандары қуантады. Оған дәлел – сайлауалды кездесулердегі жастардың әңгі-мелері, қойған сұрақтары, сөйлеген сөздері, білімдері, дүниетанымдары.
 Жастар Елбасының «Қазақстан-2050», «Нұрлы Жол» стратегиялық бағдарламаларының Қазақстан болашағына маңыздылығын өте жақсы түсінеді, әрі жауапкершілігін айқын сезінеді. Қуантатын тағы бір жағдай – бұрын сайлау учаскелері таңнан ашылғанда ең алғашқы дауыс берушілер әдетте еңбегі сіңген ар-дагерлер, өмірде көргені көп аға буын өкілдері болса, бұл сайлауда таң ата алғашқы дауыс берушілердің қатарында жастар өте көп болды. Көптеген сайлау учаскелерінде, тіпті, ашылатын уақытынан бұрын, кезекке тұрып, шоғырланған сайлаушыларды көргенде ерекше әсер сезінгеніміз де шындық. Ал, шетелдік байқаушылар болса, мұндай көрініске таңғалғаннан басқа амалдары қалмады.
Міне, ұлтымыздың, халқымыздың өскені. Болашаққа зор сенім.
Бесіншіден, әрине, бұл сайлау – ел, мемлекет болашағының сайлауы. Сайлаушылар өте саналы түрде Нұрсұлтан Әбішұлының мемлекетіміздің әлеуетінің көтерілуіне жоғары баға бере отырып, оның болашағымызға бет алған «Қазақстан-2050», «Мәңгілік Ел», «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» мемлекетімізде дәл бүгін, таяу мерзімде атқарылып, жүзеге асуына тиісті 5 институттық реформаны тұтастай қолдады. Осы орасан бағдарламалардың ел тұрмысына енуіне бүкіл халық үлкен жауапкершілікпен әрі өз Отанының болашағына деген патриоттық сезіммен білек сыбана араласатыны да айдан анық.
Түйіндей айтсақ, жалпы сайлау еліміздегі саяси қоғамдық ауанды тазартты, жақсартты, халықтың көңіл-күйін, рухын, ожданын, санасын жаңа деңгейге көтерді.
Сайлау ұлтымыздың ынтымағын күшейтті. Бүкіл Қазақстан халқының тұтастығын тұрақтандырды. Билікке, мемлекетке сенім күшейді. Нұрсұлтан Әбішұлының Мәңгілік Ел биіктеріне бастаған бүкілхалықтық жорығының жасампаздық жеңісі болды.

Қуаныш СҰЛТАНОВ,
Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» партиясы
Саяси кеңесінің Бюро мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар