Жемісті жыл жалғасты болғай!

Тақырыпты осылай қоюымызға Целиноград ауданының әкімі Мәлғаждар Тәткеевтің дәстүрлі брифингтегі журналистерге берген кеңейтілген ақпараты түрткі болды.

Былтыр өзінің 90 жылдығын атап өткен аудан Астананың агломерациялық аймағында орналасқандықтан, өңірге жүктелетін жауапкершілік, облыс басшылығы тарапынан қойылатын талап та жоғары екендігі мәлім. Соған қарамастан, аудан басшысының сөздері мығым шықты. Бұған, 2018 жылдың қорытындыларына қаратып айтсақ, көңіл өсірер негіз де бар екен.
Әкім есебін Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдаулары үдемелі қозғалыстағы Қазақстан қоғамына жігерлі екпін қосатындығын, басты мақсат 2050 жылға қарай әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылу екендігімен байланыстырды. Сондықтан, өңір тіршілігінің мұраты осынау мәртебелі міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған. Мұны біз целиноградтықтардың былтыр мемлекеттік бюджетке салық пен басқа да міндетті төлемдер көлемін 8 миллиард теңгеге жеткізіп, жоспарды 112 пайызға орындағанынан, аудан экономикасына 38,8 миллиард теңге инвестиция құйылғанынан аңғардық. Бұл кез-келген мемлекеттік құрылымның басты көрсеткіші болып табылады.
Табыс бар жерде үйлесімділік қатар жүретіні белгілі. Ауданның барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері оң нәтижелер көрсеткен. Соның негізгілеріне ғана тоқталайық. Өнеркәсіп өнімдері 29,4 миллиард теңгені құраса, қайта өңдеу саласының үлесі 23 миллиард теңгеге жетіпті. Индустрияландыру картасына 2018 жылы 4 миллиард 258 миллион теңгенің ірі 3 жобасы енгізілген. Мемлекет басшысының бәсекеге қабілетті кәсіпорындар құру туралы тапсырмасына сәйкес Қабанбай батыр ауылында керамикалық зауыт, Қосщыда заманауи жиҺаз цехы жұмыс істей бастады. Сондай-ақ, «Жаңа өндірістер ашу жөніндегі жол картасы» бағдарламасымен жыл ішінде 8,1 миллиард теңгенің 14 жобасы жүзеге асырылғаны да құптарлық жағдай. Әкім биылғы жылы химия зауыты, 30 мың тонна астық пен майлы дақылдар қабылдайтын элеватор, голланд қызанақтары мен қияр өсіретін жылыжай, 3000 бас ірі қараны бордақылауға арналған алаң салынатынын да атап өтті.
Шағын және орта бизнес нысандары 2017 жылы 2600 болса, былтыр 3800-ге өсіп, 2,4 миллиард теңгенің көтерме сауда айналымын жасапты. Азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында 105 жәрмеңке ұйымдастырылып, 22,5 миллион теңгенің тауары сатылса, кәсіпкерлер тарапынан «әлеуметтік дүкендер» ашыла бастаған. Астананың азық-түлік белдеуін қамтамасыз ету үшін басым бағыттағы 27 жоба жүзеге асырылуда.
Әкімнің есебінде өңірлік өнімнің 52 пайызын қамтамасыз етіп отырған аграрлық сектор өкілдеріне жылы лебіз білдірілді. Сала бойынша жыл ішінде 30,8 миллиард теңгенің өнімі өндірілуі, астықтың гектар түсімділігі 13,9 центнерден айналуы, ет, сүт, жұмыртқа, көкөністің еселеп артқаны қол соғуға тұрарлық деп білдік. Шаруашылықтарда суармалы алқаптар көлемінің көбейе бастауы биылғы жылдың ырыздығына себепші болатыны да айқын.
Аудан әкімі білім беру, денсаулық сақтау, басқа да әлеуметтік салалардың барлығы цифрландыру жүйесіне көшкендігіне екпін түсірді. Бұл үрдіс жалпы дамуға серпін берген сияқты. Мұндағы «Астана-Өнім» АҚ және «Родина» агрофирмасы» ЖШС тауарлы сүт фермалары толық цифрландырылса, «Ақмола-Феникс» АҚ жер пайдаланудың дәлдік технологиясын енгізіпті. Шаруалар ғарыштық суретке түсіру әдісімен ауқымды мониторинг жұмыстарын атқаруда. Медицина саласында «DamuMed» мобильді ақпараттық жүйесі енгізілген.
Аудан әкімі есебін «Туған жер» бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен аяқтады. Осы бастамамен жерлес меценаттар, бизнестің табысты өкілдері 2,9 миллиард теңгенің 41 әлеуметтік жобасын жүзеге асырыпты. Атап айтқанда, Отаутүскен ауылында 50 орындық бастауыш мектеп, Мәншүк ауылында мұғалімдерге арналған бес пәтерлік жатақхана салынып, аудан орталығында «Рухани жаңғыру» демалыс және мәдениет бағы, Еңбек Ерлерінің даңқ аллеясы пайдалануға берілген. Бұның сыртында балалардың демалыс және спорт алаңдары іске қосылып, бірқатар әлеуметтік нысандарға жөндеу жүргізілді. Үлгілі бастама екені анық.
Бақберген Амалбеков,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар