Бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиесі өзекті мәселе

«Мәңгілік ел» идеясы мектепте» жобасы аясында екі жылдан бері мақсатты жұмыстар жүргізіп келе жатқан Щучинск қаласындағы №9 мектеп-гимназиясында Елорда және Алматы қаласынан келген профессор, ғалымдардың қатысуымен «Бәсекеге қабілеттілік – басты қағида» атты ғылыми-әдістемелік конференция болып өтті.

Мектеп-гимназиясының ауласына таң рауандап атқаннан-ақ біреулері ат, біреулері түйелерін жетектеп, біреулері қыран бүркіттерін тұғырына қондырып, сән-салтанатымен келген бапкерлер «Атадан қалған мирасым» атты шеберлік сыныптарын өткізді.
Бурабай ауданында ат баптау туризмінде жұмыс істейтін Ержан Ілиясов ат, түйені баптау мен тазы асыраудың қыр-сырымен бөліссе, Атамекен ауылынан келген Әлімхан Дауытбай ноқта өру, ат-әбзелдерінің жасалуымен таныстырса, бүркіт баптаған Байрақ Тастанбек бауырымыз ақ иық қыран құстарды әсіресе, жеті келіге дейінгі бүркіттерді қалай баптау керектігінен мәлімет беріп, жұртшылыққа жақсы көңіл-күй сыйлады.
Одан әрі мектептің кіре берісінде «Ұлы даланың жеті қыры» атты оқушылардың өз қолдарымен жасалған қолөнер бұйымдары көрмесі ұйымдастырылған. Онда мектеп оқушылары атқа міну мәдениеті, Ұлы даладағы ежелгі металлургия, аң стилі, Алтын адам, Түркі әлемінің бесігі, Ұлы Жібек жолы, Қазақстан – алма мен қызғалдақтың
Отаны екенін айқындаған әдемі көрініс көз тартады. Оған қоса, «Көкше толқындары» фольклорлық ансамблінің музыкалық ән шашуларына елітіп, екінші қабатқа көтерілгенде домбырашылардың күмбірлете күй тартуы қонақтарды өзіне одан сайын баурай түсті.
Фойеде «Мәңгілік ел» идеясы мектепте» жобасын таныстыруда «Табыс кілті – бизнес», «Іскер қыздар – заманға лайық тұлға», «Отандық өнім – ұлттық бренд», «Smart серіктестік – бірлескен әрекет», «Отбасы ұлағаты», «Ұлттық рух», «Арыс-
тандай айбатты жас жауынгер», «Алтын қор» бағыттарымен оқушылардың жасаған ғылыми жобалары, бәрі-бәрі қаз-қатар тізіліп, көрме ретінде арнайы орналастырылып, білім көкжиегіндегі алған жетістіктері тамсана қараған тамашалаушыларға еріксіз таңдай қақтырды. Осынша жұмыстың атқарылуы, әрине, мектеп-гимназия ұстаздарының өлшеусіз еңбегінің арқасы екені даусыз.
Мектепте екі жыл қатарынан «Мәңгілік ел» идеясы аясында «Ұлттық бренд – отандық өнім» тақырыбында биология пәнінің жоғары санатты мұғалімі Айман Абдрахманованың жетекшілігімен арнайы жоба жүзеге асырылуда. Онда дайын бірегей екі өнім насихатталады. Оның бірі – ғылыми жоба, яғни, бие сүтінен жасалған балмұздақтың шипасы болса, екіншісі құртжидек.
Бурабай ауданы туризмнің Отаны болғандықтан, бұл өнімдерді келген туристерге таныстырудың оңтайлы сәті мол.
Бүгінгі таңда осы өнімге патент алу да қарастырылуда екен. Осылайша өз өнімдерін экспорттау жолға қойылмақшы. Құртжидек өнімі Корея қаласында өткен жас ғалым байқауында бірінші және екінші орындарды жеңіп алған. Мектептің жас ғалымдар тобы «Мен жастарға сенемін» деп Мағжан Жұмабаев жырлағандай, көздерінде от ойнап, сөздерінде жалыны бар болашақтың бәсекеге қабілетті жастары екені аңғарылып-ақ тұр.
Конференцияның мақсаты – бәсекеге қабілетті тұлға даярлауда атқарылған инновациялық жобалардың нәтижесін саралай отырып, өзара тәжірибе алмасу. «Мәңгілік ел» идеясы мектепте» жобасының жұмысын талдау, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын оқу-тәрбие үрдісінде қолдану, «Жастар жылында» жас буынды жан-жақты дамыту бағытында өткен айтулы шараға Бурабай аудандық мәслихатының хатшысы Өтелбай Бейсенов төрағалық етті.
Бурабай аудандық білім бөлімінің басшысы Жангелді Төлегенов конференцияның ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеп, алыс-
тан арнайы шақыртумен келген қонақтарға ризашылығын білдірді.
Қазіргі таңда Қазақстанда білім беру үрдісінің өзіндік ұлттық үлгісі орнығып, жаңа мазмұндағы оқыту жүйесі қалыптасуда. Дүниежүзілік білім әлеміне кіру мақсаты көзделіп, әрбір ғылым саласында нақты өзгерістер енгізілуде. Мұндай түрлі бағыттағы өзгерістер білім беру жүйесінің даму бағыттарын нақтылап, оны тың арнаға, жаңа сапаға қарай дамыту қажеттілігін міндеттейді. Ұстаздар үшін тың міндеттер: оқыту әдістемелерін саралап, ғылыми еңбектерін сын көзбен бағалай отырып, оқушылардың жан-жақты дамыған, рухани жетілген жеке тұлға ретінде кәсіби шеберлігін қалыптастыру және өз іс-әрекетін, жаңаша ұйымдастыруды жолға қою.
Сонымен, конференцияның пленарлық бөлімінде Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің өзін-өзі тану және педагогика кафедрасының профессоры Ғалиябану Кертае-
ва ұлттық тәрбие бағытында «Білімді ұрпақ – ұлт болашағы», Абай атындағы ҚазҰПУ педагогика кафедрасының профессоры Ба-
уыржан Сайдахметов «Мәңгілік ел – ұлттық идея контекстінде рухани адамгершілік тәрбие беру мәселелері», «Global cапа» білім беру орталығының бас директоры Тілектес Шынғожина «Халықаралық деңгейде білім бәсекесіне даярлаудың жолдары», Абай атындағы ҚазҰПУ мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік кафедрасының меңгерушісі, профессор Ұлболсын Қияқбаева «Жас ұрпақты ғылыми ізденіске баулудың инновациялық жолдары» атты тақырыптарда баяндама жасаса, Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы, үздіксіз педагогикалық білім орталығының қызметкері, педагогика ғылымының кандидаты Шолпан Шүйіншина білімдегі бәсекелестіктің маңыздылығына тереңірек тоқталды.
Ал, Қазақстан Республикасы Ұлттық мұражайының «Халық қазынасы» институтының аға ғылыми қызметкері Ардаби Мәулет ұлттық мұра бағытында және Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің физикалық және экономикалық география кафедрасының оқытушысы, педагогика ғылымының кандидаты Мұхамедрақым Құрсабаев «Білім берудегі цифрландыру» тақырыбында тұщымды ойлары мен ұсыныс-пікірлерін жеткізді. «Адамның жақсысы – нағашыдан, домбыраның жақсысы – ағашынан» демекші бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиеленіп отырған оқу ордасының шәкірттері білімге құштар екендіктерін конференцияға қатысып, ашық микрофон алаңында тосыннан қойылған сұрақтарға жауап беру арқылы дәлелдей түсті. Әсіресе, Асхаттай оқуға зерек балалар бұл гимназияда көптеп саналады. Олар елімізде ғана емес, Ресей, Оңтүстік Корея елдерін бағындырып жүрген жас таланттар.
Конференция барысында аудандық білім бөлімінің басшысы мен аталмыш мектеп-гимназияның директоры оқушылардың білім сапасын жақсартудағы жеткен жетістіктері үшін республикалық деңгейдегі арнайы дипломмен марапатталды.
Сол күнгі конференция еліміздің дамыған елдермен қатар тұра алатын терезесі тең, өркениетті ел ретінде танылып, олармен білімі мен ғылымы, мәдениеті мен технологиясы теңесуі үшін маңызды істер атқару – ел мүддесі алдындағы парыз екенін тағы бір дәлелдей түскендей.
Иә, Бурабай өлкесіндегі №9 мектеп-гимназиясының «Мәңгілік ел» идеясы мектепте» жобасы аясында ұйымдастырылып отырған тәжірибе алмасу алаңы осылайша өз мәресіне жетті. Күннің екінші бөлігінде өткен секциялық жұмыстар оқушылардың білігін арттырса, сән-салтанатымен болған шарада Ұлттық мектептің бар болмысы толық көрініс тапты деуге әбден болады.
Конференцияға еліміздің жоғары оқу орындарының оқытушылары, профессорлар, мектеп директорларының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары, аудандық білім бөлімінің қызметкерлері, ата-аналар мен оқушылар және БАҚ өкілдері қатысты.
Жарты ғасырдан астам уақыт тарихы бар білім ордасына аз уақыт болса да басшылық жасап отырған Бибігүл Қуанышқызы Көшекованың бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеудегі еңбегіне сәттілік тілеп, тағылымы мен танымы мол айтулы шараның мәнді де мағыналы өткеніне еліміздің жоғары оқу орындарынан келген ғалымдар да ризашылықтарын білдіріп жатты.

Асылай Қадырқызы.
Суреттерді түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар