Бейбіт өмір, берекелі тірлік – бар қалауымыз!

Кезектен тыс сайлау өткізу туралы Үндеуі жарияланғаннан бері саясаткерлер мен сараптамашылардың уәждерін оқып, теледидар мен радио хабарларына құлақ түріп келеміз. Еліміздің қарапайым тұрғындары да өз пікірлерін жеткізуде. Осындай кезектен тыс Президент сайлауының мәнісі туралы жан-жақты айтылған пайымдаулар өз пікіріңді түйіндеуге жол ашады.

Әрине, уақытша билікке қалай десеңіз де ішкі түйсіктің алаңдайтыны анық. Халық сайлап, бүкіл ел сенім артып сайланған президенттің іске білек сыбана кірісері сөзсіз. Бұл өз еліміздегі ахуал болса, шет елдердің де заңды мерзіміне халық сайлаған президентпен жұмыс жасағысы келер. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел дамуын жаңа арнаға бастау-ды, жаңа бір серпін туғызуды көздеп өз қалауымен отставкаға кетсе, Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл сенімге қылау түсірмеуді көздегендей. Демек, уақыт оздырмай, «темірді қызған кезінде соқ» дегендей, Президент сайлауын шұғыл өткізген әбден дұрыс.
Халық айтса-қалт айтпайды. Бұл бұлтартпайтын анық сөз, анық тұжырым. Ал, халық Елбасы тапсырмасымен елімізде қолға алынған жеңілдігі, келешегі көптеген бағдарламалардың жүзеге асуын, тоқырамауын қалайды. Жаңа сайланған президент сол бағдарламаларды аяқсыз қалдырмай, жүзеге асырады, одан әрі де жандандыра түседі деп сенеді.
Осы күндері эфирге шығып, баспасөз бетіне жазып, пікір айтушылар өте көп, белсенді. Арасында батагөй ақсақал қариялар да, кәсібін дөңгелеткен кәсіпкерлер де, жалындаған жастар да жеткілікті. Әсіресе, көздері ашық, көкіректері ояу студенттердің пікірлері өте сауатты, терең. Құлақ түріп, тыңдасаң, қуанасың. Жастар білімді, сауатты, ел болашағы үшін жан-тәнімен алаңдаулы болса, ол болашағымыздың жарқындығының кепілі емес пе? Бұл алдағы президент сайлауына халықтың белсене қатысатындығының оң нышаны.
Әріптестерімізбен, оқырмандарымызбен бұл тақырыпқа әр күн сайын пікірлесіп отырамыз. Сонда туындайтын ортақ пікірге тоқталар болсақ, ол ең бастысы елдің тыныштығы, бейбіт өмір. Тұңғыш Президенттің «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары бойынша өңірде жүріп жатқан жұмыстар, ол шаралардың тиімді тәрбиелік-танымдық нәтижесіне де жұрт қуанышты. Бурабайда ашылған «Ботай-Бурабай» мұражай кешені ашылған, Абылай хандық құрып, Кенесары қол бастаған, Шоқан ойға шомып, Біржан, Ақан, Үкілі, Балуан мен Иманжүсіп ән салған бұл өлкеде әлі атқарылар шаруа ұлан-ғайыр.
…Күні кеше ғана Ақмола Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы облыстық қоғамдық кеңесінің кеңейтілген мәжілісіне қатынастым. Онда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, «Вайнах» облыстық шешен-ингуш қоғамының төрағасы Герихан Яндиев, «Чуваш этно-мәдени орталығының» тарайымы Елена Мащинская, Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің директоры Құралай Ыдырысова, Зеренді аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Күләш Рақымжанова, тағы басқалар кезектен тыс Президент сайлауын толық қолдайтындықтарын бірауыздан жеткізді. Олардың бәрі де өз еңбек ұжымдары, қауымдастықтары мүшелерінің сайлауға белсене қатынасатындықтарын жеткізді. Бәрі де осыған дейінгі шағын және орта бизнесті қолдау, көп балалы аналарға қамқорлықты жетілдіру, мұғалімдер мен медицина қызметкерлері, аудан-ауылдағы мемлекеттік қызметкерлер еңбекақысын көтеру шараларының біртіндеп орындала беруін қалайтындықтарын айтты.
Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан өзінің бейбіт те берекелі жолын таңдап, әлемге осы ұстанымын табанды түрде таныта алды. Елбасы Н.Назарбаев Қазақстанның бейбіт жолмен дамудың сара жолына түскен, сол бағыттан айнымайтын, кімнің болса да сенім арта алатын берекелі ел екенін дәлелдеді. Бейбіт өмірді, берекелі тірлікті, достық пен татулықты ту еткен елмен тізе қоса жұмыс жасап, табысқа қол жеткізуге құштар мемлекеттер саны арта түсері де сөзсіз. Халық ел алдына қойылған ірі бағдарламаларды жүзеге асырар президентін сайлауға да-йын. Сайлауға белсенді қатынасып, оның Президент Үндеуінде айтылғандай заңға сәйкес, әділ өтеріне сенімді.
Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,
жазушы, «Көкшетау» газетінің
бас редакторы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *