Шетелден шипа іздейміз, өзіміз әлі де дәрменсізбіз бе?!.

Жуырда ғана әлеуметтік желіні қарап отырып, Арай есімді жас ананың Инстаграмдағы парақшасына көзім түсіп кетті. Оның баласымен түскен суретінің астында

«Сауығып кетіңіздер» деген секілді көптеген пікірлер жазылыпты.

Не болғанын білейін деп, жас ананың парақшасымен түгел танысып шықтым. Сөйтсем, байғұс Арай аутизм дейтін ауыр дертке шалдыққан баласын шетелде емдету үшін адамдардан көмек сұрап, шырылдап жүр екен. Оның баласының тағдыры туралы жылап отырып жазған аянышты әңгімесін оқығанымда кәдімгідей жүрегім ауырды. Арай да жан дегенде жалғыз баласы осындай ауыр дертке шалдығады деп ешқашан ойламапты.
–Неден бастарымды, не айтарымды да білмеймін. Қандай ана баласын жамандыққа қисын? Менің және ұлымның өмірі жаман жаққа қарай өзгереді деп ешқашан ойламаған едім. Балам екі жастан асқанда оның тілі шықпай жүргені өзімді іштей мазалайтын. Бірақ, ата-анам, туыстарым ер баланың тілі кеш шығатынын, олар табиғатынан кеш дамып-жетілетінін айтқасын, уақыты келгенде сөйлер деп алаңдамай жүре бердім. Алайда, бір күні ғаламтордан баланың қай кезде сөйлеуі керектігі жайлы ақпарат іздегенімде аутизм дерті туралы ақпаратты көзім шалды. Сол сәтте жүрегім тоқтап қалғандай болды. Аутизмнің белгілерін анықтайтын тесті он бес рет өткен шығармын. Сонда да көңілім қалаған нәтижеге жете алмадым. Балаңызда аутизмнің жоғары қаупі бар деген сөйлем қайта-қайта шыға берді. Ол кезде ұлым үштен асқан еді. Онсыз да уақытымызды жоғалтқаннан кейін, енді қол қусырып қарап отыра алмай дереу неврапотолог дәрігерге қаралғанымызда ол да диагнозды растады. Бірақ, бұл оқиға қаншалықты жаныма батып, өзегімді өртесе де, мен үмітімді үзбеймін. Баламды адам қатарына қосу үшін ақтық демім таусылғанша күресуді қоймаймын, – деп, әлеуметтік желіде баласының денсаулығы үшін арпалысып жүрген жас ана содан бері үнемі дәрігерлердің бақылауында жүр екен. Алайда, елімізде ондай сырқатқа нақты ем табылмағаннан кейін Арай баласына шетелде емделу керек деп шешіп, мейірімді адамдардан қаржылай көмек сұрауда. Қазір оның баласы бестен асса да, сырқатының кесірінен не сөйлей де алмайды, өзінің қатарластарымен емін-еркін араласпайды, ойнамайды.
Қазіргі таңда медицина қарыштап дамып келе жатыр десек те, осындай дерттерді емдеуге келгенде оның әлі де қауқарсыз екенін көреміз. Тек, аутизм ғана емес, аурудың басқа да ауыр түрлері жаңбырдан кейін шыққан саңырауқұлақтай дендеп барады. Сол күні жас ана Арайдың ғана емес, баласының, жан-жарының, басқа да туысқандарының денсаулығы үшін күресіп жүрген бірқатар адамдардың Инстаграмдағы парақшаларын оқып шықтым.
Осыдан он жыл бұрын ісік ауруымен тек ересектер ғана ауырады деп ойлаушы едім. Алайда, қазіргі таңда бұл дерттің кәріге ғана емес, бесіктен белі шықпаған жап-жас нәрестелерде де анықталып, бейкүнә балапандарды өмір мен өлім арасындағы арпалысқа салатынын естіп жүрміз. Бүгінгі қоғам жиі пайдаланатын әлеуметтік желілерді ашып қарасаңыздар, осындай сырқат бүлдіршіндердің талайын табасыздар. Сонда бұл не? Тағдырдың сынағы ма?
Бір алаңдататын, ойландыратын мәселе, сондай дерттерге шалдыққан балалардың ата-аналарының көбісі баласының еміне шипаны шетелден іздейді. Шетелге қыруар қаржы жинап, баласын емдетуге барғаннан кейін үміттері ақтала ма, тілектері орындала ма деген көп сұрақтар санаға тағы маза бермейді. Оның үстіне, шетелдің емханалары бір емес, екі емес, мыңдаған долларлап ақша талап етеді екен. Өкінішке орай, азаматтарымызға шетелде ондай қымбат тұратын емдерді алуға мемлекетімізден квота бөлінбейді. Науқас балаларды көргенде біздің еліміздің медицинасы да барлық дерттерді емдеп жаза алатындай дәрежеге жетсе ғой деп ойлайсың да қоясың.
Арайдың әлеуметтік парақшасынан жазған әңгімелерін оқып отырғанымда, Айнагүл есімді тағы бір жас ананың оқиғасы еріксіз есіме түсті. Ол да осылай баласын шетелде емдетуге жомарт жандардан көмек сұраған болатын. Алла қолдап, қатерлі ісік ауруымен ауырған кішкентай ғана баласы Барселонада тиісті ем қабылдағаннан кейін беті бері қарағанын жуырда естіп, қуанып қалдық. Тек, қатерлі ісік қайта пайда болмайтынына сенімді болуы үшін олар бірнеше жыл сол елдің дәрігерлеріне қаралып, тиісті анализдер тапсырып тұрулары керек екен.
Көп адамдар осындай жайттарды оқу түгілі, естуден де қорқады. Мұндай жағдай олардың отбасында ешқашан болмайтындай көреді. Әрине, Құдай ешбірімізге балаларымыздың жамандығын көрсетпесін, ұл-қыздарымызға бақытты балалық шақ нәсіп етсін. Кез-келген ата-ананың тілегі осы ғой. Науқас балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың өміріне қарап, қарадай жаның ауырады. Бауыр еті балаларына Алла шипа берсе екен деп тілейсің де қоясың.
Жоғарыда айтып өткенімдей, бүгінгі таңда емге оңай көнбейтін аурудың жаңа түрлері көбейіп барады. Бұған тек сол науқастардың ғана емес, бүкіл қоғамның проблемасы деп қарауымыз қажет. Айналада адам бар екенін бір сәт ойлап, көмекке мұқтаж жандарға мүмкіндігімізше қол ұшымызды созайықшы!

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар