Көктемгі егіс жұмыстары өз мерзімінде сапалы өткізілсін

Көкшетауда Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен 2019 жылдың көктемгі егіс жұмыстарын ұйымшылдықпен сапалы өткізу

және оған дайындық жұмыстары мен алдағы міндеттер туралы облыстық агрокеңес болып өтті.

Кеңес жұмысына Көкшетау, Степногорск қалаларының, аудандардың әкімдері, облыстық басқармалардың, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімдерінің, астық компанияларының, ғылыми-зерттеу мекемелерінің, агроөнеркәсіп кешені мен шаруашылық құрылымдарының, шаруа қожалықтарының, дизель отынын жеткізуші операторлардың, ауыл шаруашылық техникалары мен өсімдіктерді қорғау құралдарын өткізетін диллерлік компаниялардың басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Шара барысында дәстүрлі ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесі ұйымдастырылды. Күн тәртібі бойынша облыс әкімінің орынбасары Ж.Ж. Нұркенов баяндама жасады. Алқалы мәжілісте облыс әкімдігі мен өңірлердегі ірі кәсіпорындар басшылары әлеуметтік әріптестік туралы меморандумға қол қойды.

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өзінің сөзінде бүгінгі кеңесті өткізу бойынша әртүрлі форматтар ұсынылғандығын айтты. – Бірақ, біз барлық мүдделі тараптардың қатысуымен кеңейтілген құрамда жұмыс істеуді ұйғардық,–деді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, еңбек өнімділігі мен ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының көлемін 2,5 есе арттыру өңірдің агроөнеркәсіп кешенінің басты міндеті болып табылады. Осыған орай, облыстың агроөндірістік кешенін дамытудың перспективалық бағыты ауыл шаруашылығы өндірісіне цифрлық технологияны, яғни, дәлдік жер өңдеу технологиясын енгізу маңызды ұстаным саналады.
Дәлдік технология әрбір жер теліміндегі топырақ құнарын жан-жақты талдауға негізделеді. Бүгінгі күні облыста осы технологияны қолданушы 95 шаруашылық бар. Аталған үрдіс пен басқа да озық технологияны енгізу нәтижесінде өткен жылы астық және бұршақ дақылдарынан 5,6 миллион тонна көлемінде өнім жиналды (13ц/га).
Еңбек өнімділігін арттырудың тағы бір маңызды жолы суармалы алқаптардың ауқымын кеңейту болып табылады. Біз 2018 жылы бұл бағытта белсенді жұмыс істей бастадық, осының нәтижесінде суармалы алқаптар көлемі 7 есе көбейіп, 21 мың гектарға дейін жеткізілді. (2019 жылы суармалы жер 6 мың гектарға өседі деп жоспарлануда). Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табуы керек және алдағы 5 жылда мұның көлемі 136 мың гектарға жеткізіледі. Жоспарланған ауқымды міндеттер ең алдымен облыс аграршыларының күнделікті қажырлы еңбегінің арқасында іске асады.

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Жомарт Нұркеновтың баяндамасы:

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев кеңес жұмысын кіріспе сөзбен ашты. Одан әрі облыс әкімінің орынбасары Жомарт Нұркенов күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасады. Біз бүгін жоспарланған ауыл шаруашылығы жылының қорытындылары, көп жағдайда, белгіленген тапсырмалардың тыңғылықты орындалуы-на тікелей байланысты көктемгі-дала жұмыстарының қарсаңында жиналып отырмыз. Сондықтан, біз тұқым себу науқанына қатысты мәселелерді жүйелі талқылап, ауыл шаруашылығы өндірісі ғалымдарының және тәжірибелі мамандардың ұсыныстарын терең зерделеуіміз қажет.
Кеңесте облыс әкімінің орынбасары Жомарт Нұркенов «2019 жылдың көктемгі егіс жұмыстарын ұйымшылдықпен және сапалы жүргізу бойынша дайындық жұмыстары мен алдағы міндеттер туралы» баяндама жасады. Көктем – агроөнеркәсіп кешен жұмысының аса маңызды кезеңдерінің бірі болмақ, яғни, біздің диқандар үшін тең жауапты науқан басталады. Облыста 2019 жылдың көктемгі егіске дайындық жұмыстары аяқталды деуге негіз бар. Ендігі жерде диқандар науқанды жоғары агротехникалық деңгейде жүргізіп, өнім молшылығын жасауға күш салуы тиіс.
Өткен жылы облыс аграршылары көктемгі-күзгі жұмыстар кешенін ұйымшылдықпен жүргізу, заманауи технологияларды тиімді пайдалану нәтижесінде гектар түсімділігін 13 центнерден айналдырып, рекордтық көлемдегі 5,6 миллион тонна астық жинады. Сондай-ақ, майлы дақылдардан 222 мың тонна, картоп пен көкөністерден, сәйкесінше, 280 мың және 62,8 мың тонна өнім алды. Осының нәтижесінде облыстың тұқым мен мал азығына ішкі сұранысы толық көлемде қамтамасыз етілді. Былтыр таяу және шалғай шетелдерге 2,4 миллион тонна астық, республиканың 12 облысына 723,1 мың тонна дәнді дақыл экспортталды. Бұл рекордты көрсеткіш және біздің астығымыз республика бойынша бәсекеге қабілетті өнім екендігін байқатады.

Өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 397 миллиард теңгені құраса, мұның 258,9 миллиард теңгесі егіншілік, 136,8 миллион теңгесі мал шаруашылығы саласының үлесінде. Облыста соңғы 3 жылда орта есеппен жылына 5,4 миллион теңге астық жиналып, гектар байлығы 12,5 центнерден айналуы өнім түсімділігінің тұрақты өсу деңгейін көрсетеді. Облыста 2018 жылы жиналған өнімнің 81 пайызы 3 класты сапалық деңгейде болуы республика бойынша үздік көрсеткіш екендігін атап өту қажет.
Ақмоланың сапалы астығы әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие болуы шаруашылық нысандарының экономикасын қуаттандыруға да әсер етуде. Биылғы жылы 4,7 миллион гектар алқапқа тұқым себу жоспарланса, мұның 4,3 миллион гектарына дәнді дақылдар орналастырылады. Ауыл шаруашылығы құрылымын әртараптандыру шеңберінде, негізгі дақыл – бидай 3,6 миллион гектар ауқымды алмақ. Сондай-ақ, өзге дақылдар көлемін көбейту үрдісі байқалады. Мысалы, 2015 жылы арпа мен сұлы, сәйкесінше, 456,6 мың және 37,4 мың гектарға егілсе, 2019 жылы бұл дақылдар 593,2 мың мен 48,4 мың гектарды құрайтын болады.
Ал, майлы дақылдар көлемі 247,7 мың гектар аумақты алады, мұның өзі өңдеу технологиясын тиімді пайдалану арқылы өңірдегі тұқым қорын ұлғайтады деп күтілуде. Зеренді ауданында бұл дақыл 61,7 мың гектарға себіліп, бүкіл аумақтың 25 пайызын құраса, Бурабай ауданында 40 мың гектарға жуық алқапта өсірілмек. Өзге аудандар бұл үрдісті жалғасырып алып кетуі керек.
Облыста мал шаруашылығын дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілуде, нақтылай айтқанда, ет кластерін одан әрі кеңейтуге басымдық берілуде.
Жоғары сапалы ірі қара етін молайту мақсатында 2018 жылы 6 мың басқа арналған арнайы бордақылау алаңдарының қуаты арттырылды, осының нәтижесінде бір мезетте бордақылау деңгейі 21,5 мың басқа өсті. Сүтті мал шаруашылығында соңғы 2 жылда 1370 бас малды қамтитын 23 отбасылық тауарлы-сүт фермасы ашылды. Сондай-ақ, ағымдағы жылы облыста 400-ден 1200 басқа дейінгі сауын табыны орналастырылатын мамандандырылған 5 ірі тауарлы-сүт фермасының құрылысы басталды. Жалпы, сала өкілдерінің алдына ет өндіруді 120 мың тоннаға (2018 жылы – сойыс салмағымен 67 мың тонна), ұйымдасқан шаруашылықтарда сүт өндіруді 200 мың тоннаға (2018 жылы – 90 мың тонна) дейін жеткізу міндеті қойылуда.
Импорталмастыру бағытында құс еті өндірісіне үлкен маңыз артылуда. Бұланды ауданында Орталық Азиядағы аса ірі Макинск құс фабрикасының (25 мың тонна) бірінші кезегі іске қосылды. 2020 жылы екінші кезегі пайдалануға берілген кезде, тек осы кәсіпорынның өзі Қазақстан ішкі нарығының 15 пайыздық сұранысын қамтамасыз етеді және импортты 30 пайызға төмендететін болады. Бұған қоса, 2020 жылы «Капитал Проджект» ЖШС жобалық қуатына еніп, жылына 20 мың тонна бройлер етін өндіруге мүмкіндік алады.
Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың аймақтық бағдарламасы
аясында белгіленген шараларды жүзеге асыру, бес жылдың ішінде ет және сүт өндірісін 2 есе арттырып, қайта өңдеу қуаттарының жүктемесін 90 пайызға және бұдан да жоғары өсіруді қамтамасыз етеді. Осының нәтижесінде еңбек өнімділігі мен қайта өңделген өнімді экспорттау көлемін 2,5 есе көбейту көзделуде.
Мал шаруашылығын дамытудың алға қойылған міндеттерін қамтамасыз етуде мал азығын қорландыру мәселесі айтарлықтай орын алатыны белгілі. Биыл мал азығындық дақылдар 662,8 мың гектарға немесе өткен жылғыдан 38,9 мың гектар алқапқа артық орналастырылатын болады. Мұның ішінде екпе шөптің көлемі 163,9 мың гектарға жеткізіледі.
Осыған қарамастан, мал басының өсуіне байланысты, барлық
аудандар бойынша егіс құрылымында мал азығындық алқаптар көлемін арттыруға көңіл бөлінуі керек. Біз үшін мұнда барлық мүмкіндіктер жеткілікті. Картоп пен көкөніс алаңдары, тұрғындар үлесін есепке ала отырып, сәйкесінше 17,4 және 3,9 мың гектарды құрайды. Бұл орайда аталған өнімдерді өндірудегі тұрғындардың мүмкіндіктері шекті көрсеткішке жеткенін ескеру қажет. Сондықтан, өнімді одан әрі ұлғайту арнайы мамандандырылған ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына байланысты болмақ. Осыған орай, картоп пен көкөністің ірі тауарлы өндірісіне басымдық берілуі керек және бұлар аудандар мен Нұр-Сұлтан қаласына таяу аймақтарда құрылғаны жөн.
Облыс ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымымен (521,4 мың тонна) қамтамасыз етілген. Мұның 80 пайызы 1 және 2 класты егіс стандартына сай екендігі жақсы көрсеткіш саналады. Бұған қоса, аттестатталған тұқым шаруашылығы нысандарында, нарыққа шығару мақсатындағы, жоғары өнгіштік 66,5 мың тонна тұқым бар. Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері олардан 26 мың тонна тұқым сатып алуға келісім шарт түзген. Жергілікті жерлерде арнайы шаруашылықтардан тұқым тасымалдауды 10 мамырға дейін аяқтап, облыстың барлық шаруашылықтары тұқыммен 100 пайыз қамтамасыз етілуі керек.
Көктемгі егіс жұмыстарының бір парасы тұқымды күнге қыздыру мен дәрілеуге қатысты екендігі белгілі. Бүгінгі күні облыста тұқымды дәрілеу препараттары 60 пайыз деңгейінде қорланған. Бұл жұмыстың қарқынды жүргізілуі талап етіледі. Облыс аумағында отандық химикаттарды жеткілікті ассортиментте өндіретін және нарыққа шығаратын кәсіпорындардың барлығы аталған істі толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді («Астана-НАН», «Агрохимия» ЖШС-лары және басқалары). Ауыл шаруашылығы техникаларына қатысты айтатын болсақ, облыста техника жөндеу аяқталуға таяп қалғанына қарамастан, әрбір ауданда машина-трактор паркін егіс науқанына толық дайындамаған шаруашылықтар кездеседі. Уақыт аз, баршаңыздан белсенділік талап етіледі.
Облыс бойынша соңғы 4 жылда машина-трактор паркін жаңарту көрсеткіші 8 пайызды құрайды. Соған қарамастан, 7 аудандағы жағдай облыстық көрсеткіштен төмен. Облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 1 тоқсанда 3,1 миллиард теңгенің 44 тракторын, 124 сеялка, 19 тұқым себу кешенін, 14 астық комбайнын және 83 дана өзге де техникаларды сатып алды. Бұл былтырғы көрсеткіштен анағұрлым жоғары.
Қолданылған шараларға қарамастан, ескірген ауыл шаруашылығы техникалары орта есеппен 53,4 пайызды құрайды, мұның ішінде тракторлар – 65,2, комбайндар 40,1 пайыз деңгейінде. Бұл Аршалы, Целиноград, Ерейментау және Зеренді аудандарында біршама жоғары. Сондықтан, жыл сайын парктің 8 пайызын жаңартып отыруға тырысу қажет. Биылғы жылдың егіс науқанына 15,1 мың трактор, 13,1 мың сеялка және 1243 дана жоғары өнімділіктегі тұқым себу кешені қатысады. Жұмыс жоспарына сәйкес, дәнді дақылдарды себуді 20 жұмыс күнінде аяқтау жоспарланып отыр. Бұл күніне 217,1 мың гектарға тұқым себу қажеттігін көрсетеді. Бұл ретте, жоғары өнімді кешендер үлесіне егістік алқаптың 63 пайызы тиеді деп есептелуде. Осының өзі тұқым себу науқаны негізінен заманауи жоғары өнімді кешендермен жүргізілетінін байқатады және машина-трактор паркін жаңартудың тиімділігі мен қажеттілігін тағы да көрсете түседі.
Науқанды ойдағыдай өткізудің басты шарттарының бірі жанар-жағармайдың жеткілікті қорлануына байланысты болмақ. Бүгінгі күні облыс шаруашылықтарында дизель отынының 51 пайызы, бензиннің – 51 және дизель майының 76 пайызы бар. Облысқа кепілді бөлінген 65 мың тонна дизель отынының наурыз айына бөлінген көлемі толық алынды, ал сәуір айының еншісіндегі жанар-жағармайдың құны толық төленіп, мұнай зауыттарынан тасымалдануда.
Жалпы, жаппай тұқым себу науқаны алдында шаруашылықтарда жанар-жағармайдың 60 пайызы болуы керек деп есептейміз. Агротехника мәселелеріне қатысты айтарымыз, науқан қарсаңы мен тұқым себу кезінде бұл шаралар ылғал сақтау мәселелеріне бағытталуы тиіс. Өйткені, біз диқаншылықтың тәуекелшіл аймағында орналасқандықтан, ылғал қоры жоғары өнім алудың кепілі болмақ.
Бұл орайда, әрбір шаруашылық жағдайында ауыл шаруашылығы тұқымдарын себудің қолайлы мерзімі, техникамен жарақтануы шешуші маңызға ие екендігі мәлім.
Облыста топырақ құнарын арттыру мен өнімділікті арттыруда минералды тыңайтқыштарды қолдануға айрықша көңіл бөлінеді. Қазір шаруашылықтарға 15,5 мың тонна тыңайтқыш жеткізілсе, бұл іс одан әрі жалғасуда. Биылғы жылы мемлекет ауыл шаруашылығын дамыту үшін облысқа субсидия түрінде 35,7 миллиард теңге қаржы бөледі. Бұл 2018 жылғыдан 7,1 миллиард теңгеге артық. Аталған қаржының 11,3 миллиард теңгесі егіншілік саласына бағытталады.
Тұқым себу науқанына несие қаражатын бөлу мәселесіне байланыс-ты, биылғы жылы тауар өндірушілерге несие 2-ші деңгейлі банктердің кепілдемесімен және кепілмүлікпен берілетінін ескертеміз. Бүгінгі күні облыс бойынша «Аграрлық несие корпорациясына» 97 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі 1,8 миллиард теңгеге тапсырыс берсе, 57 тауар өндіруші 1 миллиард теңгенің несие қаражатын алды. Жалпы, тұқым себу науқанын өткізу үшін 4-6 миллиард теңгенің көлемінде несие қаржысын алу жоспарланып отыр.
Біздің баршамызға субсидия, несие түрінде бөлінген бюджет қаржысының толық және өз мақсатында жұмсалуын, барынша экономикалық тиімділік пен өндіріс қарқынының артуын қамтамасыз ету міндеті қойылады. Өнімділікті арттырудың тағы бір маңызды факторы суармалы алқаптар көлемін арттыру деп санаймыз. Бұл бағытта белгілікті жұмыстар жүргізілуде. Соңғы жылдары жайылымдарды суландыру бағдарламасы бойынша сумен қамтамасыз етудің 204 нысаны қатарға қосылды.
Ауыл шаруашылығын цифрландыруда мейлінше көп экономикалық тиімділік күтілетін нақты егіншілік тәсіліне негізгі екпін түсіріледі. А.И.Бараев атындағы ғылыми-өндірістік орталықта 3 мың гектар аумақта нақты егіншілік полигоны құрылды. Бұл алқаптардағы ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі өңірлік көрсеткіштен 2,5 есе артық болды. Облыста егістік жердің 100 пайызы және жайылымдардың 71,6 пайызы цифрландырылған. 2018 жылы облыстық бюджеттен ғарыштық мониторинг жасауға 19 миллион теңге қаржы бөлінді. Биылғы жылдан бастап ауыл шаруашылығын қолдаудың барлық бағдарламалары автоматтандырылады.
–Бүгінгі кеңесте агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізгі мәселелері және көктемгі-дала жұмыстарының технологиясы тыңғылықты талқыланды деп есептеймін, – деді облыс әкімі Ермек Маржықпаев қорытынды сөзінде. Ауыл шаруашылығы саласының ғалымдары мен практик мамандар облыстың әрбір топырақ-климаттық аймағы бойынша алдағы жұмыс технологиясына қатысты тиімді ұсыныстар айтты.
Ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің заманауи технологиясын толық сақтаған жағдайда егіншілік саласы жоғары тиімділіктегі және бәсекеге қабілетті өнім өндіруге нақты мүмкіндік алады. Осыған байланысты егіншілікті қарқынды дамытуға, қолайлы жылдарда ғана емес, ылғалдың аз қорлануы жағдайында да тұрақты өнім алуға бағыт ұстануымыз керек.
Өңір басшысы, осы ретте, ауыл шаруашылығы басқармасы мен аудан әкімдеріне бірқатар міндеттер жүктеді:
1. 2019 жылға арналған егістік алқабының бекітілген құрамын орындау, барлық агротехникалық іс-шаралар кешенін сақтауды қамтамасыз ету;
2. Барлық ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеуді қысқа мерзімде аяқтап, Қазақстан Республикасы агроөнеркәсібін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде машина-трактор паркін жаңарту бойынша жұмыстарды жалғастыру;
3. Алдағы 10 мамырға дейін тұқымды жаңарту және алмастыру, жекелеген шаруашылықтардағы тұқым жетіспеушілігін жабу үшін элиталық-тұқым шаруашылықтарындағы тұқым құрамын толық іріктеу;
Жалпы, облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдары тек қана кондициялы тұқыммен себілуі тиіс, алқаптардың 75 пайызына жоғары өнгіштік тұқым орналастырылуы қажет.
4. Дәлдік жер өңдеу технологиясын ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарында ғана емес, фермерлік шаруашылықтарда да қолдануды жалғастыру;
5. Егінді арамшөптерден, аурулар мен зиянкестерден қорғау шараларын дер кезінде өткізу;
6. Егіншілікті қолдауға бағытталған бюджет қаржысын толық және өз уақытында игеруді қамтамасыз ету;
7. Ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру және мал шаруашылығын дамыту мақсатында майлы және азықтық дақылдар көлемі арттырылсын.

Пікірлер, ұсыныстар, міндеттер

«А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» серіктестігінің директоры Кенже АБДУЛЛАЕВ:

– Кезекті егіс науқаны басталуы-на да санаулы күндер қалды. Осы орайда, көктемгі егіс жұмыстарын өткізудің стратегиясын жасауымыз керек. Әр көктемнің өз ерекшелігі бар екені белгілі. Біз алқаптағы жұмысты өткізудің технологиялық үрдістеріне бейімделуге тиіспіз. Ең бастысы ауа райының жағдайы, бірінші кезекте жауған жауын-шашынның саны толғандырады. Бұл ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру жұмысының жетістігіне тікелей байланысты. Алқаптардағы өткен жылғы жиналмаған сабанның көптігіне байланысты септариоздың жоғары инфекциялық фоны күтілуде. Алдағы жылдардағы қолайлы метео жағдайдан өсімдік биомассасының құрылуына байланысты азот фоны азаяды, арамшөптер көбейеді. Көктемгі егіс науқанының басында метрлік жер қабатында тиімді ылғалдың орташа қоры болжануда. Атап айтқанда, парлы алқап бойынша ылғал қоры 110-140 миллиметр деңгейінде.
Жазғы бидай өсіру технологиясының негізгі агроәдістері жөнінде айтсақ, келтірілген мәліметтер жаздық бидай шығымдылығын қалыптастыруға оң ықпал ететінін көрсетеді. Мұнда тыңайтқыш, тұқым себу мерзімі, қорғау шаралары, ылғалдың жиналуы, егіс айналымы, сұрып, егіс алдындағы өңдеу, жинау мерзімі мен жерді өңдеу көп ықпал етеді. Күн жылысымен тұқымды ашық алаңға шығарып, кептіру қажет. Облыстың барлық шаруашылықтарындағы тұқымды міндетті түрде химиялық өңдеуден өткізу керек. Бұл көптеген
аурулар мен зиянкестердің дамуын шектеуге ықпал етеді. Егісті 3 репродукциядан төмен емес және егіс стандартының жоғары класты бейімделген сұрыптарымен жүргізу қажет.Ғылыми-өндірістік орталығы ауыл шаруашылығы дақылдарының егістегі фитосанитарлық шаралары бойынша ұсыныстар жинағын жасады. Озат шаруашылықтардың тәжірибесі арамшөпті жоюда жерді аралық өңдеудің тиімділігі мол екенін көрсетті.

«Қазгидромет» РМК Ақмола филиалының директоры Бақыт МАҚАЖАНОВА:

– Бүгінгі таңда «Қазгидромет» РМК Ақмола филиалы 12 мың егіс алқабында агрометеорологиялық бақылау жасауда. Сондай-ақ, 49 бақылау нысанында (19 метеорологиялық станция, 9 автоматтық метеорологиялық станция, 21 агрометеорологиялық бекет) метеорологиялық және агрометерологиялық мониторинг жүргізіледі.
Аталмыш станциялар мен пункттер ауа мен топырақтың температурасына, атмосфералық қысым, желдің бағыты мен жылдамдығы, ауаның ылғалдылығы, жауын-шашын мен қардың қалыңдығына бақылау жүргізеді. Сондай-ақ, өсімдіктің даму фазасы мен өлшеміне, астық құрылымы, өнімділік элементтері, өсімдіктің зақымдануы, топырақтағы ылғал қорын анықтау мен бағалау тәрізді барлық агрометеорологиялық өлшемдерді бақылайды. «Қазгидромет» РМК белгілеген ақпарат негізінде егіншілік, дәнді дақылдарды зерттеу, көктемгі егіс жұмысын өткізу кезінде күтілетін агрометеорологиялық жағдайды, егістің қысқа мерзімін, жазғы дақылдардың өсу болжамы, ауысымдық болжам тәрізді ауыл шаруашылығы өндірісінің мониторингісі бойынша жұмыс жүргізеді.
2019 жылдың мамыр айы 2013 жылдың ауа райына ұқсас. Облыс бойынша орташа температура нормаға жуық деп күтілуде (12-14 градус жылы). Дегенмен, бірінші онкүндікте 3 градусқа дейін күн суытады. Осы ай бойы жауын-шашын болады. Биылғы маусым айындағы орташа температура нормаға жуық деп күтілуде (17-20 градус жылы). Облыстың батыс, оңтүстік батыс бөлігіндегі жауын-шашын көлемі нормаға жуық, ал өңірдің солтүстік-шығыс және оңтүстік-шығыс бөлігінде нормадан артық (25-45 миллиметр). Шілде айында орташа айлық температура 19-21 градус жылы. Облыстың батыс және оңтүстік батыс аудандарындағы жауын-шашынның мөлшері нормадан төмен деп күтілуде. Облыстың шығыс және солтүстік шығыс аудандарындағы бұл мөлшер 34-73 миллиметр, яғни, нормаға жуық.

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің проректоры Қайрат АЙТУҒАНОВ:

–Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі өткен жылы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру жөніндегі ғылыми әдістемелік орталығын ашты. 2015 жылы аталмыш университет базасында шетелдік инвестиция есебінен ГИС-технология орталығы ұйымдастырылды. Жұмыс барысында жерді қашықтықтан зондылау мәліметінің әртүрлі көздері пайданылады. Университет агроөнеркәсіп кешенін цифр-ландыру бойынша 2 бағытта жұмыс жүргізеді. Біріншісінде жер ресурстарын пайдалану үшін мониторинг жүргізіледі. Екіншісінде нақты жер өңдеудің технологиясы енгізіледі.
Бірінші бағыт аясында алқапты цифрландыру және космостық мониторинг бойынша жұмыс атқардық. Нәтижесінде, алғаш рет нақты аудандардың мысалында алқапты пайдаланудың шынайы суретін аша алдық. Соңғы екі жылда Целиноград ауданындағы алқаптардың 7 пайызы, Біржан сал ауданында 12 пайызы пайданылмайды. Бүгінгі таңда бұл аудандардың әкімдіктері біздің мәлімет негізінде жерді пайдаланушылармен тиісті жұмыс жүргізуде. Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының тапсырысы бойынша 2018 жылы егіс алқаптары, ауыл шаруашылығы дақылдарының жағдайы және өңірдің барлық аумағындағы астықтың шығымдылығы анықталды. Сондай-ақ, ауылдық елді мекендер айналасындағы жайылым жердің жағдайын анықтау әдісі игерілді. Тиісті агротехникалық шаралар өткізуді қажетсінетін жайылым жерлер 5 пайызды құрайды. Мұндай мәліметтер қажетті шараларды қолдану үшін тиісті әкімдіктерге берілді.
Екінші бағыт аясында өткен жылы университет Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының 9 шаруашылық базасында нақты жер өңдеудің технологиясын өндіріске енгізу жобасын жүзеге асырды. Өңірде «Ақмола-Феникс» акционерлік қоғамы, «Диқан Плюс» пен «Журавлевка» серіктестіктері базалық шаруашылық болып саналады.

«ТНК агрофирмасы» серіктестігінің бас директоры Батырбек УӘЛИЕВ:

–Елімізде табысты жұмыс істеп келе жатқан нарықтық экономика моделі қалыптасты. Мемлекет бізге жер берді, нормативтер белгіледі. Біз жайқалтып егін өсірумен бірге мал өнімдерін қайта өңдеуді қамтамасыз етуіміз керек. Жаңа технология-лар мен бизнес-модельдерді енгізу, агроөнеркәсіп кешенінің ғылымға негізделуін арттыру шаруашылықтарды кооперация-лау қажеттігін күшейтеді.
Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы субъектілерінің жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсетілуде. Кез келген елдегі ауыл шаруашылығы саласының алдында азық-түлік қауіпсіздігі және әлем рыногында бәсекеге қабілетті болу мәселесі тұрады. Бұл бағытта біздің елде бірқатар жұмыс атқарылуда. Ауыл шаруашылығын қолдау жөнінде мемлекеттік бағдарламалар жасалып, қомақты қаржы бөлінді. Оны тиімді пайдалану жөнінде мәселер бар. Жер және салық кодексі тәрізді қажетті нормативтік құжаттар шығарылды. Осының бәрі біздің жұмыс істеуімізге қолайлы жағдай туғызып отыр.
Компаниямыз 20 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінгі таңда 200 мың гектар егістік алқабы бар біздің аграрлық холдингке 15 компания кіреді. Ұжымда екі мыңға жуық адам жұмыс істейді. Соңғы төрт жылда әр гектардан 17 центнерден өнім алдық. Өндірген өніміміздің 60 пайызын өңдейміз. Холдингте төрт диірмен кешені жұмыс істейді. Жалпы біз Қазақстанда өндірілген өнімнің 6 пайызын өндіреміз. Бұл өнімнің 45 пайызы экспортқа шығарылады.
Мал шаруашылығымен де айналысып, 8 мың бас ірі қара, 1 мың жылқы бағамыз. Екі мың бас ірі қараға арналған мал бордақылау алаңы бар. Малды асылдандыруға көп көңіл бөлеміз. Өзіміз өндірген сүт пен етті өңдейміз. Жыл сайын 7 миллиард теңгеге жуық кіріс аламыз. Атбасар қаласында екі кәсіпорын аштық. Диірмен мен тары зауытын салдық. Сөйтіп, әлемдік рынокта сұранысқа ие өнімдер өндіруді қолға алдық. Біз елімізді кемелдендіру үшін Мемлекет басшысының тапсырмаларын толық орындауға міндеттіміз.

«Қазақстан Ет одағы» президиумының мүшесі, «СК Фууд» серіктестігінің директоры Мақсұт БАҚТЫБАЕВ:

–Еліміздің алдына еңбек өнімділігін 2,5 есе арттырудың ауқымды міндеті қойылды. Бұған түбегейлі технологиялық шешімсіз және мемлекеттік қолдаусыз қол жеткізу қиын болғандықтан, Ауыл шаруашылығы министрлігі бизнес қауымдастығымен бірге қаржы ресурсымен және тиісті нормативтік-құқықтық базасы бар салалық бағдарламалар жасады. Бұл кәсіпорындар еңбек өнімділігін 2,5 есе арттырады. Орташа шығымдылығы 13 центнер болғанда, гектарынан 200 доллар кіріс кіреді. Алдағы міндет – гектарынан 33 центнер астық немесе 500 доллар түсім алу. Ол үшін жақсы тұқым, қазіргі заманғы техника, норма бойынша тыңайтқыш енгізу, сондай-ақ, агроменеджментті пайдалану есебінен астық шығымдылығын көбейтуге ұмтылу керек. Мал шаруашылығын дамытып, суармалы жер әлеуетін пайдалану қажет. Құнарлы мал азығы малдың қоңдылығына ықпал етеді. Мәселен, гектарынан алынған 13 центнер мал азығынан 1300 долларға бағаланған 2,5 тонна етке айналдыруға болады. Мұндай мақсат үшін «Сыбаға» бағдарламасы жұмыс істейді.
Қазір отбасылық шағын және орта фермалардың әрқайсысы 100-200 бас ірі қара бағады. 15 жылға 4 пайызбен берілетін жеңілдік несие және қолайлы кепілдік саясат көптеген ауыл тұрғындарын толыққанды фермер болуға мүмкіндік жасауда. Ол үшін әрине фермердің 500-1000 гектар жайылым жері болуы тиіс. Мұндай фермердің жылдық таза кірісі 10 миллион теңгені құрайды. Аталмыш бағдарлама аясында Ақмола облысында үш мың жаңа фермер үшін жағдай жасау, қолда бар 400 мың ірі қара мал басын көбейту қарастырылған.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар