Өрелі сапарлар өнегесі

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі, «Алтын дәрігер» төсбелгісінің иегері, медицина ғылымдарының докторы Қасымжан Тәшметовтың жуырда ғана баспадан шыққан «Отаным – Мәңгілік ел» кітабы қолыңа тигеннен-ақ жүрегіңе жылы сезім ұялатады. «Отан», «Ел», «Мәңгілік» деген ұғымдар әрбір қазақ баласына ыстық, сонау ежелгі дәуірлерден құлағына сіңісті болған, Қорқыт бабамыз бен Асан қайғы бабаларымыздың арман-мұраттарындай аялап, қазағына мәңгілік қоныс қылар «жерұйық» іздеген тілектеріне ұштасар асыл сөздер.

Қай қазақ баласы Отан, туған жер дегенде толқымасын. Кітаптың безендіріліп, көркемделуі де ғажап екен, көз тартар дүниені әркімдер де қолына ұстағаннан-ақ, ішінде не бар екен, қазынасы қомақты ма екен дері сөзсіз. Бірден айтуымыз керек, елең еткізердей елеулі, жалт еткізіп қаратардай жаңалығы бар жарқын дүние болып шыққан.
Автор өзі алғысөзінде кішіпейілділікпен журналист, жазушы немесе тарихшы еместігін айтып, оқырманнан кешірім өтіне отырып, өз мақсат-мүддесімен таныстырады. Оның алдына қойған мақсаты бірден көкейге қона кетті, мұндай мақсат көздеу үшін, әрине, жазушы, тарихшы болу шарт емес. Қасымжан Қалижанұлының бұл кітапты қолға алудағы азаматтық мүддесі – тақырыбында тұрғандай, Отан, ел мүддесімен орайлас, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттік бағдарламасы іспетті «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларының мұрат-мүддесімен ұштасып жатыр. Осы үлкен мақсатты автордың «Отан – отбасынан басталады» дегендей, отбасы тірлігімен байланыстыруы өте құптарлық. Отбасылық демалыс дегенді әркім өзінше түсінеді, жасыратыны жоқ, көп адам өз басының рахатын ғана ойлайды немесе жолдас-жораларымен дем алғанды ұнатады, жұмыстан да, отбасынан да аулақтап, оны күнделікті күйбең тіршілік деп ұғып, олардан бөлек болғанды жөн көреді. Ал, Қасымжан Тәшметов өз немересіне қазақтың қасиетті әрбір өңірін аралатып, соны көрсін, білсін, көкірегіне түйсін дейді.
Мен бұл кітаптың авторынан екі үлкен ұлағат, үлгі тұтар өнеге көріп отырғандаймын, біріншіден, оның ең асыл уақытын ұрпағына, немерелерінің тәрбиесіне бөлуі, екіншіден, осы ұрпағы үшін асылды өзге елдерден емес, өз Ота-
нынан, туған жерінен табуы. Әрі қарай айта берсек, Қ.Тәшметовтың бұл өнегесі талайларға үлгі болары сөзсіз, өйткені, түптеп келгенде, ешкім де, әсіресе, біздің қазақ өз ұрпағының тәрбиесіне селқос қарай алмайды, қазақтай бауырмал, балажанды халық бұл дүниеде сирек болар, ал сол ұрпағы үшін қоң етін кесіп беруге дайын қазақтың өз ұрпағына жақсылық тілемейтіні, болашағын ойламайтыны, елі мен жерінің тарихын білсе демейтіні, Абай атамыз айтқандай, мемлекетінің «бір кірпіші болып қалануын» көксемейтіні болмас. Себебі, кім ұрпағын жаман болсын демек?!
Кітаптың алғашқы беттерінен-ақ бізге ұнағаны – еліміздің ең басты рәміздерінен басталуы. Мемлекетіміздің Туы, Елтаңбасы, Әнұраны біздің қасиетіміз, сондықтан, осындай ізгі ниет кітаптың алғашқы беттерінде көрсетіліп тұрса, мұның өзі зор үлгі-өнеге. Мұны әркім біледі деуге болмайды. Сондықтан, ол кітапта алдымен көрініс табуы құптарлық.
Біз он сегізінші ғасырдан жиырмасыншы ғасырдың соңына дейін тәуелді ел болдық, өткен тарихымыздың ұлағаты көп дегенімізбен, өз тарихымызды жоғалтып ала жаздаған жұртпыз, өйткені, отарлаушы империялық ел біздің тарихымызды аяқасты етті. Осы танылмай келген, көмулі жатқан тарихымызды енді аршып алып жатқандықтан, бірінші тараудың «Тарихтан алар тағылым» деп аталуын, сонау Орхон-Енисей жазуларынан басталып таныстырылуын жөн көрдік. Әрине, бұл тарихи еңбек емес, сондықтан, тарихи мәліметтердің жас ұрпақ ұғымына сай қысқа да нұсқа берілгені әбден дұрыс. Екінші тарау «Қазақ елінің астаналары» да бүгінгі ұрпақ үшін аса маңызды тарих. Астана – елдің басты ордасы, өзге елдер мемлекет астанасына қарап, оның қаншалықты орыны бар екендігін, күш-қуатын айқындайды.
Егер бұл отбасының ел тарихын танудағы бағытын «отбасылық экспедициялық сапар» деп атайтын болсақ, сол экспедиция мүшелерінің болған жерлерінде, қалаларында, ең алдымен, мұражайға бас сұғып, сол өңірдің тарихымен танысуы әбден құптарлық. Жалпы, еліміздің астанасы болған қалалар – Қызылорда, Алматы қалалары тарихы өте бай, көне қалалар, онда ірі ғимараттар, мәдени орындар өте көп. Атасы немерелерін мәдени ескерткіштермен, еліміз үшін маңызды нысандармен таныстырып отырған. Мың рет әңгімелеп айтқаннан гөрі, әрине, көзбен көріп танысудың әсері бөлек, әсіресе, балалар көргенін ұмытпайды, жадына тоқып алады, дос-құрбыларына әңгімелеп береді. Осылайша баланың ой-өрісі кеңейеді, көргенділігі, біліктілігі артады.
Экспедиция мүшелерінің болған, аралаған жерлерінің атақты адамдарымен танысуы, ескерткіш фотосуреттерге түсуі өте әсерлі. Түркістан, Тараз өңірі – еліміздің ең көне тарихи орындары, мұнда бір болудың өзі баланың, жас ұрпақтың жан дүниесін байы-
тары сөзсіз. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі – еліміздің қасиетті қағбасы, дүние жүзіне танымал әйгілі ескерткіш, Арыстанбаб кесенесі де солай. Мұнда барған ұрпақ рухтанады, жігерленеді әрі біле түссем деген талабы оянады. Балалардың атасы Қасымжан өзі де спортты серік еткен, спортшыларды қатты қадірлейтін болуы керек, немерелерін дүние жүзінің әлденеше дүркін чемпионы болған, қазақтан алғаш рет әлемге танылған балуан спортшы Қажымұқан Мұңайтпасовтың аруағына бас идіріп, тағзым етулері өте жөн. Осы Оңтүстік өңірінде спорттан қазақ елінің атын шығарған, өкінішке орай, өмірден ерте кеткен атақты екі боксшы – Ә.Нұрмаханов пен Б.Саттархановтың жөні бөлек. Олар да кітапта қамтылған. Еліміздің атақты тарихи өңірлерінің бірі – Созақ. Маған экспедиция мүшелерінің осындай тарихи өңірлерге көп көңіл бөлгені қатты ұнады. Ысқақ бап әулие, Қара бұра әулиелер басында болулары, тәу етулері өте орынды.
Енді бір ерекше ұнаған мол тағылымды тарау – «Ұлы Абайдың елі Семейге жол түсті». Мұнда автор бұл жерді жай қызықтаушы немесе немерелеріне таныстырушы ғана емес, өзінің пікір-көзқарастарын, ойларын да білдіріп өтіпті. Оның бұл өңірге келудегі мақсаты, ұстанымы, немереге айтар өнегесі ұнады. Тараудың әуелгі бетінен-ақ оның осындай алдына мұрат-мүдде қоя білуі тартымды. «Семей ең алдымен, ұлы ағартушы, ойшыл, дана да кемеңгер Абайды дүниеге әкелген қасиетті өлке. Қазақ халқының тарихын терең білгің келсе, Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романын оқы. Мен де өз немереме алдымен осы құнды шығарманы оқуына кеңес бердім. Сонда ғана қазақтың өткенін танисың, сонда ғана Абайды танисың. Немерем ақылыма құлақ асты» дейді автор бұл орайда.
Тарихқа Әбілқайыр хан, Әйтеке би, Мөңке би, Есет Көтібарұлы, Қобыланды батыр, Таймас ишан, А.Жұбанов, Н.Байғанин, батыр қыз Әлияны берген Ақтөбе өңіріне барған сапары да қызғылықты. Соның ішінде Әлияның өзі мен оған арналған «Әлия» әні туралы деректер ұрпақ үшін өте маңызды дейміз.
Отбасылық экспедицияның Қарағанды, Жезқазған өңірлерін аралаған сапарларында да мол тағылым бар. Автордың өзі медицина саласында жетістіктері мол ғалым болғандықтан, өңірлердегі осы ғылымның өркендеуіне қатты мән берген, Қарқаралыда қазақтың айтулы тұлғалары еңбек еткендігіне назар аударған, атақты Мәди өнерпаз туралы айтып өткен. Қарағанды, Жезқазған, Қарқаралы қойнаулары, Жаңаарқа, Қарсақпай өңірлері тұнып тұрған тарих. Қарқаралы өңіріндегі Қоянды жәрмеңкесі – қазақтың талай марғасқаларының табаны тиген қасиетті топырақ, осының бәріне автор шолу жасап отырады. Сондай-ақ, ұлы ғалым Қаныш Сәтбаевқа арнайы тоқталған. Осындай ұлы тұлғаларды таныстырып отыру кітаптың мазмұнын аша түседі.
«Жезқазған өңірін аралап жүргенде, Қарсақбай қаласына барып, Қоңыратбек Құрманбаевтың бейітінің басына барып, тағзым еттік» деп жазады Қасымжан Қалижанұлы. Ал, бұл тұлғаның көкшетаулықтар үшін кім екені ежелден белгілі. Осы өңірде жұқпалы қатерлі дерт – туберкулезді ауыздықтауда үлкен жетістікке жеткен ғалым дәрігер. Кітап авторы өзі басқаратын Қ.Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансерде осы тұлғаның ескерткіш бюстін орнатып, фтизиатрия саласына қатысты мұражай ашқан.
Ұлытау өңірі туралы, оның басына Ақсақ Темірдің тоқтап, тасқа қашап белгі қалдырғаны, Алтын Орданың соңғы екі ханы Едіге мен Тоқтамыстың Ұлытау биігінен мәңгілік қоныс тебуі, Алаша хан, Жошы хан мазарлары туралы мағлұматтар – қазақ тарихының ең жарқын беттерін танытар құнды деректер. «Қарт Таразға тағзым» тарауы да өте құнды деректерге толы. Айша бибі, Бабаджа хатун кесенелері туралы мағлұматтар, ұрпақтарды атақты Кенен Әзірбаев мұражайымен, оның өнерімен таныстыру – кітаптың сапалық мазмұнын одан әрі арттыра түскен.
Павлодар өңірі де – тарихқа бай өлке. Бір Мәшһүр-Жүсіп Көпеев айналасынан қаншама қасиет-құндылық табуға болатынын көзі қарақты оқырман біледі. Автор оның қазақта ең алғаш қажылыққа барғандар туралы қызықты деректерін берген. Бұл орайда, ұлы Абайдың әкесі Құнанбай атамыздың қажылыққа барған үшінші адам екендігін екінің бірі біле бермес. Автор – Маңғыстау өңірінің тарихы туралы да тартымды мысалдар келтіреді. Маңғыстау десе, әйгілі Бекет ата еске түседі. Жалпы, бұл кітапта қазақтың осындай өңірлері туралы мағлұматтар өте мол, мұны оқу орындарының ұстаздары өз сабақтарында көмекші көрнекі құрал ретінде пайдалануларына әбден болар еді. Атырау өңірі, Жайық өзендері туралы материалдар да алдыңғыларындай айшықты фотосуреттермен байытылған. «Сырға толы Сарайшық» тарауында келтірілген тарихи деректер де мол. Жалпы, автор осы еңбегінде әр өңірдің өзіндік ерекшеліктері туралы ой түйіп, табиғатына, сәулеттік құрылымына, тарихи орындарына көп көңіл бөліп отырады. Батыста немересімен бірге Мәншүк Мәметова мұражайын тамашалауы да жас ұрпаққа мол ғибрат болары сөзсіз. Жәңгір хан, Дәулеткерей күйші, Мұхамед Салық Бабажанұлы туралы деректер, Құрманғазы, Дина күйші туралы мағлұматтармен таныса келе, енді бір сәт өзіміздің солтүстік аймаққа да табан тіреп, келіп қалыппыз. Қазіргі территориялық бөлінісі демесек, жалпы, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау өңірлерін жұрт бір-бірінен айырмай бірге атайды, бұл өңірлердің қасиетті жерлері, ұлы тұлғалары да ортақ. Кітапта Абылай хан тарихы, қазақтың әйгілі сал-серілері Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Шоқанның ғалымдығы, өнері де мол қамтылған. Бурабай аңыздары туралы деректер жайлы да осыны айтамыз.
Автор, яғни, Қасымжан Тәшметов туған жерін өте-мөте сүйеді, оның өсіп-өркендеуіне қалтқысыз қызмет етіп келеді. Оның облыс, қала деңгейінде атқарған іс-шаралары туралы жерлестері жақсы біледі. 2001 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай, сол кездегі Ақмола облыстық санитарлық-эпидемиологиялық станциясының басшысы Қасымжан Тәшметовтың тікелей ұйымдастыруымен Ақмола облыстық ауруханасы жанында саябақ ашылды. Ол қазір осындағы жұртшылықтың сүйікті демалыс орнына айналған. Кейін оның бастамасымен дәл осындай аллеялар облысымыздың Сандықтау, Ақкөл, Жарқайың аудандарының орталықтарында да пайда болды. Оның тағы да бір елжандылығы – ата-бабалар рухына тағзым етіп, өзінің туған жерінде Найзалы тас белгісін орнатуы. Бұл – кезінде Ақмола облыстық денсаулық басқармасының басшысы лауазымына дейін өскен қазақтың осы бір тұлғалы азаматының ел игілігі үшін өз өмірінде атқарған көп істерінің тек бір парасы ғана.
2017 жылы мамыр айында Қасымжан Тәшметов әкесінің өмірден өткеніне 15 жыл толуына байланысты ас берді. Бұл астың өзге астардан бір ерекшелігі, әкесі Қалижан, аталары Ташмұхамед пен Әлмұхамедтен және әжелерінен қалған ер тоқым, астау, төс, домбыра, күбі, тағы басқа тұрмыстық заттар мен қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырды. Кітап авторы осы жәдігерлерден өз шаңырағында кішігірім мұражай ашып, бұл жағынан да өзгелерге өнеге болып отыр. Міне, өздеріңіз байқап отырғандарыңыздай, Қасымжан Тәшметов денсаулық сақтау саласында үлкен биіктерді бағындырған ғалым дәрігер ғана емес, сонымен бірге, ұлттың ұлттығын, елдің елдігін ойлап жүрген терең зерделі азамат. Әрқайсымыз да «қазағым, Отаным» деп дәл осылай толғана білсек, бүгінгідей тілі дүбәра, сана-сезімі олқы, жартыкеш қазақтың күйін кешпес едік. Бір шығармашылық ұжым еңбек етіп, баспаға ұсынарлықтай кітапты бір өзі қолға алып, еліміз бойынша қаншама өрелі сапарлар сырына бойлатқан автордың бұл туындысы шынында да, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асырылуына қосылған сүбелі үлес десек, ешбір артық емес.
Дәулет ӘМІРҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар