Кәріз құбырының әлегі

Облыс орталығындағы Құсайынов пен Шевцова көшелерінің тұрғындары екі жылдан бері кәріз құбырынан жиі атқылайтын лай суды кешіп, жағымсыз иісінің салдарынан үйлерінің желдеткішін ашпайтын болды.

Бұл жөнінде редакциямызға қала тұрғындары Арғын Қабылов пен Владимир Болдырев хабарласқан еді. Біз осы апатты жағдайды өз көзімізбен көріп, мәселенің мән жайын тұрғындардан сұрап білдік. Бұл кәріз құбырынан Жайлау шағын ауданы мен осы маңдағы бірнеше коттедждердің ласс суы ағады екен. Құсайынов көшесіндегі №19 үйдің маңындағы екі құдықтың арасында жарылған кәріз құбырының лас суы төменде жатқан Шевцова көшесінің бойымен ағып жатыр.
–Бұл құбыр 2010 жылы салынған. Құрылысшылар технология талаптарын орындамай, құмның орнына тас аралас топырақ салып жатқанын көзім көрді. 2016 жылдан бері кәріз құбыры жиі жарылатын болды.Төтенше жағдай орын алғанда «Көкшетау Су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына телефон шалудың өзі қияметтің қиыны. Екі-үш күн телефон шалғаннан кейін ғана сантехниктер келеді. Бұған дейін лай су субұрқақ тәрізді атып, көшені ластайды, жағымсыз иіс айналаға тарайды. Осы кезде таза ауамен дем алуға зар боламыз. Жаз айларында терезе желдеткішін ашпаймыз. Кейін лас су таситын арнайы автокөлік келіп, тазалайды. Екі күннен кейін құбыр тағы бекітіледі. Аталмыш кәсіпорынға тағы да телефон шаламыз. Олар екі күннен кейін келіп тазалап кетеді. Сөйтіп, иісі мұрын жаратын субұрқақ төрт күн бойы атқылап тұрады. Өткен жылы бұл кәріз құбырының жоғары жақтағы екі жері жарылды. «Көкшетау Су арнасы» кәсіпорны жаз айларында құбыр ауыстыруға мойын бұрмады. Қазір жер қатып қалды,–дейді Арғын Қабылов бізбен әңгімесінде. Бұл жағдай жөнінде «Көкшетау Су арнасы» кәсіпорнының бас директоры Зейнұр Әлібековпен хабарласқан едік.
–Құсайынов көшесіндегі қалалық кәріз құбыры жүйесін «АП Импекс» серіктестігі жергілікті бюджет қаржысы есебінен 2010 жылы салған. 8 жыл пайданылған кәріз жүйесі қысымның салдарынан жарыла бастады. Жердің отыруынан құбырдың кейбір тұстары майысып, лас суды тез өткізе алмайтын болды. Өтінім бойынша кезекші сантехниктер бригадасы шығып, апатты учаскені тазалайды. Апатты жағдайлар көп болғанда уақытында келе алмаймыз. Бүгінгі таңда су сорғышсыз ағатын коллектордың жұмысы бақылауға алынды. Құсайынов көшесіндегі мұз болып қатып қалған лас суды тазалап, Шевцова көшесі бойындағы жолға инерттік материалдар төседік. Келешекте Құсайынов көшесінің бір бөлігі абаттандырылады деп жоспарланған. Оның ішіне, апатты су құбыры мен кәріз жүйесін жөндеу жұмысы кіреді,–деді бас директор редакциямызға жіберген хатында.
Құрылыс кезінде құбыр құммен неге жабылмады деген сауалды «АП Импекс» серіктестігінің директоры Жұмабай Әміржановқа қойдық. Ол өз сөзінде Құсайынов көшесіндегі кәріз құбыры жүйесінің барлық құрылыс-монтаж жұмысы жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес жүргізіліп, мемлекеттік қабылдау комиссиясының актісі арқылы пайдалануға берілгенін, кепілдік мерзім екі жылды құрайтынын айтты. Ал, құрылыс жұмысының сапасы жөніндегі екі жақтың қарама-қайшы сөзінің дұрыс-бұрысын анықтау мемлекеттік сарапшылардың құзырындағы шаруа.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар