Жастар театрының сәтті сапары

Жастар жылының жаңа заман жастарының рухани әлеміне олжа салатын шарапаты да аз емес. Соның бірегейі облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Рух Алдаспан» қоғамдық бірлестігінің жанынан ашылған облыстық «EL_jastar» эксперименталдық лабораториялық жастар театры.

Алғашқы қойылымымен-ақ көкшетаулық жас қауымды жалт қаратқан аталмыш театрдың әлден-ақ нық басқан аяқ алысы көңіл қуантарлық. Таяуда Ақтөбе қаласында өткен төртінші «Балауса» эксперименталдық қойылымдар фестиваліне қатысып, олжалы оралды. Бұл өнер додасында Өзбекстан, Армения, Қырғызстан, Татарстанның кәсіби театрларының ұжымдары бақ сынасқан. Көкшетаулық жас театр ұжымы Айгиз Баймұхамбетовтың, Ангиза Ишбулдинаның «Армандар кемесі» спектаклін дайындап апарған болатын. Басты рөлді сомдағандарды да атай кеткен ләзім. Ілияс бейнесінде Жәнібек Махамбетияр, Аружан Бегімді бейнелеген Мау-
лида Нұрғалиева, ал, Фарид рөлін сомдаған Қуан Аманжол. Ал, Даян рөлін Қуаныш Жалғас ойнаған. Көркемдік жетекші және режиссері Фархадбек Қанафин.
–Өнер байқауы өте тартысты өтті. Қатысушылардың бәрі дерлік сахна мәдениетін жетік меңгерген, кәсіби тұрғыда әбден толысқан актерлер. Ал, біздің жастар театрының актерлері Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің білім алушылары,–дейді Фархадбек Қанафин,–колледж директоры Құралай Ыдырысова біздің талабымызды қолдап, көп көмегін тигізіп отыр. Бұл фестиваль Жастар жылы мен Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай ұйымдастырылды. Біз үшін тәжірибе алмасқан, шын шеберліктің шыңын нұсқаған сабақ болды. Қазылар алқасының шешімімен «Өзекті сахна тілін іздегені үшін» аталымы бойынша сыйлыққа ие болдық.
Жас актерлердің талпынысын бағалағандықтан, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың арнайы сыйлығы да беріліпті. Жастар театры алдағы уақытта замандастарының рухани әлемін көріктендіре түсуі үшін өз шеберліктерін жетілдіріп, ізденуден жалықпайтындықтарын жеткізіп отыр. Қоғамдағы кейбір келеңсіз қылықтарды қасиетті өнер арқылы емдеп жазуға ықпалын тигізсе, ойға алған мақсаттары да орындалар еді.
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар