Атамыз атқа мінбеген бе?..

Ауылдан інім келген. Жылқышы. Жиырма жылдан бері шоқ жұлдыздай шағын ауылдың алты үйір жылқысын бағады. Келген себебі, кәсібіне қажетті ер тоқым, қамшы, жүген-ноқта іздеп жүр екен. Қара шаңырақта отырған кенже баланың қажетіне жарау парыз.

Екеуіміз базар араладық. Мұнда не жоқ дейсіз, құстың сүтінен басқасының бәрі табылатын сыңайлы. Бірақ, біз іздеген ат әбзелдері көзге шалынбады. Сатушы қауымнан да, жол-жөнекей кездескен көзтаныстардан да бұйымтайымызды айтып, жөн сұрағанбыз. Бәрі уәделесіп қойғандай, иықтарын қиқаң еткізіп, алақандарын жайғаннан аспады.
Бар екен. Бір қуанып, бір өкіндік. Қуанғанымыз, жоқ іздеген жолаушының ділгір болған затына кезіккені, ал, өкініш қасқалдақтың қанындай тапшы болып кеткен әлгі заттың өзгенің сөресінде жатқандығында. Күн қаққан қоңырқай өңді, айыр қалпақты қырғыз ағайын ер тоқымның неше атасын көрсетті. Ат арқасына құйып қойғандай болып жататын жалпағы, сәнге, салтанатқа мінетін үйрекбасты, жазылған алақандайы да бар екен. Қолға қондырған қауырсындай жеп-жеңіл, бәйгеге қосқан жүйрік атқа салатыны да жатыр. Алатаудың арғы жағында ер шабуға лайықты ағаш аз ба, құранды ердің сүйегін бірнеше бөліктен қиюластырып, желімдеп жасаған екен. Қайыңның безі болса керек, құйылған қорғасындай біртұтас болып жатыр. Осынысы жақсы, қайың безі өте берік, күн астында күйгенімен, қаңсымайды. Ер сүйегін шабарда ағашты тұзды суға салып пісіру керек. Сонда еш уақытта жарылмайды.
Қырғыз ағайынның кәсібіне қызыққанымыз-ай, қамшының да неше түрі жатыр. Қызғылт реңді сарыала қамшы. Үш өрім дейсіз бе, алты өрім дейсіз бе, түр-түрімен. Киізден сырылып, айнала жиегін шұғамен көмкерген тоқым да, қыз жасауына жарайтын әдемі, берік ноқта да бар екен.
Жылқышы бала кімнің жасағанында жұмысы қанша, кісі құнын сұраса да кідірейін деп тұрған жоқ. Қалтасының қауқары жеткенше кенеліп-ақ қалды. Базардан шыға бере қолы епсекті қазақ кәсіпкерлеріне өтімді тауардың қайсы екендігін айтқым келгені. Алатаудың арғы бетінен келген ағайын сатып тұрған төл бұйымымызды шынымен өзіміз жасай алмаймыз ба, әлде біздің атамыз атқа мінбеп пе еді?!
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар