Өнерлі елдің өресі биік

Алматының Оқушылар сарайының концерт залында «Өнерлі елдің өресі биік» атты қарт адамдар арасында республикалық өнер байқауы болып өтті.

Оған біздің аудан өнерпаздары да белсене атсалысты. Атап айтатын болсақ, Сапар Ахметжанов басқаратын аудандық қазақ ұлт аспаптар оркестрі және Бақытгүл Дүйсекенова жетекшілік ететін «Ару ана» әжелер ансамблінің көрсеткен өнерлері көпшіліктің көңілінен шықты.
Әділқазылар алқасының құрамында республикаға еңбек сіңірген өнер қайраткерлері, белгілі әншілер С.Нұрмахамбетова мен Г.Тәкежанова болды. Байқаудың ұйымдастырушылары – «Мереке» балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының жетекшісі М.Смайылова және Қазақ радиосының белгілі журналисі Ғ.Нәлібай.
Астаналық ауданның өнерпаздары «Аспапта ойнау» және «Ән салу» аталымдары бойынша бірінші орынды жеңіп алды.
Әжелер ансамблі ауданында 2014 жылдың ақпан айында құрылған болатын. Олардың репертуарларында белгілі халық шығармалары, көпшілікке таныс қазақ композиторларының әндері жетіп артылады. Кейбірін айта кететін болсақ, ішінде халық қалауынан шыққан «Гүлдерайым», «Беу айдай», «Сарыжез – құмғанай», «Бипыл», «Үкілім-ай», «Ахау, керім» тағы басқа әндер бар. Ансамбль жетекшісі Бақытгүл Айтмұханбетқызы жастайынан өнер ауылына жақын өсті. Ол баянды шебер меңгерген кісі. Ансамбльдің биік дәрежеге жетуіне Роза Асылбек, Забида Айдосова, Нағима Тастағанова, Әсемгүл Жұпарбаева, Айсұлу Айсина, Қарлығаш Бекімова, Айбазар Мұратбаева, Мейрамгүл Әбдікова мен Қаратай Сыздықова белсене атсалысып келеді.
Алатау етегінде өткен өнер байқауында осы әжелер тобы белгілі қазақ композиторы Ескендір Хасанғалиевтің «Ауылым-әнім» және халық әні «Үкілім-айды» шебер орындап, өнер майталмандарының да, көрерменнің де көңілдерін бір көтеріп тастады. Ауданның осы этнографиялық әншілер ұжымы бұрындары Бурабайдың Абылай хан алаңында, Атбасар мен Ерейментау аудандарында жақсы өнер көрсетті. Зор жетістіктері атаусыз қалған емес. Мысалы, 2015 жылы ардагер әншілер ішінен олар облыс әкімінің «Ең үздік өнер ұжымы» марапатына ие болғанының өзі ең үлкен құрмет.
Биылғы жылдың мамыр айында ауданның «Ару ана» әжелер тобының құрылғанына 5 жыл толады. Қазір соған байланысты іс-шаралардың жоспары жасалу үстінде.
Біз өнер сайысында үлкен жеңіске жеткен аудан ардагерлерінің ұжымына шын жүректен ризашылығымызды білдіреміз.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар