Жылдар көші ұмыттыра алмайтын Оразбек аға

7 мамыр – Отан қорғаушы күніне де жақын қалды. Осы санаттағы адамдарымыз туралы айтар болсақ, көптің ішінен сардар болуға лайық мығым тұлғасымен де, ұлтжандылығымен де Көкшенің ірі мінезді, жалын жүректі азаматы Оразбек Имекенұлы Ахметовтың орны бір бөлек еді. Оразбек Ахметов сияқты жоғары шенді офицердің барын біз сексенінші жылдардың аяғына, яғни, Кеңес Одағы ыдырайтын тұсқа дейін білмеппіз. Мұны білгізген сол кезде көбімізге беймәлім Оразбек ағаның Қарулы Күштер қатарынан босап, өзі туып-өскен Көкшетау облысына көшіп келгені болатын. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» демекші, осы келгенінде тұрақты қонысқа облыс орталығы Көкшетау қаласының өзін таңдаған екен.

Адам жаңа жерде көшеге шықпай, айналасындағы ортасымен араласып-құраласпай тұра алмайды. Осылай біздер, редакция маңайы, зиялы орта бірте-бірте Оразбек ағаны танып, біле бастасақ, ол кісі бізді тани бастады. Бұл бір қоғамда демократияның желі есіп, қазағымыз оң-солын айыра түскен, тіліне, діліне ынты-ықыласы оянған кезең еді. «Азат» қозғалысы осы шаруаны өз қолына алып, елді соңына ерте түскені анық байқалатын. Әлбетте, бұл үшін де көш бастайтын мықты азаматтар керек болды. Сөйтіп, Жанат Қасым, Қажыбай Қабыл-Фазыл, тағы басқа «елім» деген күрескерлер ұлт болашағы үшін осы бір тәуекелшіл істі өз қолдарына алды. Міне, сол кезде бұл қатарға отставкадағы полковник, КСРО Қарулы Күштерінің ардагері, көрген-түйгені мол, арлы азамат Оразбек Имекенұлы Ахметовтың да қосылғанын көрдік.
Біздің, журналистер қауымының сондағы бір байқағаны, бұл адамның қолынан жазудың да келетіндігі еді. Сол кездегі баспасөз беттерінде, әсіресе, тәуелсіз басылымдарда елге жаны ашып, ұлттық мәселелерді көтеріп жазған мақалалары өткен тарихты бір кісідей білуімен, соны елеп-екшей түскен нақты деректерінің өтімділігімен ерекшеленетіндігі анық-ты. Жүріп-тұрған жеріндегі мығым сөзі, ұлтжандылығы, кімді болсын, назар аудартпай қоймайтын бұрынғы әскери өмір жолы осылай Оразбек ағамызды қаламыздағы белді азаматтардың қатарына қоса түскенін аңғармау мүмкін емес еді.
Осы арада сәл шегініс жасап, кейіпкеріміздің ат жалын тартып, азамат атанғанға дейін қай жерде кіндік қаны тамғаны, балалық, жастық шағы қалай өткені, қатарластарынан суырылып шығып, қалай әскери жолға түскеніне де кезек беріп өтсек, дұрыс болмақ. Қазақтың небір марқасқа ұландары қарапайым ауылдан шыққан. Оразбек аға да солардың бірі. Кіндік қаны Көкшетау қаласынан қырық шақырым жердегі Биіктесін ауылында тамған. Кеңес өкіметі кезінде өз алдына түтінін түтетіп, шағын ауыл болып отырған бұл елді мекен қазір тараудың аз-ақ алдында. Ең өкініштісі, осы бір жағдайдың өз тәуелсіздігімізді алдық деген бүгінгі күні орын алуында. Бірақ, біздің айтпағымыз, жазыла-жазыла жауыр болған, қолдан келер дәрмен жоқ бұл тақырып емес. Осы әне-міне, келмеске кеткелі тұрған Биіктесіннен сегіз бірдей полковниктің шығуы. Естіген елдің бәрі сүйсініп, таңданады осыған. Парламент Сенатының бұрынғы екі мәрте депутаты Қайролла Ескендіров ағамыз да осы ауылдан шыққан. Басқа білімі терең мамандар, ел атын шығарған зерделі азаматтар, бір кездегі еңбек майталмандары қаншама. Міне, шағын ғана бір ауылдың ғұмыр шежіресі, өз тумаларына тілеуқор шапағаты! Сол «ешқашан төмендемесін, қайта биіктесін» деген Биіктесіннің тағдыры енді қыл үстінде де емес, бітейін деп тұр. Ара-тұра әңгімелесе қалғанымызда Оразбек аға да туған Биіктесініне сырттай сүйсініп, кейінгі жағдайлармен хал-жайына алаңдап қоятын.
Өйткені, басқаша болуы мүмкін емес еді. Ес білгеннен сол ауылы ғой, қорғаштап та, қолтықтап та өмірдің өріне жетелеген. Талай қазақтың шаңырағына ойран әкелген сұм соғыс басталғанда жеті жаста еді. Тұтас ауыл болып ер азаматтардың майданға аттанғаны да, бір үйден соң бір үйдің қара қағаз алып, қара жамылғаны да есінде болатын ағаның. Бала көңілінің ең бір қуанышы соғыс бұлты сейіліп, немере ағасы Шапхат Ахметовтың офицер формасымен әскерден оралуы еді. Бала біткен қызығып, он бір-он екілердегі Оразбектің де осы көріністен жүрегі лүп-лүп соғып тұрған. Қиял құсы алысқа ала тартып, жұрт жапатармағай асты-үстіне түсіп жатқан ағасының орнына ойша өзін де қойып үлгерген. Сірә, Оразбек ағаның есейе келе, әскери адам боламын деген нық шешіміне алғашқы себепкер де осы кісі болуы керек. Оның үстіне кейін көп жыл ішкі істер органында жемісті қызмет атқарған сол Шапхат ағасы Биіктесіннен шыққан сегіз полковниктің ең алғашқысы еді.
Ал, Оразбек Ахметовқа биіктесіндік осы сегіздің ішіндегі ең мықтысы – әскери полковник болу бақыты бұйырыпты. Бұл үшін ол кісі қандай өмір асуларынан өткен? Енді осыған келсек, 1953 жылы көрші Қызылсая ауылындағы сол кезде төңірекке кеңінен танымал қазақ орта мектебін бітіріп, ту-ту сонау Ташкенттегі жоғары жаяу әскер училищесіне оқуға аттанады. Жолы болып, оны тәмамдағаннан кейін Түркістан әскери округінде қызмет атқарды. Әскери өмір бірде Өзбекстан, бірде Тәжікстан республикаларынан бір-ақ шығарып, суыққа да тоңдырды, ыстыққа да күйдірді. Шетте жүріп, Бауыржан Момышұлыдай қол бастауды үйренді, намысты алдыңғы орынға қоюды, ұлтының атына кір келтірмеуді ойлады. Соның бәрі берік ерік-жігерінің, ер мінезінің, антына адалдығының арқасында қолынан әбден келіп, досқа күлкі, дұшпанға таба болмады. Бойынан бөзі, аузынан сөзі түсіп тұрса, бос кеуде болса, аға офицер – полковник шеніне жете алар ма еді. Жоқ, әрине. Сондықтан, Оразбек ағамызды біз өзінің туып-өскен Көкшетауында әскери саптағы сардарлықтың талай сын-өткелінен өткен, соған орай, КСРО және тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштеріне бір кісідей еңбегі сіңген, абыройы асқақ, болмысы кемел кезінде көрдік. Ал, ондаған жылдармен өлшенетін сол әскери қызметінде басқалар айтатын ұлттық кемсітушілікті де, өзге ұлт – қазақ болғандықтан, талай өз көзімен көріп, өз жүрегінен өткізген Оразбек Имекенұлының елге келісімен, сол тұстағы «Азат», «Алаш» қозғалыстарының жұмысына да бір кісідей бел шеше кірісіп кетуі осыдан соң табиғи заңдылық еді.
Өзіне тән қырағы сезімталдықпен ол кісі нақ бір барометрдей, кеңестік дәуірдің соңғы жылдарындағы әскер ішінде орын алған ұлтаралық салқындықты да сезіп отырғанын айтатын. 1986 жылдың желтоқсанында Алматыда болып өткен студент жастардың бас көтеруінен кейін-ақ сыры мәлім болған әскери басшылық Оразбек ағадай аз ұлт өкілдерін шетке ығыстыра бастаған еді. Сол тұста өзінің Ауған соғысын қолдамауы да пиғылы бөлек жоғары жаққа ұнамаған. Ақыры, осының бәрі көңілін қалдырып жүргенде, өзі де Қазақстанның Қызылорда облыстық әскери комиссариатының басшылығына ысырылды. Дегенмен, бұл бір талайды көрген, талайды бастан кешкен әскери өмірінің ең бір елеулі кезеңі болатын. Неге десеңіз, көп жыл сыртта жүріп, құшағында емін-еркін тыныстай алмаған туған елі. Оның үстіне қазақылығы мен бауырмалдығы ғажап Сыр өңірі. Кейін отставкаға шығып, өз Көкшетауына оралғанында, қазақтың тілі мен діліне бесаспаптығы да он жылға жуық тұрақтап қалған сол бір киелі ортаның арқасы болса керек.
Жоғарыда да аңғартқанымыздай, тұла бойындағы ұлтжандылық қасиетімен келе сала қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Қоғамдық жұмыс болғанда, елдік мәселелер. Мұны сексенінші жылдардың аяғы мен тоқсаныншы жылдардың бүкіл бет-бейнесі, буырқанған тынысы десе де болады. Ұлтымыз өз азаттығына ұмтылған қоғам қазандай бұрқ-сарқ қайнап жатты. Бір қазақ сыныбын ашудың, бір көшені қазақшалаудың өзі қатып-семіп қалған партократиялық заманда жергілікті ұлттан, оның белсенділерінен кәдімгідей күресті талап етті. Міне, осы істің бел ортасында кешегі кадрлық офицер Оразбек Ахметов та жүрді. Жай жүріп қойған жоқ, мейлі, ол облыс, қала басшыларының қабылдауы, мейлі, қалалық ономастикалық комиссияның отырысы болсын, турашылдығы, принципшілдігі, бірбеткейлігімен танылды.
Ақыры, осыны көрген тіл жанашырлары 1990 жылдың күзінде Оразбек ағаны Көкшетау облыстық «Қазақ тілі» қоғамы төрағасының бірінші орынбасары, кейін төрағасы етіп сайлады. Ол кезде қазақ тіліне қатысты барлық жұмыс осы қоғамның, оның жергілікті жерлердегі аудандық, қалалық буындарының күш салуымен, алға апаруымен шешімін табатын. Осылайша мешеулеп қалған ана тілінің өрісін кеңейту, басқалардың онымен санасуы жолында қаншама істер атқарылды. Жетіскеннен құрылмаған «Қазақ тілі» қоғамдары ол кезде «тілім» деп шырылдаған талай жанның тірегі, өз ана тілін табалдырықтан емес, төрден көргісі келген қарапайым бұқараның айбыны еді. Бертінге дейін өз миссиясын атқарып шыққан, сол бір өзгелер қатарлы ел болуға ұмтылудың ұмытылмас жылдары тілімізді, ділімізді шамасы келгенше өрге сүйреген «Қазақ тілі» қоғамдарына ел риза. Ал, сол ана тіліміз әлі күнге өгей баланың күйін кешіп келе жатса, бұл әлсіреп барып тынған осы қоғамдық ұйымның кінәсі емес, тілімізге қырын күштердің жанының сірілігі, өз елі, өз жерінде қазақ тілінің бағының бір жанбай қоюы.
Соның бәрін қазақылығы мығым Қызылордамен салыстыра отырып, талай бәз кешкен, бірақ, қашан бұл дүниеден өткенше сол ұлтжандылыққа, ел-жұртын сүюге, туған халқының болашағын ойлауға саятын өзіне тән болмыс-бітімін, біржақты көзқарасы мен адамгершілігін, білімдарлығын сақтап қалған Оразбек Имекенұлы Ахметовтай ағамызды бүгін де аңсайсың. Әлі де мына ел, қоғам, ұлтымыздың бүгіні мен ертеңі туралы пікірін тыңдап, өзіндік ойларына құлақ түргің келеді. Мерзімдік басылымдардың да құнттап оқитын жанашыры еді. Ара-арасында әсіресе, «Көкшетау» әдеби журналын сұрап, телефон шалып қоятын. Осының бәрін ойлағанда, көзі кеткенімен, өзі жалғыз біздің ғана бір бүйірімізде емес, талайдың жадында жүрген шығар деп топшылаймыз. Оған Көкшетаудың қыран тектес арда ұлы Оразбек Ахметов қай жағынан алғанда да лайық еді.
Бұл күнде жалғыз ұлы Әлібек «Байқоңыр» космодромында еңбек етеді. Мамандығы инженер-авиатор. Журналистика саласында да Олег Ахметов деген атпен белгілі. Ғарыш айлағындағы көптеген тележаңалықтар әлемге оның қолымен тарайды. Демек, Оразбек ағаның көзі тірісіндегі ізгі ой-арманы, жақсылыққа құштар жан жылылығы осы ұрпағымен де ілгері жалғасып жатқаны анық. Қалай дегенде де, жөңкілген жылдар көші мұндай адамды ұмыттыра алмайды.

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар