Мал өсірсең, жылқы өсір, пайдасы оның көл-көсір…

«Ат – ер қанаты» демекші, қазақтың жылқысыз күні жоқ. Ішсең – сусын, жесең – тамақ, мінсең – көлік» ат шіркінге не жетсін! Тұяғымен жер тарпыған тұлпар дала батырларының рухын оятқан, асыл тұқымды жылқыны қазақ ең сыйлы деген қонағына, батырлар мен билерге сыйға тартқан.

Жылқының еті диеталық тағам болып саналады. Ал қымызы жанға дәру, дертке шипа, мұны барлығы да біледі. Қымызды батырлар сусыны деп те текке айтпайды.
Жуырда жұмыс сапарымен М.Е.Қамзебаев басқаратын «Ақтық» АҚ-ы агрофирмасында болып едік. Аталған шаруашылықта ата кәсіп – жылқышылық жақсы дамып жатыр десек болады. Өңірімізге танымал кәсіпорынның бас зоотехнигі Қыдырбек Төңкерханмен бірге жылқы бағылып жатқан жерде, бордақылау алаңында болғанымызда біраз жайға қанықтық. Қазіргі кезде мұндағы Қамбар ата түлігінің саны 1 мың басқа жеткен.
Инновациялық және ғылыми тұрғыда іс атқарудың нәтижесінде өркенді сала ілкімді дамып келеді. Ерте көктемнен қара күзге дейін осындағы қымыз фермасы үзіліссіз жұмыс істейді. Елордадағы ірі сауда орындарында «Ақтық» шаруашылығында өндірілетін сусынға деген сұраныс көбейді. Себебі, қала тұрғындарының нағыз сапалы әрі дәмді сары қымызға деген қызығушылықтары артып отыр.
Қыдырбек Төңкерханның айтуынша, жыл сайын мал басын табиғи жолмен көбейтудің арқасында табындар жергілікті жылқы тұқымының есебінен толығуда. Тағы бір айта кетерлігі, шаруашылықтың жылқышылары жылқы етін сатудан таза табыс тауып отыр. Ал, бұл табыс әрине өркенді саланы өрге бастырумен қатар кәсіпорынның әлеуметтік мұқтажына жұмсалуда. Жылқы түлігін азықтандырудың рационы да жақсы, агрофирманың бас агрономы Қалимолла Рахымжановтың айтқанындай, мұнда жыл сайын құнарлы жемазық қоры молынан дайындалады. Фермада көпжылдық шөптен бөлек, қыстамаға мол мөлшерде сұлы, арпа, бұршақ дақылдары, сондай-ақ басқа да орны бөлек жемазық қоспалары дайындалады. Шаруашылықта 4000 гектар алқап мал азығы үшін арнайы бөлінген, осының нәтижесінде жылқының қоңы да артып келеді.
Дала түлігі әдетте кірпияз, талғампаз болып келеді, кез-келген жемге бірден бас қоймайды. Қолына құрық ұстап, жылқы бағудың қиындығын тек алыс ауылдардың тұрғындары жақсы түсінеді. Жылқышылар да ұзақ уақытқа табынды тастап кете алмайды. Тебіндегі жылқыны әркез қадағалап отыру керек. Қамбар ата түлігі өзге малдарға қарағанда жершіл әрі жайылымда жылдам қозғалады. Әсіресе аязды, боранды, жауын-шашынды күндері табын басынан алшақтап кетпеген жөн, әйтпеген күнде адамдардың жауапсыздығы салдарынан қиындықтардың туындауы мүмкін.
Аталған ұлттық кәсіпті инновациялық түрде дамытудың жоспары жыл өткен са-йын кеңейіп келеді. Ең бастысы – «Ақтық» акционерлік қоғамының мамандары жылқы етін өзіндік брендке айналдыруды мақсат етіп отыр.

Суретте: №2 бөлімшенің басқарушысы Төлеген Жүсіпов; «Ақтық» АҚ жылқы фермасының қызметкерлері: бас зоотехник
Қыдырбек Төңкерхан, Айдос Омаров, Жанат Мақанов, Құрал Әбдалов, Еркебұлан Әбсалов; жылқы табыны.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.
Суреттерді түсірген автор.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар