Жәрмеңке көңілден шықты

Өткен сенбі күні Көкшетау қаласындағы «Алтын ғасыр» сауда үйінің алаңында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі болып өтті.

Сауда шатырларын Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев аралап көріп, жәрмеңкенің ұйымдастырылуына және азық-түлік тағамдарының сапасы мен бағасына назар аударды, сондай-ақ, халықтың пікіріне құлақ түрді.
Бұл жәрмеңкеде Ақкөл, Біржан сал, Бурабай және Зеренді аудандарының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері мен Көкшетау қаласының өңдеуші кәсіпорындары өз өнімдерін саудалады. Мұнда қала тұрғындарына нарық бағасынан 10-15 пайыз арзан ауыл шаруашылығы өнімдері ұсынылды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсовтың айтуынша, жәрмеңкеге облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері өнімнің қырықтан астам түрін әкелген. Тұтынушыларға 23 тонна ет және шұжық өнімдері, құс еті, 5 тонна балық және оның өнімдері, 160 мың дана жұмыртқа, 6,5 тонна сүт және сүт өнімдері, 5 тонна картоп пен көкөніс ұсынылды.
Әсіресе, Біржан сал ауданындағы «ҚазГерҚұс» серіктестігі сауда шатырының алдында тұтынушылар қарасы көп болды. Олар жұмыртқаның әр данасын 10 теңгеден сатып алып жатты. Біржан сал ауданының әкімі Ермек Нұғымановтың айтуынша, аталмыш құс фабрикасы 70 мың дана жұмыртқа әкелген. Осы ауданның Еңбекшілдер селолық округі мен Краснофлот, Мамай, Кенащы ауылдары 800 келі ірі қара мал етін, Донской және Ақсуат селолық округтары 300 келі қой етін, Бірсуат селолық округі 200 келі балық саудалады. Сондай-ақ, Баймырза, Макинск, Аңғал батыр, Үлгілі селолық округтары сүт, май, қаймақ, ірімшік, айран, қоспа, құрт пен балды сатып жатты.
Бурабай аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ренат Қасенов өз сөзінде ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдарыон шатырда 2 тонна ірі қара, 250 келі жылқы, 150 келі қой етін, 300 литр қымыз бен шұбат, 50 келі сыр, 50 келі бал, 200 келі нан-тоқаш өнімдері мен 2 тонна картоп саудалағандарын айтып берді
Зеренді ауданының әкімі Берікжан Әбутәліпов өз сөзінде Қызылтаң ауылында тұратын жеке кәсіпкер Темірлан Қадыров 40 бие сауатынын, жәрмеңкеге 150 литр қымыз әкелгенін айтты. Сондай-ақ, осы аудандағы «Блиц Терминал» серіктестігі 500 литр сұйық май, ауыл шаруашылығы құрылымдары 5 тонна ет, 500 келі қой етін, 500 келі фарш, 500 келі балық, 500 келі сүт өнімдерін, 400 келі нан өнімдерін, 1 тонна картоп пен 600 келі көкөніс саудалады. Айдабол кентінде ашылған шағын ет комбинаты 500 келі фарш пен шұжық әкеліпті.
Көкшетау қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Еркеш Әленов өз сөзінде облыс орталығының өңдеуші кәсіпорындары ұсынған әртүрлі азық-түлік тағамдары мол болғанын айтып өтті. Мәселен, «Таукон» серіктестігінің сатушысы Әлия Каменова кондитерлік өнімінің түр-түрін арзан бағамен сатып жатты. Көкшетау қаласында тұратын қарт омарташы Михаил Блохин балдың келісін 2 мың теңгеден және былтырғы жылы екі саяжайдан алған көкөністерін саудалады. Жәрмеңкеде жалпы 42 миллион теңгенің азық-түлік тағамдары сатылды. Біз екі сөмкесін азық-түлік тағамдарымен толтырып жатқан Сәуле Ырызқызын әңгімеге тарттық.
–Қажетті азық-түлік тағамдарын 15 пайыз арзан бағамен сатып алдым. Жәрмеңкенің қайта жанданғаны көңіліме қуаныш ұялатты. Оның үстіне ең үздік аудандық шығармашылық ұйымдарының қатысумен болған концерттік бағдарлама көңілімнен шықты,–деді ол.
Осылайша көктемнің мерейлі мерекелері қарсаңында ұйымдастырылған жәрмеңке ойдағыдай өтті.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар