Еліміз үшін тарихи сәт

Ақмола облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасында кезектен тыс өтетін президенттік сайлауға байланысты

Ақмола облыстық сайлау комиссиясы мен БАҚ өкілдері арасында брифинг болып өтті.

Брифингте Ақмола облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Айдарбекұлы Сәдуов хабарлама жасады.
– «2019 жылдың 9 маусымында өтетін кезектен тыс Президенттік сайлауға кандидаттарды ұсыну мерзімі аяқталды. Үміткерлерді ұсыну кезеңінің қорытындысы бойынша, Президенттік сайлауға қатысу үшін 9 республикалық қоғамдық бірлестіктің, оның ішінде 4 саяси партияның өкілдері Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына тиісті құжаттарын өткізді», – деді ол. Осылайша ағымдағы жылдың 28 сәуірінде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Қазақстан Республикасының Президентінің кезектен тыс сайлауына кандидаттарды ұсыну кезеңінің қорытындылары бойынша отырыс өткізіліп, оған саяси партиялардың және бірқатар мемлекеттік органдардың өкілдері қатысқан болатын. Сонымен, президенттікке ұсынылған кандидаттар белгілі болды. Бірақ, олардың барлығының бірдей кандидат ретінде тіркелу не тіркелмеуі алдағы уақыттың еншісінде. Себебі, олар кандидат ретінде тіркелу үшін алдымен өзін қолдайтын сайлаушылардың белгілі бір қолын жинауы тиіс.
Қазіргі уақытта еліміздің Конституциясында және «Сайлау туралы» Конституциялық заңда қойылатын талаптарға сай келген кандидаттарға облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, Қазақстан Рес-публикасы астанасының сайлау комиссияларына Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатты қолдап қол жинауға арналған қол қою парақтары берілген. Президенттікке кандидаттарды қолдау облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кем дегенде 2/3 бөлігін тең дәрежеде білдіретін сайлаушылардың кем дегенде 1 пайызының қолдарын жинаумен расталуы тиіс.
Ағымдағы жылдың 1 қаңтарындағы дерекке сәйкес Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы 11 814 019 дауыс беруге құқығы бар азаматты Қазақстан Республикасының сайлаушылар тізіліміне енгізген. Орталық сайлау комиссиясымен сәйкестігі анықталған төрт кандидат қазіргі уақытта өз қолдауына қолдарын жинайды. 12 облыста, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада әрбір кандидатты қолдау үшін кемінде 118 140 сайлаушының түпнұсқалы қолы жиналуы қажет. Қол жинау-ды Президенттікке кандидаттардың сенім білдірген адамдары ұйымдастырады. Сенім білдірілген адамдарды тіркеуді, сондай-ақ қолдардың түпнұсқалылығын тексеру рәсімін аумақтық сайлау комиссиялары паспорттық қызметтерінің қызметкерлерін тарта отырып жүргізеді. Басқа кандидаттардың заңнамаға сәйкестігі алдағы күндері анықталады.
Кандидаттарды тіркеу ағымдағы жылдың 11 мамыры күнгі сағат 18.00-ге дейін жалғасады. Тапсырылған декларацияларда кандидаттардың кірістері мен мүлкі туралы мәліметтердің рас еместігі анықталған жағдайда Орталық сайлау комиссиясы кандидаттарды тіркеудің күшін жоя алады. Кандидаттардың сайлау алдындағы үгіт жұмыстары тіркеу кезеңі аяқталғаннан кейін, 11 мамыр күні сағат 18-00-ден кейін дереу басталады және дауыс беру күні алдындағы күнгі 00.00 сағатқа дейін, яғни, 8 маусым күнгі 00.00-ге дейін жалғасады. Дауыс беру 9 маусымда жергілікті уақыт бойынша 07.00-ден 20.00-ге дейін болады. Дауыс беру аяқталған кезден бастап 12 сағаттан кешіктірмей сайлау учаскелерінде дауыстарды санау жүргізіледі. Әкімшілік-аумақтық бірліктер бойынша дауыстарды санау нәтижелері аумақтық комиссиялардың отырыстарында белгіленеді және Орталық сайлау комиссиясын екі күн мерзім ішінде, яғни, 11 маусымнан кешіктірілмей жеткізіледі. Сонымен, кімнің ел Президенті болатындығы 9 маусымда өтетін тарихи сәтте анықталады.
Брифинг барысында облыс бойынша сайлау комиссиясының мүшелері Болат Баталов пен Николай Политкин сайлаудың өту барысын қысқаша баяндап, Ақмола облыстық сайлау комиссияларының құрамдары туралы хабарлама жасап, журналистердің қойған сұрақтарына жауап берді.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар