Береке мен бірліктің құтты мекені

Ақмола облыстық әкімдігінің 2016 жылғы 12 желтоқсандағы қаулысы және облыстық мәслихат шешімімен біздің Новоалександров ауылдық округінің атауы Бастау болып өзгертілді. Бұл ел ішіндегі қоғамдық-саяси ахуалдың нығая түсуіне оң ықпал еткенін айтқым келеді. Ауыл округінің аумағындағы 385 отбасында 1,5 мыңға жуық адам тұрады. Көп ұлтты ауылымыз өзінің достық, ынтымақ өзара түсіністік сияқты қымбат қасиеттерімен тәуелсіз еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуына сүбелі үлес қосуда. Бұған арнайы байқауларда «Үлгілі ауыл» атағын жеңіп алуымыз айғақ болады.

Біздің ауылдық округімізде «Nur Otan» партиясының 75 адамдық бастауыш ұйымы жұмыс істейді. Биылғы жылдың өзінде ұйым мүшелерінің 4 жиналысы өткізіліп, еліміздегі экономикалық, саяси жағдайлар және жергілікті мәндегі өзекті мәселелер қаралды. Жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысымен бастауыш ұйым төрағасы тұрғындар алдында есеп берді.
Сондай-ақ, ауылдағы «Қазақстан мұсылмандары діни бірлестігі» мен «Косьма және Домиан» атындағы шіркеу» филиалдары ел ішіндегі ынтымақ, берекені нығайтуда, тәрбие ісін жүргізудегі тиімді істерін атап өту ләзім.
Ауылымыз екпінді еңбегімен, майталман адамдарымен құрметке бөленгенін өңір тұрғындары жақсы біледі. Қазіргі кезде агроөнеркәсіптік саланы заманауи талаптарға сай дамытуда, жаңа технологияларды енгізуде округ аумағындағы 2 ЖШС және 4 шаруа қожалығы ұтымды жұмыстар жүргізуде. Мұның түпкі қайтарымы да жыл санап артып келеді. Өткен жылы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер 29500 гектарға, шаруа қожалықтары 1000 гектарға жуық алқапқа дән сеуіп, әр гектардан 11-15,5 центнер көлемінде астық бастырды. Бүгінгі күні диқандарымыз көктемгі дала жұмыстарына дайын отыр.
Мал шаруашылығында біздегі базалық құрылым саналатын «Бастау» ЖШС «Ауыл шаруашылығын дамыту» бағдарламасы жобасын табысты түрде алға жылжытуда. Асыл тұқымды шаруашылық жыл ішінде тұтыну нарығына 469 тонна ірі қара, 154 тонна қой және 36 тонна жылқы етін шығарды. Серіктестік директоры ауданның Құрметті азаматы Темірхан Мұқышев шаруашылықты әртараптандыру бағытын белсенді түрде жүргізіп келеді. Осының өзі ауыл тұрмысының жақсаруына серпін қосатыны айқын.
Бастау тұрғындарының жеке пайдалануында 73,5 гектар егістік жер бар, мұның ішінде 24,8 гектарға картоп, 4 гектарға көкөніс егіледі. Жеке меншікте 621 ірі қара, 1544 бас қой мен ешкі, 487 жылқы, 180 шошқа және 4 мыңнан астам құс бағылуда. Бұған қоса, ауыл тіршілігін жандандыруға агроөндірістегі 21 жеке кәсіпкердің қосып отырған үлесін атап өткеніміз жөн. Осыдан төрт жыл бұрын «Еркежан-5» ауылдық тұтыну кооперативі құрылуы тұрғындардың артық өнімдерін өткізу, малдарын әртүрлі аурудан сақтау, қолдан ұрықтандыру, төлқұжатпен қамту ісін оңтайландырды.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шағын және орта бизнестің дамуына қосымша екпін бергенін күнделікті өмірден байқаудамыз. Бұл тіршілігін көркейтудегі басты құрал екендігін жұртшылық жақсы біледі және ауылымызда 30 кәсіпкер қызмет көрсетіп жатқаны жоғары белсенділік нышаны екендігі анық. Олар ауыл қажеттілігінің барлық саласына қатысып келеді. Мұны көтерме саудадан бастап, монша, шаштараз, такси
қызметімен байланыстыруға болады. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген жобалардың қаржыландырылып жатқанын да үлгі етеміз.
Мемлекеттік кең көлемді бағдарламалар мен шаруашылық экономикасының өсуі тұрғындарды әлеуметтік қолдау мәселесін шешуге ықпалын тигізуде. Бізде 5 отбасы «Өрлеу» бағдарламасымен, 18 отбасы арнайы мемлекеттік көмек, 7 отбасы балаларға берілетін өтемақымен қамтамасыз етілген. Сонымен бірге, 16 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылса, жалпы, осы бағыттағы 28 адам тұрақты жұмысқа орналасып отыр. «Бизнес-Бастау» бағдарламасымен 8 кісі қысқа мерзімді курстарда оқыса, 21 жерлесіміз 3 разрядты әртүрлі мамандық сертификатына ие болды. Мүгедектер қатарынан 3 тұрғын жұмысқа орналастырылды. Аудандық тұрғындарға қызмет көрсету орталығының өкілдері айына екі рет ауылымызға келіп тұрады. «Бастау» ЖШС зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға 812 мың теңгенің материалдық көмегін көрсеткенін атап өткім келеді.
Ауылдық дәрігерлік амбулаторияның 4 қызметкері денсаулық сақтау ісін тиянақты атқаратыны жұртшылық тарпынан аталып өтілуде. Барлық медициналық алдын алу шаралары толық жүзеге асырылды. Былтыр бізде 15 сәби туылса, үйлену тойлары да көбейе түсуде. Білімді ұрпақ – болашақ кепілі. Бұл біздің тіршілігіміздің басты қағидасы. Ауылда «Балапан» бағдарламасы» шеңберінде 2 шағын орталық, екі орта мектеп бар. Мұнда 45 педагог білім береді. Барлық оқушылар ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Жоғары жылдамдықтағы «Мегалайн» интернеті оқушылардың таным көкжиегін кеңейтіп отырғаны анық. Былтыр ҰБТ орта балы 66,4-ті құрап 12 түлектің алтауы жоғары оқу орнына, бесеуі колледждерге түсті. Мектеп директоры Бәтима Бекежанова, бастауыш сынып мұғалімдері Сұлушаш Ербалина мен Әлия Қоспаева өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісіндегі жетістіктері үшін Д.Қонаев атындағы төсбелгімен марапатталғанын да мақтан етеміз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясын кеңітуде жергілікті екі музейіміздің орны ерекше дегім келеді.
Ауылдық кітапхана қоры 13 мыңнан астам кітап қорын құрайды. Былтыр 570 адам білім ордасына тіркелген. Мұнда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 5 шара өткізіліп, онда ауыл тарихы, киелі жерлерді күтіп ұстау сияқты көптеген мәселелер қамтылды.
Ауылымыз салауатты өмір ордасы саналады. Бізде бокс мектебі жұмыс істейді және басқа да үйірмелер табысы аудан көлеміне мәлім. Мәдени өмір жайлы да өнегі істеріміз баршылық. Әсіресе, халықтық өнер отауларының кең ауқымды жұмысы мерейімізді өсіреді. Сондай-ақ, ауыл көшелерінің асфальтталып, жарықпен қамтылуы, орталық су жүйесінің тартылуы, аулалардың абаттандырылуы, жеті бірдей гүлзардың жайнап тұруы тұрғындардың өз елді мекенін жанындай жақсы көретінін айғақтайды. Мұндай жұмыстар көпшіліктің, мемлекеттік органдардың және жергілікті шаруашылық ұйымдарының қолдауымен жалғасын табатыны сөзсіз. Өйткені, біз өз Бастауымызды сүйеміз.

Қайрат Исманов,
Бастау ауылдық округінің әкімі.
Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар