Келбет

Халқының жанашыры

Бүгінде өткен өмір сорабына ой көзімен қарап, шыққан биігіне, алған асуына көз салса, Қарағанды мемлекеттік педагогика институтының физика-математика факультетін бітіріп, Ақкөл ауданына қарасты Кеңес орта мектебі директорының оқу-өндіріс жөніндегі орынбасары болып тағайындалысымен-ақ қиындықтарға жолыққан екен.

Бұған дейін еңбек және өндірістік оқу сабақтарының өткізілу дәрежесі тым төмен болып шықса, оның бас-ты себебі, кадрдың тапшылығында жатыр. Білімді, тәжірибелі маман болмаған соң өндірістік оқуды қатардағы механизатор жүргізіп келіпті. Ал, еңбек сабағы қосымша табыс көзі ретінде әр мұғалімге таратылып берілген. Өндірістік оқуға техникалық білімі бар кісіні, еңбек пәніне бұрын ағаш шебері болған, әйтсе де арнаулы білімі жоқ азаматты қабылдапты. Осыдан барып өткізілген сабақтардан қандай нәтиже күтуге болады? Еркін Дәуешұлы қожырап, қиюы қашқан шаруаны оң жолға қоюға тырысты. Алдымен, металмен жұмыс істейтін шеберхананы мүмкіндігінше қайта жабдықтады, ағаш шеберханасын да жөндетті. Бұрын-соңды болмаған өндірістік оқу кабинетін ашты. Барлық ауыл шаруашылығы техникаларын тәртіпке келтірді. Бұдан былайғы уақытта жоғары сынып оқушылары тәжірибелік сабақты кеңшардың шеберханасында өткізіп жүрді. Ұзамай оқу-өндірістік бригадасы құрылды. Кеңшар басшыларына қайта-қайта барып жүріп, жер алып, дәнді дақылдар септі. Сол тұста жүгеріні ұялы әдіспен себу керек дейтін тапсырмалар болатын. Кеңшардың білікті мамандарының көмек-жәрдемімен оқушыларға осы әдісті үйретті.

Алдыңа қойған жоспардың бәрі бірдей орындала бермейді екен. Көңілдегі көрікті ойды базардағы нарық бұзады. Алдындағы оқушыларын техниканың тілін білетін бесаспап маман етіп шығаруды көксеген арман орындалмайтын болды. Дәл осы жылдары қазақ баласының пешенесіне жазылған мамандық мәңгі-бақи малшы болу деген пікір қалыптасты. Сонау Мәскеуден бастау алған мәселе жергілікті жерде үлкен дүмпуге ұласты. Алдымен, шұбартаулықтар үндеу көтеріп, ол үндеудің ішкі мәнін, маңызын ұғынбаса да, ұлы дақпыртқа ілескен жергілікті партия, комсомол белсенділері сол үндеуді қолдауды әрбір білім ошақтарына тапсырып, қатаң қадағалайтын болды. 1961 жылы қазақ мектебін бітірушілермен үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, сол тұстағы Қорғалжын ауданының «Аршаты»  кеңшарына қылқандай жастарды апарып орналастырды. Ал, мектептегі шаруа оң сипатқа ие бола бастаған еді. Өзі әдістемелік секцияның жетекшісі болды. Оқушыларды кино аппаратымен жұмыс істеуге үйрететін үйірме ашып, мектепте әртүрлі көркемфильмдер көрсетіле бастады.
Ілкімді істері ескерілген болуы керек, 1966 жылы Азат орта мектебіне директордың оқу-тәрбие жөніндегі орынбасарлығына ауыстырылды. Мектеп ұжымында бір ғана жергілікті ұлт өкілі бар екен. Негізінен, тың игерушілердің балалары. Оқушылардың тәртібі төрт аяғынан ақсап жатыр. Ендігі арада тәлім-тәрбие бағытында көп жұмыс істеуге тура келді. Тың игерушілердің тура өздеріне болмаса да, балаларына сіңірген еңбегі ескеріліп, тың игерушілердің медалімен марапатталды. Арада төрт жыл өткен соң абыройлы еңбек серіппелі серпінмен биікке алып шықты. Тәжірибесі толысқан, өз саласындағы жаңалықтарды жаза баспай меңгерген, білімі білікті іске қаптал жететін Еркін Дәуешұлы 1970 жылдың тамыз айында Қарабұлақ мектебін қабылдап алды. Бұрынғы директор Ұлы Отан соғысының мүгедегі екен. Бәлкім, денсаулығы мүмкіндік бермеген шығар, мектеп тым жүдеу. Алғашқы бетте-ақ мұғалімдердің білім дәрежесінің төмен екендігі байқалды. Оған қоса, білім ошағының материалдық-техникалық базасын нығайту қажет. Ендігі арадағы ересен қимыл осы бағытқа жұмылдырылды.
Арада аз уақыт өткен соң мектеп Ақкөл ауданындағы тәуір мектеп ошақтарының санатына енді. 1974 жылы жаңа Сілеті ауданы құрылғанда бұл елді мекен жаңа ауданның қарамағына енгізілді. Жаңа аудандағы өзі тақылеттес білім ошақтарымен салыстырғанда алғашқы бестіктің ішінде еді. Келер жылы «Қарабұлақ» кеңшарының басшылары жаңа мектеп салғызып берді. Ендігі арада мектеп оқушылары бір ауысымда білім алып, спорт залы толыққанды жұмыс істей бастады. Аудан бойынша өткізілетін әрқилы жарыстарда жүлделі орындарға ие болды. Бірақ, қол жеткен табыс місе тұтылған жоқ. Әлі де алға талпыну, ұмтылу қажет. Қосымша спорт алаңы, өзге де ғимараттар салынды. Осы еңбегі бағаланып, «Қазақстан Республикасы  білім беру саласының үздік қызметкері» атағын алды. Кезекті тамыз конференциясында аудандық атқару комитетінің шешімімен жеңіл көлік берілді.
Ел ішіндегі ілкімді істерге ұйытқы болуды азаматтығына сын деп ұғынып, уақытының көбін қоғамдық жұмысқа бөлуші еді. Бойындағы осы бір қасиетті байқаған Сілеті аудандық партия комитеті қызметке шақырды. Ол тұстағы тәртіп қатаң. Партияның  қатардағы солдаты еңбек майданының қай шебіне жіберсе де, тартынбауға тиісті. 1978 жылдан бастап аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеді. Әрдайым қарбалас, қайнап жататын жұмыстың ортасында табаны күректей он жыл жүрді. Бұл жерде абыройсыз болған жоқ. Қоғамдық негізде аудандық бейбітшілікті қорғау және аудандық мәдениет қызметкерлері кәсіподағы комитеттерінің төрағасы болып сайланды.
Кейін Ақкөл аудандық білім беру бөлімінің басшысы болып тағайындалып, осы ауданға қызметке ауысты. Әуелі аудандағы білім беру мекемелерімен толық танысып шықты. Сөйтсе, жұмыс бастан асып жатыр екен. Өз міндетін дұрыс атқара алмай жүрген басшылар да бар. Әуелі Ерназар елді мекенінде қазақ тілінде тәлім-тәрбие беретін бала бақша мен бастауыш мектеп ашуды жөн деп санады. Негізінен, қазақ ауылдарындағы мектептердің ғимараттары қаусап, тозығы жетіп тұр екен. Осы бір өзекті мәселені аудан басшыларының алдына қойды. Жұмыстың ең негізгісі, қазақ тілін оқытудың сапасын мейлінше жақсарту қажет еді. Алға қойған қыруар мақсатты бірте-бірте жүзеге асыра бастады. Алдымен, балалар мекемелері басшыларының іскерлік сапасын жақсартты. Аудандық білім беру мекемесін басқа ғимаратқа көшірді. Ерназар ауылында жаңа ғимарат салғызып, жергілікті ұлт тілінде тәлім-тәрбие беретін бала бақша мен бастауыш мектеп ашты. Амангелді мен Қараөзек ауылдарында жаңа типтегі білім ошақтарын салғызды. Красный Горняк, Қызылту мектептерін жайлы ғимараттарға көшірткізді. Орыс тілінде тәлім-тәрбие беретін мектептердегі қазақ тілінде сабақ беретін ұстаздардың сапасын жақсарта отырып, оқыту әдістемесін тұрақты назарда ұстады. Алты қазақ ауылындағы мектептерді ана тілінде оқытуға көшірді. Ресми тілде тәлім-тәрбие беретін 14 мектепте қазақ бастауыш сыныптарын ашты. Осындай ауқымды шаралардың арқасында аудандық білім беру бөлімінің жұмысы оң жолға қойылып, беделі арта бастады. Еңбегі нәтижесіз болған жоқ. Облыста алдыңғы қатарға шықты. Ендігі жерде республикалық, облыстық шаралар тұрақты түрде осы ауданда өткізіле бастады.
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін білім саласы айтарлықтай қиындықтарға душар болғандығы жасырын сыр емес. Электр қуаты берілмей, жылу қазандықтары ауық-ауық тоқтап қалып, қиындық туғызды. Содан соң бірсыпыра мектептерге пеш салуға тура келді. Бұрынғы екі-үш қабатты мектептердің кейбір қабаттары жабылып, ықшамдалды. Бірақ, ауданда бірде-бір мектеп жабылған жоқ. Ақкөл қаласындағы төрт бала бақшаны аман-есен сақтап қалды. Ел еңсесін көтергеннен кейін сала жаңаша серпін алып, Наумовка, Приозерный, Черняховский, Новорыбин елді мекендеріндегі білім ошақтарының жанынан бала бақшалар салынды.
Ақкөл қаласында қазақ орта мектебін ашу уақыт талабы екендігін айтып, 2000 жылдан бастап аудан әкімінің алдына мәселе қойып отырды. Тек 2002 жылдың орта кезінде бұрыннан бос тұрған бала бақшаға қосымша құрылыс салынып, мектеп ғимаратына дайындауға келісім берілді. Көкірегінде бір ізгі арман тәрізді осы жұмысты бастай бергенде зейнет демалысына шықты. Әйтседе, өмір бойы адал еңбекті серік еткен абзал жан зейнетке шықтым екен деп қол қусырып қарап отыра алмады. Айрықша өткір мәселені әкімдерге хат жазу арқылы білдірсе, бұқаралық ақпарат құралдарының бетінде ел ішіндегі елеулі мәселелерді өзек етіп жазып жүрді. Арада аттай тоғыз жыл өткен соң облыс аудандарының ең соңында 2011 жылы қазақ тілінде тәлім-тәрбие беретін білім ошағы ақыры, ашылды.
Елге жаны ашитын адам болса, ол адамды жалғыз білім саласы ғана емес, өмірдің өзекті барша мәселелері толғандырады екен. Айталық, Амангелді ауылының болашағы. Ауылдағы балалар саны азайған. Дүкен, монша, клуб дегендер жоқ. Оның үстіне жергілікті тұрғындар ел іргесіндегі өзеннің үстінде көпірдің жоқтығынан қаншама азап шегіп жүр. Міне, бір ауылдың төңірегінде  қордаланып қалған қаншама мәселе бар. Осы жайларды аудан басшыларының алдында талай рет мәселе қылып көтерді. Жалғыз басшылардың алдында ғана емес, газет бетінде де.
Ұзақ жылдар бойы жазушы, шежіреші Жайық Бектұровтың шығармашылығын зерттеп, есімін есте қалдыру мәселесімен айналысып келеді. Ол кісінің есімімен Ақкөл қаласында бір көше аталып, осындағы орта мектепке аты берілуі қарастырылуда. Ұзақ жылғы ізденістің нәтижесі ретінде «Жаны жайсаң Жайық аға» атты мазмұнды жинақ та шығарды.
Облыстық «Арқа ажары» газетінің бетінде Ақкөл ауданының тыныс-тіршілігін өмірдің өзінен ойып алып, ағын ақ, қарасын қара деп әділін жазатын қарт қаламгер әлі де қайраткерлік қырынан жаңылған жоқ. Біздің жергілікті жердегі жанашыр ағамызға 2013 жылы «Ақкөл ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. Ел мерейін көксеген абзал аға бұл күнде Астана қаласындағы қарттар мен мүгедектер үйінің педагог-психологы. Сол бұрынғы аттан түспеген қалпында. Қолында қаламы, назарында ел жайы.
Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің ұжымы да осы күнге дейін редакциямызбен шығармашылық байланысын үзбей келе жатқан басылым жанашырын шын жүректен мерейлі 75 жасымен құттықтай отырып, деніне саулық, ұзақ ғұмыр, отбасы қуанышын тілейді. Жақсыны көксеген ізгі ниетіңізбен әрдайым көпшіліктің көңілінен шығып, бүгінгі таңда қоғамымызға аса қажет адамгершілік,
ар туын биікте ұстай беріңіз!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар