Көкшетаудағы Бірлік мерекесі

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев Қазақстан халқының Бірлігі күні Көкшетаудағы Тәуелсіздік алаңында ұйымдастырылған

мерекелік шараларға қатысып, жиналған жұртшылықты құттықтады.

Бірлік, достық, татулық ұғымдарының мағынасын жақсы түсінетін, қадірін білетін қазақстандықтар үшін мамырдың алғашқы күнінде атап өтілетін бұл мерекенің орны айрықша. Мереке күні бір кісідей облыс орталығындағы Тәуелсіздік алаңына жиналған көпшіліктің жүзінен ерекше ықылас байқалды. Қазақстан халқының Бірлігі күніне арналған салтанатты шара Абылайхан алаңындағы «Менің Отаным – Қазақстан» деп аталатын балалардың асфальтқа салған сурет байқауынан және қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесінен бастау алды. Алаңға жиналған жұртшылық өте шебер деңгейде орындалған музыкалық-хореографиялық көрсетілімге, жастардың флеш-мобына назар аударып, облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың мерекелік құттықтауына құлақ түрді.

Жиналған қауым алдында құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі Ермек Маржықпаев Бірлік мерекесі Қазақстанда тұрып жатқан барлық ұлттардың ынтымағы мен бір-біріне деген достық ықыласының, барша отандастарымыздың жасампаздығының белгісі екенін атап өтті.

–Құрметті жерлестер! Көктемнің шуақты күнінде Сіздерді Қазақстан халқының Бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын. Ата Заңымыздың «Біз Қазақстан халқы» деп басталуы тегін емес. Тәуелсіз ел атанып, әлемнің дамыған мемлекеттерінің қатарына қосылуымыз – бірлігіміздің арқасында. “Туған жер” жобасының арқасында облысымызда соңғы екі жылдың ішінде демеушілердің қаражаты есебінен 60-тан астам әлеуметтік нысандар салынды. Сонымен қатар, 3,5 миллиард теңгеге 105 жоба іске асырылды. “Қайырымды ел – Ақмола” жобасы шеңберінде соңғы екі жылдың ішінде 400-ге жуық қайырымдылық іс-шаралар өтті. Нәтижесінде 450 отбасына материалдық көмек көрсетілді, – дей келе, облыс басшысы басқа өңірлерге қарағанда облысымыздың ең полиэтникалық аймақ екенін, бізде 100-ден астам ұлттар мен ұлыстардың тұратынын тілге тиек етті.
Одан кейін “Вайнах” Ақмола облыстық  шешен-ингуш қоғамы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Герихан Яндиев,   Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенті Дина Мурашева да алаңға жиналған жұртшылыққа ақжарма тілектерін жеткізді.
Жергілікті көркемөнерпаздардың концерттік бағдарламалары өзінің мазмұндылығымен, мағыналылығымен көпшілікке естен кетпес мерекелік көңіл күй сыйлады. Шараға арнайы шақырылған  қазақ эстрадасының жарқын жұлдыздары Мөлдір Әуелбекова, Алмас Кішкенбаев, “Артур мен Раим” дуэтінің жанды дауыста шырқаған әсем әндері, “Назар аудар” көңілділер мен тапқырлар клубының тәтті әзілдері жасты да, кәріні де баурап алды. Бірлікті әспеттеген сан түрлі ұлттың өкілдері достықты ту етіп, алаңда думандатты, мерекені дүркіретіп тойлатты. Этноқалашықты, этномәдени бірлестіктердің билерін, басқа да өнерін, жергілікті көркемөнерпаздардың қатысуымен өткен достық фестивалін тамашалаған қала тұрғындары да бір шаттанып қалды.

Осы мерейлі мерекеде «Қазақ тілі және мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықовты жолықтырдық. Қоғам белсендісі Елбасымыздың «Біздің жеткен жетістігіміз де, шығар биігіміз де халықтың бірлігі» деген пікіріне толық қосылатынын айтып, Бірлік мейрамымен құттықтады.

Осылайша, таңсәріден басталған мерекелік шаралар легі кешке жастардың концерттік бағдарламасына ұласты. Бар сән-салтанатымен атап өтілген Бірлік мерекесі достығымызды бекіте түсіп, көпшіліктің жадында көпке дейін сақталатыны сөзсіз.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар