«Тазы, Төбет, Бөрібасар» республикалық федерациясының басшысы Оралбек ҚАЙСАНОВ:

«Қазақтың жеті қазынасының бірі – итке де көңіл бөлетін, соның ішінде Тазы мен Төбетті ұлттық құндылыққа бағалайтын кез келді»

Төбетке нәубет төнген кез
Кеше жауған қалың қар Ақтастың сай-саласын ақ көрпемен қымтап, төңіректің бәрін жып-жылмағай етіп тастаған. Көз ұшынан қылаңдап көрінетін Сырымбеттің қолтығынан бергі ойдым-ойдым қайың шоқтарымен атқан оқтай түп-түзу сыптығыр терек қаулап өскен тоғайлы алқаптың қоян жон төсі айғыз-айғыз. Мынау тышқаншылап, таң алдында жортқан түлкінің ізі. Мына бірі ақ мамық қарға еркін батпай, жосылған қарсақтікі. Бұта түбінде шимай-шатпақ қоян іздері толып жатыр.
Ақтастың аттанар жақ иығын ала жоғары өрлейтін қар басқан соқпақтың болмашы сұлбасы мен намазшамдағы көлеңкедей бір-біріне тіркесіп, қос салт атты ілбіп келеді. Таң алдындағы шыңылтыр аяздың ашуы жирен мұрттарына қырау болып ілініп қалыпты. Алдыңғы қаншырдай қатқан кербалақ ат сүмектей болып терлеген. Сан жортуылды бастан өткеріп, таң асып, тері суытылмағаннан кейін соқтығып, қасат қарды шашасымен әрең бұзып келеді. Соңғы жирен ат та ауыр сапардан әбден қажыған, ерқашты, жілік майы жұқарған көлікке ұқсайды.
Кербалақ атты жолаушы иығындағы винтовкасын сәл кейін сырып, қолындағы қамшымен бас киімін көтеріп түзеді де қозы көш жердегі қарауытқан қыстауға ұзақ-ұзақ тесіле қарады.
Ақ қашып, қызыл қуған аласапыран заманда иесіз қалған көне қыстау Қарауылдың ішіндегі жеті атасынан дәулет арылмаған Жұман байдың ата қонысы еді.
Шымнан қалаған тоқал тамның іргесінде жатқан ақмойнақ, алапат ірі денесінде бұршақ тәрізді ақ таңбалары бар төбет ит Ақтасты қиялап құлаған қос аттыға ызғарлы жүзін бұрып, түк басқан қалың қабақтарының астынан жаратпай бір қарап қойды. Көзін ашқалы серік болған адамдар қара орман, ата қонысты тастап кеткелі де біраз болған. Табиғатынан таза қанды текті төбет қаншалықты ақылды болса да сан ғасыр сүттей ұйыған даладағы тылсым тыныштықтың бұзылғанын, қиян бір шетте кеңес өкіметінің орнап жатқандығын қайдан білсін. Дүлей дауылдың тап өзі Айыртауға анық жетпесе де, ел жақсылары тіккен сегіз қанат ақ үйдің түндігін желпіп, шаңырағын ортасына түсіретін суық леп ел қаймағын қалқып тастаған. Бұл өңірдің қазағы «іш жақ» деп атайтын Түмен мен Қорғанға, Сібірдің бергі шетіне үдере қоныс аударған. Ақтылы малымен бірге. Бұршақ таңбалы төбет аласапыранда иесінен адасып қалған. Содан бері міндеті иесіз қалған қыстауды күзету. Әу баста қанына біткен айнымас дағды. Төбеттік түйсікпен берген антына адал бұршақ таңбалы текті ит ара-тұра тышқаншылап күн көрсе де, қыстаудан тай шаптырым ұзап шыққан емес. Анда-санда иесі ас беретін итаяғын иіскеп қояды. Қаңсыған итаяқ та күресінде жатыр. Сырымбеттің зәулім қарағайынан әдейілеп шапқан шұңғыл итаяқ. Іші қасқырдың терісімен қапталған. Ол да көне заманнан қалған ырым. Күшігінен асыраған төбет асымен бірге қасқырдың иісін ала берсін деген ниеттен туындаған әрекет.
Қос атты қыстауға қозыкөш жер қалғанда бұршақ таңбалы төбет созалаңдап қарсы тұрған.
– Әуп-әуп, «кімсіңдер-ай, менің қыстауыма жақындамаңдар».
Кербалақ атты жолаушы иығындағы винтовкасын сыпырып алып, алпамсадай төбетті қарауылға оңай іліндірді.
Сәлден соң қар басып мүлгіген, Сырымбеттің Жарқынға ұласатын жалпақ даласы солқ ете түсті. Ұзақ, иттік ғұмырында үш қасқыр, есепсіз түлкі алған, Жұман байдың сегіз үйір жылқысынан қанды ауызға жетім жабағы тарттырмаған текті төбет қос өкпесінен қадалған жалғыз түйір қорғасынның салмағын көтере алмай, қар қауып, омақа асты.
Бұл осы даладағы қаны таза текті тұқымның ең соңғысы еді. Ұяластары үдере көшкен елмен бірге жат жұртқа ауып кеткен. Ұйқы-тұйқысы шыққан атақоныста ас ішіп, аяқ босатқаннан басқаға жарамайтын дүрегей, бәкене бойлы шата, қара шекпенділерге ілесіп ауып келген аңға қосуға жарамайтын, мал бағуға септігі жоқ, тұқым тегі белгісіз, әлдебір әлжуаз иттер ғана қалған.
Баяғыда, бала кезімде көрген көне сурет жадымда жатталып қалыпты. Қоңыр күз болатын. Мал іздеп шыққан көрші ағам қасқырдың бөлтірігін атып әкеліпті. Әлі үйіне толмаған, қар баспаған, қара қылшық түбітті жүні жетіліп үлгермеген кішкентай бөлтірік. Соның өзі шағын ауыл үшін үлкен оқиға. Біздің көшенің жартысы бөлтірікті көруге келген. Дала қожасы жасына жетпей, оқ құшып, ажал тауып қызықтағыш адамдардың аяғының астында жатыр. Көзге түртсе түк көрінбейтін тастай қараңғы түнде жерде жатқан бидайдың ширегін көре алатын көкжалдың тұқымы жаңа жетіліп келе жатқан азу тістерін ырситып, жырта қарыс тілі сыртына шығып, қара жолақты езуі салбырап, сұлық түскен. Қанша жерден алапат күш, өзгеше айбар, қайтпас қайсарлы болса да, отты қаруға қарсы дәрмені жоқ.
Дәл мұндай тегін қызық кездесе бермейтін ауыл адамдары өлі бөлтірікке ауылдың мақтаулы иттерін әкеліп, талатып көрмекші болды. Ірілігі бұзаудай дүрегей иттер бөлтірікке сәл жақындатқанда, шыбын жаны шырқырап, жандарын қояр жер таба алмай аласұрып, қыңсылап, бет-бетіне қашып тырағайлап кеткен. Өзара қырқысқанда қан жоса болып, бірін-бірі жарып тастамай тынбайтын он-он бес ит жалғыз бөлтіріктен, оның өзінде де оққа ұшып, мерт болған бөріден қорықты.

Жеті қазынаның жанашыры
Краснояр селосында тұратын Оралбек Қайсанов бірнеше жылдан бері қазақы төбеттің тұқымын жақсарту бағытында тынымсыз ізденіп жүр. Сан ғасыр бойы ұшқан құстың қанатын, жүгірген аңның тұяғын тоздыратын сайын далада самал желдей еркін, азат күн кешкен ата-бабамыз өзінің күнделікті тіршілігінде қайталанбас ғажайып салт-дәстүрлерді орнықтырған. Айталық, бүгінгі күнде талықсып, үзіліп барып қайта жалғанып, өшіп барып енді жанып жатқан құсбегілік, атбегілік өнер тәрізді қаны таза текті иттерді тауып асырау, олардан тұқым алу жаңа ғана қолға алынып жатыр.
–Мен алабай деген ит тұқымы барлығына сенбеймін. Ұзақ жылдан бері осы салада тірнектеп жұмыс істеп жүргеннен кейін, азды-көпті тәжірибеме сүйене отырып, өз пікірімді білдіретін болсам, алабай тамырын тереңнен алатын иттің тұқымы емес, алабай сөзінің өзінен көрініп тұрғандай бұл әлдебір будан иттердің түрін, оның жүнінің бояуын білдіретін болуы мүмкін. Сол будан иттерден жаңа тұқым шығару, оны жан-жақты насихаттау негізсіз ұғым тудырып отыр. Кешегі кеңес заманы орнығардың алдында ақ қашып, қызыл қуған аласапыранда қазақ топырағын жайлаған Алаштың арда ұлдары ата-бабасының қасиетті кіндік қаны тамған қастерлі топырақты тастап, төрткүл дүниеге тарыдай шашылып кетті. Сондағы ең басты себеп, Ата қазақ келімсекке намысын таптатқысы, сүйегін сындырғысы келмеді. Екіншіден, ұрпақ тағдырын, оның болашағын, қанының тазалығын ойлаған болуы керек. Қаншама жұрт шекара асып, жат елге, тілін, ділін, дәстүрін, заңын білмейтін бөгде аймаққа, бөтен жұртқа амалсыз қоныс аударды. Сол көшкен ел сүйегі кімдер еді? Жеті атасынан бері сабасынан асып төгілген байлық, тепкілесе кетпес құт-береке, ықылым заманнан бері тіні үзілмей келе жатқан тектілік біткен Алаштың ақырып теңдік сұрайтын айбарлы, айдарлы ұлдары мен қыздары емес пе еді. Сол тектілігінің арқасында алыс Ауғанстанда, тарпаң Тибеттің зәулім шыңдарында, жан аяғы баспаған, қара қарғаның миы қайнайтын аптап ыстық шөл мен шөлейтте өлмей тірі қалды. Тіпті, олар кейін завод, фабрика, түрлі кәсіпорындар ашып, сол елдердегі бақуатты адамдарға айналды. Оның бәрі тұла бойға біткен тұмса тектіліктің арқасы, қанның тазалығының әсері еді. Арда қазақтың сайын даласын қанға бөктірген, төгілген қан мен шашылған сүйектің үстіне орнатылған кеңес одағының қанды шеңгеліне амалсыз мойынсұнып қалған жұрт: малшылар мен жалшылар қарға адым жерге көшуге дәрмені жоқ, рухы пәс, жігері құм жандар еді. Көшкен елмен бірге сан ғасыр бойы даланың айбары болған тегі таза, тұқымы мықты бөрібасар мен төбет ит бірге кетті. Қазір алыс, жақын шет елдерде сол қазақ даласынан кеткен, арғы заманда арыстанмен алысқан, жолбарыспен жұлқысқан, қасқырды шопақ құрлы көрмеген, кеудесі керіскедей, бұқа мойын қазақы төбеттерден қалған тұқым уақыт өте келе жаңа сипатпен дамып келеді. Қазақ елі тәуелсіздігін алып, өшкеніміз жанып, жоғалғанымыз табылып жатқан бүгінгі ақ түйенің қарны жарылған айпара заманда ұлттық брендіміз болып саналатын аң патшасы арыстан сипатты бөрібасар мен көркіне көзің тоймайтын, күш-қуатына әз жаның сүйсінер қазақтың төбет итінің тұқымын көбейтсек, жарасымды емес пе.
Төбеттің айырмашылығы дене бітімінде. Бізге дейінгі ата-бабамыз әр сөздің бояуын, дәмін айыра білген ғой. Атауының өзінен көрініп тұрған жоқ па? Бөрібасар, демек, бөріні алатын, соған шамасы қаптал жететін әулетті деген ұғымды білдірсе керек қой. Бөрібасардың басы ересен үлкен, мойыны жуан, бас пен мойын зор кеудеге қоладан құйғандай тұтасып кеткен тәрізді болады. Езуі жырта қарыс. Азу тістері салалы, әрі өткір, мықты келеді. Кеудесі жуан, аяқтары сіңірлі, ұзын. Шынтақ кеудеден сәл алшақтау. Белі садақтың жағындай серіппелі. Күдістеу біткен мойын омыртқа жонданып барып күшті серпінді белге жымдаса жалғасады. Дауысы көмейінен, жұтқыншақтың түбінен бәлкім зор кеуденің өзінен шыққан тәрізді қою гүріл араласып салмақты леппен шығады.
–Егер осы іспен ондаған жыл айналысып жүрсем әрине, ермек деуге келмес. Зайыры ермек ерікеннің ісі. Өзіңіз ойлап көріңіз қазір менде алпысқа жуық асыл тұқымды ит бар. Ермек еткен адам қызығы мен азабы бірдей осынша итті генетика заңын сақтай отырып, өсіре алар ма еді. Ол үшін айрықша төзім, ерекше ынта керек. Әр иттің мінез-құлқын қадағалау, денсаулығын көзден таса етпеу, дағдыландыру, тәрбиелеу кез-келген адамның қолынан келе бермейтін азабы мол шаруа. Қысқа жіп күрмеуге келмей тұрған мына заманда ит түгіл адамды асырау оңайға түспей тұрған шақта еріккен адам елу ит баға алар ма еді?,–дейді Оралбек Қайсанов.
Ит асыраумен он жылдан астам уақыт бойы айналысып келеді. Асыл тұқымды итті бір шеті Ауғанстан мен бір шеті Түркіменстаннан жинады. Отбасы ит асырағанына қарсы емес. Әр адамның алдына қойған бір мақсаты болады ғой. Ал, көршілері алғашқыда үркектей қарап, ептеп күңкілдегендері де рас. Кейін көндігіп кетті. Олай болатыны Оралбектің төбеттері көршінің қаз-үйрегін ұрлайтын бұралқы ит емес. Кісі қаппайды. Ешкімге зияны жоқ. Сосын да көрші-қолаң төбеттердің тұлғасын көріп, тектілігін танып тәнті болып, өздері де қызықтап жүреді.
Қазіргі таңда асыл тұқымды иттерді сату өзінше бизнес екендігі жасырын емес. Әрі тұқымы тұздай құрып бара жатқан төбеттердің қымбат бағаланатындығы әртүрлі жарыстарда жүлде алған белгілі, атақты төбеттердің құны аса беретіндігі ешкімге жасырын сыр емес. Тұқым жаңалау үшін өзі де сатып алып жүр. Текті төбеттер миллион теңгеге дейін бағаланады. Бірақ, Оралбек төбеттерді сату үшін емес, олардың тұқымын жаңалап, көбейту үшін жинайды.
«Ит – жеті қазынаның бірі» деп Алаштың сұңғыла қарттары тегін айтпаған. Төбет – барлықтың, байлықтың, тектіліктің белгісі. Қазақ даласын жыртқыштан, жаудан қорғап қалған төбеттің жиырма бірінші ғасырда да өмір сүруге толық қақысы бар.

Осы жұрт Оралбекті біле ме екен?..
Оралбек Қайсанов Шығыс Қазақстан облысына қарасты Тарбағатай ауданының Қарасу ауылында дүниеге келген. Қазір бұл ауыл Қабанбай батыр ауылы деп аталады. Төңірегі толған қырат, жота, тау. Толағай, Сеңгір, Тарбағатай таулары. Ту сонау етекте әлдеқайдан түсіп қалған бір шөкім моншақ тәрізді мөлт-мөлт етіп Зайсан көлі жатыр.
Ертеректе ауыл қариялары тал шыбықты ат қылып мінген балаларды жинап алып күрестіретін. Бір қарағанда әншейін ермек тәрізді, ал, шынтуайтына келсе жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан жеткіншектерді шынықтыру, өжеттілікке баулу, жас көкіректе бұйығып жатқан намыс отын тұтату. Оралбек бойы сәл аласа болғанымен, өзінен бірер жас үлкен балалармен белдесе беретін. Жеңсе нағашысы Секен Байжұманов күректей алақанымен басынан сипап еркелететін. «Сары палуан» деп ат қойған да нағашысы. Осы жиен кейін жауырыны жерге тимейтін балуан болады деп үміттеніп отырушы еді. Ел ішіндегі кішігірім тойларда жұлдызы жанса, нағашыларына тартқан деп масаттанатын.
Нағашы қауым үкілеп үміт артқан «сары палуан» екінші сыныптан бастап Қарағандыдағы спорт мектебінде білім алды. Негізгі саласы еркін күрес. Еркін күрестің әліппесін Тарбағатай ауылының етегіндегі шоқ жұлдыздай шағын ауылда бастаған. Күрес әліппесін үйреткен ауылдағы жаттықтырушысы Серік Шаймұханбетов. Ал, спорт мектебінде белгілі жаттықтырушы Владимир Кузнецовтың тәлім-тәрбиесін көрді. Әуелі қалалық жарыста топ жарған. Кейін облыстық бәсекеде бабы үстем болды. Сан талай республикалық жарыстарда жүлде алды. Сөйтіп, жүріп спорт шеберлігіне кандидат атанды.
Ол кезде спорт шеберлігіне кандидат атану оңай-оспақ шаруа емес болатын. Әйтсе де ес біліп, етек жапқалы жан алып жан беріскен боз кілемдегі белдесуге бар ынта-шынтасымен, қажыр-қайратымен ұмтылған Оралбектің үлкен спорттағы табысы да аз емес. Оның барлығы тас қайраққа жанып алған тәрізді жігерде жатқан шығар бәлкім. Сол жылдары шығыс жекпе-жектері шым-шымдап ене бастады. Бұл 1979 жылдар болатын. Қарағандыдағы Майқұдықтың жертөлелерінде алғашқы үйірмелер ұйымдастырылды. Кеңес заманында спорттың бұл түріне қатаң тыйым салынған болатын. Өзіндік қыр-сыры қатпар-қатпар жекпе-жек өнерінің каратэ-шотокан деп аталатын түріне ынтыққан. Әуел баста табиғат дарытқан бейімділік пен икемділік, ең бастысы темірдей төзім мен тегеурін тау жығар қажыр-қайрат жарып шықты. Сан талай жекпе-жектерді өткергеннен кейін беліне қара белбеу байлады. Қара белбеулі каратэші атанды. Екінші данды иеленді. Тиым салынған өнер түрінен әп еткен бетте мұндай жетістікке жету де оңай емес еді.
Сөйтіп, жүргенінде әскер қатарына алынды. Бұл Ауғанстандағы соғыс өрті қызып тұрған кезең болатын. Жамбыл облысының Отар станциясындағы әскери бөлімде қызмет етіп жүрген бір топ жас Отан алдындағы борыштарын абыройлы өтеу үшін Ауғанстанға баруға өтініш жазған болатын. Спортшылар ротасы от-жалынға оранған ауған даласында жеңгені кім, жеңілгені кім екендігі белгісіз қан қасап майданға қатысты. Майдандағы көзсіз ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. Қой құмалағындай қорғасын батырды да, алыпты да алып жығады. Майдан даласында жараланды. Мәскеудегі медицина академиясында емделді. Осындағы қолы алтын хирург Лебедевтің шарапатының арқасында тіршіліктегі татар дәмі таусылмай, аман қалды.
Ал, спорт өмірлік серігі. Арқалық қаласында педагогикалық институттың көркемсурет факультетінде оқып жүргенінде ішкі істер саласы қызметкерлерін қолма-қол ұрыс түріне үйретіп, жаттықтырушылық жасады. Сурет демекші, Оралбектің бойындағы табиғат сыйлаған тағы бір дарын – әп-әдемі суретшілігі. Баяғыда мектепте оқып жүрген кезінде бастаған. Әуелі қабырға газеттеріне тақырыптық суреттер салуға машықтанды. Кейін өзінің жанын баурайтын әдемілікке, сұлулыққа іңкәр көңілімен мөлдіретіп қалам тартты.
Ленинград қаласындағы Репин атындағы көркемсурет академиясын аяқтарда дипломдық жұмыс ретінде үш сурет салған. Біріншісі «Таң сәрі». Шығыс жақ беттен қызыл жалқын алауы жаңа-жаңа бозамық аспан бетіне жайылып, сібірлеп таң атып келеді. Бозарып атып келе жатқан таңнан бозторғай бетегелі белге сызылтып ән тарататындай. Сәлден кейін көз ұшы жетер кеңістік толайым нұрға бөленбек. Боз бетегенің ұшар басына сұлулар таққан сырғадай бір тамшы шық ілініп қалыпты. Алаулап атқан таңның себезгілей құйылған жалқын нұры жалғыз тамшының жүзінде алау-далау ойнап тұр. Жап-жаңа ғана түн етегі түріліп, кеңістік керімсал күйге бөленгенде сайын дала да мамыражай ұйқысынан оянғандай. Самал желмен тербелген ақ қайыңның жүрекше жапырағы қолын бұлғап тұрған тәрізді.
Ал, екінші суреті «Нөсерден соң» деп аталады. Бір шеті мен бір шетіне көз жетпейтін шалқар кеңістік. Кеңістіктің әне бір тұсында таздың киген тақиясындай бір шөкім бұлт жылжып барады. Жаңа ғана сайын даланың төсін нәрмен сусындатып, даланың дидарын жып-жылы жауынымен жуып шыққан. Аптаптан деміккен сайын дала нөсерден соң дүр сілкініп, жаңарып, жасарған кейіпке енген. Бойшаң адамның белінен келетін жасыл шалғын да, желегін жамылған ағаштар да тап-таза пәк күйінде. Ал, үшінші суретінде қос шоқының етегіндегі мал баққан шопанның тіршілігі кескінделген. Әнебір жерде алып самұрықтың жұмыртқасындай томпиған киіз үйлер. Киіз үйдің жанында Алаштың сан ғасыр бойы тіршілігін айырған ақтылы малы. Қос шоқының етегінде бір табын қойын қайырып шопан кетіп барады. Ал, аспанда ақ марқаның түбітіндей шөкім-шөкім бұлттар жүзіп жүр. Мамыражай тіршілік өмірдің өзінен көшіргендей.
Оралбекті тарих тағылымы да қатты қызықтыратын. Содан соң Көкшетау қаласындағы Абай Мырзахметов атындағы университеттің тарих факультетін тәмамдап Алаш жұртының есте жоқ ескі күндерін зерделеп, зерттей бастады. Тек Алаш тіршілігі ғана емес, Алаш баласының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, малы, жаны, тіпті, иті де. Мал демекші, таза қанды жылқы тұқымын өрістетуге. Жай ғана жылқы емес қазақ жұрты мен сан ғасыр бойы бірге жасап келе жатқан жабы тұқымын. Краснояр селосындағы ұлттық спорт мектебінің жанында ұлттық спортты дамыту үшін қажетті жылқыны көкпар тартуға, аударыспақ ойнауға, теңге ілуге, қыз қууға жарамды жылқыны баптап, қазақ жылқысының атақты ағылшын, араб, түркімен жылқыларынан бір кемдігі жоқтығын дәлелдеу үшін. Қазір республикадағы атқұмарлар «Ұлы жорық аттары» бағдарламасы бойынша бағзы заманғы болат тұяқ тұлпарларды қайта тірілтпек. Бүгінгідей жиырма шақырымда демігіп, отыз шақырымда алқынатын ат емес, жүз шақырым шапқанда жүзі жығылмайтын әйгілі жүйріктерді. Сол жүйріктер Ертіс пен Еділ, Сібір мен Келес арасын қорғаған ата-бабамыздың қос қанаты іспетті.

2011 жылдың сәуір айының 30-ы күні Ақшұқырдың арқасы, қарт Каспийдің жағасында өзгеше жарыс өткізілген. Жылқыға жаны ашитын азаматтардың қолдауымен. Өзгешелігі сол тоқсан шақырымдық жарыс. Сол жарыста Аман Бағдабаевтың «Аққанат» атты тұлпары бірінші орын алды. Мұндай жарыс 2011 жылдың 16-21 шілдесінде Ресейдің Рязань аймағында да өткізілді. «Достық кубогы» деп аталады. Сексен шақырымдық жарыста бірінші, үшінші, төртінші орынды және командалық бірінші орынды қазақ шабандоздары жеңіп алды. Адай жылқысының тұқымы. Осыған қарағанда кейбіреулердің қазақ жылқысы соғымға ғана жарайды дейтіні жөн емес. Бабы мен бағы келіссе жер танабын қуырған қас тұлпарлар жүз шақырымдық жарыста алдына қыл құйрықты салмайды екен. Ұлт мұратын ұлықтаған Оралбектей азамат көп болса, өшкеніміз жанып, жоғалғанымыз табылатынына титтей де күмән жоқ.

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Қазақстан Республикасы ақпарат саласының үздігі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *