Ізгілік пен мейірімге толы айлардың сұлтаны – Рамазан

Көкшетау қаласындағы «Көкшетау» мәдениет сарайында Қасиетті Рамазан айының қарсаңында, Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы

Ақмола облысы бойынша өкілдігі БАҚ өкілдері арасында баспасөз мәслихатын өткізді. Бұл шараға ҚМДБ діни білім және кадр даярлау бөлімінің басшысы Бейбіт Мырзагелдиев және облыстың өкіл имамы, Науан хазірет мешітінің бас имамы Қуаныш қажы Жұмабайұлы қатысып, қасиетті айдың тағылымы жайлы сөз қозғалды. Баспасөз мәслихатынан кейін «Жарамазан» атты рухани-мәдени кеш өтіп, «Ел үлесі пәтерге!» атты жоба аясында тұрмысы төмен отбасыларға үш пәтер сыйға тартылды.

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының өкілі Бейбіт Әліпбекұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазіреттің ақмолалықтарға арнаған ыстық ықыласы мен құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ, берекелі айдың қадір-қасиетін толығымен түсіндіріп, сауаптар еселеніп жазылатын бұл айды ізгілікпен өткізу қажеттігін баса айтты.
Науан хазірет мешітінің бас имамы Қуаныш қажы Жұмабайұлы осы айда жергілікті мешіттерде ауызашар берілетінін және Рамазан айында облыстық мешітте атқарылатын бірнеше игі жобалар жайлы түсіндіріп өтті. Мәселен, «Қош келдің, Рамазан!» атты жобасы жастар жылына орай, әлеуметтік желі қолданушы жастар арасында 6 мамырда басталатын «Рамазан үздіктері» атты республикалық жақсылықта жарысу марафоны, «Жаныма жұбаныш, көңіліме қуаныш болған – Рамазан» атты республикалық шығарма бәйгесі, «Оразаның отыз айшықты оқиғасы» атты дәстүрлі жоба биыл да жалғасын тауып, облыс бойынша Рамазан айының әр күнгі ізгі істерімен өткізілетін болады.
Рамазан – қайырымдылық пен ізгіліктің айы екендігі ескеріле отырып, осы айда «Ислам – мейірім шуағы», «Мейірімділік мекені», «Жол үстіндегі ауызашар», «Рамазан тартуы» сынды бірнеше қайырымдылық шаралар жалғасын табады.
Рухани кеште көрермендер Жастар жылына орай ашылып, жуырда ғана Ақтөбе қаласында өткен халықаралық байқауда қос жүлдені қанжығаларына байлап келген «Ел жастар» театрының «Армандар кемесі» атты қойылымынан үзінді тамашалап, Таңнұр мен Мұхамедтің айтысын және Сәрсенбай Хасеновтің орындауында «Ата-ананың қадірі» атты ән тыңдады.
2018 жылы Ақмола облысында бастау алған «Ел үлесі пәтерге!» халықтық жобасы қазіргі таңда республика көлемінде жүргізілуде. Осы жоба аясында «Жарамазан» атты рухани-мәдени кеште Ақмола өңіріндегі Біржан сал мен Бұланды аудандарында екі баспана, ал, Көкшетау қаласында төртінші пәтер кілті табыс етіліп отыр.
«Ел үлесі пәтерге» жобасы Көкшетау қаласы төңірегінде болса, биылдан бастап аудандарда да жалғасын табуда. Осынау ізгілікті шарада Біржан сал, Бұланды аудандары сауапты қадам жасады. Сөйтіп, Бұланды ауданының тұрғыны Айман Тұрланбекқызы баларымен қоса, анасыз қалған бес немерелерімен келіп, жаңа пәтерге ие болды. Айман апаның үлкен ұлы отқа оранып мерт болса, ағасын құтқарамын деп інісі де жанталасқан. Осылайша өте қиын жағдайда қалған ол балаларды тәрбиелеп, өз қамқорлығына алып отыр. Ал, Біржан сал ауданынан келген Айман Балтабекқызы көп балалы ана. Көкшетау қаласының тұрғыны, қаладағы төртінші пәтердің иесі 7 баланың анасы Нұргүл Қаржауова. Ол жылдар бойы пәтер жалдап, азапты күндер, ұйқысыз түндерді өткізіп келеді.
Міне, осылайша мәртебелі мереке қарсаңында жаңа пәтерге қол жеткізген олар өз кезегінде жүрегі кең, жаны жомарт, мейірімі мол халқына жанарларын жуған қуаныш жасымен ризашылықтарын білдіріп тұрғандай еді.
Оған қоса, Бұланды, Біржан сал аудандарынан пәтерге ие болған отбасыларға қала имамдарының атынан теледидар тарту етіліп, Науан хазірет мешіті атынан сый-сияпат жасалды.
Бүгінде «Ел үлесі пәтерге» жобасының жалғасын табуына белсенділік танытып, барған жерлерінде үнемі насихаттап жүрген Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев өз сөзінде:
– Қазір біздің өңірде өлік жөнелту кезінде ысырапшылдыққа жол бермеуіміз қажет. Бұл орайда сауапты іс атқарылуда. Өлік жөнелткенде шығынды азайта отырып, содан үнемделген қаражатты «ел үлесі пәтерге» қосу сауапты болмақ. Қазір сол игі іс жасалып та жатыр, – деді.
Осы орайда, қайырымдылық көмекті жоғары оқу орнында оқитын студент жігіт көрсетіп отырғандығы да айтылды. Ол күндіз оқып, сабақтан тыс кезінде мейрамханалардың біріне барып, жұмыс істеп, жұма сайын 2000 теңгеден үлес қосып келетіні үлгі етер жай болса керек.
Рухани кеште Қуаныш қажы Жұмабайұлы қалың жұртшылық алдында сөз алып, осы айтулы шараға атсалысқан барша мешіт қызметкерлеріне алғысын айтса, «Ел үлесі пәтерге» жобасының басы-қасында болып, бүгінгідей дәрежеге жеткізіп, үлкен еңбек сіңірген Ерболат қажы Шәріповке ерекше ризашылығын білдірді. Жамағат та дән риза.
Рухани кештің соңы қайырымдылық концертін өткізіп, одан түскен қаражатты «Ел үлесі пәтерге» жобасына аударған Мұратқазы Әбудің көрермендерінің жүрегіне иман ұялатар «Иман келтір» әнімен аяқталды. Рухани кешті ақын Жайнарбек Зандыбай әсерлі жүргізіп, жұртшылықтың ықыласына бөленді.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар