Қазақ білсін!

Дәстүрдің озығы бар…

Той малы (дәстүр). «Жүз жылқы той малына кетіпті» (М.Ж.Көпеев). Келін алуға келген қадірлі құдалар ел дәстүр салты бойынша сән салтанатымен, жөн жосығымен келіп түседі. Бұл жолдың кәде жоралары да көп болады. Соның ішінде ең басты кәдесінің бірі осы топқа арнайы әкелген «той малы» деп аталатын жолды дәстүр.

Бұған әр құда өз дәулеті мен шамасына қарай жылқы немесе бірнеше қой әкеледі. Күйеудің абырой, беделі осы кәдеге де байланысты болады. Бұған қымбат мата, бұйым, жеміс, қант, шәй да қосылады. Әкелген мал арқылы құдалар қыз әкесінен, атасынан немесе сол ауылдағы жолы үлкен ақсақалдан бата тілейді. Батадан кейін әлгі мал сойылып, тойға жиналғандар одан ауыз тиеді. Той малы толымсыз болса қыз жеңгелері құдалардың бетіне басады. Сондықтан да «той малының» мүшесі түгел әрі семіз болуы қатты қадағаланады.
Дәмету. «Дәметкен сары майдан кеудең құрсын» (халық өлеңі).
Дәметудің әр түрі бар. Ал ырымда жас келіншектердің дәметуінің жөні бөлек. Жас балалар мен келіндер ата енелері қонақтан келсе, олардан тәтті дәмететін әдеті бар. Әсіресе, балалы жас келіндер дәметсе оның меселін қайтаруға болмайды. Өйткені, дәметіп отырып ойындағысы болмаса оның емшегі ісіп кетеді. Бұл өмір шындығы. Ал үлкен кісілер, аналар, әжелер жас келіншегі бар үйге дәметіп қалар деп қашанда қалтасына дәм тұзын сала жүреді. Бұл әркім ескере жүретін ескіден келе жатқан ырым.
«Қалың мал» (дәстүр, кәде). «Мен ат тон айыбымен қалың мал қайтартпақшы болдым ғой» (С.Көбеев). Құда түсу рәсімі келісілген соң дала заңы бойынша күйеу жағы «қалың мал» төлеуге тиіс. Бұл қазақ, қазақ болғалы бұлжымаған ежелгі дәстүр. Оның мөлшері құдалардың дәрежесі мен дәулетіне байланысты екі жақ келісе отырып шешеді. «Бұрынғы кедейлер арасындағы қалың мал мөлшері бес алты малмен тынса, ірі байлар арасында екі жүз, бес жүз, мың жылқыға дейін жеткен. Би мен байлар, хан мен төрелер арасында қалың мал үстіне «бес жақсы» деп аталатын бес түйеге қосып бір «жетім қыз (күң), «аяқ жақсы» деп беретін үш түйеге қоса бір «еркек жетім» (құл) бергендігі кейбір деректер арқылы белгілі. Қалың малдың «қырық жеті», «отыз жетінің бүтіні», «отыз жеті», «отыз жетінің жартысы», «жақсылы отыз жеті», «жиырма жеті», «он жеті», «домалақ қалың мал», «домалақ бата» сияқты түрлері болған. Мұның сыртында той мал, сүт ақы, күйеу апаратын ілу, өлі тірі апаратын, тағы басқа көптеген бағалы кәде, жоралар да болады. Бұған кеңес үкіметі кезінде «қызды малға сату» деп қара күйе жағылып келді. Ал шындығында қыздың жасауы «қалың мал» мөлшерінен кем болмаған. Демек, бұрынғы дала заңында бұл ескерілген сияқты.
Әрине, «қалың мал» құдалардың дәулетіне байланысты болған. Бұл істе әркім өз шама шарқына қарай белгілеген. Бұрынғы заманда «қалың мал» байлық пен мырзалықтың дәрежесін әйгілейтін көріністің айғағы болғаны шындық. ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінде Кіші жүзде Байсақал мен Орта жүзде Сапақ құда болған. Сонда Байсақалдың қызының «қалың малы» бес жүз жылқы болған. Үш жүз жылқы қара малы, жүз жылқы үйге кіргізер, жүз жылқы той малына кетіпті (М.Ж.Көпеев).

● Жылылық, жарық, нұрын беріп,
Сездірген атам – күн шебер.
Балына қосып уын беріп,
Өсірген анам – қара жер.
● Анық азат адам болмайды.
● Заманды жаралыс билейді.
● Өмірді – өлім тұсайды.
● Адамның бәрі – өз халқың.
● Өзімшіл болма – көпті ардақта.
● Жас өмір – өткен той.
● Өлсең – үніңді шығармай өл.
● Мына заман қай заман,
Қаскүнемге жай заман.
Араздық пен өсекке,
Өлшеуі жоқ бай заман.
● Өмір – ұйқы.
● Әркім өзінің еккенін орады.
● Шымылдық артын шын иесі біледі.
● Әр мезгілдің өзіне лайықты ісі болады.
● Назасы нақақ жастың қате кетпес.
● Ғашық болып іздеген бес нәрсем бар: олар – махаббат, әділет пен таза жүрек, бостандық, терең ғылым.
● Сынған көңілді жамаған сынықшының құлымын.
● Өмір тоқтамас – адамзат жаңарар.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар