Қорлан қыздар қорқор қаупін біле ме екен?!.

«Ұлдан ұлағат, қыздан инабат» күткен халықпыз. Алайда, көңілге кірбің келтіріп, санамызды сансыратқан жайттар жоқ емес. Оған себеп, қазіргі таңда арулардың қадірі төмендеп барады. Нәркезкөз нәзік арулар жасаған небір жантүршіктірер сұмдық оқиғаларды естігенде, шынымен де осыны қазақ қызы жасады ма деген ойға қаласың. Қалай десеңіз де, қазақ қызына бейәдеп қылық жараспайды. Айт-айтпа, соңғы кезде жастар арасында қорқор (кальян) шегу сәнге айналып жатқандай. Әсіресе, көк түтінді будақтатып, көңіл көтеруге құштар қыздар қатары көп. Осы орайда, бізді ел ертеңіне балап жүрген жастардың денсаулығы алаңдатып отыр.

Алдымен Уикипедия – ашық энциклопедиясынан мәлімет алуды жөн көрдік. Онда қорқор дегеніміз – жеңіл есірткі деп анықтама беріледі де, құрамы туралы былай деп жазылған: «Қорқор үшін насыбайдың екі түрі қолданылады: бірінші түрі – «tumbak», қазіргі уақытта Иранда көп қолданылатын, құрамында никотині көп қарапайым насыбай (Nicotina Rustica). Қорқор шегу оны сулап, қысып суын шығарып қорқордың ыдысына нығыздап салады. Екінші түрі –«Mu essel», тәтті шырынмен ылғалдандырып, түрлі жемістің жоңқаларымен иістендірілетін насыбай. Үшінші түрі – «Jurak», аралық деп санауға болады. Қорқор адам ағзасына қоздырғыш, уыттандырғыш, мутагендік, канцерогендік (ісіктің ауруларын тудырады) психобелсенділік (соның ішінде тәуелділікке әкеліп соғады) сияқты әсерін тигізеді. Қорқордың зияны: Егерде нақты шаралар қолданылмалса, Дүниежүзілік денсаулық сақтау Ұйымының деректері бойынша 2025 жылға дейін өлгендер саны 7000000 (жеті миллионға) жетеді. Зерттеулердің нәтижесі бойынша, шылым шеккен сияқты, қорқор шегу де өкпенің қызметтерінің өзгерісіне соқтырады. Егер шылым түтіні кіші тыныс жолдарының құрылымдарына – бронхиолдарына әсер етсе, ал, қорқор түтіні ірі тыныс жолдарына тез зиянды әсерін тигізеді. Мөлшермен алғанда өкпе ісік ауруларының 85 пайызы темекі шегумен, соның ішінде қорқор тартумен тікелей байланысты». Байыбына барып, зер салып оқыған жанды ойландырар мәлімет көп екен. Біз ықшамдап алдық.
Ал енді көргенімді айтайын. Көркем есімді көрікті қызды көптен танитынмын. Көркем десе көркем еді. Тілерсегіне дейін төгілген қара шашы, мойылдай қара көзі, аппақ жүзіндегі қап-қара меңі де өзіне сондай жарасатын. Үстіне не кисе де сұлу сымбатына сай бәрі жараса кететін. Көркемге қызыға қарайтындар көп еді.
Демалыс күндері жолдасым екеуіміз орталықтағы дәмханалардың біріне барып тамақтанбақ болдық. Сәске мезгілі болғанына қарамастан, ішінде ине шаншар жер жоқ екен. Ырду-дырду, азан-қазан, даңғаза әуен, сапырылысқан адам. Дем аламын деп келіп, дегбірім қашады деп кім ойлаған? Жайғасып, отыра бергеніміз сол еді, бір бойжеткен келіп амандасты. Бірден танымағаным да рас. Себебі, мен білетін Көркем басқа еді. Мына бойжеткен көз танымастай өзгерген екен деген ой келді бірден. Шашы әлемтапырық бірдеңе, бетіне бес батпан бояу жаққан, жамау-жамау, жыртылған шалбары да ұсқынсыз көрінді. «Мен Көркеммін ғой» деп өзін таныстырмағанда, мүлдем танымас та едім. Айтуынша, қазір белді компанияда аудармашы болып қызмет атқарады екен. Кешегі жүзінен нұр тамған Көркемнің қазіргі жүзі сұрланып, мөлдіреген көзінде мұң тұнып тұр. Мені көргесін ұялды ма, шегіп отырған қорқорды да енді аузына алмады. Жанындағы жолдас балалар да өзі іспеттес. Жолынан адасқан жандар сияқты. Қорқорды бұрқыратып қара түнге көмілген қазақ қыздарының келешегі де бұлыңғыр болып көрінді. Себебі, сайтани сауық сананы уламай қоймайды…
«Тырс-тырс еткен тамшы, тасты да теседі» демекші, адам бір-ақ күнде көз танымастай өзгеріп кетпейтіні анық. Шыр етіп тылсым дүние есігін ашқан сәбидің бәрі періште. Арсыздыққа баратындар біртіндеп-біртіндеп жамандықтың дәмін татып, әдеп пен ұяттың, ибалықтың шеңберінен шығып, түбі ардың ауылынан алыстап кететіндер. Бүгін қорқор атса, ертең шылым шегеді, шылым шеккесін шараптың да дәмін татады, ал ақылын ішкен адам өз іс-әрекетіне жауап бере алмайды.
Қазақ халқы «он үштен асқан қызыңды біреудің үйіне қондырма, он үштен асқан ұлыңды біреудің үйінен тойдырма» деген. Қазіргі жастар тым еліктегіш. Бәлкім осы ессіз еліктеушіліктің салдарынан арман жолынан адасып қалғандары да бар шығар. Айтпағымыз, қызыңыздың бойынан бір оғаш қылық көрдіңіз бе, бей-жай қарамаңыз. Қалай дегенмен де, сүрінгенді демеу, адасқанға жол көрсету, білмегенге кешіріммен қарау жүректің кеңдігін аңғартса керек. Себебі, қыз ұяты – ұлтқа сын.
Журналист болғасын кез-келген отырыстан жазар тақырыпты көңілге түйіп отырамыз. Осы мақсатта даяшы жігіттен қорқордың бағасын білдік. Оның айтуынша, бағасы ішіне салынған шөпке байланысты 1000-5000 теңге аралығында. Көбінесе бірнеше адам бірігіп бір порциясын 3500 теңгеге алады және ол 2-3-еуіне жетеді дейді ол. Үйге барайық деп жинала бергенімізде, жаныма Көркем келді. – Ата-анама мені көрдім деп айтпай-ақ қойыңызшы,–дейді қиылып. –Қыз-ау, қорқор шегу денсаулыққа зиян екенін білесің бе?–дедім сұрақты төтесінен қойып. –Менікі ермек қой, апай, жәй көңіл көтеру үшін,– дейді сықылықтап күліп. Күлкісі де құлаққа ерсі естіледі.
Иә, жастардың көбі Көркем сияқты ойлайды. Тегінде осы жаман әдеттердің түп-тамырында ұлт қасіреті жатқандығын ешкім ойлағысы жоқ. Біз осы орайда, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің Ақмола облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің тағам объектілерін санитариялық-гигиеналық қадағалау бөлімінің басшысы Гүлмира
Сиражиденовамен тілдесіп, қорқордың адам ағзасына зияны туралы әңгімелеп беруін өтінген едік.
–Қорқорды темекі шегудің экзотикалық түрі деуге болады. Оның түтіні қалың, будақтатып шегіп отырғаның сырт көзге әдемі көрініп, (әдемілікті әркім әрқалай түсінеді) ерекше романтикалық, шығыс атмосферасын қалыптастырады. Әсіресе, жастар қорқорға әуес боп барады. Себебі, көбі қорқордың темекіден гөрі зияны аз деп ойлайды. Бұл қате түсінік. Кейбіреулер қорқордың сыртындағы «никотині жоқ» деген жазуына сенуі мүмкін. Шынында, мұның маркетингтік айла екенін білмейді. Ғалымдар мен дәрігерлер осы кальянның зияны жайлы айтып, дабыл қағуда.
Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша қорқордың зияндылығы темекінің зияндылығынан кем емес. Қорқордың зияндылығына дәлірек тоқталсақ. Біріншіден, қорқор – бұл улардың, қарамайдың, канцерогендер, бактериялардың өте зиянды қоспаларын адам ағзасына тез жеткізетін «сәнді» аппарат деуге болады. Қорқор түтінінің улылығы темекі түтінінен бірнеше есеге жоғары, атап айтсақ, оның құрамында қарамай мөлшері 36 есе, көміртек монототығы – 30 есе, улы иісті газ – 8,4 есе, никотин – 7,5 есе жоғары.
Британиялық дәрігерлер қорқордың бір порциясын шегілген 100 темекіге теңестіреді. Міне, дерек! Өйткені, қорқордың бір толтырымында 6,25 мг, ал темекіде – 0,8 мг никотин болды. Қорқор тартатын адам темекі шегетінге қарағанда 14 есе көп түтінді иіскеп, бойына сіңіреді екен. Сонымен қатар, қорқорды бірнеше адам алма кезек ауысып шегу әдісі А гепатиті, туберкулез, тағы басқа жұқпалы аурулар мен инфекцияларды, басқа да вирустық аурулардың таралуына ықпал етеді. Тағы бір ескертетін жайт, улылығының жоғары болуына байланысты қорқор тартушылардың өкпе обырымен сырқаттану қаупі 2 есе, жүрек қан-тамыр ауруларымен сырқаттану қаупі 2,2 есе жоғары болады.
Қорқордың қарапайым шылымнан бір айырмашылығы, оның иісі жұмсақ және жағымды келеді. Сонысымен де ешқашан шылым шекпеген адамды қызықтырады. Зерттеушілер қорқорды тартып көрген студенттердің 22 пайызы ешқашан шылым шекпегенін анықтаған екен. Қорқорға хош иіс беріп тұратын зат – әртүрлі шөптерден жасалған ұнтақ қоспа. Қоспаның құрамында есірткі әсерін беретін шөптесін өсімдіктермен қатар, түрлі синтетикалық заттар болады екен. Ерте замандарда оны бөлме ішіне хош иіс беруге арнап жасаған,– дейді дәрігер.
Мақаламыздың басында осының түп тамырында емсіз дерт – ессіз еліктеушілік жатқандығын баса айтқан едік. Біз неге жақсы адамдарға еліктеуді үйренбейміз? Өмірі өнегелі жандардан үлгі алмаймыз? Адам баласына өз ортасы әсер етпей қоймайды.
Енді естігенімді айтайын. Ертеде бір байдың екі баласы Меккеде оқу оқыпты. Бір жыл өте екі баласы үйге демалысқа келеді. Ол кезде қазіргідей «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар жеткізетін» сымсыз телефон, темір тұлпарлар жоқ. Содан оқудан оралған балаларын әкесі шақырып алып, сөзге тартады. Әкесі «Мекке қалай екен, құлыным?»–десе, баласы қапаланып, «Әке несін сұрайсыз, онда да неше түрлі сұмдық бар екен. Мен басқаша елестетіп едім,–дейді. «Әй бұнысы несі, Мекке туралы олай айтқаны қалай?», – деп әкесі екінші ұлын шақырып алыпты. «Қарғам оқуың қалай?». «Әке, оқуға жібергеніңіз жақсы болды. Имандылық ұйыған, өнегелі орта сол екен. Білгенімнен білмегенім көп, жақсылардан үйреніп жүрмін,–депті баласы. Әкесі оңашада ойға шомып «бұл қалай болғаны, екі балам екі түрлі сөйлейді. Екеуі де бір жерде оқып жүрген жоқ па?» деп уайымдап отырғанда, сырлас досы келіпті. Оған мәселенің жай-жапсарын айтып, сырымен бөліседі. Досы көпті көрген адам болса керек, «достым, бірінші балаң оқуға барғанда көргенсіз балалармен достасқан екен. Адамға өз ортасы әсер етпей қоймайды. Сол себепті де, оның ойының өзгеруі жанындағы жолдастарының дұрыс болмауында» дейді. Ал, екінші балаң оқуға барған кезде өзі сияқты жақсы достар тауып, бар ынта-шынтасымен оқуға ден қойған. Жақсы адамдардың жанында жүрген адамның, әр күні сұлулыққа тұнып тұрғандай болады ғой» десе керек.
Аңыз әңгіме болғанымен астарында ой жатыр. Шынында да баламыз оқу оқып жүр дейміз. Әсіресе, ауылдан келген өрімдей қыздар өз жолын таба алмай адасуының себебі неде? Қазіргі таңда қорқор шеккен, сайтани сауыққа мас болып, санасын улаған, тәнін жалаңаштаған жастар неге көбейіп барады? Бәлкім, қорлан қыздар қорқор қаупін білмейтін болар! Әй, қайдам!..

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар