Маңызды міндеттерді шешудің бағдарламасы бар

Кеше Бұланды ауданының әкімі Жомарт Нұркенов халыққа есеп беру кездесуінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының бірқатар жетістіктерін атап көрсетті. Есепті кезеңде атқарылған игілікті істер жергілікті тұрғындардың билікке деген сенімін нығайта түсті. Есеп беру кездесуіне облыс әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысов қатысты.

Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты ел халқына арнаған Жолдауы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы өңір тұрғындарының тиімді жұмысы үшін басты бағыт болып отыр. Елбасының биылғы Жолдауы тұрмыс деңгейін одан әрі арттыруға бағытталған. Бұл еліміздің әр азаматына, әр қазақстандықтарға көрсетілетін қамқорлық. Өйткені, адамдардың жағдайы кірістің өсімі мен тұрмыстың сапасына, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты. Облыс әкімінің орынбасары алдымен, «Балдырған» балабақшасын аралап көріп, тәрбиешілердің хал-жағдайын сұрап білді. Бұдан кейін Балуан Шолақ атындағы стадионда болып, жабық хоккей кортының құрылысымен танысты.
Аудан әкімі өз есебінде өңірдің өнеркәсіп орындары 5,4 миллиард теңгенің өнімін өндіргенін, облыс бойынша сегізінші орыннан көрінгенін айтып өтті.
–Өткен жылы Мемлекет басшысы «Индустрияландырудың екінші бес жылдығы: Қазақстанда жасалған» жалпы ұлттық телекөпір барысында Макинск құс фабрикасының бірінші кезегін іске қосты. Бұл кәсіпорын жылына 25 мың тонна ет өндіретін болады. 2018 жылдың екі айында 3,6 мың тонна өнім өндірілді. Құс фабрикасы жылына 50 мың тонна құс етін өндіргенде, еліміздегі құс етінің импорты 30 пайызға азая-
ды. 2024 жылы кәсіпорын жылына 100 мың тонна құс етін өндіруді көздеп отыр. Келешекте «Бота 2015» серіктестігі тәулігіне 500 тонна май өндіретін зауыттың құрылысын бастамақшы. «Арна» астық қабылдау кәсіпорны өзінің астық сақтау қуатын 120 мың тоннаға дейін көбейтеді,–деген аудан басшысы бұл жобаларға 6 миллиард теңге салынатынын айтты.
Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Ақмола облысында болып, Бұланды ауданының «Журавлевка-1» серіктестігінің егіс алқаптарын аралап көрді.
– Өңірде мал басы өсіп келеді. Оның ішінде асыл тұқымды мал саны 5,9 мың бас-
ты құрады. Мал және құс шаруашылықтары 8,4 мың тонна ет, 20,2 мың тонна сүт, 5,4 миллион дана жұмыртқа сатты. 2018 жылы агроөнеркәсіп кешенінде «Макинск құс фабрикасы», «Нұрлы жол» қазақстандық аграрлы мал шаруашылығының кәсіпорны» серіктестіктері мен «Елхан» шаруа қожалығының жобалары жүзеге асырылды. Биылғы жылы «Макинск құс фабрикасы», «Макс Трэйд К», «Капитал-2018», «Фирма Нанар», «Никольский», «Әмірлан Астық» серіктестіктері мен «Милка», «Шахатов» шаруа қожалықтарының жобаларын іске қосу жоспарланып отыр,–деген аудан әкімі Макинск құс фабрикасының құрылысы негізгі капиталға тартылатын инвестиция көлемін 3 есеге өсіргенін, облыс бойынша бірінші орыннан көрінгендерін айтты.
Тұрғындардың қаржысы есебінен 4,1 мың шаршы метр баспана салынған. Биылғы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында екі көп қабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, 60 пәтерлік екі тұрғын үйдің, 45 пәтерлік бір тұрғын үйдің құрылысы басталмақшы. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша Макинск қаласында көп пәтерлі 10 тұрғын үйдің детальдық жос-
пары жасалды. Биылғы жылы 60 пәтерлік бес тұрғын үй құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын жасау қолға алынады. Сөйтіп, екі жылдың ішінде 290 отбасы тұрмыс жағдайын жақсартады. Қазір баспана кезегінде 554 адам тұр. Одан әрі аудан әкімі өңірде шағын және орта кәсіпкерліктің 1,7 субъектісі тіркелгенін айтты. Өткен жылы аудан бойынша қызмет көрсету саласының 7 нысаны пайдалануға беріліпті. Өңірде тиімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы қарқынды жүзеге асырылуда. Аудан орталығында 2 шақырым жылу құбыры ауыстырылған.
–Аудан мектептері цифрлық технологияны белсенді енгізуде. 20 дана мультимедиялық қондырғы сатып алынды. 27 мектеп онлайн-режиміне қосылған. Вознесенский орта мектебіне автобус сатып алынды. Алтынды орта мектебіне күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп, бу қазандығы салынды. Макинск №3 орта мектебінің спорт залы күрделі жөндеуден өтті. Денсаулық сақтау саласында 11 дәрігер мен 5 медбике жетіспейді. Осы орайда, 11 студент аудандық бюджет есебінен медициналық жоғары оқу орнында оқып жүр. Никольский дәрігерлік амбулаториясы мен Алакөл ауылының медициналық пункті күрделі жөндеуден өтті. Ақпанда ауданда «Хрустальный колос» облыстық спартакиадасы өтеді. Осы орайда, Балуан Шолақ атындағы стадионда жабық хоккей кортының құрылысы жүргізілуде,–деген Жомарт Нұркенов мәдениет, ішкі істер салаларының жағдайы жөнінде айтып, тұрғындар қойған бірқатар сауалдарға жауап берді. Аудан үшін маңызы бар барлық мәселелер шешімін табады.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *