Жас дәрігердің жігері мол

Біздің кейіпкеріміз Мөлдір Хамитова Егіндікөл аудандық ауруханасында жалпы тәжірибелік дәрігер болып жұмыс істейді. Өткен жылы Астана медициналық университетін тәмамдаған ол аталған ауылға «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында еңбек етуге келген екен.

Жас маман Мөлдір Жеңісқызы Қызылорда облысында дүниеге келген. Алайда, балалық шағы Жайық өзенінің бойында орналасқан көрікті қала Атырауда өткен. Осы қалада мектеп бітіргеннен кейін ата-анасының қалауымен астанадағы білдей бір медицина университетіне оқуға түсіп, сонда бес жыл бакалавриатта, кейін екі жыл интернатурада жоғары білім алған.
– Отбасымда екі баламыз. Ата-анам менің дәрігер болғанымды қалады. Мамандығым өзіме ұнайды. Еліміздің өркендеп-дамуының басты кепілі – халықтың денсаулығы ғой. Сол себепті, мен тұрғындардың денсаулығы мықты болғанын, жастардың салауатты өмір салтын ұстанғанын қалаймын. Халық денсаулығының мықты болуы – еліміздің медицина саласында еңбек етіп жүрген дәрігерлердің қолында екендігі мәлім, – деп жас маман телефон желісі арқылы өрбіген әңгіме барысында осылайша ой бөлісті.
Университеттің бесінші курсында оқып жүргенде кейіпкеріміз өзінің болашақ жары Берік Хамитовпен танысып, шаңырақ құрған. Сөйтіп, оқуын бітіргенше екеуі екі жыл астанада тұрып, өткен жылы «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы аясында Егіндікөл ауданына жұмысқа келген. Мөлдірдің жолдасы Берік Хамитов аудандық әкімдікке қарасты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде бас маман болып жұмыс істейді. Жас отбасының бір қыз тәрбиелеп отырған жайы бар.
Сол жылы Мөлдірмен бірге аудандық ауруханаға Назымбек Сейілов есімді тағы бір жас маман жұмысқа орналасқан екен. Сөйтіп, аудандық аурухана екі жалпы тәжірибелік дәрігермен толыққан. Бүгінде бұл мекемеге тағы лор, офтальмолог, невропатолог дәрігерлер қажет. Үстіміздегі жылы ауруханаға жаңа хирург дәрігер жұмысқа келеді деп күтілуде.
Біз бүгін әңгіме етіп отырған жалпы тәжірибелік дәрігердің міндеті – Егіндікөл, Ұзынкөл, Алакөл, Спиридоновка, Абай ауылдары тұрғындарының денсаулықтарын қарау, дәрігерлік тексерістерден өткізу болып табылады. Бұл №1 учаскеге 1650 адам тіркелген екен. Кейіпкеріміз қазіргі таңда артериялық гипертензия, қант диабеті, жүректің ишемиялық ауруы жиі кездесіп жататынын айтады. Науқаста қандай да бір диагноздар анықталғаннан кейін олар есепке алынып, ай сайын тегін дәрі-дәрмек алып отырады.
–Дәрігер әлемдегі ең беделді және қажетті мамандықтардың бірі. Біз ең алдымен адам өмірі үшін жауаптымыз. Өзіне дәрігер мамандығын таңдаған адамның бойында жауапкершілік, адамгершілік, мейірімділік секілді қасиеттер молынан болуы керек, – деп есептейді кейіпкеріміз. Ауылға осындай асыл арманын арқалап келген жас маман өзіне «ауылдық жерде әлі біраз жыл еңбек етемін, тұрғындардың денсаулығын жақсартуға үлесімді қосамын» деген мақсат қойып отыр.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.
Егіндікөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар